• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2024

ҒАСЫРМЕН ҚҰРДАС ҚАЙРАТКЕР

Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібекұлы 100-ге толды.
Президент Архиві жұмысының басым бағыттарының бірі – Қазақстанның мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлерінің жеке тектік құжаттарын жинақтау. Қазір архивте 100-ге жуық жеке тектік қор ашылып, мемлекеттік сақтау­ға 10 мыңнан аса іс түсті. Олардың ішінде Шәңгерей Жәнібекұлының жеке құжаттары бар.


Шәңгерей Жәнібекұлы 1924 жылғы 15 маусымда Қостанай облысы Орджоникидзе ауданындағы №24 ауылда дүниеге келген. Жастайынан жетім қалған ол 1938 жылы туған ауылындағы бастауыш мектепті бітірген соң Қостанайдағы Жамбыл атындағы орта мектепте оқуын жалғастырады. Медициналық білім алуға бел буған Шәңгерей Жәнібекұлы 1939 жылы Қос­танай медициналық училищесінің дайындық бөліміне оқуға түседі. 1942 жылы медициналық техникумды үздік бітірген жас маманды көп ұзамай әскери бөлімде үшінші дивизияның әскери фельдшері әрі сол топтың комсомол жетекшісі етіп тағайындайды. 
1943–1945 жылы Белгород, Харьков, Полтава, Кировоград, Корсунь-Шевченко және Яссо-Кишинев қалаларын азат ету операцияларына, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Австриядағы ұрыс қимылдарына белсене қатысты.
Елге оралған соң Қостанай облыстық Еңбекшілер депутаттары Кеңесі атқару комитетіне жұмысқа жіберіліп, денсаулық сақтау бөлімін басқарды. 1949 жылдан бастап Ш.Жәнібеков Қазақстан Компартиясының Қостанай облыстық комитетінің аппаратында, алдымен әкімшілік бөлімінде нұсқаушы, кейін 1952–1955 жылдары партия, кәсіподақ және комсомол органдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Шәңгерей Жәнібеков 29 жасынан бастап бірқатар басшылық қызмет етіп, еліміздің дамуына ерекше үлес қосты. 1976 жылы ол ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 1976–1985 жылдар аралығында мәдениет, ағарту, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, спорт, шығармашылық одақтар және басқа да қоғамдық ұйымдар мәселелерін басқарды.
1985 жылы Шәңгерей Жәнібекұлы зейнеткерлікке шығуына байланысты қызметінен босатылды. Сол жылы шетелдегі қандастармен мәдени байланыстар жөніндегі қазақ қоғамы («Отан» қоғамы) төралқа төрағасының бірінші орынбасары болып бекітіліп, осы қызметте 1993 жылға дейін жұмыс істеді. 
Ш.Жәнібеков еңбек жолында бірнеше рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен (1966, 1971–1972, 1976), Октябрь революциясы орденімен (1974), Халықтар достығы (1980), II дәрежелі Отан соғысы (1985), «Парасат» ( 1995), КСРО медальдарымен қатар, Чехословакия, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Шәңгерей Жәнібекұлы І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
2010 жылы Шәңгерей Жәнібекұлының жеке тектік қор құжаттары ғылыми-техникалық өңдеуден өткізіліп, мемлекеттік сақтауға қабылданды. Жеке тектік қор құжаттары құрамында өмірбаянына, қызметтік және қоғамдық қызметіне қатысты құжаттары, фотоқұжаттары сақталған.

 

Әйгерім Бақтыбаева, 
Президент Архивінің 
аға сарапшысы 

1590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы