• Ақпарат
  • 13 Маусым, 2024

ШАРШЫ ТОПТА СӨЗ БАСТАУ НЕМЕСЕ СӨЗ МӘЙЕГІН БІЛЕМІЗ БЕ?

Шешен сөйлеу, дәл айту, тапқырлық таныту, суырыпсалмалық – қазақтың қанында бар қасиет. Терең ой, ұтқыр шешім, қиыннан қиыстырып, мірдің оғындай өткір сөз айтудың жөні мен жолы қандай? Жеткізер сөзін әдемі оймен өрнектеген дала баласының сөз әлемі жаһандануға жұтылып кеткен жоқ па? 
Тілдің шұрайын келтірген, сөздің құнын түсінген ұрпақтың қанында бар қасиет әр қазақтың өн бойында тұнып тұр. Тұнық бұлақтан нәр алған жасөспірімнің бойындағы осы қасиетті, шешендік өнерді дамытып,  «Буының қатпай білім ал» қағидасын санаға сіңіру үшін не істеуіміз керек? Ел азаматтары не дейді? Сауалдама ұсынған едік.

 

1.Бүгінгі қоғам дамуындағы шешендік өнердің рөлі қандай болуы керек?
2.«Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен», астарлап сөйлегенде айласын асырған би-шешендердің ұрпағы бүгін неге сөзден тосылды? Біз осы шешендік өнердің мән-маңызын, мағынасын жоғалтып алған жоқпыз ба? Ата-баба дәстүрін қаншалықты жалғап жүрміз?
3.Шешендік өнерді бала бойына жастайынан сіңіріп, ұтымды, дәл жауап беріп, тапқырлық танытып, ана тілінің мәйегінен сусындап өсуі үшін не істеу керек? Бәлкім, мектеп бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізген дұрыс шығар? Бұған не дейсіз?

 

Мамай АХЕТОВ,әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты:

 

Дәстүр сабақтастығы үзілді

 

1. Шешендік өнер барлық уақытта керек. Дегенмен біздің қоғамда өз деңгейінде көріне алмай келе жатқаны жасырын емес. Ол ауызекі сөйлеуге, азаматтардың белсенділігіне байланысты. Шешен сөйлеу қоғам дамуында маңызды рөл атқарады. Бірақ әлі де болса қазақтың ауызекі сөйлеу дәстүрінде шешендік өнер өз дәрежесінде көріне алмай тұр.
2. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» дегенде, бұл – өзі сот риторикасына, кешегі билердің қызметіне байланысты әңгіме. Бұл жерде мына мәселені естен шығармауымыз керек. Бірінші, дәстүрдің сабақтастығы үзіліп қалды. Қысастықпен емес, Кеңес дәуірінде мемлекеттің саясаты, ортақ экономикалық саясат, жалпы сөйлеуге негізгі тақырыпты ұсынатын халық жиындарының барлығы орыс тіліне қарай ойысты. Олай болған себебі Кеңес одағы деген алып мемлекеттің ішіндегі негізгі мәселені шешетін, түйінді мәселелерді талқылайтын тіл – орыс тілі болды да, қазақтың тілі және тек қана қазақ тілі емес, сонымен қатар басқа да ұлттардың тілі өз дәрежесінде көрінбеді. Мысалға, елдің алдына шығып талқылайтын, ауызекі сөйлеуді талап ететін шешендік сөздің бес түрі бар десек, соның ішінде саясат шешен сөзі, қошемет шешен сөзі, академиялық сипаттағы білімір шешен сөзі, соттағы шешендік сөз және уағыз – осының барлығы да кешегі Кеңес дәуірінде қоғамның өміріне, қоғам тіршілігіне қажет болмай қалды. Соның ішінде тек қана қазақтың ауызекі сөйлеу дәстүрі, қазақтың ауызекі сөзі қолданылған қошемет шешен сөзі жиын-тойдағы, салтанатты басқосулардағы бата, тілек үлгісіндегі сөздер ғана болды. Ішінара академиялық сипаттағы білімір шешен сөзі қолданылды. Ал қалған саясаттан, одан кейін соттан, ең соңғысы діни тақырыптан қазақтың шешендік сөзі, қазақ сөзі, ауызекі сөйлеу дәстүрі тыс қалды. Сол себептен де барлық салада дәстүрдің сабақтастығы үзілді. 
Қазір мемлекеттік мәртебе алуымызға, қазақ тілінің дербес, тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік тілі болуына орай осының барлығында сөйлеу қажеттілігі туындады. Қазір үдеріс жүріп жатқанымен, өзіміз қалағандай деңгейде болмай отыр. Соның ішінде уағыз ғана белгілі бір дәрежеде өзінің теңдігін алды деуге болады, дәстүрден үзілмеген қошемет шешендік сөзі жалғасып келеді. Нақты ғылымдардағы, жоғары оқу орындарындағы ғылыми тақырыптағы термин сөздер, тағысын тағы мәселелерге байланысты академиялық сипаттағы білімір шешендік сөз әлі де жетілдіруді талап етеді. Саясаттағы шешендік сөзімізде ішінара қолданылу, алға жылжу байқалады, бірақ бұрынғы орнына әлі толық келген жоқ. Сот риторикасына келсек, жағдайымыз мүлде қиын. Кез келген мәселеде құқықтық деңгейде талқылайтын сотта айыптаушының/ақтаушының сөзінің барлығы орыс тілінде. Сондықтан шешендік сөздердің қолданылу аясы төмен бағыттарында бізге көбірек еңбек етуімізге тура келеді.
3. Шешендік өнерді бала бойына жаста­йы­нан сіңіру мәселесіне келгенде тілдік орта болуға тиіс. Тілдік орта болу деген сөз, ең бірінші отбасы, отбасыдағы жағдай, отбасыдағы ахуал, екінші, балабақша, үшінші мектеп, осылай кете береді. Осының ішінде уақыттың сынағынан өткен, бұрын-соңды халқымыздағы талай адамдарды тәрбиелеп, соған мүмкіндік берген қазақтың фольклорындағы балаларға арналған шығармаларды, әртүрлі формадағы фольклорды қалпына келтіріп, білім бағдарламаларына, балабақша, мектеп бағдарламаларына енгізу қажет. Мектеп жасындағы балаларға көркем мәтін оқыту керек. Мәтінді оқыту, тыңдату, ауызша айтқызу – шешендікті қалыптастыратын мәселе. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дейді. Қазіргі жастар сөйлемейтін болды. Үш тілді араластырамыз деп, сол үш тілді де өз дәрежесінде білмейтін орта қалыптастырып алдық па деп қорқамыз. Соның ішінде барлық деңгейдегі өнер туындылары, соңғы кездегі фильмдер, телеарналардағы әртүрлі бағдарламалар қойыртпақтап сөйлеуді, араластырып сөйлеуді, қазақ-орыс-ағылшын тілдерін тіптен ашықтан-ашық араластырып сөйлеуді әдетке айналдырып алдық. Өте қауіпті құбылыс. Бұл – ауызекі сөйлеу дәстүріне, тілдің тазалығына, тіл мәдениетіне кері әсер ететін фактор. Өйткені миллионға ұсынылған фильмдерді, бағдарламаларды көріп отырған жастардың санасында «е, осылай айтуға, осылай сөйлеуге болады екен» деген түсінік қалыптасады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл тазалығына, тіл мәдениетіне қатысты талаптарды жетілдіру керек деп ойлаймын. Ең бастысы, күрделі мәтіндерді, тіл мен күрделі ой ойлауды мектеп бағдарламасында дағдыға айналдыру қажет-ақ. 
Мектеп бағдарламаларына пән ретінде енгізу – күн тәртібінде тұрған мәселе, балаларды ауызекі сөйлеуге дағдыландыратын оқулықтарды тезірек дайындап, іске кіріскен дұрыс. Әлемнің озық елдеріндегі озық мектептерде бұл дәстүр бар. Ресейде, Еуропаның мемлекеттерінде де, барлығында дерлік риторика пән ретінде оқу бағдарламасына енген. Сол себепті біз де жүйелі айналысуымыз және оны мектеп, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізу керек деп есептеймін. 

 

Береке ЖҰМАҚАЕВА,SDU профессоры, педагогика ғылымының кандидаты:

 

«Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма»

 

1. «Тәрбие адам тағдырын шешеді» дейді. Жаһандық мәдениеттер тоғысында қазақ ұлтының өз болмысын сақтауы үшін бүгінгі буынға қандай білім, білік керегін ойланатын кезіміз жетті. Неліктен бүгін біздің тіліміз мүкіс, сөйлей кетсек, сөзіміз шұбар? «Сөз қадірі – өз қадірім» дейтін халқымыздың тәлімін қаншалықты сақтап келеміз деген ой маза бермейді.
Бүгінгі балабақша, мектептер бала тіліне қаншалықты көңіл бөледі? Екі ауыз сөздің басын қосып, байланыстырып сөйлей алмайтын оқушылар қайдан шығып жатыр? Халқымыздың ағылып сөйлейтін, сөйлесе сөздің әрі мен мәнін келтіріп, тілден бал тамызатын, келелі істе бұлтартпас дәлел, дәйекпен қисынды сөз  тауып істің түйінін шешетін кешегі ата дәстүрі бүгін неге қожырап жүр деген сұрақ туындайды. Айтар сөзі өлеңдей өріліп, ырғақты да шумақты түйдектер ағылатын «таза, терең, өткір тіліміз» неге ұрпақ  зердесіне жете алмай келеді? Бір шумақ өлеңнің, мәтіннің мәніне жете алмау, «65 пайыз оқушы оқығанын түсінбеу» біздің білім беру сипатымыздың қырын кеткенін айғақтап тұрған сияқты. 
Қоғамда, тіпті білім беру ұйымдарының өзінде шешендік өнер туралы біржақты көзқарас бары байқалады. Шешендік тілші мамандарға немесе сөз сапырып нәпақа тауып жүрген белгілі бір топқа ғана керек-ау деген жаңсақ ой қалыптасқан. Әсілі, дұрыс сөйлей алу адамның жеке тұлға ретіндегі қалыптасуының белгісі, қоғамдағы табысының да көзі. Кемеңгер Абайдың «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деуінің мәніне жете бермеуден болар. Сөйлеу мәдениеті өмірдің барлық саласын қамтиды десек,  шешен сөйлеу әрекеті адамның рухани өсуінің, кемелденуінің, қоғамның әлеуметтік және экономикалық өсуінің де кілті бола алады. Тілдік қарым-қатынаста адамның білімі, өзін-өзі ұстау мәдениеті, тыңдау және сөйлеу мәдениеті шешуші рөл атқарады. Тіл мәдениеті мен шебер сөйлеуді қалыптастыратын, ойды жүйелі баяндауға, сөзді әсерлі құруға үйрететін, шебер сөздік құрылымы мен техникасын танытатын – шешендік өнер. Болашақ қоғам адамы, белгілі кәсіп иесі, қоғамның саналы адамы  тіл мәдениеті мен шебер сөйлеу өнерін  үйренуі қажет.
Қазақстанның даму жолында әрбір азамат, болашақ әртүрлі кәсіп иесі – адам тәрбиелейтін мұғалім, отбасы тәрбиесіндегі ана, адам тағдырын шешетін  заңгер, жан жарасын емдейтін психолог-дәрігер, басқа да мамандық иелері шешен сөйлеу қағидаларын  білуі аса маңызды. 
Сөйлеу шеберлігін дамыту  үшін тіл дәлдігі, ойдың нақтылығы, сөйлеу әрекетіндегі анықтық, дауыс ырғағы, тыныс кідірістері, сөйлеу қарқыны,  екпін түрлері дұрыс жолға қойылуы керек. Қорыта айтқанда, шешендік өнер қазіргі қоғамда коммуникацияның маңызды құралы екенін түсінуіміз керек. Ол – тек сөз сөйлеу шеберлігі емес, сонымен қатар мәдениеттің, білімнің, жеке дамудың және қоғамдық пікірдің қалыптасуының ажырамас бөлігі.
2. Иә, бүгінде жас буын ғана емес, тіпті халық алдында хабар таратып отыр­ған кейбір БАҚ өкілдерінің өзі тілді шұбарлап сөйлеуді әдетке айналдырған. Қазақ тілінде сөйлеп отырған сияқтанғанымен сөз, сөйлем орыс тілінде құрылғандай, сөйлем құрылымына теріс келетін тұстары көп. Бұның бәрі – қазақ тілінің өзге тілдер ықпалында еркін тыныстай алмай отырғанының айқын дәлелі. Оқулықтан бастап, күллі ақпарат көздері аударма мәтіндерге толы. Соның салдары болар,  шәкірттер арасында екі сөзінің бірі «болып табылады», «өкінішке орай», «жасалынады ма», «оқып бастады»  сияқты сөз қолданыстарын жиі естимін. Әсіресе жоғары мектептің өзінде баяндау тілі қалыптаспай келетін студенттер көп. Бүгінгі ұрпақтың сөз сөйлеуге шорқақ болуының бірнеше себебі бар:
Біріншіден, технологиялардың ықпалы: Жастар көп уақытын интернетте, әлеуметтік желілерде өткізеді. Онда көбінесе қысқартылған мәтіндер, эмодзилер арқылы қарым-қатынас жасалады. Бұл толық, құрылымдалған сөйлеу дағдыларының дамуын тежейді.
Екіншіден, тікелей байланыстың азаюы: онлайн оқу, жұмыс, ойындар және басқа да іс-шаралар дәстүрлі бетпе-бет қарым-қатынасқа деген қажеттілікті азайтады. Бұл тілдік дағдылардың, соның ішінде шешендік өнердің дамуына кедергі келтіреді.
Үшіншіден, білім беру жүйесінің кемшіліктері: көп мектепте шешендік өнерді үйрету жүйелі түрде жүргізілмейді. Тіпті «Шешендік өнер» элективті курстары көп мектептерде қарастырылмаған. Тілдік дағдыға жеткілікті көңіл бөлінбейді, бұл жастардың сөйлеу қабілетін шектейді.
Төртіншіден, өзіндік сенімділіктің төмендігі: жастар арасында өзіне сенімсіздік мәселесі жиі ұшырасады. Қоғамдық орындарда немесе көпшілік алдында сөз сөйлеуден қорқу, ұялу  өзіне сенімділіктің төмендігін көрсетеді.
Бесіншіден, әлеуметтік қысым: әлеуметтік желілердегі «хейт» және сын-қатерлер, буллинг жағдайлары жастардың өз ойын ашық айтуға деген қорқынышын күшейтеді. Бұл, өз кезегінде, көпшілік алдында сөз сөйлеуге деген шорқақтықты арттырады.
Алтыншыдан, қарым-қатынас ортасының әсері: отбасыдағы, мектептегі және достар арасындағы қарым-қатынас стилі де маңызды рөл атқарады. Егер бұл ортада конструктивті диалог пен ашық қарым-қатынасқа жағдай жасалмаса, балалардың тілдік дағдысы тежеле беруі мүмкін.
Жетіншіден, уәждің (мотивацияның) жоқтығы: Кейде жастар сөз сөйлеу дағдыларын дамытуға қызығушылық танытпайды. Бұл қажеттілік пен мотивацияның жоқтығынан болар. Шешендік өнердің маңыздылығын түсіндіру, жүйелі сөйлеу уәжін күшейтетін (мотивация­лық) бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдас­тыру осы мәселені шешуге көмектеседі.
Бұл себептерді жою үшін бірауыздан ата-­ана, мұғалім және қоғам болып жастардың тілдік дағдысын дамытуға жағдай жасап, қолдау көрсетуі қажет. Шешендік өнерді насихаттап, түрлі тренингілер, курстар мен іс-шаралар арқылы жастарды ынталандыру маңызды. 
Шешендік өнеріміз бүтіндей құрдымға кетті деуден аулақпыз. Белгілі бір мектептер шешендік өнерді тиімді насихаттап жүргенін байқауға болады. Соның бірі – Абай атындағы Республикалық мектеп-интернаты. Бұл мектепте «Ділмар» үйірмесі бес жылдан аса жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын әлеуметтік желілерде көрініп, насихатталып жүрген іс-шараларынан аңғаруға болады. 
Жалпы, біз шешендік өнердің мән-маңызын, мағынасын бүтіндей жоғалттық демейміз, бірақ кейбір аспектілерін ескермей келе жатқанымыз анық. Міне, осы жағдайдың себептері мен салдарын қарастырып көрейік.
Технология мен ақпарат дәуірінің қарым-қатынас пен сөйлеу дағдыларына әсерін жоққа шығара алмаймыз. Қарым-қатынас тәсілдерінің өзгеруі де осы себептен. Қазіргі уақытта адамның көпшілігі әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы қысқа хабарламалармен қарым-қатынас жасайды. Бұл толық, құрылымдалған сөйлеу дағдыларының азаюына тіреп отыр. Ақпараттық дәуірде жылдамдық пен сөз үнемдеудің де маңыздылығы байқалады. Мұндайда жүйелі, шұрайлы сөйлеу, сөз тереңдігі мен маңызы ескерілмей жатады.
Мектептерде шешендік өнерге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Нәтижесінде жастардың тілдік және сөйлеу дағдылары жеткілікті дамымайды. Шешендік өнерді үйрену үшін тек теориялық білім жеткіліксіз, оны тәжірибе жүзінде қолдану қажет. Қоғамдық құндылықтардың өзгеруі де өз ықпалын тигізді. Қоғамда коммуникацияның жаңа тәсілдері пайда болды, мысалы, визуалды контенттің (бейне, суреттер) танымалдығы артты. Бұл ауызша сөйлеудің маңызын төмендетуі мүмкін. Жастардың қызығушылығы мен өмір салты өзгеріп келе жатқанын да жоққа шығаруға болмайды.  
Алайда бұл факторлар шешендік өнердің толықтай жоғалғанын білдірмейді. Керісінше, оны жаңғыртуға, дамытуға және қайта бағалауға мүмкіндік бар. Шешендік өнерді сақтау және дамыту үшін бірқатар іс-шараны қолға алу қажет. 
3. Қоғамдағы өзгерістердің көбін айқындау үшін білім беру жүйесіне қайта үңілу керектігі анық. Себебі өзгерістер  қандай да болсын бір ахуалдың салдарын көрсетеді. Ал оның себебін анықтау үшін білім беру саласындағы жүйе қалай жұмыс істеп тұр деген сауалды саралау қажет болады. Бүгінгі ұрпақ өз ата-бабалары сияқты жүйелі де қисынды сөйлей алсын десек, білім беру жүйесіне өзгеріс­тер енгізу керек. Алдымен шешендік өнерді оқыту бағдарламаларына енгізу керек, әрі ол тек бұрынғыдай дәрістермен ғана шектелмей, практикалық сабақтар, «сөз шеберханаларын» құрып, тренингілерді үздіксіз өткізу қажет. Ол жұмыстар тек сабақ ауқымында ғана шектелмей, қоғамдық іс-шаралармен қуатталып отыруы маңызды: пікірсайыстар, шешендік өнер байқаулары, әдеби кештер ұйымдастыру арқылы жастарды ынталандыру да тәуір нәтиже береді. Қазіргі мүмкіндікті, технологияларды пайдалану: онлайн курстар, вебинарлар, бейнесабақтар арқылы шешендік өнерді үйрету, мәдени мұраны насихаттау, шешендік өнердің ұлттық мәдениет пен дәстүрдегі орнын түсіндіру, оны сақтау мен дамытуға көңіл бөлу аса маңызды. Осы іс-шаралар арқылы шешендік өнердің мән-маңызын қайта жандандырып, қазіргі заманға бейімдеуге болады деп білемін.
Мұнымен қатар баланы отбасыда тәрбиелеудің маңызын баса айтқан жөн. Бала негізгі тәрбиені отбасыда алады. Олай болса, ата-­ананың өзі де тіл байлығын пайдаланып, баламен сауатты сөйлесіп, кітап оқып, ұлттық мәдениет пен дәстүрді құрметтеп, балаға үлгі болуы керек (өкініштісі, көп ата-ананың өзі орыстілді). Баламен жиі әңгімелесіп, түрлі тақырыпты талқылау, сұрақ қойып, оның пікірін тыңдау маңызды. Бұл баланың ойлау қабілетін дамытып, өз ойын еркін жеткізуге үйретеді. Отбасыдағы, (жалпы, бүгінгі қоғамдағы деген жөн болар) тағы бір олқылық – кітап оқудың азаюы. Бұл үрдіс технократтық заманның да бір сипаты іспеттес. Баланың  бастауыштан, тіпті балабақша жасынан бастап кітапқа зейінін аудару керек. Алдымен ата-анасымен бірге кітапты көре бастаған бала бірте-бірте оқуға да ынталанады. Кітап оқу әдетін қалыптастыру бала зиятын ерте дамытуға ықпал етеді. Мысалы: балаларға халық ауыз әдебиеті, классикалық шығармалар, ертегілер оқып беру. Мұндай әдебиеттер тіл байлығын дамытып, шешендік өнерге үйретеді. Баланы кітапханаға апарып, кітап таңдауына мүмкіндік беру. Бұл оның әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Баламен сөздік ойындар ойнау, мысалы, «ассоциация», «антонимдер мен синонимдер» ойыны, жаңылтпаштар айту. Бұл оның сөздік қорын байытады. Әңгіме құрастыру, өлең жазу, рөлдік ойындар ойнау арқылы баланың шығармашылық қабілетін дамытуға болады. Балаларға арналған танымдық бейнематериал­дар, мультфильмдер мен аудиокітаптарды пайдалану керек.
Шешендік өнер әдебиет пен тіл сабақтарында да белсенді жүргізілуі маңызды. Әсілі, бұл сабақтардың  мақсатының бірі бала тілін, сөздік қорын дамыту екенін естен шығармаған абзал. Мектеп бағдарламасында тіл мен әде­биет­ке көбірек көңіл бөліп, балалардың ауызекі сөйлеу, шешендік өнер дағдыларын дамытып отыруы керек. Осы аталған шараларды жүйе­лі түрде қолдану арқылы баланың бойына жастайынан шешендік өнерді сіңіріп, оның тілдік дағдысын дамытып, ана тілінің мәйегінен сусындап өсуіне мүмкіндік жасай аламыз деп ойлаймын.

Әзірлеген 
Бағдагүл Балаубай

1663 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы