• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2024

ҚАРАБАС БАТЫР

Қарабас Пұсырманұлы – 1685–1755 жылдары  аралығында өмір сүріп, ерлігімен ел есінде қалған қазақ батыры. Оның өмірі сол замандағы қалмақ-жоңғар шап­қыншылығына, патшалық Ресей империясының отарлау саясатына қарсы күрестегі, башқұрттар мен түрікпендерден елін-жерін қорғау­дағы аласапыран уақыттарда өтті. 

 

Қарабас батыр Кіші жүздегі Әлімұлы Шектінің Қабақ руынан. Қабақтан  Қангелді, одан Пұсырман. Пұсырманның өмір сүрген уақыты  шамамен 1665–1750 жылдар аралығы. Атақты «Мың бала» кинофильміне өзек болған Нұрмағамбет Қосжанұлының Шектіден шыққан Сартай батыр туралы жазып қалдырған дастанында «Бақтыбай мен Пұсырман, Жау жарағын түйінген, Әбілқа­йырға қосылды, Қаһарға мінген жиынмен,...Әлім қосқан он мыңнан...» деп жырланады («Сартай батыр», Алматы, 1998). Осы кітаптың 120-бетіндегі түсінікте Қабақтың немересі Бақтыбай туралы «Бақтыбай батыр 1697 – ө.ж. беймәлім, шежіре бойынша Алтын Орданы билеген, үлкен Ноғай ордасының (Кіші жүздің) негізін қалаған Едігеден тарайды» десе, Қангелдіұлы Пұсырман турасында «Әбілқайыр ханның батырларының бірі, шежіре бойынша Едігеден тарайды» деп таңбаланған. 2008 жылы Ақтөбе қаласында шығарылған «Жарас мерген Пұсырманұлы» атты кітапта, журналист Ұзақбай Қауыстың «Жалғыз оқ» кітабында «...Сол Қалдыбай ханның інісі Пұсырман батыр Бұланты өзенінің бойындағы шайқасқа қатысқан. Бұл соғыс тарихта 1727 жылы болған» деп таңбаланды. «Егемен Қазақстан» газетінде жезқазғандық өлкетанушылар С.Қожамсейітов пен Ш.Аймышев «Бородиномен бірдей Бұланты» деген мақаласында «Шектіден Сартай бастаған мың қаралы  бозбала жігіттерді ұрыс өнеріне машықтандырып, қолма-қол шайқастарға кірістіріп отырған» деген дерек келтіреді. Сонда, «Бұл елдің жігіттері жоқ па?» деп  сұраған ағайындарға  Байжан би «Бар ғой...Бақтыбай мен Пұсырман Шектінің туын жығар деймісің?!» деп зор сенім айтуы қол бастаған батыр бабалардың айдынын асырып тұр емес пе?!» деп жазылған. Пұсырманнан Қалыбек, Қарабас, Жарас, Өмір, Темір, Сексен атты ұлдары дүниеге келген. 
Ал, енді Пұсырманұлы Қарабас батыр туралы деректерге тоқталайық. Бірінші дерек «Ақтөбе» энциклопедиясында: «Айтұлы Қабақ шамамен 1611–1689 жылдары қазіргі Өзбекстан, Шыршық өзені (Аққайран деген жер) Ноғай ордасының билеушісі Мұсахан ұрпағы. Ел ұйытқысы болған би. Есімі руға шыққан. Сайрам соғысының (1681–1684) қаҺарманы Тілеу Айтұлының ағасы. Ағайынды екеуіне қатысты «Тілеу-Қабақ» дейтін ән бар. Ойраттарға қарсы күрескен Бақтыбай, Жарас, Қарабас батырлардың, отарлық езгіге қарсы күрескен Есет Көтібарұлы, Ерназар, Бекет батырлардың, Әзберген Мұңайтпасұлының тағы басқа әйгілі адамдардың арғы атасы. Ақтөбе облысында ондаған мың ұрпағы тұрады» дейді. Екінші дерек Ұлттық «Қазақстан» энциклопедиясының 5 томы 496-бетінде: «Қалдыбай Қангелдіұлы (т.ө.ж.б.) – батыр, қоғам қайраткері. Қазақ ордасын жоңғар басқыншылығынан қорғауда көзге түскен 1681–1684 жылдары Сайрам маңындағы соғыста ерлік көрсеткен. Қазіргі Өзбекстан жерінде ел билеп, «Қарадан шыққан хан» атанған. Пұсырманұлы Қарабас, Жарас батырлардың, Шекті Мөңке бидің ұстазы. Түркістан қаласындағы бір көше осы Қангелдіұлы есімімен аталады» делінген. Үшінші дерек «Шалқар» энциклопедиясының (2009) 156-бетінде: «Қарабас ХVІ–ХVІІІ ғасырлар шамасында өмір сүрген. Жоңғарларға қарсы белсенді күрес жүргізген. Кіші жүздегі атақты батырлардың бірі. Бүгінде ұрпақтары рулы елге айналды. Бұл әулеттен көптеген ғалым, қоғам қайраткерлері, ірі өндіріс, шаруашылық орындарының жетекшілері, діни оқымыстылар, көкірегі ояу,  шежіреші ақсақалдар, еңбек және соғыс ардагерлері мен озаттары шыққан. Көптеген азаматтар ел басқару ісіне араласып, мәдени-әлеуметтік саланы дамытып, өндірісті өркендетуге үлкен үлес қосты. Қазіргі жаңа буын жастар тәуелсіз Қазақстанның іргесін нығайту жолында күш-жігерлерін жұмсауда. Кезінде әкесі Пұсырман әулие «...Қарабасты жауға қой» деген сөз қалдырыпты» дейді. «Ақтөбе» газетінің 23 ақпан 2016 жылғы «Қарадан шығып, хан болған» атты мақаласында Ж.Асанов, М.Сәңкібаев былай дейді: «Қалдыбай хан болып тұрған шағында ұзақ уақыт бала көрмей, туған жұртына арнайы келіп, ағасы Пұсырманнан үлкені Қалыбек деген баласын сұрапты. Пұсырман «көшбасшым ғой» деп бермейді. Онда «Жарасыңды бер» десе, «жел жағымдағы айбарым ғой» депті. Өмірді сұраса, «ой, бұл жуас, шет жаққа жарамас, мал бағарым ғой» депті», кезек Сексенге келгенде «шаңырағым емес пе?» дейді. Содан ойланып-толғанып, Қарабас деген баласын берген екен. Арада жылдар өтеді, күндердің күнінде Қалыбек Қалдыбайға сәлем бере барады. Хан түннің бір уағында оянып, айналасын сипаласа, жанындағы баласы жоқ көрінеді, іздесе Қарабас Қалыбекті құшақтап, ұйықтап жатыр екен. Хан ойға қалып: «Қой, болмас, бұларды бөлмейін» деп, хандығын тастап, еліне көшіпті-міс. Қарабас өле-өлгенше «Қалдыбайдың баласымын» деп кеткен. Қалдыбай өліп, соңғы әйелін туыстары Қайыпбердіге атастырғанда қағу көрмей бұла өскен Қарабас: «Әкемнің орнын өзгеге бастырмаймын»,  – деп, ұлан-асыр шатақ шығарып, соңында ақылға әзер тоқтап, сабасына зорға түсіпті. Қалдыбайға бала болып, батасын алған Қарабастың ұрпақтары қаулай өсіп, шетінен жаугер, өткір, қажырлы болған. Бұған қарағанда, есімі кеңес үкіметі кезінде-ақ қазақ әдебиеті тарихына еркін енген ақын Сары Батақұлы айтқан «Мен өзім елден шығып Табын астым, Табынмен жыл жарымдай араластым. Баласы сан қазақтың мақтанса да, Жігіті артық болат Қарабастың» деген сөз шындыққа саяды». 
Қызыр әулиеден бата алған Пұсырманның бес баласының тағдырын болжап айтқан мына сөзі ел аузында жатталып, күні бүгінгі дейін жетіпті: «Қалыбекті дауға қой, Қарабас­ты жауға қой, Жарасты қырындатып қызға қой, Өмірді  қолына қауға беріп малға қой, Сексенді шуылдатып асқа қой». Қарабасқа жүкті кезінде анасының тәбеті малдың мауыздау қанына шауыпты. Тағы бір әңгімеде анасы қасқырдың жүрегін калады десе, енді бірінде жыланға жерік болған дейді.  Бұған қарап болжам жасаған ақсақалдар «бұл бала жүректі, батыр болатын болды» депті. Төртінші дерек: тарихшы Төлеубай Төлеп­бергени «Қарабас батырдың ұрпақтары» (Ақтөбе, 2006) атты еңбегінің 3–5-беттерінде: «Аталған еңбекте ХVІІ–ХVІІІ ғасырлар шамасында өмір сүрген, жоңғарларға қарсы белсенді күрес жүргізген Кіші жүздегі атақты батырлардың бірі –Қарабастың үрім бұтақтары... Әке балаға сыншы деген ғой, шынында Қарабас жоңғарға қарсы қол бастаған атақты батыр болған, талай жорықтарда теңдессіз жеңістерге жеткен. Ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ел аузындағы осы әңгіменің шындығына осы аталықтардан тараған ұрпақтардың кейінгі өмірі дәлел бола алады. Қарабастың Мәмбетәлі, Жапақ, Тінәлі, Досалы, Жаналы, Үмбетәлі деген алты баласы болған. Аталған бабаларымыздың ұрпақтары шетінен жауынгер, атақонысы ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпес үшін көпшілігінің өмірі ат үстінде, елдің жау жағында өткен...Әсіресе ХVІІІ–ХІХ ғасырларда жолындағы қозғалыстың арыстары, тарихқа белгілі тұлғалар Көтібар, Арыстан, Есет, Дәрібай, Есеналы, Мадан, Есенбала, Айназар, Ерназар, Бекет, Сарықұл, Шиет, Елекеш сияқты Қарабас батыр ұрпақтарының ерлік істері баяндалады» дейді. Осылардың қатарында Қарабас батырдан тарайтын Тінәлі Қарабасұлы, Бәсен Жапақұлы, Кенжалы Мәмбетәліұлы, Көрпебай Мәмбетәліұлы, Сарыбөпе, Сатай, Шынтемір, Матай Көтібарұлдары туралы деректер төмендегі авторлардың еңбектерінде баяндалады: З.Байдосұлы «Ақкісі» энциклопедиясы, (Астана, 2013), Д.Әбенов, С.Мұхтаров «Ұлт-азаттық көтеріліс көсемдері» (Ақтөбе, 2006), «Ел қорғаны ер Жәкем» (Алматы, 2012), «Бабалар сөзі», 62 том (Астана, 2010); «Бекет», «Ерназар–Бекет» атты жырлар. Ақын Сарышолақ Боранбайұлы (1857–1927) «Есетке» атты жырында «Атандың ер жауынгер Тілеу–Қабақ, Келеді әр саладан тұқым тарап, Қабақтың Қарабасы жауынгер ғой, Секілді қой қорыған бейне барақ» дейді. Бесінші дерек «ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басындағы Батыс Қазақстандағы саяси әлеуметтік ахуал және Жарас мерген Пұсырманұлы» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары» атты жинақта (Ақтөбе, 2009 жыл) Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор Ә.К. Мұқтар: «Жарас мергеннің бабасы Пұсырман да 1726 жылғы Бұланты, Білеуті шайқастарына қатысқан... 1748 жылы 6 шілдеде Орск қорғанына А.И.Тевкелевпен кездесуге бір топ шекті руының өкілі келеді. Олардың ішінде Қара батыр, Бәйімбет батырдың ұлы Шығырбек, Бақтыбай батырдың баласы Асан және Шекті руының ақсақалы Пұсырман болған. Кездесу соңында Қара батыр, Асан батыр, Шығырбай батыр және Пұсырман түрлі марапатқа ие болған (История Казахстана в русских источниках ХVІ – ХХ веков. ІІІ том, Алматы, 2005. Стр. 187–188)». Әбілхайыр хан өлтірілгеннен кейін көп ұзамай Нұралы ханмен қатар Батыр Қайыпұлы да хан болып көтеріледі. 1748 жылдың соңғы айларындағы осындай саяси оқиғаға шекті руының біраз адамы қатысқан. Мысалы, Қарабай, Аталық, Боранбай, Қалыбай, Жаңбыршы, Тұттыбай, Қарабас т.б. (ОрООМ.3К.18-іс. 288–311 п.п.). Біздің ойымызша, осы тізімдегі Қалыбай мен Қарабас – Жарастың ағалары. Пұсырманның балалары болса керек» – деген дерек келтірген. Алтыншы дерек: «Ақтөбе» газеті, 2019 жыл, 16 маусым. «Ұранға айналған Бақтыбай», Әбілсейіт Мұқтар – тарих ғылымының докторы, профессор, «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК директоры: «...1749 жылы 8 шілдеде Нұралы хан жанына сенімді өкілдерін ертіп, И.Неплюевпен кездесуге Орынборға келеді. Олардың қатарында Қарабас, Қара, Бақтыбай батырлар да болады. 8 шілдеде болған хан мен губернатор кездесуінде Нұралы хан Дәулетбай Бақтыбайұлының тағдырын тағы қозғап, оның Санкт-Петербургте әскери қызметте жүргенін алға тартып, босатуға көмектесуін өтінеді. Қазақ ханы оған қоса 1747 жылы тұтқынға алынған жағалбайлы Жолтай Жанболатовты да тауып, қайтаруын сұрайды» делінген. Бұл деректегі айтылған тарихи тұлғалар Қарабас Пұсырманұлы, Қара Ақкісіұлы (қырғыз), Бақтыбай Төлесіұлы Шекті Қабақ батырлары. Қарабас – Қабақтың шөбересі болса, Бақтыбай – Қабақтың немересі, бір-біріне жақын туыс адамдар. Жетінші дерек А.Мұхамбетулин «Ел қорғаған ер Есет» (Ақтөбе, 2024) атты кітабының 34-бетінде Мұхтар Әбілсейіт «Азаттық күрестегі ұрпақтар сабақтастығы (ХVІІІ–ХІХ ғ.ғ.)» атты мақаласында: «Қабақтың Пұсырманынан тарайтын  Қарабас та, Қалыбек те орыс жазбаларында өз заманының белгілі тұлғалары ретінде аталады. 1750 жылға дейін Қарабас Қалыбек, Мөңке би, Бақтыбай батыр, Мойнақ билермен қатар аталады», – дейді. Сегізінші дерек: Қарақалпақстанның халық жырауы Алдаберген Тасқынбаевтың 2004 жылы Алматы қаласы, «Санат» баспасынан шығарылған «Атамыз Сәпи Адамнан» атты жыр-шежіре жинағының 80-бетінде: «...Қабақтан туған бес бала, Небір қасқыр жүректі, Құлақты салып тыңдаңдар, Ақының сөзін үдетті. Жанкелдіден – Бөгенбай, Қангелдіден Қарабас шықты небір мықтылар, Батыры, биі аралас, Бәсеннен Есет, Көтібар, Кездескен жауын санамас...» – деп жырлаған. Бұдан шығатын қорытынды: Қарабас  Пұсырманұлы өз заманының айтулы батыры, барлық өмірі ат үстінде өтіп, әкелері Пұсырман мен Қалдыбайдың жолын жалғастырып, ұранға шыққан Бақтыбай, Бөгенбай, Бәйімбет, Қара, батырлармен, інісі Жарас мергенмен тағы басқаларымен бірге  күрескен тарихи тұлға екені белгілі болды. Қарабас батыр туралы Ресей архивтерінде деректер болуы мүмкін, ғалымдар тарапынан зерттеуді қажет етеді. Қарабас батыр мен Жарас мерген Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы «Қарасақал» қорымында жерленген. Ұранға шыққан Төлесұлы Бақтыбай батыр да осы қорымда жатыр. 2006 жылы Қарабас батырдың басына ұрпақтары құлпытас қойып, ас берді. «Қарабас батыр және оның ұрпақтары» атты тарихи-танымдық шежіре кітап шығарылды. Авторы – Төлеубай Төлепбергенұлы. Қарабас батырдан тараған тарихи тұлғалар Көтібар Бәсенұлына, Арыстан Тінәліұлына, Есет Көтібарұлына, Дәрібай Көтібарұлына, Бекет Серкебайұлына, Ерназар Кенжалыұлына, ахун Жанаман Сейтімұлына Мұғалжар, Шалқар аудандарында ас беріліп, ұлықтау іс-шарасы жүргізілді. Қарабас батырдан тараған тұлғалардың даңқы біраз жерге мәлім: Қазақстанның бас сәулетшісі болған Төлеу Бәсенов, Социалистік Еңбек Ерлері Нәби Жақсыбаев, Жұмабек Дүйісов, генерал-лейтенант Болат Жанасаев және басқалары. 

Аманғали  МҰХАМБЕТУЛИН,
Шалқар ауданының құрметті азаматы.

Ақтөбе

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы