• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2024

Әуезов әлемінің өрнегі

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

 

Мұрат Әуезовпен әңгіме барысында: «Қатты өкінген кезіңіз есте ме?» – деп сұрағанбыз. «Өкінген кез көп қой. Біреуін ғана айтайын: бірде Алматыда Әлкей Марғұланмен кездесіп қалдым. «Едігетау­ға барайық», деді Марғұлан. Жас кезіміз ғой, Алматының қызығын қимай, сыпайы бас тарттым. Көп ұзамай Әлекең жүзін бақиға бұрды. Қазақтың азаттығының, асаулығының бір символы болған Едігетау­ды тағы бір көріп кеткісі келген Әлкей Марғұланға неге сол кезде ермедім деген өкінішім бар», – деген еді Мұрат Мұхтарұлы. Әкесі Мұхтардың жан аяспас досы болған Әлкей Марғұлан тұлғасы Мұрат Әуезовке де ерекше әсер еткендей. Жақсы әкенің жақсы достарының әрқайсысының да өмірлік мұрат-мақсаттарында серік болуға тырысқан Мұрат Мұхтарұлы әкені қалай қадірлесе, оның достарын да дәл солай ардақ тұтқан еді. Сондықтан сыпайы, мәдениетті қалпымен аға-дос, әке-достардың әр естелігін, қуанышын, мұңын да қастерлейтіні байқалатын…

 

Ғалымдық пен әділдік

 

Ол, ең алдымен, философ һәм ғалым еді. Ермек Қаныкейдің жазуынша, «Мұрат Әуезовтің алғашқы ғылыми зерттеулері «Гильгамеш туралы эпос» еңбегінен басталады. Ғалым ежелгі Шығыс әдебиетінің ең көне мұрасы далалық белгісі бар, төл мәдениетімізге жататынын жазады. Жырдағы көркемдік құралдар көшпелілердің: жол, түс жору, кеңістік туралы түсініктері Ұлы дала мәдениетінің бастауы ғана емес, дәл соның өзі екеніне ұлттық мұрамыздан мысалдар келтіре отырып дәлелдеген» (Е.Қаныкейдің «Мұрат Әуезов және Ұлы дала мәдениеті» мақаласы).
Әке мен ана тәрбиесі оның бойындағы ұлтшылдық мәдениетті қалыптағандай. Қазақ мектебіне жетектеп барған әке Мұхтар, әкесінің тыйым салынған «Қилы заман» шығармасын кітапханадан, төте жазу үлгісінде тауып, ерінбей оқып берген ана Фатима, қазақша тілі қалыптаса беруі үшін «Абай жолын» кешқұрым дауыстап оқитын бала Мұрат үштағаны – ұлттық мәдениет пен тілге құрметтің бір белгісі емес пе?!
Сол тәрбиенің кейінгі ғылым жолындағы көрінісі – оның әлем жауһарларын зерттеудегі қазақ тамырын тап басып тани алуы дер едік. Мысалы, «Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Ә.Науаи бастаған үш ұлы қайнар – ұлттық руханият пен мәдениеттің тоғысындағы кешегі Алаш арыстарының мектебі деген тұжырым жасайды» (Е.Қаныкей).
Айтқандай, өзі секілді жас ұлтшылдардың басын құраған «Жас тұлпардың» «басты идеясы ата-бабалар тарихы мен мәдениетін зерделеп, зерттеу, ана тілінің қолданысын кеңіту, өнері мен салт-дәстүрін насихаттау арқылы ұлттық рухты көтеру» еді ғой. 
Кейін ғалым болып толысып, өзіндік ғылыми ой-пайымы қалыптасқан тұста көшпелілердің эстетикасы дүниежүзілік тарих құрақтасындағы ең жарқын бөліктің бірі екенін зор сеніммен айта алуында да толыққанды ұлттық тәрбие ұшқыны байқалады.
«Көшпелі түрік тайпаларының тарихи-мәдени мұраларына көзімізді ашып қарап, әділ бағасын айтудың, қатып қалған түрлі көзқарастардың аскетикалық ғибадатханасына өз үніміз бен иісімізді ала кірудің уақыты әбден пісіп-жетті. Мұны тек әр халықтың мәдениетіне құрметпен қарау керек деген гуманизм қағидасына адалдығымыздан деп ұқсақ, ол мәселенің бір ұшығы ғана. Шынтуайтына келгенде, көшпелілердің эстетикалық, этикалық тәжірибелерін сызып тастап, төрт құбыласы түгел дүниежүзілік мәдениетті тіпті де жасай алмаймыз. …Қазақтар ХХ ғасыр басына дейін көшпелі өмір салтын сақтап қалған аз халықтардың бірі, сондықтан да батырлар жыры, ауыз әдебиеті, ән-күй, би, бейнелеу және сәулет өнері түрлі ұлттар мәдениетінің әсерін байқатып қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты қозғалыс, қоныс аудару, көшулер кезінде кеңістік пен уақытқа бағытталып, қалыптасқан көшпелінің ерекше көзқарасын білдіреді», – дейді М.Әуезов «Көшпелілер эстетикасында».
Демек, Мұрат Әуезовтің ғылымдағы ұстанымы Ұлы дала өркениетінің дүниежүзілік тарихта әділ бағалануы болса керек. 

 

Әке орнын іздеу

 

 Мұрат Әуезовтің әкесі туралы айтқан жылы естелігі көп. Өте көп. Ол естеліктердің әрқайсысында жазушының, ғалымның, зиялы азаматтың, әкенің асқақ бейнесі сомдалады. Әке мен бала арасындағы жылылық, сыйластық пен жарасымды байқайсыз. Ондай естеліктерге тоқталсақ, әрине, мақала көлемі көтермейтіні белгілі. Сондықтан әкеге деген сағыныш, әке табаны тиген әрбір орынды аялаудың бір белгісі іспетті мына сөзді ғана назарға алсақ. Мұрат Әуезов Үндістан туралы айта келіп, «Күнделікте жазып кеткен әкем отырған орындықты да тауып алдым» (Айгүл Уайысоваға берген сұқбаты. «Достық–Дружба», қараша, 2007 жыл), – дейді. Әке есімін ардақтау мен ол жүріп өткен жолды, керек десеңіз, аз-мұз уақыт тыныстап отырған орындықты іздеп, оны тауып, сол орынға перзенті есебінде отырып, жүректегі өзіңе ғана аян жып-жылы естелікті қайта тірілтуден асқан қандай аяулы сезім бар?
Әкенің әрбір ізін аялаудың кішкентай ғана мысалы осы шығар. 
Әке де перзентін – Мұратын ерекше елжірей сүйіп, болашағынан көп үміт күткенінің мысалын келесі сұқбаттан келтірсек: «…Әкемнің бір жылы жымиысы болатын. Менің түсіме сол қалыпта келетін еді. 1970 жылдардың басында көшпелі елдің мәдениеті туралы зерттеу еңбек жазып, оны жеке кітап етіп шығарды. Ол еңбекке Мәскеу­дегі философия институтының ғалымдары ресми түрде жоғары баға да берді. Сол кітап ғайыптан тайып өртелді. Оны оқуға қатаң тыйым салынды. Бұл жағдай менің жаныма қатты батты. Өзімді жапан далада жалғыз қалғандай сезініп, іштей күйзелдім, күңірендім. Сөйтіп жүргенде, түсімде әкемді көрдім. Сол жымиған қалпы. Оның жүзінен «Қамықпа, балам! Бәрі жақсы болады» деген рай байқадым. Ылғи да солай. Әкем түсіме енсе, одан кейін барлық шаруа­ларым дөңгеленіп жүре береді». (Ермахан Шайхыға берген сұқбаттан. «Айқын» газеті. 2005).
Қуанғанда да, қиналғанда да әке жымиысынан жақсылық күту, түс көру, оны жақсылыққа жору ұлттық танымның ажырамас бөлшегі еді. Мұрат Мұхтарұлының ғылыми зерттеулерінде ғана емес, естелік-эсселерінде, сұқбаттарында да сол ұлттық тамырдың жалғастығы сезіліп тұрар еді. 
Адамзат тарихындағы асқақ армандарды жыр тіліне, әдебиетке айналдырған шығармалардан да сол жалғастықты тауып алатын мінезі де әкелер жазған мұраны құрметтеуден туса керек.

 

Алматымен екі мәрте қоштасу

 

Біз білетін сыпайы, мәдениетті Мұрат Мұхтарұлының бойында принциптен ауытқымау, дұрыс деп тапса, өз дегенін жасау мінезі де бар екенін ол жазған күнделіктерден байқаймыз. Білуімізде, Мұрат Әуезов Алматымен екі мәрте қоштасады. Әрине, Мәскеуге оқуға кеткен, ғылыми экспедиция­ларға шыққан, туған ауылды іздеп барған жағдайларды есепке алмағанда.
Осылайша, 27 жастағы Мұрат 1970 жылдың 11 желтоқсанында Мақатқа кетеді. Бұл сапарға Сәтімжан Санбаев пен Асқар Сүлейменов шығарып салған. Мұрат Мұхтарұлы Сәтімжан Санбаевтың Мақаттағы қырда отырған ата-анасының үйіне барып, ауыл тұрмысы, қырдың тіршілігін көзбен көріп, көңіл терезесінен қарап қайтады. 
«Алматыда қалған көңілді басқа жерде емдеуге бола ма? Әр жердің өз өз өмірі, өз тіршілігі мен мұңы бар. Осынау кішкене үйге үлкен өкпемді қалай сыйдырамын?» дейді ол күнделігінде. (Мұрат Әуезовтің күнделіктегі жазбаларын ықшамдап, еркін аударма үлгісінде ұсынамыз).
Мақаттағы өмір (күнделікті оқысақ) Мұрат Әуез­овтің өмірлік бағыт-бағдарына қатысты нақты шешімдер қабылдауына, қазақы тіршілікке етене жақындауына, философиялық таным әлемін тереңдете түсуіне жағдай жасаған.
«…Жапандағы жалғыз үй – Жердегі жалғыз мекен. Мұнда шал мен кемпір мекендейді. Маған ғалам қолын созады. Қарттар – Адамзаттың келбеті. Тіршілік Жәнияның (С.Санбаевтың анасы) айналасында жанданады. Шал, қой, түйе және мен Жәниясыз өмір сүре алмаймыз...»
«Маған бұл сапар не берді? Бұл туралы айту әлі ертерек шығар. Ойыма не келсе, соны жаздым. Өзімді-өзім алдамадым. Хамза мен Жәниядан Сәтімжан Санбаевтың ата-ансы) көп дүние естідім. Жақсы адамдардың жақсы өмірін көрдім» дейді күнделікте. 
 Бұрын қазақша түс көргені, көрмегені белгісіз, Мұрат Әуезов Мақат сапарында қазақша түс көріп, түсінде қазақша сандырақтағанын да күнделікке түсіреді. Мақат сапары Мұрат Мұхтарұлының көңіл көкжиегін кеңіткеніне күнделіктегі жазбалары куә.  
Ол 1973 жылдың сәуір-мамыр айында Екіашаға (Покатиловкаға) кетеді. Мұнда ол Ардақ Еженованың туыс­тары, әжесі, апасы, әке-шешесі арқылы ауыл өмірінің тағы бір қырын таниды.
«Тағдырлардың ауқымды панорамасын көргеніммен, оның ешқайсысы да менің не дертім, не қуанышым бола алмапты. Міне, отызға келсем де, кіндігім байланған мекен, қуана әрі мақтана жауапкершілік арқалайтын мамандығым да жоқ екен» деген ол Екіашаның тіршілігін суреттеу арқылы жазу мен ойшылдықты қатар өрбіткісі келетіні сезіледі. 
«Үлкендеріміздің бойында қоршаған әлем туралы әлдене толық айтылмағандай, жазылмағандай сезімде жүргені таңғалдырады» деген ол қайда барса да үлкендердің жазуға деген ерекше құрметін түсінеді. 
Оған Мақатта Жәния (С.Санбаевтың анасы) «Жазарыңды жаз», Екіашада Еженов (А.Еженованың әкесі) «Өзімнің қолымнан ештеңе келмесе де… Мен де қазақтың бір шалымын ғой. Жазарыңды жаз. Жағдайыңды жасармыз» дейтіні де үлкендердің қалам ұстағанға деген аманаты іспетті. Хамза ақсақалдың баласы Сәтімжан Санбаевтың әңгімелерін оқып отыратынын күнделікте жазған тұсы – қалам иесіне деген құрмет қана емес, әке мен бала арасындағы нәзік әрі берік байланыстың белгісі сынды…
Алматымен екі мәрте қоштасып кеткен Мұрат Мұхтарұлы ел әңгімелерін де күнделікке түртіп алған. 
Оның бірі – Разыбайдың оқиғасы (Екіашадағы естелік). Разыбай арабша сауатты кісі екен. Соғыс уақыты болса керек. Бірде шатырға шығып кеткен ешкіге «Жау алғыр!» дейді ызаланған Разыбай. Өзі соғыс уақыты, қарғыстың түрі: «Жау алғыр!» Дереу оның осы сөзін жоғарыға жеткізушілер табыла қояды. Осылайша, Разыбай «Халық жауы» ретінде ұсталады. Өзін әкетіп бара жатқан екі милиционерден қашып, Разыбай ауылының («Қызыл таң») маңындағы қамыстоғайда екі жыл жасырынады. «Халық жауын» қашырып жіберді деп жазаланған екі милиционер айып батальоны құрамында майданға кетеді де, біреуі соғыста көз жұмып, екіншісі (Айтпаев) ауылына оралады. Елге келсе, Разыбайдың қамыстоғайда жасырынып жүргенін біледі. Ол дереу іске кірісіп, Разыбайды қамыс арасынан тауып, қолын кісендеп ауылға әкеледі. Суға жақындағанда Разыбай «Кел, жарысайық!» деп суға секіріп, көзден ғайып болады. Айтпаевты жұмыстан шығарады. 
Екінші әңгіме – Дамирдің тағдыры (Мақаттағы әңгіме). Дамирдің анасы кемтар, әкесі тастап кеткен. Өзі балалар үйінде өскен. 16 жасқа келгенде құжат ала алмай, әкесін жағалап Мақатқа келген. Әкесі баладан бас тартады. Дамир үй жағалап жүріп, Хамза ақсақалға тап болады. Осы үйде тұрып, үй шаруасына көмектеседі. Хамза ақсақал көмектесіп, Дамир құжат алады. 100 сом айлық алатын жұмыс істей бастағанда әкесі Дамирді үйіне кіргізеді. Дамир ақшасының бір бөлігін анасына жібергенін естіп, әкесі Дамирді ұрып, үйінен қуып жібереді. Далада қалған Дамир Хамза ақсақалға қайта баруға ұялады. Бірақ ақсақалдың ұлы Нұрхан қайта көмектесіп, оны жақсы жұмысқа орналастырады. Дамир жазда шешесіне барып, сол жақта еңбек етіп жүріп, дала өртінде күйік шалады… Тағы да тағдыр соққысына ұшыраған Дамирге Хамза ақсақалдың отбасы көмектеседі. Қазір ескі жараның орны жазыла бастаған. Жұмысы бар, табысы бар Дамир әкесін кешірген, ара-тұра әке шаңырағына барып тұрады. Анасына көмектеседі. Хамза ақсақалдың бір баласындай…
Әке тағылымы бойына молынан сіңген Мұрат Мұхтарұлы жүрген жерінде кішкене адамдардың үлкен тағдырына ерекше ден қойып, күнделік бетіне түсіре берген, түсіре берген…

 

Кешірім

 

Мұрат Мұхтарұлының «Жас тұлпардағы» орны туралы біз жазбасақ та белгілі жайт. Сондықтан ол тақырыпты да айналып өтпекпіз. 
Айтқымыз келген оқиға одан кейінгі кезеңді қамтиды. 
«1975 жыл. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті бір пленумы өтіп жатыр. Мінберге Мұрат Әуезов көтерілді. 32-дегі жап-жас жігіт. Қазақ әдебиетіндегі тарихи романдарға шолу жасай тұрып, кенет, жабық тақырып – 1932 жылдың ашаршылығына ауыса кетті. Жұрт үрпиіп, партком қозғалақтап кетті. Жазушылар одағы одақ болғалы бұл ұйым мінберінен бұл тақырыпты қозғауға ешкімнің дәті бармаған. Сонда, Мұрат не деді? «Айдың-күннің аманында үштен бір халық қырылған 1932 жыл ашаршылығын айналып өткен әдебиеттің болашағы жоқ! Ондай әдебиетке крет қою керек!» деді ашынып. Төбеден жай түскендей болды», – деп еске алады жазушы Смағұл Елубай «Ұлы Тұран идеясы» мақаласында. 
Иә, осы оқиғадан соң да, бұрын да Мұрат Әуезовті аңдып, жүрісін, сөзін баққандар көп болғаны белгілі ғой. «Сол адамдардың кім екенін білесіз бе?» деп сұраған едік бір әңгімеде. Әуезов жылы жымиды. Аз-кем үнсіздіктен соң «Домалақ арыз жазудың дәурені бітіп, кезінде жапа шеккендерге өз ісін қайта қарауға мүмкіндік берілді. Бірде үлкен әскери шені бар жанашыр ағамыз хабарласып: «Қажет десең, ісіңді оқып көре аласың. Үстіңнен «хабар» бергендердің аты-жөні мен таққан «айыптары» ісіңде тігулі тұр», – деді… «Жоқ, керек емес. Таныс фамилиялар, таныс есімдер кезіксе ұяты оны да, мені де мазалайды. Мен кештім», – дедім», – деп жауап берген еді…
Әшейінде кешірім жақсы мінез дейміз ғой. Ал қиянат көре тұра кеше де білу – ең ұлы мінез екенін елеп-екшей алдық па екен?

857 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы