- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
Сатира саңлағы

Әдебиет жанр атаулыдан кенде емес. Соның бір саласы – сатира. Ал осы жанрдың шоқпарын белі қайыспай көтеріп жүргендер некен-саяқ. Ал сол некен-саяқтың қатарында бүгінде аталған салада айтарлықтай тер төгіп, соның нәтижесінде «Сатира сардары» деп лайықты бағаланып жүрген Берік Садыр бар.
Бекеңнің сатираға, әзіл-оспаққа келуі бекер болмаса керек: әрідегі рулас атасы Сүйіндік – үндемей отырып, сөз ыңғайына қарай тауып айтып, «сүйкеп» жіберетін біратары бар кісі болғандықтан, ел арасында «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақтан» деген тіркес қалған көрінеді. Берікке де үндемей отырып, «сүйкеп» жіберу тән.
Мектепті бітіре сала ол ҚазПИ-дің математика факультетіне құжат тапсырып, емтиханнан тәуір баға алса да, өтілі болмағандықтан, «құлап», ауылына қайтады. Бір жыл кеңшардың түрлі жұмысына атсалысқан соң жаз шыға әкесі: «Енді не істемекшісің?» – деп сұрайды. Сұрақтың не себепті қойылып отырғанын бірден ұққан Берік те жұлып алғандай: «Оқуға өзіңіз апарсаңыз, дұрыс болар еді», – деп жауап қатады. Сөйтсе, әкесі де он баласының ішінен өзінің жолын қуатын біреуінің шыққанын күтіп жүреді екен. Сөйтіп әкесінің көмегімен ҚазМУ-дің филология факультетіне «сүңгиді» де кетеді.
Б.Садыр университетті бітіріп, туған ауылында бір жыл мұғалім болған шағында әкесіне соғыс ардагері ретінде Алматыдан даңғарадай пәтер беріледі де, әлі шаңырақ көтеріп үлгермеген ол әке-шешесіне ілесіп, астанаға табан тірейді. Бірақ әкесі қанша жерден беделін салса да, мұны мұғалімдікке орналастыра алмайды. Берік амалсыздан қара жұмыс істеп жүріп, тағы да әкесінің арқасында «Лениншіл жас» газетіне корректор болып жұмысқа тұрады. Көп уақыт өтпей бір табан жоғарылап, секретариатқа ауыстырылады. Аталған бөлімде бүгінгі мүйізі қарағайдай журналистер Қасым Әзімханов, Ертай Айғалиев, Сапарбай Парманқұловпен бірге жұмыс істейді. Секретариат қызметкері журналист санатында болатындықтан, онда жүріп материал жазбау ыңғайсыз, ол да қолынан келгенше тырысып бағады. Сөйтіп жүріп, туабітті «сүйкемесі» іске қосылып, қаламынан бір шағын әзіл әңгіме туады да, онысын «Қазақ әдебиеті» газетіне жөнелтіп кеп жіберсе, көп өтпей басылым бетінде жарқ ете қалады. Сөйтіп, республика тұрмақ аудан, облыс баспасөзінде жиырма жол дүниесі жарияланып көрмеген Беріктің алғашқы әзіл әңгімесі 1980 жылы Жазушылар одағының органы – «Қазақ әдебиеті» газетінде бұрқ ете қалады. Сол жылы қаламгерлер басылымында үш бірдей әңгімесі жарық көріп, Садырдың сатираға біржола ден қоюына себеп болады. Осылайша, ол әзіл-оспақ отауы бар газет-журналдарға белсене атсалыса бастайды. Онысын байқаған атақты сатирик Оспанхан Әубәкіров «Лениншіл жас» газетінде:
«Бала кезімде бір жырау қарияның өлеңін естіп едім. Былай дейді:
«Сәлем берген ініні –
жаным десе болады,
Шөлдеп ішкен сусынды –
балым десе болады.
Инабатты қыздарды –
сәнім десе болады,
Ерін күткен әйелді –
ханым десе болады».
Сол қария айтқандай, сәлемін күткен, қағазын күткен, қаламын күткен қалжыңбас балаға ризамын!
Баланың мұрты бар, баяғы барымташыларға ұқсайтын тұрқы бар, Нарынқол деген жұрты бар, сықақшы болатын сұрқы бар. Болсын!
Жоғарыдағы қарияның сөзіндей, қаламын, қағазын қатты күтетін бала екен. Қағазың да, қаламың да Құлагердей жүйрік болсын! Құлагер секілді алдыңнан «ағаларың» шықпасын. Айтқаным келсін! Әңгімелері сөзімнің соңында», – деп батасын беріп, онда жарияланған «Мінсіз қызмет...» әңгімесіне «Лениншіл жас» газетіндегі сатиралық отау – «Сүзеген сөздің» бас бәйгесін бұйыртады.
Зейнетке шығып, қолы босаңқыраған соң бүкіл жазған сатиралық әңгімелерін қайта қарап, ұзын саны 93 әңгімесін мүлде сызып-өшіріп, қалғанын арнайы дәптерге тізімдеген екен, онысының ұзын саны 575 болыпты. Аударғандарының саны 360 әңгіме екен. Толық шығармалар жинағының жеті томын дайын етсе, бес томға лайықталған таңдамалылары «баспа, қайдасың» дегендей, сәтін күтіп жатқанға ұқсайды. Кейінгі кезде өзіне-өзі қатаң талап қойып, «осыны жазуым керек» деген тақырып қана болмаса, жазуды доғаруға біржола бет бұрған жайы бар. «Ғажап тақырып табылмай, жазарың жоқ болғаны да «рақат» екен. Басқа тірліктерің ілгері озады. Соның арқасында артық қағаз атаулыдан құтылып, шағын екі жәшік архивтік дүниелердің белін буып тастадым», – дейді ол әзіл-қалжыңын араластыра. Бұл жерде Бекеңді де түсінуге болатындай. Сақалын желпілдетіп жетпіс деген жас желкесіне мініп те үлгерді. Шерағаң – Шерхан Мұртаза ағамыз қаншалықты «жетпіс – жет те піс» дегенімен, бұл жастың шалдыққа бет бұрғызар, шабыт шақыртар белсенді тірліктен гөрі шалқаңнан түсіп жатқанды мақұл көргізер жас екенін де мойындамасқа лажың жоқ. Башқұрт классигі Мұстай Кәрімнен: «Соңғы кезде не жазып жүрсіз немесе ойыңызда жазсам деген жоспарыңыз бар ма?» деп сұрағанда: «Ештеңе жазып жүрген жоқпын, жоспарымда да ештеңе жоқ. Жас та қуатты Мұстайға шау тартқан Мұстай шал қиянат жасап ала ма деп қорыққандықтан да жазбай жүрмін», деп жауап берген екен. Орыс ақыны Александр Блок та бірде: «Мен өлең жазу шеберлігінің шыңына шықтым, енді ақындықты біржола тоқтатсам да болады», – деген көрінеді. Ал жапонның ары жоғары аса талантты ақын, жазушылары айтарын айтып, берерін беріп болған соң мүлде басқа кәсіппен айналысып кетеді екен. Мұндай қадамға олардың әдебиетті әулиедей бағалағандарының нәтижесінде баратыны анық. Жоғарыда айтқандарына қарап, Б.Садырдың да осындай ұстанымның етегінен ұстағанын көреміз.
Бекеңмен жақын араласамыз. Оған себеп те жоқ емес. Бір-бірімізді танығалы да табаны күректей 45 жылға аяқ басыпты. Бізді таныстырған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті болатын. 1980 жылы ол секретариатта істейді. Мен де жұмысымды сол жылы корректорлықтан бастағанмын. Мектеп бітіргенде ауылда әжем екеуміз ғана тұратынбыз. Сондықтан ҚазПИ-дің филология факультетіне оқуға сырттай түскен едім. Бірақ о кісі бір жылдан соң қайтыс болып, енді қарайлайтын ешкімім қалмағандықтан, болашағымды журналистика саласымен байланыстырмақ ниетпен астанаға қарай мойын бұрып, газет жағалаған бетім еді бұл. Жағдайымды түсініп, бар-жоғы сырттай оқитын 2-курс студентін қомсынбай, жұмыс тауып берген басылымның жауапты хатшысы Ерғали Сағат ағама алғыстан басқа айтарым жоқ.
Өкінішке қарай, жастар газетінде бір жылға жетер-жетпес уақыт қана жұмыс істеудің сәті түсті. Себебі «Отан алдындағы борышыңды өтеп қайт» деп әскери комиссариат қайта-қайта шақыртып, маза бермеді. Одан уақытша болса да құтылудың бір ғана жолы бар еді, яғни оқудың күндізгі бөліміне ауысу. Күндізгі бөлімнің деканы Кәрібжан Нұрмағамбетов деген кісі екен, әуелде сырттай бөлімге неге түскенімнің себебін қысқа-нұсқа түсіндірген соң, «жүзің жылы бала екенсің» деп сөзге келместен, құжаттарымды қабылдайтынын айтты. «Мектепте әдетте ер мұғалімдер аз болады, негізгі себеп сол шығар» деп іштей өзімше тон піштім. Екі кеменің құйрығынан ұстау мүмкін емес екені мәлім жайт, жұмыстан шығуға тура келді. ҚазПИ-де әскери кафедра жоқ болғандықтан, оқу бітірген соң, бәрібір, бір жарым жыл аяққа керзі етік киюге мәжбүр болдық.
Екеуара әңгіме-дүкен құрған кездерімізде ол басынан өткен езу тартқызар кейбір оқиғаларды өзіне ғана тән мәнермен рақаттана күліп отырып айтатыны бар. Реті келіп тұрғанда солардың бір-екеуін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік:
«Жоғары оқу орнына түсіп, ауылдан қалаға қарай қатынайтын жұмсақ орынды «Турист» автобусына орын болмай, тоңқылдақ «ПАЗ» көлігімен келген бетім... Кәмелет жасына толғанша орыс көрмей өскендіктен, «ұлы тілден» мақұрым кезіміз. «Немен келдің?» деген курстастарға «жестокий автобуспен келдім» деппін. Бәрі күлкіге қарық болды. «Жесткий» мен «жестокийдің» мәнін содан кейін бір-ақ түсіндік қой», – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып. Шынында да қазір кеңестік кезеңдегідей емес, орысша білмесең, ешкімнің де оқыраңдауға хақысы жоқ, әрі ешқандай да кемістік саналмайды. Мұны біз бүгінде орысшасыз-ақ жоғын түгендеп жүрген шеттен жеткен қандастарымыздың тыныс-тіршілігінен-ақ көреміз.
Ал Тәуелсіздік түсімізге ғана кіретін заманда орысша білмегеннің екінші сортты адам ретінде қабылданатынына дәлел көп. Көптеген ата-ана болашағына жол ашамыз деп балаларын орысша оқытты. Таза қазақ ауылдарында өскен ұл-қыздың жеме-жемге келгенде орысшадан қиналып қалған кезі де жоқ емес. Бірақ кейінгі өмірінде орыс тілімен бетпе-бет келетін сәттер жиі кездескендіктен, сол тілде бұлбұлша сайрап кетпесе де, бәрі дерлік тәп-тәуір түсінісетін деңгейге иек артып жататын. Өкінішке қарай, сол шала-шарпы орысшасымен шатып-пұтып орысша сөйлегенді сән көрген замандастарымыз да аз болмады. Ондайлардың жұрнағы арамызда әлі кездесіп қалатынын жоққа шығармасақ керек. Ал «жесткий» мен «жестокийді» ажырата алмайтын азаматымыз өзгенің тіліне қатысты былай дейді:
«Заман талабымен орыс тілін үйренуге мәжбүр болдық. Бүгінде оны 90 пайыздай түсінемін. Бірақ сөйлеуге келгенде ұяттымыз. Мұны орыс жұрты аяқ баспаған шалғай ауылда өсіп, тіліміздің қазақшаның аясында ғана қалып кеткенімен түсіндіремін. Дегенмен осы білгенімнің өзі орысша сатиралық әңгімелер оқып, орыс тілі арқылы шетел сатирасымен де танысып, бақандай 400-ге жуық әңгімені аударып кітап етіп шығаруыма жеткілікті болды. Білмегенімнің пайдасын айтсам, ата-анама ілесіп қалаға көшіп келгенімде жұмыс таба алмай сенделіп, біраз жүріп қалғаным бар. Сонда таныс арқылы тіпті милицияға орналаспақ болғанмын. Орысша сөйлеуім мен жазып-сызуым керекті деңгейге жетпегендіктен, ол қызметке де өте алмай қалғаным бар. Яғни орыс тілін талап деңгейінде білгенімде, бүгінде Садыр деген сатирикті күндіз шырақ алып іздесеңдер де таппайтын едіңдер. Түсінген адамға тағдыр тәлейі деген – осы».
Енді Бекеңнің екінші оқиғасына көз тігейік: «1984 жыл. «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қожанасыр қоржыны» атты сатира бетіне «Кезек онікі...» деген шағын әңгімем жарияланды. Онда пойыздағы екі адамның әңгімесі арқылы «Ленин» орденін алудағы аңғал шопандардың көзбояушылық әрекеттері әшкереленген. Аталған әңгімені дереу «Америка дауысы» радиосы эфирден беріп жіберіпті. Орталық комитет сол үшін мәселе қарап, редакция басшылығына сөгіс жариялаған. Ол кезде бас редакторымыз Шерхан Мұртаза ағамыз. Мені кабинетіне шақырып алды. Кірсем, түтігіп отыр. Ойымда ештеңе жоқ, іштей «бұл кісіге не болып қалды» деп ойлап қоямын. Бір кезде Шерағаң «Әй, бала! Сатираны адам дұрыстап жаза білу керек қой! Жаза алмайды екенсің, бар, кет!» деп айқай салды... Осы оқиға қазір күлкілі көрінгенімен, сол кезде әжептәуір «репрессияға» ұшыратып жіберетіндей-ақ екен», – дейді сатирик Шерағаңның кей кездегі ашулы кейпін көз алдыңа әкеліп.
Нақтылай түссек, оқиға былай өрбіген екен. Шағын сатиралық мақала жарық көргеннен кейін оны АЗВИ-дің бір студенті оқып, «шопандарды өстіп мазақтауға бола ма» деп арыз жазыпты. Арыз анау-мынау емес, Қазақстан компартиясы орталық комитетіне жолданып, бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевтың алдынан бір-ақ шығады. Әңгімені «Америка дауысы» жалғанға жария еткеннен кейін жатсын ба – бұдан Мәскеу де хабардар болады. Әр жағы белгілі, кінәлілер жазалануы керек. Басшылар сөгіс алса, қосшылардың жағдайы белгілі емес пе – кемі жұмыстан кетуге тиіс. Шерағаң да мәселесінің қиын екенін айта келіп, жұмыстан шығарылатынын меңзейді... Әйтеуір, Құдай оңдап, орталықтың өзі мәселені дабырайтуды жөн көрмегенінің нәтижесінде Берік 100 жол әңгімесіне 200 жол түсініктеме жазып, яғни оның көркем дүние екенін барынша дәлелдеп, пәледен аман-есен құтылады. Әрі қарайғы шығармашылығында «Аш пәледен – қаш пәле» қағидатын ұстанады.
«Шерағаңның кабинетінен шыққаннан күні бойы мазам кетті. Бір тұтам диалог-әңгіме жазаның қатаң түріне соқтыртып жүрмесін деп шошығаннан түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмадым», – дейді ол сол шақтағы жағдайын еске алып.
Бүгінде сатира саласындағы атан түйеге жүк болар салмақты еңбегімен «сатира сардары» деген атты лайықты иемденіп отырған Бекең – Берік Садырдың аздаған арманы мен тілек-қалауы да жоқ емес. Ол Чехиядағы сатиралық шаһар – Габроваға жолым түссе дейді. Түркиядағы Ескішаһарды көргісі келеді. Ең бастысы, алға озған Америка сияқты елдердің халқы мен артта қалған Африка мен кейбір Азия және Латын Америкасы құрлығы жұртшылығының бәріне ортақ, қай-қайсысына да «әп, бәрекелді!» дегізетін, қай кезеңде де өз мәнін жоймайтын бірнеше әңгіме жазсам дейді. Сондай-ақ мемлекет қамқорлығындағы сатира театры ашылғанын қалайды. Сол театрда бір кездері «Тамашаның» тарландары сахналап, көрерменінің көңілінен шыққан өзінің «Ом заңы», «Қай тұс» секілді скечтерін тамашалағысы келеді. Және де бір кездері қоғамдағы келеңсіздіктерге сын садағын қадаған «Ара» журналы қайта шықса деген тілегі бар.
Самат МҰСА,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

1983 рет
көрсетілді0
пікір