• Cұхбаттар
  • 20 Маусым, 2024

Қали Қамбаров: Батырды ұлықтау бізге парыз

Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Батыр атамыздың атында жұмыс істейтін арнайы қор бар. Ал қор немен айналысады? Осы уақытқа дейін нендей жұмыстар атқарылды? Осы және басқа да сауалдарды біз Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қайырымдылық қорының атқарушы директоры Қали Қамбаровқа қойған едік.

 

– Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор қашаннан бері жұмыс істейді? Қор құрудағы мақсат қандай? 
– 2011 жылы 14 мамыр күні Алматы қаласында Ұлттық ғылым академиясының мәжіліс залында қордың алғашқы құрылтай жиналысы өтті. Сол жиында Сағадат атамыз өзі сенімхат арқылы қордың жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді. Қордың президенті болып Махмұт Нәлібаев тағайындалды. Содан бергі 13 жылдың ішінде атқарылған жұмыс орасан зор. Қордың есебінен осы уақытқа дейін 3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. 
Ал қор құрудағы мақсат – батыр атамыздың ерлік істерімен өскелең ұрпақты құлағдар ету, жастардың бойында елжандылық, отаншылдық рухты ояту, сонымен қатар тәлім-тәрбие аларлық игі іс-шаралар арқылы ұлттық идеологияның ұтымды жұмыс істеуіне өз тарапымыздан лайықты үлес қосу. 
Жалпы, Сағадат Қожахметұлы – аңыз адам. Тәуелсіз Қазақстанның әскери тарихын Сағадатсыз елестету мүмкін емес. Ол – Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан, жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алған, жиырма бір жасында Кеңес одағының батыры атағын алған азамат. Ол Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін де әскери өмірден қол үзген жоқ. Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Венгриядағы Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары секілді ірі әскери лауазымды қызметтерді атқарды. Қазақстан Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдың басында егемен еліміздің қарулы күштерінің аяғынан нық тұруына өлшеусіз еңбек сіңірген тарихи тұлға. Тә­уелсіз Қазақстан тарихында №1 Қорғаныс министрі әрі тұңғыш «Халық қаһарманы» жоғары әскери шеніне ие болды. Ол бес рет қатарынан ширек ғасырға жуық халық қалаулысы болып сайланды. Демек, қоғам қайраткері, Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мемлекетіміздің Қарулы күштері мен елдің қауіпсіздігін қалыптастырудағы еңбегі ерен. Сағадат атамыздың әлемдік стандарттарға сай әскер құрудағы саяси-дипломатиялық сипаттағы ауқымды ісі елге үлгі, ал өмірі өнеге екені сөзсіз. 
– Ал батыр атамыздың атындағы қор қандай шаралармен айналысады? Бүгінге дейін атқарылған қандай жұмыстар бар? 
– Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Махмұт Нәлібаев бұл орайда көп жұмыс атқарды. Биыл батырдың туғанына 100 жыл толып отыр. Мерейтой аясында республиканың барлық аумағында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Әскери оқу орындарында «Ұлтына қорған болған батыр» атты тақырыппен ғылыми-танымдық конференциялар және «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме жалғасын тауып жатыр. Бұл бүгінгі жас ұрпаққа жігер, рух береді. Олардың отаншылдық сезімін оятады. Тағы бір үлкен қуаныш, біздің қордың ұсынысымен таяуда ғана Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырлары Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Мемлекет басшысына рақмет, бұл баһадүр бабаларымызға көрсетілген үлкен құрметтің белгісі. 
– Жалпы, Сағадат Нұрмағамбетов­тің есімін есте қалдыру, ұлағатты ісін ұлықтау үлкен абырой, құрмет емес пе?
– Әрине, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп Абай атамыз бекер айтпаған ғой. Тәуелсіз Қазақстанның әле­уетті әскерін, Қарулы күштерін құрған Сағадат ағаны қалай мадақтасақ та жарасады. Сондықтан күні бүгінге дейін ұлы тұлғаның есімін есте қалдыру, ерлік істерін ұлықтау жалғасып жатыр. Дерекпен сөйлесек, Астана қаласындағы көшеге және «Жас ұлан» мектебіне есімі беріліп, бюст орнатылды. Алматы қаласында оның атында көше бар, Құрлық әскерлері әскери институты оның атымен аталады, бюст орнатылып, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта қойылған. Ақтөбе, Атырау қаласында және Береке ауылындағы көшеге есімі берілген. Сонымен қатар биыл Ақмола облысы Ақкөл ауданында есімі берілген көшеге бюсті қойылды. Туған ауылы Еңбек ауылында көше мен мектепке есімі беріліп, екі нысан да күрделі жөндеуден өткізілді. Ауылға түнгі жарық жүргізілді. Барлық көшеге асфальт төселіп, 1 стелла мен 2 үлкен баннер орнатылды. Астана–Бурабай тас жолынан өзінің туған жері Еңбек ауылына дейінгі сегіз шақырымдық жол асфальтталды. Барлық 600 миллион теңгенің жұмысы 2020 жылы толық игерілді. Туған жеріндегі орта мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Көшедегі барлық шарбақ біркелкі боялды. Биыл 25 мамырда туған жері Ақкөлдегі ескерткішінің ашылу салтанатына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, сөз сөйледі. Салтанатты іс-шараға сондай-ақ Қорғаныс министрі, облыс әкімі және генерал атамыздың қызы Айсұлу Сағадатқызы, қор басшысы Махмұт Нәлібаев та қатысты. Ақкөл ауылында 2014 жылдан бері жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен тұрақты түрде республикалық турнир өткізіліп келеді. Сондай-ақ Қосшы және Қоянды ауылындағы көшелерге есімі берілді. Талдықорған, Қостанай қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көше бар. Түркістан қаласы мен осы аймақтың 3 ауылындағы орта мектепке есімі берілді. Павлодар және Орал қаласында да оның атында көше бар. Шаһардағы естелік обелиск батырдың ерлік істерін көрсетіп тұр. Өскемен қаласындағы үлкен орталық көше мен мектепке есімі беріліп, өз есімімен аталған аллеяға үлкен ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Семей мен Ақтөбе қаласында көше батырдың атымен аталады және мұнда ескерткіш-тақта орнатылған. Қазір Сыр өңірінің бірқатар аудандарында батыр атамызды есте қалдыру мақсатында игілікті іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Шымкент қаласында, осы өңірдің Темірлан селосында, Түркістан облысындағы үш білім ордасына да есімі берілді, бюсті қойылды. Тараз қаласында №10 мектеп батырдың атымен аталып, көше ашылып, бюсті тұғырға қонды. Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыс­тары бойынша осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін республикамызда үлкен 4 ескерткіш пен 7 бюст орнатылды. Сағадат Нұрмағамбетов есімі Қазақстан бойынша 8 орта мектеп пен 20 елді мекендегі көшелерге берілген. 
– Ал ерлік істерін дәріптеу мақсатында қандай да бір кино, деректі фильмдер түсіріліп жатыр ма? 
– Біздің қор Республикалық «Генералдар кеңесімен» бірлесе отырып бұл орайда үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Осы күнге дейін қордың ұйытқы болуымен және басқа да азаматтардың белсенділігінің арқасында Сағадат атамыз туралы алты кітап жарыққа шықты. Батыр атамыздың өзі көзі тірісінде жеті кітап жазған екен. Біз осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға және Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке хат жолдап, батырдың бұрынғы кітаптарын қайта шығару туралы өтініш айттық. Сағадат Нұрмағамбетовтің басқарған батальоны Берлинге алғашқылардың бірі болып кірген. Бұл дерек Мәскеу маңындағы Подольск авхивінен табылды. Ол екінші рет Кеңес одағының батыры атағына ұсынылған. Бірақ «алты айдың ішінде екінші мәрте батыр атағын беруге болмайды» деген сылтаумен ұсыныс кері қайтарылған. Жалпы, зерттеген адамға Сағадат атамыз жайлы тәлім аларлық тарихи деректер өте көп. Ол кісі 2005 жылы жеңімпаз елдердің атынан Жеңістің 60 жылдығына орай БҰҰ-ның бас Ассамблеясының мінберінде баяндама жасаған. Президенттер сөз сөйлейтін тұғырда сөз алу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ екенін айта кетуіміз керек. Екі деректі фильм және «Әскери ант» атты 20 сериялы кино түсірілді. Жалпы, бұл жұмыстың барлығын қор жалғыз өзі атқарып отыр десек, асылық болар. Президент әкімшілігі, үкімет пен тиісті министрліктер мен Парламент депутаттары және жергілікті әкімдіктер Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына қатысты бүкіл іс-шараны мақұлдап, мерейтойды тиісті деңгейде өткізуді бастады. Қысқасы, тілеулес, рухтас, замандас азаматтар да өте көп. 
– Жалпы, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор тек сол кісіге ғана қатысты жұмыстарды жүргізіп отырмаған болар...
– Дұрыс айтасыз. Қор президенті Махмұт Нәлібаев мырза елге есімі белгілі, қазақтың марқасқа тұлғаларын есте сақтау үшін көп игілікті іс-шараларға бастамашы болып жүр. Атап айтар болсақ, Мәскеу қаласындағы Орталық музейдің Даңқ залында екі мәрте Кеңес одағының батыры Талғат Бигелдинов пен Сағадат Нұрмағамбетовке бюст орнатылды. Волгоград қаласында Сталинград шайқасында қайтыс болған қазақстандықтарға естелік обелиск қойылды. Халқымыздың даңқты ұлы Қажымұқан атамызға республикамыздың екі аймағына ескерткіш орнатылды. Қор екі мәрте Социа­листік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаевқа көше беруге бастамашы болды. Қостанай қаласында бір көшеге есімі беріліп, Қобыланды батырға ескерткіш қойылды. Алматы қаласында көрнекті ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек пен академик Сағындық Сатыбалдин тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылындағы аудандық саз мектебіне қазақтың атақты композиторы Әбілахат Еспаевтың есімі беріліп, ескерткіш-тақта орнатылды. Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына 46 миллион теңге көлемінде медициналық аппараттар (КТ, МРТ) сатып алынды. Түркістан облысының Еңбекші Дихан ауылында Қобыланды ба­тыр­ға ескерткіш кешені ашылды. Сондай-ақ қордың ұйымдастыруымен және бірқатар азаматтардың атсалысуымен республикамыздың әр аймағында алты мешіт салынды. Алматы қаласында дәстүрге айналған бокстан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы турнирдің тұрақты өтуіне Қорғаныс минис­трлігі тағы басқа белсенді азаматтардың қатысуымен біздің қор дәнекер болып отыр. Алдағы уақытта Сағадат Нұрмағамбетов, Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жыл толуына орай және ғасыр жасаған мемлекет және қоғам қайраткері көзі тірі Шәңгерей Жәнібековтің мерейтойына орай Алматы қалалық әкімдігімен бірлесіп, үлкен іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – өскелең жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың бойында патриоттық сезімді ояту. 
– Ал батыр атамызға қатысты алда қандай жобалар бар? 
– Қордың жобасында атқарылатын тағы бір жұмыс тұр: Сағадат Нұрмағамбетов соғыс басталар уақытында Түрікменстандағы пулемет училищесінде оқыған. Ендігі мақсат – Түрікменстаннан Рейхстагқа дейін барған Сағадат батыр атамыздың жолымен жүріп өту. Біз бұл автошеру арқылы батырдың ерлігін, даңқты жолын жас ұрпаққа үлгі етпекпіз. Әрине, бұл шеруді қор басшысы Махмұт Ыбырайханұлы қызу қолдап отыр. Алдағы уақытта Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдегі елшіліктері арқылы аталған жобаны жүзеге асырсақ деген ой бар. Әрине, бұл қомақты қаржыны талап етеді. «Қол ұшын беремін, батырдың есімін ұлықтауға қолдау көрсетемін» деген азаматтарға қашан да есік ашық. Сонымен қатар өзінің кіндік қаны тамған туған жері Ақмола облысы Ақкөл ауданы Еңбек ауылынан өмірінің соңғы жылдарын өткізген Алматы қаласына дейінгі аралықта автошеру жасамақ ойда бар. Бұл жоба да келісілді. Ең бастысы, ниет дұрыс болуы керек. Болашақта Бішкек қаласындағы Әскери даңқ аллеясында да Сағадат Нұрмағамбетовтің бюсті қойылатын болады. Қазірдің өзінде бюст орнатыла­тын жер нақтыланып, шешім шығарылып қойды. Қырғызстан үкіметі мен жергілікті ат­қарушы билігі де бұл жобаны мақұлдап отыр.
– Неге Бішкекте... 
– «Бұл коммерциялық жоба ма?» деп бізге қырғыздар да сұрақ қойды. Жоқ, Сағадат Нүрмағамбетов Орта Азия әскери округі бас қолбасшысының орынбасары болып қызмет істеген. Сондықтан Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, №1 «Халық қаһарманы» Нұрмағамбетов­ті Орталық Азияға ортақ тұлға деп атауға болады. 
Сондай-ақ «Ақ кеме», «Қасқырдың апаны», қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова туралы «Мерген» киносын түсірген қырғыздың атақты режиссері Болат Шамшиевке де біздің қор қаржылық қолдау көрсетті. Қырғыз киносының 80 жылдығы аясында Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» шығармасының желісі бойынша түсірілген киноның 50 жылдығына байланысты Бішкекте үлкен салтанатты жиын өтті. Ол іс-шараға қырғыздың сол кездегі президенті Сооронбай Жиенбеков қатысты. Оған Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қайырымдылық қоры демеушілік жасады. Бұл игі іс-шараны мақұлдаған Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов пен ішкі саясат бөлімін басқарған Берік Уәлидің де көмегі көп болды. Өйт­кені «Қараш-қараш оқиғасы» Қордай ауданындағы Кенен ауылының маңайында түсірілген. Біз Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен қырғыз режиссері Болат Шамшиевпен аймақта тоғыз кездесу өткіздік.
– Ақиқаты, Сағадат Нұрмағамбетовті ұлықтау жалғаса береді. Игі іс-шара 100 жылдық мерейтоймен шектеліп қалмайтын шығар. 
– Ең бастысы, Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мемлекеттік орден тағайындалды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризашылығымыз шексіз. Ендігі міндет – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы музей ашу. Ашығын айту керек, Махмұт Ыбырайханұлының қаржысымен бұрын шағын музей жұмыс істеді. Қазір барлық құжаттары дайын, музейге қажет құнды жәдігерлердің барлығы жинақталып тұр. Үкімет, Алматы қалалық әкімдігі тарапынан қолдау болып, үлкен музей ашылса деген өтініш бар. Ұлытау, Қарағанды және Маңғыстау облысында да батыр атамыздың есімін ұлықтау мақсатында игі жұмыстар жалғасып жатыр. Алматы қаласында көптеген мәдени іс-шараларға біздің қор демеушілік жасауды әлі жалғас­тырып келеді. Осының барлығы Махмұт Нәлібаевтың арқасында жүзеге асып жатыр. Мұндай іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. «Отаным, жерім» деген азамат қана ұлт үшін осындай ұлы істерге бара алады. Бішкек қаласында үстел теннисінен, билярдтан, Алматыда шағын футболдан өтетін жарысты біздің қор қаржыландырып отыр. Ол ғана емес, елге танымал қаншама әнші, өнерпаздардың кешін өткізуге қор мұрындық болды. Мұндай мысалдар өте көп. Өткен жылы жазушы Талғат Айтбайұлы «Ана тілі» газетіне Ақселеу Сейдімбек туралы мақала жазып, мәселе көтергені белгілі. Содан кейін қор басшысы М.Нәлібаев Алматы қалалық әкімдігіне хат жазып, ғалым-этнограф тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Жалпы, біздің жұртшылық тарапынан еститініміз тек жылы сөз. Қордың негізгі міндеті – ұлтқа қатысты ұлағатты істерді жалғастыру, өскелең ұрпақтың рухани, тарихи танымын кеңейту. Бұл ғана емес, қазақтың басқа да біртуар қайраткерлерінің тұрған үйіне де демеу­шілік жасап, ескерткіш-тақта орнатылды. Демек, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қоры тек қана қайраткер азаматтың ісін жаңғыртумен ғана айналысып жатқан жоқ. Қазаққа қатысты үлкенді-кішілі игілікті істердің басы-қасында ұйытқы болып, қолдап қор басшысы Махмұт Нәлібаев жүр. Өйткені жақсылыққа жанашыр адамның соңынан жылы сөз ереді. Бұл біз үшін мақтаныш, абырой. Демек, ұлт үшін ұлы істер әлі де жалғасын таба береді.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан 
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

8708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы