- Ақпарат
- 13 Маусым, 2024
Ерекше баланы қалай қорғаймыз?
Айзат Айдарқызы,
«Ana tili»
Жақында Ақтөбе қаласында аутизм диагнозы қойылған 13 жастағы бала қайтыс болды. 4 маусым күні үйінен шығып кеткен баланың денесі төрт күннен кейін Елек өзенінен табылды. Баланы іздеуге 500-ге жуық адам, оның ішінде полиция және ТЖБ қызметкерлері, еріктілер, сондай-ақ 40 техника, 3 квадроцикл, 2 қайық, 4 жылқы, ұшу аппараттары жұмылдырылған еді. Осы ретте ерекше балаларды қалай қорғаймыз дейтін сұрақ туары заңды. Ал ата-ана нені ескеріп, білгені жөн?
Иә, Кәрім Жетірудың жоғалып кеткені тек Ақтөбені ғана емес, күллі елді алаңдатты. Әлеуметтік желіде баланың амандығын тілеген жұрт жетерлік. Өйткені бұл бала жоғалып кеткені туралы, оның ішінде аутизм диагнозы қойылған баланың адасып кеткені туралы бірінші хабар емес. Бұған дейін 2022 жылы Өскеменде 12 жастағы ерекше бала түнде үйінен шығып кетіп, бір күн өткен соң табылды. Ал Қостанай облысында жоғалған бес жасар Мадина Ерланқызының денесі үш күннен кейін табылған-ды. Батыс Қазақстан облысында тұратын Игорь Исраиловты іздеу жұмысы әлі жүріп жатыр. 19 жастағы аутизм диагнозы қойылған жігітті тұрғындар бес күннен бері таппай әлек.
Бала неге қашады?
Ресми дерекке сүйенсек, елімізде аутизм диагнозы қойылған 12 мыңнан аса бала бар. Бейресми дерек бойынша, бұл статистика екі жарым есе көп. Оларда жиі кездесетін мәселе коммуникацияның жоғы мен белгілі бір дағдыны меңгермеу. Яғни қоғамға бейімдеудің кешеуілдеп жатқаны себеп.
«Баланы қалай қорғаймыз?» деп жиі сұрақ қоямыз. Ата-ана, ең алдымен, «баламды қандай машыққа икемдедім» деп сұрақ қойғаны абзал. Себебі қорғау мен қорғанудың астарында түрлі дағды жатыр. Бала қалағанын сұрап, сөйлеу тілін қалыптастырып, қоғамға бейімделіп өсуі керек. Айналасындағы адамның не деп жатқанын да түсінгені дұрыс. Мұның бәрі – ата-ана бейімдеуге, үйретуге тиіс дағды. Ерекше баласы бар ата-анаға айтарым, балаңызды зерттеңіз. Оның қауіпті дағдысын талдаңыз, қорғаныңыз. Мысалы, ұл не қызыңыз терезеге шығуға құмар ма, демек, дабылды осы тұстан соғасыз. Қашуға бейім бе – жұмыс істейтін тұсыңыз осы. Қайтсем алдын аламын, не істеу керек деп өзіңізге және маманға сұрақ қоясыз. Осылайша, маман мен ата-ана екеуара кеңесіп, баланың неліктен бұлай істейтінін зерттейді. Айта кетерлігі, үйден қашатын не болмаса ағашқа не биікке өрмелейтін баланың негізгі дағдыны бойына сіңірмегені байқалып тұрады. Қауіп-қатерді білмейді. Ата-ана баланы барлық жағдайға бейімдеуі керек. Көшеде қыдырғысы келе ме – сұрануды үйретіңіз. Оны күтуге, жоқ деген сөзді түсінуге бейімдеңіз», – дейді мінез-құлықты қолданбалы талдау маманы Айнұр Уәлиханқызы.
Маманның айтуынша, баланы қорғау терезеге тор қақпа орнату мен есікті құлыптап қоюмен шектелмейді. Баланы жан-жақты дамыту керек. Мәселен, қашуға не биікке өрмелеуге бейім балаға қосымша сақтық шарасын ұйымдастырған абзал. Мысалы, баланың қай жерде жүргенін қадағалап отыратын электрон құрылғы алыңыз. Ескерерлігі, бала оны өздігінен алып тастамауы керек. Одан кейін баланы көмек сұрауға үйреткен дұрыс. Аты-жөні мен үйінің мекенжайын білгені құба-құп. Егер бала сөйлей алмаса, арнайы білезік, карточка, төсбелгі тағып қою керек. Аталғандарда ата-анасының телефон нөмірі мен мекенжайы жазылса игі. Бейджик тағу, оған ата-анасының байланыс нөмірін жазу, білезік, трекер қою. Атын атау мен қайда тұратынын айта алуы керек.
Маман тапшы
Айталық, маманмен жұмыс істеу турасында сұрақ көп. Оның үстіне терапиядан өту қалтаға біраз салмақ салады. Кей қалада терапия құны 500 мың теңгеден басталады. Ал ауылды жерде мұндай маман табудың өзі мұң, сондықтан осы салада еңбек етіп жүрген маман Әсия Әмірханқызы жастардың колледжден бастап ABA терапияны меңгергенін жөн көреді.
«Ерекше баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күрделі тақырып. Бұл – ата-ана мен маман тарапынан жүргізілетін күрделі жұмыс. Алдымен, ата-аналарды қауіпсіздік хаттамасымен таныстырып, үйреткен дұрыс. Содан кейін олар балаларына түсіндіреді. Әрине, хаттамамен таныстыру, үйрету – маманға жүктелетін жұмыс. Бұл маман даярлау мәселесіне келіп тіреледі. ABA терапияны колледжден бастап, барлық профильді білім беру жүйесіне енгізсе деймін. Қазір маман аз, сіз бен біз ойлағаннан да аз», – дейді CTS тренері Әсия Әмірханқызы.
Осындайда баламен қарым-қатынаста ата-анадан асқан маманның жоғын түйсінген кейбірі ерлі-зайыптылар ABA терапияны оқып жатады. Кейбірі емнің құны қымбат болғаннан осы жолды таңдайды. Арасында дәрігердің талдай алмаған тұсына бойлап, балаларының бетін бері қаратып жатқандар бар. Айта кетерлігі, аутизм – ауру емес, тек мұндай бұзылысы бар баланы қоғамға бейімдеп, қабілетін аша түсу керек.
«Маман табумен мәселе бітпейді. Ғажайыпты күтпеңіз. Өйткені ерекше бала уақытының 90%-ын үйде өткізеді. Ата-ана бірлесе жұмыс істеуі керек. Ақшасын төледім, нәтижесін көремін деп қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Маманмен бірге стратегия құрып, соған жету үшін барлық талапты орындау керек. Ата-ана сиқырлы таяқша іздеп, емші аралап кетпесе екен. Ташкентке барып, баланың басына ине салдырудың да қажеті жоқ. Қандай да бір дәрі ішудің жөні жоқ. Оның орнына баланы қоғамға бейімдеп, әртүрлі дағдыны үйретіңіз. Біріншіден, ата-ана осы тақырып төңірегінде өзі білім алуы керек. Түрлі әдебиетті ақтарып, қайтсем жол табамын деп тырмысуы қажет. Жаңа дүниені меңгеріп, ғылыми кітаптарды оқуға кеңес беремін. Біз ғылым дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан ата-ана маман таңдағанда лицензиясы бары-жоғына мән берсе екен. Ғылыми тұрғыдан ем-дом жасап жатқанына қараса игі. Емнің әсеріне, емдеу тәсіліне мән берсе деймін. Жарнама бойынша, жақын-жуығынан естігені бойынша емес, талдап-саралап шешім қабылдаса екен», – дейді маман Айнұр Уәлиханқызы.
1121 рет
көрсетілді0
пікір