• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2024

Еуро – 2024: Дауыл алдындағы тыныштық

Айзат Айдарқызы,

«Ana tili»

14 маусым мен 14 шілде аралығында Германия төрінде Еуропа чемпионаты өтіп жатыр.  Кәрі құрлықтың «сен тұр, мен атайын» дейтін 24 құрамасы бір нүктеде түйісіп, өзара кім мықтыны анықтау­ға кірісіп кетті. Әрине, әр турнирдің өз тосынсыйы бары рас. Бұл жолы қатысушылар арасынан Грузия туын көргендер таңғалды, білемін. Тау халқының өрлігін көрсетті ме – жас буын футболшылары айды аспаннан бір-ақ шығарды. Соған қарап Словенияға соға алмаған бір голды ойлап кіжініп қалғанымыз бар. Айтқандай, сол Словения еурододада Англия, Дания, Сербия құрамасымен қатар шауып жүр.

 

Теңбіл доппен тартысқанда

Иә, жаз мезгілі жанға жағып барады. Көптен күткен демалыс маусымы, Еуропа чемпионаты, одан ары – Париж олимпиа­дасы. Соның ішінде бір айға жалғасатын футбол мерекесі «Альянц Аренадан» басталды. «Турнир қожайыны менмін» дегендей, Германия Шотландияны аяған жоқ. 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Мамандар болжағандай, Вирц пен Мусиала жасындай жарқылдап, Хаверц мықты екенін дәлелдей түсті. Әсіресе Вирц Еуропа чемпионаты тарихында ең тез гол соққан екінші ойыншы атанды. Ойын алдында «немістердің шабуыл шебі әлсіз» дейтіндер тосылып қалғаны тағы бар. Әрине, плей­офф әлі басталған жоқ. Дегенмен Германия құрамасы, болжам бойынша, үздік бестікте тұрғанын айқындай түскендей. Өйткені сарапшылар неміс командасын жүлдегер атанады деп болжаған-ды. «А» тобындағы келесі жұп Венгрия – Швейцария арасындағы ойын кейінгі құраманың пайдасына шешілді. Швейцария құрамасы топтан қара үзіп шығу үшін барынша тырысып бағады. 
²«В» тобындағы Испания – Хорватия ойы­ны алдында демімізді ішке тартқанымыз рас. Өйткені топтық кезеңдегі топ матч осы еді. Кастильоның жас сайыпқырандары Даличтің әккі ойыншыларына қалай төтеп берері бәріне қызық болды. Испания ә дегеннен ойынды өз қолына алып, хорваттарға адым аштырмады. Жауапсыз үш гол соғып, «В» тобында жеке-дара көш бастады. Ал Италия – Албания ойыны 2021 жылғы Еуродода чемпиондарының пайдасына шешілді. Италия турнирлік кестедегі орнын жоғалтпауды, реті келсе бірінші орынға шығуды ойлайтыны хақ. Себебі бұл топ, футбол тілімен айтқанда, «өлім» тобы. Бір топта Испания, Италия, Хорватия сынды тегеурінді командалар жиналған. Яғни әр матчтағы ұпай тегін емес, маңдай термен, қиындықпен келеді деген сөз. 
«С» тобына келсек, Англия – Сербия кездесуінде көпшілік Саутгейт шәкірттерінің екпінін байқап көруге асықты. Бірақ ойын жанкүйерлер күткендей әсер сыйламады, білемін. Букмекерлер, сарапшылар «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» санаған Англия Беллингемнің бір голын місе тұтып, сылбыр ойын көрсетті. Осыдан-ақ сыншылар «мәселе не ойыншылардың өзінде, не Саутгейт Англияның жұлдызын жаға алмай отыр» деп топшылады, Әрине, бүтіндей құраманы бір ойынға қарап бағаламасымыз анық. 2022 жылы Әлем чемпионатында Аргентина алғашқы ойынында Сауд Арабиясына жеңіліп, айды аспаннан бір-ақ шығарып еді. Сонда да мойымай, жағымсыз пікірдің астында қалса да, соңына дейін нәтиже көрсететіндерін дәлелдеді. Мүмкін, Англияны осындай жол күтіп тұрған болар?! «С» тобындағы екінші кездесу Словения мен Дания арасында өтті. Бір-бірін жақсы танитын құрама тең тарқасты. Сарапшылар Данияның топтан екінші орынмен шығатын мүмкіндігі барын болжап отыр. Бәрі алдағы ойындарда белгілі болады. Дегенмен Словения алаңға шыққанда «осы матчта Данияның қарсыласы Қазақстан еді» деп мұңайып қалғанымыз бар. Бұл туралы сарапшылардың пікірін төменде топтадық. Ал әзірге «Д» тобындағы жағдайды баяндайық. 
Аталған топта алдымен Польша құрамасымен Нидерланды арасындағы кездесу өтті. Матч алдында Нидерланды жанкү­йерлерінің Гамбург көшелеріндегі дүбірі талайды тамсандырды. Нағыз футбол атмосферасын көрсетіп, 40 мың жанкү­йер сап құрған. Осындай қолдаудан кейін Куманның жұлдыздары қойсын ба – Польшадан айласын асырып кетті. Букса соққан голға Гакпо мен Верхорст лайықты жауап беріп, Нидерланды керек ұпайын түгендеді. Ал Франция мен Австрия арасындағы ойын­ға келсек, Дешамның сарбаздары сіз бен бізге «түсініксіз» ойын өткізді. Мбаппенің жарақат алғаны тағы бар. Дегенмен ойын Франция пайдасына шешілді. Австрия ойыншысы өз қақпасына гол соғып, француздарға жеңісті «жұлып» әперді. 
Қош, Румыния – Украина арасындағы ойын турнирдің кезекті тосынсыйындай көрінді. Украина Йорданеску жігіттеріне дес бермес дегенімізде, ойсырай ұтылып қалды. «Реал Мадрид» сапында өнер көрсететін қақпашы Андрей Лунин үш гол жіберді. Осылайша, күтпеген нәтиже тіркеліп, дода туралы болжам өзгеріп сала берді. Жанкүйерлер аталған ойыннан ес жия алмай тұрғанда, Словакия сенсация жасап, Бельгияны қапы қалдырды. Көпшілік Де Брюйнесі бар құрама бір қадам алда деп болжаса керек-ті. Бельгия қорғанысының қателігін пайдаланып кеткен Иван Шранц есеп ашты. Артынша жығылғанға жұдырық дегендей Лукаку соққан екі гол төреші шешімімен қабылданған жоқ. 

 

Бір өкініш – бір үміт

 

Расымен, Ұлттық құрама Еуропа чемпионатына жолдама алады-ау деп топшыладық. Қарқыны да, жеңіске деген жігері де тамсандырды. Дания құрамасын қапы қалдырып, камбэк жасағаны да есімізде. Сонымен қатар Словениямен өткен екі ойын­да жеңілгені де санада қалды. Аталған құрамамен наурыз айында «Астана Аренада» өткен кездесуде жеңіске жеткенде Еурододаға барар ма едік, кім білсін?! Егер біздің жігіттер Германияға барар болса қай ойыншыға сенім артар едік?  Еуропа чемпионатына қатыссақ дейтін арман қашан орындалады? Осы сауалды футбол төңірегінде жүрген сарапшыларға қойып көрдік.

 

Ермұхамед Мәулен, спорт комментаторы: 
 

Бір гол, бір соққы жетпеді
 

 

«Менің ойымша,  Франция құрамасы Еуропа чемпионы атанады. Иә, Грузияның Еурододаға жолдама алғаны таңданарлық жағдай. Бірақ олар  топтық кезеңнен ары аса алмайды деп ойлаймын. Сіз бен біз жанкүйер болатын Түркия құрамасының үшінші орынмен топтан шығуға мүмкіндігі бар. Осы турнирдегі орнымызды басқан Словенияда плейоффқа шығатын мүмкіндік жоқ. Ал Данияға екінші орын алып, 1/8-ге нық қадам жасаудың сәті түсіп тұр. Иә, Дания сияқты мықты команда келесі кезеңге шығуы заңдылық. Білесіздер, Қазақстан құрамасын Еурододаға алып шығуға  бір гол, бір соққы жетпей қалды. Словенияға бір гол соққанда, Германияда өтетін турнирге жолдама алар едік. Ұлттық құрама  чемпионатқа қарыс қадам қалғанда кері шегінді. Қуантарлығы,  барған сайын осындай ірі турнирлерге жақындап келе жатырмыз. Меніңше, әлемдік додаларда өнер көрсету арманымыз келесі Еуропа чемпионатында орындалуы керек. 
Ал ұлттық құрамадағы үздік ойын­шыларға келсек, Максим Самородов, Ислам Чеснаков, Роман Асранқұлов, Рамазан Оразов, Айбол Әбікен, Әділбек Сәдібековті атай аламын. Бір топ жастар шығып келе жатыр. Егер биыл Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігі болғанда, осы ойыншыларға сенім артар едім. Әрине, тәжірибелі ойыншылардан Исламхан мен Тағыбергенге иек артатынымыз тағы бар. 

 

Бек Төлеуов, спорт шолушысы:
 

Ұлт футболындағы жүйе дұрыс емес

 

Біріншіден, мына құрама чемпион болады деп дөп басып айту қиын. Алдын ала болжам жасау қиындау. Бірақ букмекерлер команда құрамына қарап Англияны фаворит санап, Францияны екінші орынға қойып отыр. Өз басым Португалия құрамасына сенемін. Тарихында екінші рет Еуропа чемпионы атанады деп үміттенемін. Англия қағаз жүзінде фаворит болғанымен, Сербиямен сылбыр ойнады. Францияның аяқ алысын алда байқаймыз. 
Иә, Грузия алғаш рет жолдама алып отыр. Оған Ұлттар лигасының көмегі тиді. Грекияны жеңіп, Тбилисидегі 60 мыңнан аса жанкүйердің стадионға шыққанын көрдік. Грузияда жаңа буын қалыптасып келе жатыр. Оларға чемпионатқа қатысудың өзі үлкен жетістік. Сондықтан аса бір сенсация күтпеймін. Ал Түркия 2008 жылы үшінші орын алды. Осы жолы да топтан шығып, плейоффта ойнауды көздейтіні анық. Командада екі бірдей жас ойыншы бар. Бірі «Ювентустағы» Кенан Йылдыз, екіншісі «Реал Мадридте» ойнайтын Арда Гюлер, тәжірибелі Хакан Чалканоглу бар. Түркия футболы біраз жыл дағдарыста болды, енді есін жинап келе жатыр. Мамандар Түркияның топтан шығатынына сенімді. Мен де солай ойлаймын. Бірақ не плейофф кезеңінде, не ширек финалда үйлеріне қайтуы мүмкін. 
Дания мен Словенияның ойынын көрдік. Словенияның орнында Қазақстан да болуы мүмкін еді. Былтыр  өзара кездескен ойында жеңіске жеткенде жолдама алар едік. Словенияның жолы болып, Адиев шәкірттері құралақан үйге қайтты. Қазақстан ойда жоқта Еурододаға қатысу мүмкіндігін алды. Алайда пайдалана алмады. Кейінгі екі ойын финалға бара-бар болды. Бірінші Любянадағы Словениямен ойын, екіншісі Грекиямен кездесу. Кейін­гі ойында қалай жеңілгеніміз ел есінде. Құрамамыздың бапкері ауысып жатыр. Бір ресейліктің орнына екінші ресейлік келді... 
Әзірге Қазақстан құрамасының әлеуетін жоғары бағалау қиын. Бақтияр Зайнутдиновтiң өзі «Бешикташта» жарақат алып, кейінгі кезде дұрыс ойын өрнегін көрсете алмай жүр. Шабуыл шебінде гол соғатын Абат Айымбетов «Адана Демирспорда» қосалқы құрамда отыр. Максим Самородовқа ғана сеніп отыра алмаймыз. Жаңа ойыншылар керек. «Ойыншыларымыз Еуропа клубтарына бару керек, сонда ойын мәнері түзеледі» деп жиі айтамыз. Алда Ұлттар лигасы кездесулері келе жатыр. Бәрін уақыт көрсетеді. Бірақ аса сенім бар деп айта алмаймын. Бірнеше жылдан соң Әлем чемпионаты, Еуропа чемпионатына қатысуымыз мүмкін. Қатысқанның өзінде үлкен дайындықпен барғанымыз жөн. Күтпеген жерден 24 команданың қатарына қосылып, бәрінен ойсырай ұтылғанын қаламаймын. Дайын болып барғанын, бірте-бірте деңгейі көтерілгенін қалаймыз. Бізде футболға әлі толық көңіл бөлінбей жатыр. Жүйе дұрыс емес.  

 

Ербол Қайыров, футбол комментаторы:

 

Инфрақұрылым, жасөспірімдер футболы һәм Ұлттық құрама

 

«Меніңше, Грузия құрама командасы топтан шықпайды. Елімізде Түркия құрамасын қолдайтындар жетерлік.   Меніңше, Түркия плейофф­қа шығады. Қанша дегенмен, Еуропа чемпионатында сынға түскен, ширек финал, жартылай финалға жеткен құрама. Оның үстінде түрік құрамасында неміс футболының түлектері ойнайды. Деңгейі жоғары футболшылар көп. 
Ал Дания мен Словенияға келсек, Дания құрамасы мықты. Әсіресе өткен күзде Қазақстан және Дания құрама командалары кездесу өткізді. Скандина­вия­лықтар тас-талқан етіп жеңіске жеткені есімізде. Сондықтан олар топтан шығады. Словенияда екі жұлдыз ойыншы бар, бірі – қақпашы Ян Облак, екіншісі – Беньямин Шишко. Ұлттық құрамамыз екі рет Словенияға жеңілді. Мысалы, наурыз айында тең түскен болсақ, Еуропа чемпионатына шығатын едік. 
Егер Ұлттық құраманың инфрақұры­лымдық деңгейін, жасөспірімдер футболын көтерсек, бірнеше академия ашсақ, жаңа ойыншылар пайда болады.  Әрбірінің кеудесінде «Еуропа ассам» дейтін арман мен құлшыныс болары анық. Егер жастар Самородов, Зайнутдинов, Әліп сияқты жастайынан Еуропаға кетсе, міндетті түрде шеберлігі шыңдалады. Сонда ғана Ұлттық құрама қуатты болады. Қазір ішкі чемпионаттың деңгейі жоғары емес. Сондықтан бәсеке бар жерге барып, топқа түсу керек. 
Құрамаға Станислав Черчесов есімді ресейлік бапкер келді. Биік мақсатпен, Қазақстан құрамасын үлкен додаға алып шығуға ниеттеніп отыр. Меніңше, келесі іріктеу кезеңінде міндетті түрде Еуроға жолдама алуға мүмкіндік туады. Ал құрама үздіктері ретінде Максим Самородов, Абат Айым­бетов, Бақтияр Зайнутдинов, Нұралы Әліп сияқты ойыншыларды атауға болады. Жастарға келсек,  Әбен Нұрымбет, Мейрамбек Қалмырза, Әділхан Добай сияқты ойыншыларға мүмкіндік беру керек. Биыл Әділхан Добай алғаш рет Ұлттық құрамаға шақырту алды. Бірақ жарақатына байланысты маусымды аяқтады. Қақпашылар да мықты. Әсіресе Данил Устименконы ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы ғана оған «Истанбулспор» командасы шақырту жіберді. Ол «Қайраттың» сапынан кеткен жоқ, таңдауын жасады. Осылайша, тұрақты түрде жас ойыншыларға мүмкіндік берсек, Ұлттық құраманың деңгейі көтеріледі. Меніңше, Ұлттық құрамадағы басты жұлдызымыз – Максим Самородов. Ол биыл Ресей премьер-лигасына аттанады. Бәріміз Самородовқа сәттілік тілеп, жанкүйер болайық.

 

 

 

 

2218 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы