• Cұхбаттар
  • 13 Маусым, 2024

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, академик, филология ғылымының докторы, профессор: Білімпаздар мұраты немесе «жат сөздерді қазақ тіліне ұқсату»

– Жүз жыл бұрынғы сиез нақты қай күні, қайда, қай уақытта басталды? Қандай мәселелер талқыланды?
– Қазақ білімпаздарының сиезі 1924 жылы маусымның 12-сі күні, Орынборда сағат 12:00-де басталған еді. 18 маусымға дейін созылған. 
Сиез таңертең жұмысын бастаған. 12–18 маусым аралығында сиезге қатысушылар күн сайын түскі екіге дейін үзіліссіз жұмыс істеген. Кешкі бестен тоғызға дейін тағы да тоқтамай жұмыс істеген. Баяндамашыға бір сағат, қазіргі тілмен айтқанда, қосымша баяндамашыға жарты сағат, қосымша шығып сөйлеген адамға 15 минут уақыт берілген. Күн тәртібіне қойылған мәселелерді Алаш білімпаздары асықпай, әбден талқылаған. 
Сиезде көтерілген әрбір мәселе ХХ ғасыр басындағы қазақ руханияты үшін өте өзекті, маңызды тақырыптар еді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін өзінің ғылым-білім саясатын жүргізуді мақсат етті. Алаш зиялылары ол уақытта саяси биліктен  шеттетілгенімен, сол заманның билігін қолына ұстағандар Алаш ардақтыларының білімін, білігін пайдаланбай, жеке оқу-ғылым бағдарламасын ұсына алмасын жақсы түсінді. Алаш ардақтылары да қазақ ұл-қызына білім беру, ағартушылықпен айналысу, қазақ арасында ғылымды тарату өте маңызды деп санады. Сондықтан мұндай білімпаздар сиезі сол заман үшін өте қажет әрі маңызды басқосу еді. 

Күн тәртібінде алты мәселе қаралды: 
– Жазу ережелері;
– Әліпби мәселелері;
– Қазақша пән сөздер;
– Ауыз әдебиетін жинау шаралары;
– Оқу, ғылым кітаптарын көбейту шаралары;
– Бастауыш мектептердің программалары.
Сиез осындай алты мәселені күн тәртібіне қойды. Бірақ Халел Досмұхамедұлы сиез жұмысына бастауыш мектептердің түрі мен оқытушылар даярлайтын ғылым орындарының программасын тексеру мәселесін қосайық деген ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс қабылданды.
Байқасаңыз, қазақ ғылымының, тіл білімінің, ұлттық әліпбиінің, жазуының, ұлттық мектебінің тарихы осы сиезде жан-жақты талданған. Оған қоса бір аптаға созылған жиынның жартысынан көбі, нақты айтсақ, төрт күні тіл мәселесін жан-жақты талдауға арналған. Бұл сиезді қазақ ғылым-білімінің, ұлт оқулықтары қалыптасуына, ғылыми терминологиясына негіз қалап берген ғылыми жиын деп те бағалаймыз. Ұлттық мектептің негізін қалау – Алаш зиялылары аса мән берген мәселе. Қазақ мектептерін оқулықтармен қамтамасыз ету, ғылым тілін қазақшаландыру өзекті деп саналды. 
Күн тәртібіне қойылған мәселелердің барлығына қатысты баяндама жасалды. Мәселен, жиынға қатысушылар емле ережелері, терминдер, қазақша пән сөздер мәселесі бойынша Елдес Омарұлын тыңдаған. Ол оқулық, ғылыми еңбектер жазуда қазақ терминологиясын жасауда мынадай  ғылыми қағидаттарды басшылыққа алуымыз керек дейді: 
Бірінші, термин сөздерді қазақтың сөз байлығын пайдалана отырып жасау. Екінші, өз сөзіміз табылмаған жағдайда ондай сөздерді түрік тілдерінен және түбі түрік сөздерден алу қажет деп есептеді. Үшінші, түрік тілдерінен де ондай сөздер табылмай жатса, еуропа халықтарының сөздерін өз тілімізге бейімдеп алуымыз керек. Бұл ұсыныс сиезде талқыланып, ғалымдар осы ғылым қағидаттарын қаулымен бекітті. 
Елдес Омарұлы: «Тіл заңын бұзбау керек. Тілді қолдан келгенше таза сақтап бағу керек. Тілдің өзінде бар дыбыстарды жоғалтпау керек. Өзінде жоқ жат дыбыспен тілді былғамау да керек. Ғылымға қажет пән сөздерді өнерлі елдің тілінен алып кіргізе беруге болады. Бірақ ол жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде таза қазақ сөзіне ұқсатып, жат дыбыстарын шығарып, орнына қазақ дыбыстарын қондырып, қазақ тілінің негізгі заңдарына үйлестіріп, тізіп алу керек» – дейді. 
Алаш білімпаздары ғылым тілін дамытудың ғылыми бағыт-бағдарын ХХ ғасыр басында осылай белгілеп берді. Өздері бекіткен принцип ұстанымдарына сәйкес жұмыс жүргізді. Сол кездегі барлық пән оқулығын жазған Алаш білімпаздары сиез қаулысына сәйкес, терминдердің 90–95 пайызын қазақ тілінде жасады. Осылайша, қазақ мектебіне барған баланың ғылым тілін қазақша игеруіне жол ашты.
Әліпби мәселесіне қатысты баяндаманы Ахмет Байтұрсынұлы жасаған еді. Ахмет Байтұрсынұлы өзі негізін қалаған, яғни араб графикасына негізделген әліпбидің артықшылықтарын айтып берсе, латын әліпбиін енгізуді жақтап Нәзір Төреқұлов сөз сөйледі. Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған араб әліпбиі сиезге қатысушылардың бір дауыс артықшылығымен жеңіске жетті. Бірақ жиынды бақылап отырған Кеңес өкіметінің адамдары әліпби мәселесін қайта дауысқа салғызған. Бірақ мәселе түбегейлі шешілмей, әліпби ауыстыру мәселесі кейінге қалдырылады. 
– Бұл жиынды өткізуге Кеңес өкіметі де, Алаш азаматтары да мүдделі болды деп қалдыңыз. Мүдде ортақ болғанымен, екі тараптың өз көздегені бар шығар?
– Әрине. Кеңес билігі өз дегенін жасағысы, өз саясатын жүргізгісі келді. Алайда әр салаға қатысты жаңашылдықты енгізу үшін білімді, оқыған азаматтардың көмегінсіз аяқ-қолы тұсаулы екенін түсінді. Сол үшін Алаш зиялыларының, қазақ оқығандарының білімін пайдалануды көздеді. Ал Алаш азаматтары қандай жағдайда да елге пайдамызды тигізе беру керек деген ұстанымда болды. 
Жиынның стенограммасынан оқып көрсеңіз, сол кездегі билік «енді сіздер Кеңес өкіметін нығайтуға қатысты еңбек етіп, соның идеология­сына сәйкес жұмыс іс­теу­леріңіз керек» деген ойды жиынның басында, ортасында, аяғында жиі әрі баса айтқан. Себебі олар Алаш азаматтарына толық сенген жоқ. Олардың Кеңес идеологиясына емес, ұлт мүддесіне жұмыс істейтінін, ол жолдан бас тартпайтынын, қайтпайтынын білді.       
Сөйте тұра Алаш қайраткерлерінің білімі мен білігін уақытша болса да пайдаланып қалғысы келді. 
– Білімпаздар жиынында пікірталасқа түскен тақырыптар көп болды ма?
– Иә, жиында әр баяндамашының сөзі мұқият тыңдалып, оған қатысты пікірталас та кәсіби тұрғыда жалғасқан. Сөз орайы келгенде білімпаздар сиезіне қатысқан Алаш азаматтарының білімі мен біліктілігін, ұлт ісіне адалдығын ғана емес, мәдениетін де баса айта жүруіміз керек. Мәселен, сиезде әліпби мәселесіне қатысты баяндама жасаған Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұлов бір-бірінің негізді дәлелдеріне құлақ асты. Нәзір Төреқұлов Ахаңа қарсы дәйек есебінде төте жазуда бас әріп жоқ екенін айтып, баспа ісінде латын жазуының тиімді екенін көрсетеді. Екі баяндамашы ғана емес, басқа оқығандар да пікірталаста қарсы дәйекті тек нақты дәлелмен айтады. 
– Сиезде оқылған баяндамалар мәтіні тасқа басылды ма?
– 1924 жылдың жазында өткен сиездің баяндамалары стенограммалық жинақ түрінде 1925 жылы жарық көрген. Неге кешеуілдеп шыққаны туралы нақты деректі кезіктірмедік. Араб графикасындағы төте жазумен басылған кітап мәтіні қазіргі оқырманға да түсінікті болсын деген оймен 2005 жылы кирилл әліпбиіне түсіріп, қайта тасқа бастық. 
Сиезде көтерілген тақырыптардың маңызын талдап-таразылау үшін жиынның стенограммасын, яғни бір аптаға созылған жиында талқыланған мәселелер, жасалған баяндамаларды қайтадан қарап, арнайы талдап, сараптап оқып шығуға болады.
Білімпаздар жиыны өткен соң Алаш ардақтылары бас алмай ағартушылық жұмысына ден қойды. Әр пән саласы бойынша оқулық жазды, мектеп ісін ұйымдастыруды қолға алды, бағдарламаларды талдады. Бірақ 37-нің алапат дауылы оларды үйіріп әкеткен соң, Алаш азаматтарының ғылым-білім жолындағы ұстанымы ұмытылып, кеңес жүйесі тарапынан жаңа көзқарас орныға бастады. Соның салдарынан Кеңес одағындағы ұлттардың оқу-білім жүйесі, ғылым тілі, терминологиясы бір тілге негізделіп жасалуы керек деген талаптың айналасында ғана қалып қойды. 
Ұлттық оқу-ағарту және ғылым мәселесіне қатысты негізгі тақырыптарды бір апта бойы талқылап, қаулы-қарар қабылдаған алқалы жиынның өткеніне ғасыр толды! Алаш ардақтылары көтерген тақырыптар олар қуғынға ұшыраған соң уақытша «жабылғанымен», білімпаздар жиынында көтерілген мәселелердің шешімін тапқан-таппағанын талдап-таразылау бүгінгі ұрпақтың, яғни біздің мойнымызға артылған жауапкершілік екенін ұмытпасақ керек-ті! 
Бәлкім, ғасыр бұрынғы білімпаздар сиезінің құрметіне, онда сөз сөйлеген тұлғаларымыздың құрметіне алқалы жиын өткізу мәселесі де мойнымызда тұрғандай. Сиезге қазақ, қырғыз білімпаздарынан бөлек, Башқұртстаннан да өкілдер келгенін ескеріп, халықаралық деңгейдегі жиын қылуға да болар. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Қ.Серікқызы 

12020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы