- Ақпарат
- 13 Маусым, 2024
Жаһандық қуатты мемлекеттілік пен жаңашылдықтың жолында
Қазақстанға Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль үш күндік мемлекеттік сапармен келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізді.
Стратегиялық серіктестікке 15 жыл
Қ.Тоқаевтың атап өткеніндей, «Бұл – Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары». Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтуге бағытталды. Жаһандық ауқымдағы экономикалық және технологиялық локомотивке айналған Оңтүстік Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында және еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. Демек, қазақ-корей қарым-қатынасында экономикалық-технологиялық ықпалдастыққа терең мән беріледі. Мұны Қазақстан Президенті де атап өтті: «Корея – Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі. Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі. Қазақстанда корей капиталы бар 700-ден аса компания қызмет етеді. Мысалы, Samsung, Hyundai, КІА, LOTTE, Doosan, Cosco сияқты алпауыт корпорацияларды атап өтуге болады. Олар елімізде табысты жұмыс жүргізіп жатыр».
Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніне разылығын былай жеткізді:
«Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Көптеген кореялық компания Қазақстан экономикасына инвестиция құйып, жұмыс орындарының ашылуына және өнеркәсіптің өркендеуіне ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, кореялық инвесторлар Үлкен Алматы айналма автокөлікжолы, бу-газ электр станциясының құрылысы сияқты ірі жобаларға қатысып, Қазақстанның ұлттық инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып келеді. Біз аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы».
«Достықтың алтын көпірі»
Екі ел арасындағы ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық та ұдайы нығайып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Қазір Кореяның жоғары оқу орындарында мыңнан астам қазақ жасы білім алып жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған кореялық әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Екі ел ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге келісті. Осыған орай Түркістанда Кореяның Woosong университетінің филиалы ашу мәселесі пысықталады».
Ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық туралы айтқанда, Түркістанда корейлік Woosong университетінің филиалы ашылатынын да назарда ұстаған жөн. Мұны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтқан еді. «Бүгін бірнеше келісімге қол қойылады. Біріншісі – Сеул ғылым және технология ұлттық университеті Қызылордадағы Қорқыт ата өңірлік университетінің базасында бірлескен бағдарлама мен жасанды интеллект мектебін ашты. Үш бағдарлама іске қосылады: жасанды интеллект, компьютерлік инжиниринг және киберқауіпсіздік. Дәрістер ағылшын және корей тілдерінде өтеді. Үздік оқытушылар келеді. Бұл жасанды интеллект жөніндегі ұлттық жоба аясында өте өзекті», – дейді С.Нұрбек. Министр отандық зерттеушілерге «Болашақ» және басқа да бағдарламалар аясында Кореяның үздік университеттері мен зертханаларында білім алуға және зерттеумен айналысуға мүмкіндік берілетінін айтты. Корея университеттері де Қазақстан жастарына білім гранттарын ұсынуға дайын.
Президент Қ.Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысты күшейтуге де баса назар аударылғанын айтты: «Қазақстанда тұрып жатқан корей диаспорасының өз тілін сақтап, дамытуына қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени іс-шаралар өткізуге уағдаластық. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Кореяға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Таяу арада Астана–Сеул бағытында тікелей рейс ашылады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз».
Оңтүстік Корея басшысы Орталық Азиядағы елдермен ынтымақтастықтың маңызына тоқталды: «Орталық Азиядағы елдермен ынтымақтастықтың 3 қағидаты бар: серіктесу, бірігу және жасампаздық. Корейдің алдыңғы қатарлы технологиялары мен цифрлық мүмкіндіктеріне арқа сүйей отырып, Корея республикасы мен Орталық Азия елдері ынтымақтың жаңа жолын табуға ұмтылады», – деді Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль.
Жаһандық мәселелер де сырт қалмады
Президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде да жан-жақты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан мен Кореяның халықаралық деңгейдегі көптеген мәселеге қатысты ұстанымы ұқсас екенін атап өтіп, әлемдегі геосаяси қайшылықтардың шешілуіне екі ел орта державалар ретінде үлес қоса алатынын мәлімдеді. Юн Сок Ёль Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында Солтүстік Кореяның ядролық қару проблемасы да талқыға түскенін атап өтті: «Екі ел де Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран техникасын заңсыз әзірлеуін ерекше айыптады және Солтүстік Кореяны заңсыз қаржыландыруды бұғаттау бойынша халықаралық қоғамдастықтың ынтымақтастығына қатыса беруге келісті».
«Қазір әлем өршіп келе жатқан дағдарыспен және тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан біз, екі елдің көшбасшылары, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған маңызға ие екені туралы ортақ пайымға келдік. Өйткені қазір Корея жаһандық басты мемлекет болуға, ал Қазақстан Жаңа Қазақстан құруға ұмтылып жатыр. Осы мақсатта біз екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікті барынша өзара тиімді және болашаққа бағдарланған серіктестікке айналдыруға уағдаластық», – деді Оңтүстік Корея президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, бұл кездесу екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін береді. «Біз әлемдегі түрлі қақтығыстарға байланысты алаңдаушылық білдірдік. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін атап өттік. Оның мызғымас негізі БҰҰ жарғысы және халықаралық құқық нормалары болуға тиіс. Осы ретте жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру туралы ой бөлістік. Қазақстан мен Корея арасындағы жан-жақты байланысты нығайта түсу екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Президент Юн Сок Ёль мырзаның бүгінгі сапарының ерекше мәні бар. Бұл сапар өзара қарым-қатынасты дамытуға жаңаша серпін береді деп сенеміз», – деді Президент.

1133 рет
көрсетілді0
пікір