• Ақпарат
  • 13 Маусым, 2024

«ҚАЗАҚТЫҢ ШАПАНЫН ЖАМЫЛЫП, ТЫМАҒЫН КИГЕН» СӨЗ

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Жүз жыл бұрын, яғни 1924 жылдың 12 маусымы – бейсенбі еді. Орынборда бұл уақытта маусымның тамылжыған шағы да шығар-ау! Әйтеуір, дәл осы күні қазақтың және қазаққа туыс ұлттардың білімпаздары ұлы жиында бас қосты. Бір апта бойы асықпай, аптықпай отырып, білімді ұлт болудың мәселесін шешті. Ұлттық мектеп, ұлттық ғылым мен әдебиет, мәдениет дамуы үшін не істемек керек деген тақырыпты талқылады. Қазақтың әр әрпінен бастап, емле, сөз, сөйлем атаулының қалай жазылып, қалай түзелгені дұрыс деген тақырыпты да сырт қалдырмады. Бастауыш мектеп пен оның бағдарламасы, оқулықтар жазу ісі, ұлттық термин жасау, орта және жоғары білімнің мақсат-мұраты да пікірталас өзегіне айналды. Дәл осы жиын ел болатын қуатты жұрттың қайратын, ұлттық арман-мақсатын да көрсетіп бергендей еді... 

 

Сиездің ауқымы туралы айтсақ, қазақ, қырғыз білімпаздарынан бөлек, Башқұртстаннан да өкілдер келді. Сол кездегі ұлттық републикалардың өкілдері де қатысқан жиын болды. Алқалы басқосуға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Елдос Омарұлы, Міржақып Дулатұлы, Ишеналы Арабайұлы, Нәзипа Құлжанова сынды алыптар қатысты. Қазақстанның сол кездегі Оқу комиссары Нұғман Зәлиұлы, оқу комиссариатынан Молдағали Жолдыбайұлы, Нұртаза Ералыұлы жиынның басы-қасында жүрді.
 Сиезді ашқан төраға Нұғыман Зәлиұлы бұл сиез қазақ-қырғыз халқы білімпаздарының тұңғыш сиезі болғандықтан, алқалы басқосудың жұмысы аса мағыналы, елге пайдалы болуға тиіс екенін атап өткен еді. 
Бір аптаға созылған білімпаздар жиынында ең көп көтерілген мәселе тіл тақырыбы еді. Олай болмасқа себеп те жоқ: оқу мен білім, мәдениет, ру­ха­­ният ісінің ілгерілеуі ұлттық тілге байлаулы тұрған мәселе-тін. Адам фамилиясының қалай жазылуына дейін талқыланған жиында Елдес Омарұлы: «Дұрысында, кісінің өз атына әкесінің атын қосып айтудың керегі жоқ. Кісінің өз атына әкесінің атын қосып айту, жалғыз қазақ емес, жалпы түрікте жоқ. Қазақ тілінде бірен-саран кісілердің атына, өз аттас кісілермен қатыстырмау үшін әкесінің атын қосып айтатын орындар да болады. Бірақ ондайда әуелі әкесінің атын айтып, оған «ұлы» деген сөзді қосады да, кісінің өз атын соған жалғап атайды. Ескі әңгімелерде Жәнібек батырды «Қошқарұлы Жәнібек» дейді. Кісінің аты-жөнін жазу реті де бізде, жалпы, түрікше болуы керек. Кісінің өз атын аттас кісімен қатыстырмау үшін ғана болмаса, әкесінің атын жазбай, өз атын ғана жазу керек. Әкесінің атын жазғанда, оны әуелі жазып, оған «ұлы» деген сөзді қосып, өз атын сонан соң жазу керек» деген мәселені көтереді. Сиез бұл тақырыпқа қатысты жағдайды былай шешуге келіседі: «Кісінің аты-жөнін жазғанда, оның өз аты ғана жазылатын болсын, үкімет орындарының қағазында, кісінің өз атын аттас кісілерінің атымен қатыс­тырмау үшін, әуелі әкесінің аты жазылып, оған «ұлы» деген сөз қосылып, сонан соң өз аты жазылатын болсын».
Айтқандай, осы ұлы жиында қозғалған, біз назарға алуымыз керек тақырыптың бірі – ұлттық терминология мәселесі дер едік. Терминжасамда, ең алдымен, қазақтың төл сөзі назарға алынсын, тіптен болмай бара жатса, туыс түрік халықтарының сөзінен термин жасайық, ол да болмаған жағдайда еуропа тілдерінің сөзін қалдырып, оны қазақшаға бейімдеп, яғни «қазақтың шапанын жамылып, тымағын киген» сөз қылайық деген ұсыныс жасалған.
Сиездің соңғы күні Ишанғали Арабайұлы: «Бұрын-соңды болмаған бұл сиез қазақ-қырғыз халқының ғылым мәселелерін бастап ауызға алған, қазақ-қырғыз білімпаздарының бір жерде бас қосқан тұңғыш сиезі болды. Бұл сиез­дің маңызы зор, қызметі айрықша. Ол негізгі мәселелерді шешті. Елдің болашағына жөн сілтеп, жол салды», – дейді.
Иә, қазақтың оқыған азаматтары асықпай, аптықпай отырып, жеті күн бойы ұлттық білім беру ісі мен ғылыми әлеуеттің артуы үшін не істемек керек деген тақырыпта сөз толғады. Иә, өкінішке қарай, арада бір мүшел айналып түскен уақытта сол білімпаздардың түгелге жуығы сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, қасіретті кезеңнің қанды шеңгеліне ілігіп кете барды. Бірақ сөз бен іс қалды. Олардың ұлттық ғылым-білім ісін ілгерілетсек деген асқаралы арманы қалды...   

5286 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы