- Ақпарат
- 13 Маусым, 2024
Бағдан МОМЫНОВА, филология ғылымының докторы, профессор: Тіл тағдырына алаңдаған тұлғалар

Қазіргі тілмен айтқанда, емлені бір жүйеге түсіру білімпаздар сиезіндегі негізгі мәселенің бірі болды. Тіл тағдырына алаңдаған тұлғалар емлені бір жүйеге келтіру үшін мына мәселелерді түбегейлі шешу керегін айтты:
а) Қазақ тілінде неше дыбыс барын анықтау, бір тоқтамға келу. Оларға лайық таңбаларды белгілеп алу. Сиезде 24 дыбысты дауысты, жарты дауысты, ұяң, қатаң, ымыралы, ымырасыз деп бөледі;
ә) Қазақ тіліндегі дыбыс саны анықталған соң, арабтың х, ч, ф, һ таңбаларымен белгіленген дыбыстарын әліпби қатарынан шығарып тастау. Сиезде «х, ч, ф, һ қазақ әліпбиін шығарылсын» дейді, бірақ «Оқу құралының» аяғында, арабтың басқа әріптерімен бірге, оқушыларға таныту ретінде ғана жазылатын болсын, бірақ ол әріптердің ешбірімен де қазақша сөз жазылмасқа тиіс» деген ұйғарым жасайды. Бірақ осының алдындағы күні А.Байтұрсынұлы: «Елдес шығаруға ұйғарған төрт әріптің қазақ тілінде сақталуға азда болса ақысы бары – «һ». Өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде, аз да болса, сөздер бар. Мәселен, «Аһ!», «Үһ» деген одағайлардан туған «Аһыламақ», «үһілемек» сияқты сөздер түрлі тұрпат түрлері жалғауларымен. ...Сондықтан «һ»-дан басқаларын сақтау керек деу орынсыз», – деген еді. Нәзірдің ұсынысымен «ч» орнына «ш» жазылатын болды;
б) қазақ тіліндегі дыбыстарды жіктегенде, «у» мен «й» дыбыстарын дауысты немесе дауыссыз дыбыстар табының қайсысына кіргізген дұрыс деген мәселені шешу. «Мұнан кейін дауысты «у» мен «й» тексерілді» делінген құжатта. Бұл арада жарты дауысты «у» мен «й» дауысты дыбыстардың артынан жалғаса болады; «у» мен «й»-дің дауысты дыбыстардың алдында болатын-болмайтыны тексерілді; «у» мен «й» екі дауысты арасында да келеді» деп білді.
«Қазақ тілінде ұзын «у» мен «и» дыбыстарының бар-жоғы тексерілді. Бірақ бұл мәселе тақырыпты Комиссия бір қарарға келе алған жоқ» деп көрсетілгенімен, кейін бұл мәселе тағы да сөз болады. Е.Омарұлы былай дейді: «у» мен «и» дауысты дыбыс болып естіледі деу қата, «у», «и» дауысты дыбысқа жалғанғанда ғана болмаса, өздігінен тіпті естілмейді де...» Бұлардың тегі дауыссыз, тап, жап сықылды етістіктердің көсемше түрі тапып, жапып емес, тауып, жауып деп айталатынын, р мен и-дің тектестігін айтты. Ақыр соңында дауысқа салғанда екі дыбысты дауыссыз дегендер саны – 11, ал дауысты дегендер саны 8 болып шығады. «У» мен «и» тақырыпты қандай ереже шығарсақ та, оның ешқайсысы да дұрысынша, дыбыс жүйесінше жазғаннан жеңіл болмайды», – дейді Е.Омарұлы сөзінде. Яғни қосарлап жазуды дұрыс деп біледі.
Сиез қазақ тілінде 24 дыбыс бар деп бекітіп, «й» мен «у» жарты дауыстылардың қатарында аталды, оларға: р, л, у, й жатқызылды. Бірақ қазіргі қазақ тілінде фонетист ғалымдар «у» мен «й»-ді дауыссыз дыбыстар деп атауға ойысқаны белгілі. Құрамына осы дыбыстар бар сөздерді буынға бөлу, қосар түрінде жазу мәселесіне келгенде бірауыздылық таныта алмай жүргені рас;
в) 2-жақтық жіктік жалғау «-сын» емес, «-сың» бола ма – соны анықтау. Бұл мәселені талдап көрсеткен А.Байтұрсынұлы 2-жақтық түрі «ң» болатын жалғаулар дұрысында жіктеу емес, тәуелдеу болуға тиіс. ...1-жақтық жіктеу, тәуелдеулер «м» болғанда ғана, 2-жақтық жіктеу «ң» болатынын айтты. Е.Омарұлы Ахметтің пікіріне дау айтты. Соңында сиез Ахметтің жобасын мақұлдады, 2-жақтық жіктеу «-сың» болмай, «-сын» болсын», – деді;
г) сөз аяғында «ұ» немесе «ы» жазуды бірөңкейлеу; А.Байтұрсынұлы қоры, тоқы, құры, мұжы деген сөздерді «қорұ, тоқұ, құрұ, мұжұ деп жазатын болсақ, бұлардың зат есімге айналған түрі де, тәуелдеу түрлері де сол жөнмен «ұ» жазылуға тиіс болады: қорұу, тоқұу, құұу, мұжұу (зат есімге айналған түрі), қорұуұ, тоқұуұ, құрұуұ, мұжұуұ (тәуелдеу түрі) деп жазу керек болады. Өйткені жалғыз «ұ»-ның әсерінен «ы» «ұ»-ға айналып кетті десек, «ұ» мен «у» екеуінен кейін «ы» сақталады деуге орын жоқ. «Ы» мен «ұ» дүдәмал, талас болғандықтан, екеуінің бірін таңдап, қай қолайлысын алу керек. «Ы» қолайлы десек, жоғарыдағы сөздерді былай жазамыз: қорыу, тоқыу, құрыу, мұжыу (зат есімге айналған түрі), қорыуы, тоқыуы, құрыуы, мұжыуы (тәуелдеу түрі)». Бұл мәселе осы сынды сөздердің түбірін сақтау (қоры, оқы, тоқы) және оларға -у қосымшасын жалғағанда «ы»-ны түсірмей жазу керегін (қоры-у, оқы-у т.б.) айтып жүрген ғалымдардың көзқарасы да бар, олардың А.Байтұрсынұлының пікіріне иек артатынын көрсетеді;
ғ) «қ», «ғ» және «б» мен «п» дыбыстарының ережесін бірыңғайға келтіру. «К» мен «г» дыбыстарына өз алдына әріп алмай, жұмсақ (яғни жіңішке) сөздерде келетін «қ» мен «ғ»-ны «к» мен «г» деп таныса жетеді» деген Мұхтардың ұсынысына Халел қарсы дау айтып,
«...Елдің көзі дәйекшіге үйреніп кеткен, «к» мен «г»-ні бірден шығарып тастау «тым күрт» болады, бұрынғыша дәйекші жазып отыруды қалдыру керегін» айтса, Ахмет «к» мен «г»-ні қазақ әліпбиінен шығарып тастауға болмайды, олардың «қ» мен «ғ»-дан заттары басқа, әрқайсысы – ауыздың әр жерінен шығатын дыбыс» деп Халелді қостайды. Соңында комиссия екі дыбысты («к», «г») (таңбаларын) қалдырады, бірақ кейін қайта қаралар деп шешеді. Бүгінгі күні сиезде көтерілген осы мәселелердің «қ», «ғ», «б», «п» дыбыстарына қатыстылары шешімін тапқан жайттар.
Сондай-ақ сүйеутаяқты алып тастау («а»-ны мадд-сыз жазу), үндестік заңына сай келмейтін жұрнақтарды тексеру, оларды сөздің түбіріне қосып жазу (білімпаз т.б., соңғы буында «ә» жазылмайды) т.б. мәселелер қаралды. Күн тәртібіне қойылып отырған осы мәселелердің күрделілігін ескеріп, А.Байтұрсынұлы «жазу тақырыпты талас мәселелерді жете тексеріп, дұрыс шешу үшін өз алдына бір комиссия сайлап, мәселені сол комиссияның қарауына тапсыру керек» деген ұсыныс айтады. Ұсыныс қабыл болып, бес кісіден комиссия сайланады, олар: А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, Е.Омарұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Х.Досмұхамедұлы. Қабылданған шешімдер осы бес адамның пікіріне байланысты болды.
Осыдан бөлек, сиезде әліпби мәселесі көтерілді. А.Байтұрсынұлы баяндама жасап, әліпбидің тілге шақтығы (артық әріптері болуы да, әріптердің жетіспеуі де кемшілік), жазуға жеңілдігі (сүгіретін, яғни таңбасын салу оңай болуы), баспа әрпі мен қолжазуының суреті жақын болуы, баспа жұмысына қолайлылығы, үйренуге оңайлығы әліпбидің, бүгінгі таңдағы ғылым тілімен айтқанда, критерийлері болуға тиіс екенін атап өтті. Барынша қолданыстағы әліпбиді түзетіп, «тіпті жарамайтын болғанда ғана, шарасыздықтан басқа әліпбиді негізге алуымыз керек» деп түйді. Яғни бар әліпбиді өзгертуге (латынды енгізуге) қарсы болды. Ал латын әліпбиін алуға жасалған Халел жобасының кемшіліктерін санай келе, латын әліпбиінің түрік әліпбиінен кемшіліктері көп екенін айтты.
Сиезде әліпбиге байланысты қалам сермеу, қысқа сермеулі әріп, ұзын сермеулі әріп, ережелеу, екі белгімен алынатын дыбыс, сызықша, үндестік заңы, ымыралы, ымырасыз дыбыстар, демеулер, жұрнақ, түбір сөз, ашық буын, тұйық буын, дыбыс жүйесі, жалғау, жұрнақ т.б. терминдер (пән сөздері) айтылған. Бұлар сол тұстағы терминдер жүйесінен хабардар ететін тілдік фактілер.
1924 жылғы 12–17 күндері аралығында өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіндегі емлеге, жазуға байланысты көтерілген мәселелер осындай еді.

1614 рет
көрсетілді0
пікір