• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2024

Шыт көйлек

(Жұмекен,  Абзал, Шерубай, Өскен және басқалар)

 

Өрімі бөлек өлең

Шұға емес, шыт еді,
Шыт-жырды кім күтеді?!
Шыт болса да, бәрібір,
Шайырларға құт еді?!
(Тақырыптың тұздығы)

 

Біздің ауылда, ауыл болғанда кәдімгі Қаратереңде менің Зейнеш деген қу тілді ағам айт­қыштығымен белгілі-тін. Бірге оқыған Әділ деген досы Жібек деген қызға үйленгенде сол ағамның «Біз мектеп бітіре сала «шытқа» ұрынып едік, сен жүріп-жүріп, ақыры «жібегін» алдың ғой» дегені бар еді. Бүгінгі әңгімеміз де осы шыттың төңірегінен ұзамайды... 
Жалпы, шыт көйлекті өлеңіне қосқан қазақтың екі мықты ақынын білеміз. Олар: Жұмекен Нәжімеденов пен Абзал Бөкен. Мүмкін, бұл тақырыпты тербеткен олардан басқа да шайыр­лар бар шығар. Жырласа жырлаған болар. Себебі ауыл-елдегі шыт көйлек киген (бүгінгідей «ақ көйлек киген, көк көйлек киген» емес) сәмбі талдай бойжеткендер алдымен солардың көзіне түспей ме? Бізді бір қайбір шекесі қыз­ған шыткөйлектанушы дейсіз, біреу-­міреу байқаусызда назарымыздан қағыс қалып жатса, ренжи көрмесін. Алдын ала ғафу өтінеміз.
Әркімнің өз танымындағы шыт көйлегі бар. Сонымен, Жұмекеннің шыт ­көйлегі... Сені салғаннан күрделі пәлсапалық иірімге бастай жөнелетін танымы терең шайырдың әдепкіде шыт көйлекті қай тұрғыдан дәріптеп отырғанын аңғара алмай қиналасың. Сәлден соң жақсы мен жаманның, озық пен тозықтың, ескі мен жаңаның, дәстүр мен жаңашылдықтың, өткен мен бүгіннің арасын салмақтап, шыт көйлекті соның безбендеу мысалы ретінде көрсетіп отырғанын топшылайсың. Бірақ ол шытты біресе шырқау биікке шығарады, біресе күлкілі кекесіннің нысанасына айналдырады. Шыт көйлекті бетке ұстай отырып, қоғамның қоясын ақтаруға тырысады, бұзылған тепе-теңдікті, әлеуметтік теңсіздікті әйгілейді.  

Жібек – жұқа,
Мауыт – қалың,
майданды
бастап тұрған ала шыттар қайда әлгі?!
Шұға, мақпал, бастондарға айып тақ,
Сөрелерге шыт-шыпырды жайып бақ!
Гастрит пе?
Қасқыр-ит пе?
Бәрі осы –
Бөзден көйлек кимегеннің бәлесі.

Жұмекен танымындағы шыт дегеніміз – тез оңатын әсіреқызыл дүние («Соның бәрі шыт көйлекке ұқсайды: Бір терлесең түсетұғын сылынып!»), тым тұрпайы талғампаздық («О, шыт-талғам! Тас безедік, жыр сыздық – Модаға ер деп зорлап жүрген кім сізді?! Өңменді атты өмірдегі құнсыздық»), жілігі татымайтын арзандық («Шытқа айналып көп ән-күйің, тірлігің, Жайманың бар бетін бермей жүр бүгін»). Дей тұрғанмен Жұмекен ақын содан кейін ғана жан дүниесімен ашыла түседі («Шытқа мен де қарсы емеспін, бар шыным: Өнердегі арзандыққа қарсымын»), бағыт-бағдарын да нақтылайды («Құнсыздыққа қарсы ашамын қан-майдан, Маржан-терді моншақтатып маңдайдан»). Дәлірек айтқанда, Жұмекен шыт көйлекті жырлаған жоқ, шыт-өлшемді ғана тіліне тиек етті. «Шыт-қоғам жаңа белеске шыға ала ма, жоқ па – шыққан күнде де алдағы кезеңде қай тұрғыдан көрініс таппақ?» деген сұрақтың сорабына салған сыңайлы. Сондықтан ол жақсысы мен жасығы арпалысып жататын шыт-қоғамның пенделеріне былайша жар салды: 

Ей, шытқұмар!
Қане, алып қал, алып қал,
Шыт-жырларды қара бақыр-шабыттан!
Ал мен шытқа қарамаймын – жарайды,
бірақ мен де модаға еріп қараймын
Қара барқыт шапанымен Абайдың...

Содан соң біздің дәуірімізде тағы бір шыт көйлек көлбең-көлбең етіп, қара өлеңнің арқауына айналды. Жанры жағынан баллада деуге келеді. Авторы – Абзал Бөкен. Ақтоғайдың ақыны. Жалпы, ол кезде елде тұратын ша­йырларды, әсіресе Жезқазған жақтағы Ақтоғай мен Ұлытаудың ақындарын көп оқитын едік. Серіппедей ширығып тұратын Серік Ақсұңқарұлын («Серең етіп жатты жерде сегіз қол, Сегіз бас­ты сегіз жылан сияқты»), жырымен жұртты жұбататын Жүрсін Ерманды («Мен ертегі айтатұғын боламын, Көп жасайтын кейуаналар жайында»), лирикасы моншақтай көркем, әр сөзінен эстеттігі байқалатын Абзал Бөкенді («Жоғалтып алғандаймын өзімді мен, Секілді өзгенікі сөзім кілең») өлең өрісіндегі өз дауыстары арқылы түстеп таныңқырап қалған кезіміз-ді.
Бірақ, шынымызды айтайық, талайдың талантын қозғап, шабытын қоздырған «Шыт көйлектің» Абзалдың өлеңі екенін әдепкіде білгеніміз жоқ. Ал, жарайды, шыт көйлек, жақсы өлең, жақсы оқылады. Сезіміңді селт еткізеді, қыздарды бір дүрліктіруге молынан жарап жатыр. Жетпей ме соның өзі?! Ал авторы кейін табылар дейсің, тіпті табылмаса да неғылар дейсің деп төтесінен тарта бересің.
Сонымен, бұл шыт көйлектің сапары ұзақ болды. Небір жібек көйлектілер мен пүліш көйлектілер шыт көйлекті алақанына салып аялады. Себебі шыт көйлек өміршең өлеңге айналып, әп-сәтте ауыл мен қаланы шарлады да кетті... 

Оқуы бөлек оғлан

«Шыт көйлекті» Шерубай,
Шартарапқа танытты.
Шерубайды «Шыт көйлек»,
Ширатты әрі дамытты!
(Тақырыптың тұздығы)

 

Сөйтіп, атақты «Шыт көйлек» біздің дәуіріміздегі КазГУградқа Абзалсыз өзі келді. «Иең қайда, Ақбозат?» деп Төлегенді жоқтаған Қыз Жібек секілді Абзал ағамды шам алып іздеген не бір бозбала, не бір бойжеткен болған жоқ. Өлең оқып, қыздардың ықыласын иеленіп, қара шайын ішкенде пәледейміз, ал енді осы жұрт жаппай жаттаған жырдың иесі қайда дегенді ешқайсымыз да қаперге ала қоймаппыз. Ал сол тұста авторы белгісіз «Шыт көйлек» қыз-қырқынның алдында жақсылап бір жұлқынып алып, екіленіп өлең оқыған талай жігіттерге дүркін-дүркін «дивиденд» әкеліп жатты.
«Шыт көйлекті» алғашқылардың бірі болып жаттап, қазақ руханиятына ең көп таратқан және барынша насихаттаған ойлы оқырман – біздің Шерубай досымыз. Иә, бүгінгі айбарлы академик, парасатты профессор, ғибратты ғалым, тұғырлы тілші, тегеурінді терминолог Шерубай Құрманбайұлы. Біз білгенде, Шерудің елден асқан екі өнері бар-ды. Бірінші өнері – кез келген бидің түбін түсіреді. Ортаға Шерубай ширығып шыға келгенде бірден шеттей бастағаныңды өзің де аңғармай қаласың. Екінші өнері – өлеңді жақсы оқиды. Кейініректе оқу орындарында өлеңді мәнерлеп әрі көркемдеп оқу әдістемесінен дәріс беріп те жүрді-ау деймін. 
Сексенінші жылдардың аяғында 
КазГУ-де оқып жүрген Шерубайдың туған күніне орай жастар бас қосады. Солармен бірге курстастарының танысы қарағандылық Абзал деген жігіт те келеді. Өзінің актерлік өнерге едәуір қатысы бар екен. Сол жігіт жиырма беске толып жатқан Шерубайдың туған күн кешінде «Шыт көйлек» деген өлең оқиды. Оны жатақхананың серілері мен перілері, бозбалалары мен бойжеткендері ұйып тыңдайды. Бұл өлеңді Шерубайдың ұнатқанын байқаған әлгі жігіт оған сый ретінде блокнотына жақсылап тұрып жазып береді. Бірақ ол өзі мәнерлеп жеткізген жауһар жырдың авторы туралы мәлімет ұсына қоймайды. Бұлар да қатты қазбаламайды. Ең қызығы, сол жолы студенттерге Абзалдың өлеңін тағы бір Абзалдың таныстырып кеткенін көрмейсіз бе?! Ал, енді содан оқы... 
Сол – сол-ақ екен, «Маяковский басталды!» деп Николай Асеев айтқандай, КазГУ-дің қалашығында Шерубайдың «Шыт көйлек» дәуірі басталды. Ол жуық арада тоқтамады. Сол оқығаннан мол оқыды. «Шыт көйлекті» алғаш жаттағанда ол жалаңаяқ әрі жалаңтөс студент еді. «Шыт көйлекті» көркемдеп оқи жүріп, бірқатар жетістіктерге жетіп жатты. Сонда да сол «Шыт көйлекті» қарапайымдылықтың символы ретінде көпшілік алдына шығаратын дағдысынан жаңылған жоқ. Арманыңыз бар ма, Абзал аға! 
Ал, енді бар ғой, Шерубайдың бұл өлеңді оқығаны керемет! «Ақын үшін өлең өзің, ән өзің, Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің. Әсем екен үстіңдегі көйлегің, Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің», – деп салғаннан шарықтата жөнелгенде, маңайындағы жұрт сілтідей тынады. Шымыр шумақтардан нәр алып, шамырқанған Шеру образға кіргенде анау-мынау актерің жолда қалады. Ол «Шыт көйлекті» жан-тәнімен беріліп оқиды. Ардақты Абзал ағам мені кешірер, тіпті ол кісінің өзі де дәл біздің досымыз секілді жандырып жібере алмайды-ау... Шерубай оқыған «Шыт көйлек» тыңдаған қыз-жігіттерді оның жанына жіпсіз байлады. 
Тоқсаныншы жылдардың ортасында Сыр бойына қызметке барғанымда сол өңірден тағы бір «шыт көйлекшіні» кездестірдім. Филолог Өскен Көзбеков. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы. Шерубайдың курстасы. Ол да жиын-тойларда қоңыр даусымен сол өлеңді оқиды. Бірақ шымыр Шерудей шырайын шығара алмайды, әрине. Қара жаяу деуге тағы да келмейді. Қалай болғанда да, ол жыраулық өнердің туын тіккен Сырдария жағалауында бәрімізге арман болған жастықтың жалауы – «Шыт көйлекті» шын ниетімен беріле насихаттап жүрді. Өлкеміздегі көркем өлең оқудың жалғыз әрі талассыз көшбасшысы бола қоймас. Бәрібір ерекше екпінінен, дара дауысынан Шерубайдың «Шыт көйлек» мектебінің озық ойлы өкілі екені көрініп тұратын. 
Біздің де бір оқырлық (ойпырай, бір киерлік дей жаздаппыз ғой) «Шыт көйлегіміз» бар еді. Алайда Шерубайдың ширыққан «Шыт көйлегін» тыңдаған соң біздің «Шыт көйлек» өзінен-өзі жидіп түсіп қалды. Құдды Жұмекен ақынның: «Бір терлесең түсетұғын сылынып!» дегені секілді...
«Шыт көйлекті» шыт көйлек қылған жалғыз Шеру емес екенін айттық. Одан үйренгені бар, өз бетінше талап қылғаны бар, қазақ жұртының әр қиырында осы өлеңді жеріне жеткізе оқитын біршама көркем сөз шеберлері қалыптасты. Қыр мен Сырдың перзенттері Абзал ағамның әйгілі жырын нәшіне келтіре, тақылдай тәпсірлеп, өз өлкесінің үлкені мен кішісіне жаттатып жатты. Шынайы «шыткөйлекшілдік» дәстүрі жырқұмар қоғамды толық жайлап алды.
Бұдан екі жыл бұрын осы тақырыпқа орай әлеуметтік желіде «Шыт көйлек» деген эссе жазғанбыз. Тәуір оқылған секілді. Көптеген пікір айтылды. Абзал ағам арқаланды. Шерубай да ширықты. Содан соң екеуі бір-бірін іздеген сыңайлы. Бірақ ойға алғаныңның бәрі орындала бере ме?! 
Әрине, Шерубай өлең оқығанда жалғыз «Шыт көйлекпен» шектелмейді. Ол Абай, Мағжаннан бастап, күні бүгінге дейінгі талай ақынның жырын жатқа айтады. Қасымды қияннан қозғайды. Мұқағалиды миыңа сіңіреді. Тұманбайды тамсана толғайды. Қадырды қазынадай қаузайды. Мұхтарды қолға алса, кеңінен көсіледі. Ол Абайдың өлеңдерін бірінен соң бірін оқи жөнелгенде кіші ұлы Әлисұлтан (Елубай Шерубайұлы) қостомдық бетіндегі нұсқасын ілесе салыстырып, әкесінің мүлде қателеспейтініне таң қалып отырады. Жыр биігіндегі жампоздардың бәрін де ұмытпайды. Әйтсе де, жас күнінен көлбеңдеп, қыр соңынан қалмай келе жатқан «Шыт көйлек» сынды кестелі өлеңнің жөні бөлек. 
Шерубай сол «Шыт көйлекті» бала кезінен өзі талай шарлаған Шалкөде жайлауында оқыды. Сырдың сиырлары көрсе, бірден жүректен кететін қалың шалғынның арасынан Хан Тәңіріне қарап тұрып жатқа айтты. Атамекенінің айрықша жәдігері саналатын Күркебай сайына аялдап, тереңнен толғады. Сөйтіп, «Шыт көйлек» оның туған топырағының да бөлінбес бөлшегіне айналды. 

Арыны бөлек ақын

Шолпан ба екен, ай ма екен,
Шырайы оған сай ма екен?
 Шыт көйлекті сол ару,
Шынында да қайда екен?!
(Тақырыптың тұздығы)

Осы Шерубай мен «Шыт көйлекті» қайта-қайта термелеп, өлеңнің авторы Абзал ағамды сәл ұмытыңқырап бара жатқан жоқпыз ба?! Иә, соған келейік... 
Екі ғасырдың тоғысында жас ғылым докторы Шерубай Құрманбайұлы Астанаға қызметке ауысады. Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі жұмысын бастайды. Мұнда да сол баяғы «Шыт көйлек» Шерубайдың шаужайына жармасып қалмайды-ау, қалмайды. Бір күні үлкен ұжымның корпоративтік кешінде күндей күркіреп тұрып оқиды ол сүйікті «Шыт көйлегін». Бұл өлең министр, қазақ руханиятында өзіндік орны бар қайраткер-қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммедке бірден ұнайды. «Шәке, бұл өлеңнің авторы өзің бе?» – деп сұрайды ол сосын. Сонда Шерубай: «Жоқ, Мұха, бұл студент кезде жігіттер жарысып оқыған өлең еді, авторын анықтамаппыз», – дейді. Ал министр: «Жақсы өлең екен, авторын анықтап, маған мәтінін жазып берші», – дейді. Содан Шәкең бұдан былай осы өлеңді оқыр алдында тамағын бір кенеп алып, «Абзал Бөкен, «Шыт көйлек» дейді де, бастай жөнелетін болды:  

Ақын үшін өлең өзің, ән өзің,
Ақын үшін сұлулықтың пәні өзің.
Әсем екен үстіңдегі көйлегің,
Көйлегіңнен әсемдеусің және өзің.

Орны бейне от тигендей күлбіреп,
Оңғақ сезім тыймасаңыз – бүлдіред.
Үстіңдегі гүлдей көркем көйлекпен
Өзің де бір тұрдың гүлдей үлбіреп.

Жарқылдатып сезімдердің шақпағын,
Жан дүниемде астаң-кестең жатты ағын.
Амалсыздан әйеліме мен сенің
өзіңді емес, көйлегіңді мақтадым:

– Көйлегінің әсемін-ай, – дедім мен,
Басқалардың бәсеңін-ай, – дедім мен.
Шет жұрттыкі болар, бәлкім, біздікі
тікпеуші еді, бәсе, бұлай, – дедім мен.

Жағасы мен жеңдерін-ай, – дедім мен,
Белі менен белбеуін-ай, – дедім мен.
Жел желпіген етегін-ай, етегін
әдіптеген шеңберін-ай, – дедім мен.
Оттай жанған бояуын-ай, – дедім мен,
Өртенуге таяуын-ай, – дедім мен.
Модасын-ай, мұны тіккен шебердің
Көңілінің ояуын-ай, – дедім мен.

Серіңіздің соры ма, бұл бағы ма,
Жоқ, әлдебір шатасатын шағы ма.
Қасиетін әлгі ғажап көйлектің,
Кескіндемек болып едім тағы да...

Жарым айтты: – Көп мақтама шеберді,
Матасын да мақтай берме көп енді.
Бұл дегенің шыт көйлек қой, шыт көйлек,
Соған өліп-өшетіндей не болды?!

Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,
Көнген болдым (Ол да соны қалайды-ау).
О, сұлулық! Сені кейде жырлауға
Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау!

Жалпы, Шерубайдың «Шыт көйлек» шеруі ұзаққа созылды. Жиырма бесінде жаттаған жырды оқи-оқи ол алпысқа таяды. Бірақ осы уақытқа дейін әуелі авторын білмей ойға тоқыған, кейін біліп алып, атын атап, түсін түстеп оқыған «Шыт көйлектің» бас иесімен әлі жүздеспеген-ді. Яғни өлең оқушы өлеңмен өзектесіп, қанша жылдан бері бірге келе жатса да, сол өлеңді жазған ақынмен әлі күнге дейін арнайы кездесіп, шүйіркелесіп әңгімелесе қоймапты. Қарбалас қоғам. Тынымсыз тіршілік. Мазасыз мезгіл. Ұшқыр уақыт. Сан мың себеп... Әйтеуір ыңғайы келмеген. 
Әлеуметтік желінің оқырмандары Шеруге де, шайырға да құрметпен қарады. Ыстық ықыласын, ізгі ілтипатын аямады. Бірақ ел-жұрт бір сәтке екеуін де қоя тұрып, үшінші бір адамды жанұшыра іздеген-ді. Ол талайдың жүрегін тербеткен әйгілі шыт көйлектің иесі еді. Абзал ақынның сезімін селт еткізген белгісіз ару... «Ол кім болды екен?», «Қазір қайда жүр?», «Аты-жөні бар адам ба өзі?» деген сыңайдағы сауалдар көптеп қойылды. 
Ақылға сала келе, аймаңдай қыз­ға жыр арнаған Абзал ағамнан мұның жөнін сұрамай-ақ қойғанды жөн көрдік. Ол да өздігінен сыр ақтармады. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар... Қаншама жұрт құлақ түрген құпия ашылған соң не қадірі қалмақ?! Одан да «Шыт көйлек» өмірмен өзектес өлеңнің жұмбақ символы болып тұра берсін!

Жөні бөлек жүздесу

Шабыттанды, шайқалды,
Шешімді сөз айта алды.
«Шыт көйлегін» шайырдың
Шапан етіп қайтарды!
(Тақырыптың тұздығы)

Бір-бірін сырттай жақсы білсе де, өмірі жүздеспеген адамдар жеткілікті. Былай қарасаң, олардың кездесуі соншалықты міндетті де емес. Қайтеді кездесіп? Бәлкім, екеуі екі өңірде тұратын шығар... Тіпті бір қаланы мекендеген күннің өзінде жүзбе-жүз ұшырасудың сәті түспеген болар. Әйтеуір кейбір жандар көңілі түзу екеніне қарамастан, бір-бірінің келбетін көпке дейін көре алмай, ұзақ жүреді. Солардың ішінде «Шіркін-ай, осы бір тілеулестер өзара жолықса ғой» деп іштей ниеттестік танытатын қадірлі кісілерің болады. Баяғыда біздің жастық дәуірімізде белгілі жазушы Танаш Дәуренбековтің «Біз әлі кездесеміз», «Кездескен деген осы» деген елге танымал екі романы бар еді. Ол кездегі оқырманның көбін алдымен кітаптың мазмұнынан гөрі осы шығармалардың елең еткізерлік атауы қатты қызықтыратын. Сол сияқты, біз тілге тиек еткелі отырған бұл кездесуді де бірқатар жұрт асыға күткен-ді. Соның арасында өзіміз де бармыз.
Өлеңді жиырма беске жаңа толған студент кезінде миына мөр ғып басқан Шерубай Құрманбайұлының оқу мәнері расында да ешкімге ұқсамайды. Шымыр Шерубай образға кіріп, образ Шерубайға кіріп, бастап кеткен кезде қалай елти жөнелгеніңді байқамайсың. Қазаққа қара өлеңнің қыруар қазынасын қалдырып кеткен Қадыр ақынның:

Жазираның жалғыз сәні жаздағы,
Жиде гүлі қызғалдақтай маздады.
Бір бұтаға қонып алып жас бұлбұл,
Жырға айналып ағып кете жаздады, –

деген жыр жолдары бар еді. Шерубай ширығып алып, өлеңнің өрісі мен өріміне қарай даусын мың құбылтып, әр сөзін әрлеп, әр буынын зерлеп, жұртты әбден баурап алған шақта сезімге ерік берген сен де жаңағы әсершіл бала бұлбұлдың кейпін кешіп отырасың. Соған орай әлеуметтік желіде бүкіл ел болып талқылаған эссемізді олар кездессе екен деген тәтті тілекке тіреп аяқтаған болатынбыз. 
Сәті түсті соның жақында. Қарағандыдағы Кеншілер сарайында Абзал Бөкеннің жетпіс бес жасқа толуына орай «Күн астынан күміс жамбы жау­дырған» деген шығармашылық кеш өтті. Кешке іргедегі Астанадан Шерубай Құрманбайұлы арнайы келді. Бұл күнгі кездесуді жырсүйер жұртшылық аса тағатсыздана күтті. Шерубайдың сахнаға шығуы онсыз да әсерлі кештің керемет кульминациясына айналды.
Әрине, кеш басталғаннан бері «Шыт көйлек» еленбей қалған жоқ. Жас әртіс­тер ме, көркемөнерпаздар ма, әйтеуір, өңкей бір талапты ұл-қыз­дар өлеңнің әр шумағын бөліп алып, кезек-кезек оқыды. Одан соң Абзал ағаның өзі де қырық жыл қадірлеген «Шыт көйлегін» емірене тағы бір иіскеп қойып, төгіп-төгіп тастады. Бәрібір Шерубайдың шеруі жетпей тұрды. Бір кезде жүргізуші оның өзін ортаға шақырды. Көрерменнің ықыласында шек жоқ. Кең залды шапалақ үні кернеп кетті. Кеншілер сарайының түндігі желпілдеп тұрды. Айбарлы ағасы ізетті інісіне құшағын айқара ашты...
Шерубай жай келмепті. Алдымен мерейлі жасқа жеткен Абзал ағасының иығына әдемі шапан жапты. Сөйтіп, бүгінгі белгілі тілші-ғалым сонау студент кезінен академик болғанша қастерлеп сақтаған шыт көйлекті зерлі шапан етіп қайтарды. Басына қауғадай бөрікті қоса кигізді. Көрінгеннің көзін тартатын бұл көрініске разы болмаған жан жоқ. Бір кезде осы қаланың іргесіндегі шахтада жұмыс істеген Жұмекен ақынша айт­сақ, «Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып, Қарағанды бір қараған секілді» болды айбынды Абзал мен ширақ Шерубайға... Жақсы дүниенің нобайы көзіне шалынса, жолбарысша атылуға дайын тұратын фотомерген Жангелді Әбдіғалым ініміз бұл сәтті де қалт жібермегенге ұқсайды.
Содан оқыды Шерубай «Шыт көйлекті». Күндей күркіреді. Жаңбырдай жауды. Селдей лықсыды. Желдей желпіді. Теңіздей тербелді. Бабында екен әлі. Сол дауыс. Сол қимыл. Сол мәнер... Талай жыл өтсе де, «Шыт көйлек» өңін өзгертпепті. Түсі кетпепті. Тауары сетінемепті. Көнерсе де кірлемепті. Жуылса да жидімепті. Киілсе де кәделі. Жұқарса да жарасымды. Сол күйі. Әдемі. Әрлі. Әсерлі. Шерубайдың өзгеше оқу тәсілі жиылған жұртқа да, абыройлы авторға да осыны ұқтырды. 
Жол құрғатпай тағы да жыр патшасы Жұмекенге жүгінсек:
Мұның бәрі сөзбен айтсаң – тыныштық,
көзбен көрсең?..
О түсінем, түсінем.
Қарағанды қайнап жатыр, бір ыстық,
бір керемет жүректердің күшімен...
Сөйтіп, олар осылай жүздесті. Бірақ бұл Шерубай енді қайтып «Шыт көйлекті» оқымайды деген сөз емес. Алпыстың асуына аяқ артқалы тұрған ол «Шыт көйлектің» одан әрі тынысын ашып, шырайландыра түседі әлі...
Әдемі әсермен әлдилейтін «Шыт көйлек» әпсанасы тәмамдалды. Табиғи талант иесі Танаш көкем тірі болса, мұндайда байыппен ғана тіл қатып, «Кездескен деген осы...» дер еді... 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

2044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы