- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТАЛАНТ

Қызыләскер бастауыш мектебінде оқып жүргенімде мектеп директоры Әбдірзақ Мамиев ағай кабинетіне шақырып алып:
– Кітапқа өте құмарсың. Бірақ хатқа түскеннің бәрін сапырып оқи беруге болмайды. Мынаны зерделеп қарап шығуға кеңес беремін, – деп қолыма бір кітапты ұстатты.
Әлгі ұстазым берген кітапты үйге келісімен оқи бастадым. Тұп-тура тау қойнауындағы аз түтінді біздің ауыл, ондағы таныс-бейтаныс жандар тіршілігі, тіпті мінез, іс-әрекеттері бірдей де күнделікті көріп жүрген адамдар...
Қандай қызық та қиын оқиғалар, қат-қабат тағдырлар... Ішіне тартып барады. Қызыға, құныға бір демде оқып шықтым.
Әбдірзақ ағайға кітапты қайта апарып бергенімде ол кісі менен мазмұнын сұрап шықты.
– Әп, бәрекелді! Бердібек Соқпақбаев деген жазушының бұл «Балалық шаққа саяхат» деген кітабы керемет! Биік таулардың құз-жартас бауырларынан жарып шығатын мөп-мөлдір бастаулар болады. Тұп-тұнық, тастай, ішсең жан сарайың ашылып кетеді! Міне, мына Бердібек ағаның бұл шығармасы да сондай ғажап туынды! Көресің, бұл жазушы әлі де талай-талай шығармалар жазып, сені мен мені ғана емес, бүкіл елімізді таңғалдыратын болады! – деген еді ұстазым кең маңдайын сипап қойып, кітапты аялай ұстап.
Бердібек Соқпақбаев деген жазушымен алғаш осылай таныстым.
Бұл бұдан аттай алпыс төрт жыл бұрын болған еді. Содан кейін бұл кісінің әр жазып шығарғанын іздеп жүріп оқитын оқырманына айналдым.
Ауылымыздағы кітапханада Нұрбике деген әпкем кітапханашы еді. Ылғи сол кісіден кітаптар алып оқимын.
– Бердібек Соқпақбаевтай балалар жанын нәзік түсінетін, оны көркемдеп жазатын жазушы өте сирек. Бұл кісі – бала мінезін, іс-әрекетін қаз-қалпында кестелейтін көркем сөздің хас шебері ғой! – деп «Менің атым – Қожа» деген кітабын ұсынды.
Соқпақбаев деген жазушыға іңкәр болдым, оның әр шығармасын қайта-қайта оқимын. Оқимын да таңғаламын. Алатау аясындағы Аспанқора тауының баурайындағы алақандай ғана ауылдағы қаршадай қара домалақ бала оның тұнық бастаудай шығармаларын құмарта оқып, нәр алып, қанаттанып, қайран қалып жүрді ғой!..
Шіркін, мен де Бердібек ағадай жазсам ғой деген ой кеудемде бүршік жарған еді-ау...
***
Тоғызыншы сыныпқа көшкенде бокс үйірмесіне қатысуға бел будым. Жамбыл мектебінің жанындағы интернатта жатып оқимын. Физкультура сабағын Жарас Төлегенов деген инситутты жаңа бітіріп келген ұзын бойлы, артық қырым еті жоқ жанып тұрған жас жігіт береді. Ол келісімен түрлі спорт шараларын дүрілдетіп әкетті. Балалар гимнастика, зілтемір, волейбол, баскетбол сияқты үйірмелерге қатысып, алды аудан, облыстарға барып, жүлде алып, кеуде керіп жүрді. Әсіресе ол өзі боксшы болғандықтан ұлдардың бәрі дерлік соған жапа-тармағай жазылуға ынтықты. Мен де сырттай қызыға қарап жүрдім де, нар тәуекел деп осыған қатысуға бел будым.
Күздің маужыраған әсем кезі. Жарас аға бізді далаға алып шығып, жоталарды айналдыра жүгіртеді, сан түрлі қимылдар жасатады. Буланып, қызынып терлегенде боксшының қолғабын киігізіп, жұп-жұпқа бөліп, бокстаса бастаймыз. Ақ тер, көк тер болып жатқанымызда қап-қара шашын дудыратып артқа қайырған, тор көзді шолақ жең жейделі кісі күнде келіп бізге қарап көп тұрады. Бірде ол жаттықтырушымыз Жарас ағамен сөйлесті. Жаттығуымыз біткен соң:
– Бұл кісі Бердібек Соқпақбаев деген жазушы ағаларың. Боксшы балалар жөнінде кітап жазбақшы екен. Жақында Жамбыл атамыздың музейіне директор болып келіпті! – деп таныстырды.
– Оу, Жарас, өзіңе ғана айтқаным ғой. Балалар, бақытты болыңдар! – деп ыңғайсыздана жазушы аға тез-тез басып кетіп қалды.
Мә, мына тамашаны қараңыз! Сонау титтей бала кезімнен бері бір көруге ынтызар болып жүрген ең сүйікті жазушы ағай біздің ауылға келіпті!
Ептеп өлең жазатыным бар. «Қасқырлар үйірі қыспаққа алғанда» деген алғашқы әңгімемді тор көз дәптерге қайта көшіріп біраз күннен кейін музейге бардым.
Күз түсе Жамбыл ата бағы құлпырып кететіні-ай! Күн сіңген алқызыл қалың апорт алмаларын көтере алмай қайысқан алма ағаштардан уылжыған әдемі иісі бұрқырайды. Кезінде ұлы ақын ата өзі тіккен нән биік ағаштар жолдың екі қапталында қош келдіңіздер деп күтіп алады.
Бердібек ағаны музей алдынан жолықтырдым.
– Қарашы, мына ағаштардағы құстар қалай ән салады, Ал таң құланиектенгенде бір бұлбұл сайрайды. Тамаша емес пе, ә?! – деп амандықтан соң құстар әлемі туралы әңгімелеп кетті.
– Бұлардың үнін естіп, тыңдасаң, санаң ашылып, көңілің бүрлеп, ләззат аласың ғой. Жүр, қонақсың ғой, ішке кірейік, – деді.
Кабинетінде артық ештеңе жоқ, үстел үстінде 3–4 кітап жатыр. Менің соған көзім түскенін байқап:
– Орыс жазушыларының кітаптары ғой. ХІХ ғасыр оларға алтын ғасыр болды, әлемді мойындатқан ақын-жазушылар шықты. Әр кітаптың аудармасын емес, түпнұсқа тілінде оқығанға не жетсін! Мен Мәскеуде оқыдым ғой.
– Ал келген шаруаңды айт, – деп жымия қарап қойды. Асығыс-үсігіс өлеңдерімді, жазған әңгімелерімді ұсындым.
– Мен де ақын болып, алғаш өлеңдер жинағымды шығарғанмын.
– Екі қазақтың бірі ұйқас құрастыра алады, бірақ нағыз ақындары өте сирек. Ал мыналарыңды оқып қоямын, қолың тигенде келіп кетерсің, – деп жазғанымның бәрін алып қалды.
Екі күннен кейін келсем, бақ ішінде алма ағаштарын суарып жүр екен.
– Күзде қандыра бір суарып қойсаң, ерте көктемде бүрлеп, түрленіп гүлін ерте ашады, – деп аға қалың баққа сүйсіне қарады.
Кабинеті музеймен іргелес, алғашқы кезде Жамбыл атамның өзі тұрған бөлек үйде. Соған кіріп, жазған дүниелерімді алып шықты.
Мавзолей алдындағы сәкіде отырып:
– Өлеңдерің қарабайыр, сурет жоқ. Ал әңгімеңде желі бар, оқиға бар. Бірақ ертегі секілді. Ізденсең, жазушы болайын деп тұрсың, қарағым, – деп қолжазбаларымды өзіме қайтарып берді.
Аудандық «Екпінді еңбек» газетіне жіберген дүниелерімнің бірі қайтпай жарияланып, «тілші бала» атанып, дүркіреп жүрген кездерім ғой.
– Тағы да жазғаның болса, әкеп көрсетіп тұр, – деді жазушы ағам қоштасарда.
Бердібек Соқпақбаевтай тамаша жазушымен сырттай қалай танысқаным, кітаптарының шынайы өте құндылығы, пір санайтын жазушым екенін айтармын деп-ақ барғанмын. Бірақ оның бірін де айта алмай, артық сөйлеуге бата алмай қайтқан едім. Қайтадан ол кісіге барып жолығып тұруға жүрегім дауаламады.
Қысқы демалыста сонау төменгі құм ішінде қой бағып отыратын әке-шешеме барғанда осындай атақты жазушы ағаймен танысқанымды тәптіштеп айтып беріп едім:
– Жазушыны жайлауға шыққанда үйге шақыр. Бір-екі күн біздің жайлауда болып, үйден дәм татып кетсін, – деп қауқылдасып қалды.
Бірақ жазға салым Бердібек аға Алматыға басқа жұмысқа ауысып кетті деп естідік. Көп ұзамай жарық көрген «Он алты жасар чемпион» деген повесін бүкіл бала біткен жапа-тармағай таласа-тармаса оқып, тура бізді жазыпты деп көсемсіп мақтанып жүрдік.
***
Жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне шақырды. Аудандық газетте істеп жүрген кезім, әңгіме, очерктерім газеттерге шығып, таныла бастағанмын. Жазушылар одағында жас жазушылардың шығармаларын қарап, талқылау Тәкен Әлімқұлов пен Оралхан Бөкеевке тапсырылыпты. Бәріміздің алып келген шығармаларымызды жинап алып, екеуі тең бөліп оқып, талқылауға алып кетті.
Менің әңгімемді Тәкен аға оқыпты.
– «Көңіл» деген әңгімең ерекше ұнады. Сен қазір менімен бірге жүрші, – деп Тәкен Әлімқұлов ағай мені ертіп алып жаңадан ашылған «Жалын» журналының редакциясына ертіп апарды. Сол жерде Бердібек Соқпақбаев аға кездесе кетті. Екеуі бір-бірін қатты құрметтейді-ау, «Бәке», «Тәке» десіп қалды.
– Мына Жамбыл атасының баласын танимын ғой. Тұңғыш әңгімесін оқығам, – деді Бердібек аға ықыластана.
– Бұл жігіт нағыз жазушы болайын деп тұр, мына бір әңгімесі маған ерекше ұнады. Соны Тұманбайға берейін деп едім, журналына бассын, – деп Тәкен аға қолындағы папкісін қысып қойды.
– Ол орнында жоқ көрінеді. Бөлім меңгерушісі Дулат Исабековке екеуміз бірге кіріп табыстайық, – деп Бердібек ағам қостап ап жөнелді.
Қарқарадай қазақтың екі жазушысы «Көңіл» атты әңгімемді көздерінше Дулатқа оқытып, келесі нөмірге беруге уәдесін алып бергенін қалай ұмытайын!
Бұл уақытта «Жұлдыз», «Жалын» журналына шығармаң шықса, жазушы деген атаққа іліндің деп есептейді. Жақсылардың аялы алақаны, шалқар шарапаты деген осы емес пе?..
***
Ол кездері мамыр айында біздің ауданда қой саны бір миллионнан асып-жығылатын. Сақпан бітіп, қозы санағаннан кейін соң қойшылар слеті өтеді. Бұл – үлкен мереке.
Сол жылғы слет Ақтерек ауылының жанында таулардың етегіндегі көкорай шалғында дүркіреп өтті. Балғабек Қыдырбекұлы мен Сейдахмет Бердіқұлов ағаларымыз Бердібек ағаны да арнайы шақырып ала келіпті. Үстіне жағасы жоқ сұр пиджак киген ол кісімен бәрі жапа-тармағай амандасып жатты. Бір киіз үйдегі меймандарды күту маған тапсырылған. Ағаларды кіргізіп, қымыз беріп, сірне жегізіп жатқанда жиналысқа шақыру келді. Алқа-қотан отырған даладағы жиналыста озат қойшыларға сый-сияпат таратылды. Алматыдан келген әнші-күйшілер бүкіл Алатау алабын ән-күйге бөлеп, тамылжыта өнер көрсетті. Ұлттық ат спорты, балуандар күресі өтіп жатты.
Қаз-қатар аппақ жұмыртқадай тігілген киіз үйлер жанында қазан-қазан буы бұрқыраған қайнаған ет, сапырылған сары қымыз, арнайы әкелінген кілегейдей таңдайыңа жабысар бапты шұбат...
Қазақша киінген қызғалдақтай қыз-келіншектер құрақ ұшып иіліп қызмет етіп жүр.
Өзім дайындаған үйге жазушы-журналистерді алып кірдім. Шара-шара ет тартылды. Бердібек ағаның алдына жылқының шекесі қойылып, бата сұрадық. Әңгіме-дүкен қызып жүре бастағанда көрші үй қонаққа шақырды. Әр үйде аста-төк қайысқан дастарқан. Жиырмадан аса үй тіккен совхоз, колхоз басшылары өздеріне шақырып, сый-сияпатын көрсетіп жатты.
– Шіркін, анау аспанмен тілдескен таулардың арасындағы бір мөлдір бұлағы сылдыраған сайында жападан-жалғыз ғана тұрсам... Азық-түлікті вертолетпен анда-санда тастап кететін болса ғой... Тек тұма табиғатпен сырласып жеке қалсам, – деді бірде Бердібек аға.
– Осылай отыра береміз бе, сырттағы тамашаны тамашалайық, көктемгі даланы сағындық қой, – деп үш-төрт үйден кейін мазасы кетіп, тықырши бастады.
– Беке, сіз негізгі қонағымсыз. Бата беріп, сіз бірге жүрмесеңіз болмайды, – деп Балғабек аға өтініп тұрып алды.
– Бекең тау баласы емес пе, биіктік пен кеңдікті аңсап тұр емес пе! – деп Сейдахмет аға жеңіл әзілге бұрды. Ақыры төрт-бес үйден кейін Бердібек аға:
– Көктемгі даланы аралап демалып келейінші. Менің жанымда бол, – деп мені алып, әзер сұранып шықты.
Қозы алудан аудан чемпионы болған Еңбек Ері Шопан Жандыбаевқа айтып, екі ерттелген атын алып, қырқаға қарай шығып кеттік.
– Қарашы, бекзат Алатау мырза көктемде қалай құлпырып, жайнап кетеді. Айналайын табиғат кіршіксіз, пәк, ғажап қой! Міне, қанқызғалдақ парсы кілемдей бүкіл еңісте тербеліп, үлпілдеп тұр-ау... Одан жоғары беткейлерді жап-жасыл шалғын көмкерген. Анау арғы арқар таулар басын ақ шәлімен орап алған. Осындай әсем табиғатта өмір сүріп, ата-баба кәсібін ұстап жүрген қойшылар шынында да нағыз бақытты жандар емес пе! – деп жазушы ағам төңірекке сүйсіне көз тастап, қордалы ой айтты. Атқа отырысы да мығым, кестелі сөздері де қандай десеңізші!..
Тау етегіндегі дөңес үстіне шығып, жан-жаққа тамсана қарап тұрмыз. Жазушы ағаның айтқанынан кейін туған жер дидарына таңғала, бөлекше, ерекше көзқараспен тебірене қараймын кеп.
Слет өтіп жатқан жерден біреу арда күреңді арқырата жорғалатып салып ұрып, бізге жетіп келді.
– Үлкен үйде аудан, облыс басшылары, Беке, сізді күтіп отыр, шақырып кел деп арнайы мені жіберді, – деді бірден алқына сөйлеп.
Жорғаға ілесіп салтанат болып жатқан ақ шаңқай киіз үйлер қатар-қатар тігілген той-мереке ауылына қайттық.
Слеттің абыр-дабырын, өнерпаздардың өнерін тамашалап, меймандар кешқұрымда ғана жолға жиналды.
Қайтар кезде Бердібек аға телефонымды жазып алып тұрып:
– Жазғаныңды неге көрмей жүрмін? – дегенде:
– Уақыт жоқ, аға, осылай қалың жиыннан қол босамайды, – деп едім.
– Жазуың керек! – деп қоштасқан еді.
***
Шіліңгір шілденің көбелек қанаты күйіп түсетін аптабының бірінде Бердібек аға телефон шалды.
– Анадағы слеттегі бал қымыз дәмі таңдайымнан кетер емес. Жөні келсе, шоферіңнен бір бес литр беріп жіберсең... Үйге қонақтар келетін болды, – деп шаруасын айтты.
– Аға, ертең жеткізіп беремін, – деп хан жайлаудан арнайы бапталған қымыз алдырып, машина жүргізушісінен беріп жібердім.
Балалығым ба, шалалығым ба – неге өзім апарып беріп, пір тұтатын ғажап жазушымен дидарласпадым. Неге? Әлі күнге дейін соған қатты өкінемін. Әрі қарай да арнайы мына тұрған Алматыға іздеп барып, сәлем беріп, әңгімелесуге болар еді ғой. Туа біткен жасықтық мінез жібермей, кегежем кері тартып тұрды ғой.
– Әттең-ай, әттең!..
***
Қарасазға қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың алпыс жылдық мерейтойына бардық. Музейі ашылып, салтанатты жиын өтті. Бүкіл Нарынқол өңірі Мұқағали жырымен, өр ақын рухымен теңселіп, тебіреніп тұрды. Қасымда осы Қарасаздың перзенті, өзімнің ұстазым, аудандағы бірнеше мектепте директор болған шежіре көңіл, дария бейілді Рахым Дәуітов ағайды ала барғанмын. Қасиетті ел, жер туралы ол кісі құлақ құрышын қандырып, талай әңгіме шертті.
Салтанат бітіп, жиналыс жүргізушісі:
– Енді барлықтарыңызды Сарыжазда өтетін ат бәйгесіне шақырамыз, – дегенде Бердібек аға трибунаға шықты. Басшылар оған сөз бергісі келмей, елемеген ғой, сірә...
Жанымдай жақсы көретін қазақтың нар тұлғалы жазушысын әкім-қаралар жасқап, сөйлеткілері келмеді. Ашуланған ол кісі сөйлей бастап еді, микрафонды өшіріп тастады. Басқа жақтан радиодан ән төгілді. Ел тарай бастады, бірақ жазушы ағам қолын сермеп, сөйлеп жатыр. Бізге дауысы түк естілмейді.
– Қайран, Бекең, сонша неге шамырқанды екен? – деді қасымда тұрған Рахым ағай таңдана қарап. Бердібек аға қолын сермеп, біраз сөйледі де, кілт тоқтап, әрі қарай бұрылып кетіп қалды.
Әр шығармасын асыға күтетін ұлы талантты кім ренжітті, неге қапа болды екен? Бұл кісі сонша неге шамырқанды екен деп әлі ойлаймын.
Қазақ прозасының қайталанбас ғажап тұлғасы Бердібек Соқпақбаевты бұл соңғы мәрте көруім екен...
***
Биылғы жыл – Бердібек Соқпақбаев жылы. Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ЮНЕСКО әлемдік дәрежеде оның ғасырлық тойын атап өту жөнінде өте орынды шешім қабылдады.
Өмірінде титтей марапат, атақ алмаған оның ұлан-ғайыр керемет еңбегін лайықты атап өтіп жатыр.
Өзім қызмет ететін ЮНЕСКО-ның халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығында Бердібек Соқпақбаев әлемін талдау, таразылау: зерттеу, зерделеу бағытында үлкен халықаралық конференция өткізу жөнінде ақылдастық.
ЮНЕСКО-да кезінде Парижде қызмет істеген, Қазақстанның Еңбек Ері, орталықтың бас директоры, көрнекті ақын, қайраткер Олжас Сүлейменов:
– Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде өзінше даңғыл жол салған ұлы жазушы. Оны өз биік дәрежесінде атап өтуіміз керек, – деп осы іс-шараның жоспарын жасап, өткізуді маған тапсырды.
Түркияда «ТҮРКСОЙ» ұйымы тойды бастап кетті. Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тілінде жарық көрді. Олар түрік тіліне аударып, кітабын шығарып, Нарынқол мен Алматыда тұсаукесерін өткізді.
Б.Соқпақбаев осыдан дәл 100 бұрын 15 қазанда Алматы облысы Нарынқол ауданында туған. Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтын, кейін Мәскеуде жоғары әдеби курсты бітірген. Алғаш 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Ал «Менің атым – Қожа» деген кітабын Қазақстанда баспай, орысша тұңғыш рет Мәскеуде жарық көрген. Содан кейін ғана кітаптары шыға бастаған. Б.Соқпақбаев бала жанының бағбаны, жиырмадан астам балаларға арналған шығарма жазды. «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Қайдасың, Гауһар» атты туындылары бірнеше мәрте басылды. «Өлгендер қайтып келмейді» атты романы үлкен резонанс туғызған еді. Бұл шығармалары көптеген тілге аударылып, кітап болып шықты.
Ал «Менің атым – Қожа» фильмі (режиссері Абдолла Қарсақбаев, сценарийі Бердібек Соқпақбаев) Францияның Канн қаласында өткен халықаралық фестивальда үлкен жүлдеге ие болып, қазақ киносының даңқын шығарды. Бұл көркем фильм әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ.
Ешқандай орден-медаль, атақ, марапат алмаса да, Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарына оқырман құштарлығы өте жоғары. Тілі таза, шұрайлы, құнарлы. Оқиғалары қою, нанымды, өмірден ойып алынған. Көркем туындылары бәрімізді тәнті етіп келеді. Өмірінде көрген қиын-қыспақтары, тағдырына кесапат жасағандар туралы аңызға бергісіз әңгімелерді жіңішкелеп естіп келеміз. Бірақ ол кісі мойымады, еліне қайталанбас ғажап туындылар сыйлады.
Ең бастысы артында ұлы дүниелері – кітаптары қалды.
Енді осындай ғасырлық мерейлі тойы кезінде ұсыныс-тілектерімізді де ортаға салуды жөн көрдік.
«Өлгендер қайтып келмейді» романын алғаш көп қысқартып, кесіп-кесіп кітап шығарғанын білеміз. Енді сол қысқартқандарды қайта қосып, толықтырып шығарса ғой.
– Шықпай, жарық көрмей, оқырмандар қолына көпке дейін тимеген «Ергежейлілер елінде» атты повесін де кітап етіп шығаратын уақыт жетті емес пе?!
– Алматы мен Астанада Б.Соқпақбаевтың тұлғалы ескерткіші тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Бір іргелі мәдениет мекемесіне есімін берген де жөн.
– Б.Соқпақбаев шығармаларынан спекталь дайындап, кинофильмдер түсіру де кезек күттірмес мәселе.
– «Бердібек әлемі» атты фотоальбом шығарып, өмір жолы туралы деректі фильм түсіру де қажет-ақ.
Ұлы деген ұғым – өте ардақты, алыптарға ғана берілетін атау. Әр нәрсеге уақытында баға беріп отырсақ қой, шіркін! Міне, сол атауға нағыз лайықты тұлға Бердібек Соқпақбаевтай ұлы жазушы дер едік. Оған кейбіреулер қанша қызғанса да, туындылары арқылы ұлылығын дәлелдеп кеткен тау тұлғалы тарлан қаламгер Бердібек Соқпақбаев есімі әлемді шарлап барады.
Нағашыбек Қапалбекұлы,
ЮНЕСКО-ның халықаралық
мәдениеттерді жақындастыру
орталығының бас ғылыми
қызметкері, жазушы

1648 рет
көрсетілді0
пікір