- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫН ТӘРБИЕЛЕЙТІН БІР ҰСТЫН

Барды жоқ деуге болмас, қазақ балалар әдебиеті деген ұғым қалай болғанда да кеңестік дәуірде қалыптасты. Қып-қызыл идеологияның құрсауында болса да, ақын-жазушыларға жағдай жасалды. Қаламақысы жеткілікті болғасын үйде отырып шығармашылықпен айналысқан ақын-жазушыларды білеміз. Сондықтан жақсы дүниелер туды. Дегенмен «Ленин ата, біз ұлан, Сенен туған шат көңіл. Сенің нұрлы шұғылаң, Бізге әперген жақсы өмір» немесе «Ленин біздің атамыз, Саясында жатамыз, Қарсы келген дұшпанды, Қақ жүректен атамыз» деген секілді бүгінде тіпті күлкі шақыратын өлеңдер әлдеқашан ескіргені анық. Керісінше, Тоқаш Бердияровтың «Ұзын құлақ сұр қоян, Естіп қалып сыбдырды, Ойлы-қырлы жерлермен, Ытқып-ытқып жүгірді. Қарап еді артына, Қиығымен көзінің, Келе жатқан томпаңдап, Көжегі екен өзінің» деген өлеңін қазіргі аталар немерелеріне жатқа айтар еді. Демек, қызыл идеологиядан тыс жақсы дүниелер бар. Ал Тәуелсіздікті қайта қалпына келтірген заманда қандай туындылар жазылды? Осы және өзге де сауалдарды балалар әдебиетін зерттеушілерге, ақын-жазушыларға қойдық.
1. Ескірмейтін әдебиетті классика деп жатамыз. Дәл Кеңес дәуірінде сол қоғамның идеологиясымен жазылған әдебиеттің көбі ескірді. Дегенмен Кеңес одағы тұсындағы қазақ балалар әдебиеті туралы не айтасыз?
2. Марк Твен «Том Сойердің басынан кешкендерін» 1876 жылы жазды делінеді. Ол – он тоғызыншы ғасырдың соңы. Жиырмасыншы ғасырда жазылған «Менің атым – Қожаны» халық жаппай оқығанмен, сол кездегі билік бағалап жарытпады. Бірақ осы екі шығарма әлі оқылады. Тәуелсіздікті қалпына келтірген заманда «Менің атым – Қожа» секілді шығармалар неге жоқ? Әлде жұрт жаппай қалтафондағы қысқа-нұсқа мәліметке тоғайып, өзін керемет оқырман санайтын заманның құрбаны болып, көп құнсыз, мәнсіз кітап нөпірінің арасында ескерілмей қалып бара жатқан шығармалар бар ма?
3. Еліміздегі ең үлкен қала Алматыда кітап дүкендеріне кіре қалсаңыз, балаларға арналған орысша кітаптар самсап тұрады. Көбі Ресей баспаларының өнімдері. Қазақстан үкіметі тарапынан қазақ балалар әдебиетіне ақша бөлініп жатқаны айтылып жатады. Нәтиже бар, бірақ аз. Ал бүлдіршіндерге арналған суретті кітаптарды парақтасаң, суретінен сөзі көп немесе нашарлау аударма болып шығады. Не істемек керек?
4. Әрине, қазақтың байырғы кәсібі мал туралы да қазіргі балалар білгені жөн. Жылқы: құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, бесті ат деген секілді жасына қарай аталатынын тағы басқа малға қатысты толып жатқан мәліметтерді жеңіл өлең жолдарымен де балаларға үйретуге болады. Бұл бағытта шығармалар баршылық. Ал қазіргі интернет заманынан да хабар беретін туындылар қажет десек, оған біздің ақын-жазушылар ілесіп, жауап беретіндей туындылар жазып келе ме? Әлде жаңашылдық жетпей жатыр ма?
5. Сіздіңше, мектеп оқулықтарына енгізілетін туындыларды таңдау кезінде қандай басты ұстанымдар болғаны жөн. Әлде автордың атақ-даңқы жеткілікті ме? Мұны сұрап жатқан себебіміз – ата-ана осы бағытта жиі сын айтады.
6. Дамыған елдердегі балалар әдебиеті жаңалықтарынан нені үйренген жөн. Яғни біздің оң жамбасымызға келетін үрдістер бар ма? Әлде «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» және өзге де белгілі шығармаларды аудардық болды деп, жайбарақат жүре береміз бе?
Нұрдәулет Ақыш, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы:
1. Кеңес одағы жетпіс төрт жыл өмір сүрді. Жазба әдебиет енді дамып жатқан заманда да балалар әдебиетіне қалам тартқан ақын-жазушыларымыз болды. Алдыңғы ілекте Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді классиктерімізді атаймыз. Оларда балаларға арналған тым көп шығарма болмағанымен, балғын ұрпаққа арнап та жазуды ұмытқан жоқ. Одан кейінгі буын Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Шолпан Иманбаева, Қалмахан Әбдіқадыров деп жалғаса береді.
Одан бергі кезеңдерде Сейітжан Омаровтың, Өтебай Тұрманжановтың есімін ерекше атауға болады. Мүбәрак Жаманбалиновтің, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың, Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары белгілі дәрежеде жұрттың назарын аударды. Баланың жан дүниесін көрсеткен туындылар болды. Шона Смаханұлы, Әбдірахман Асылбеков, Ермек Өтетілеуов сияқты қаламгерлеріміз де жақсы жазғанын білеміз. Тұрсын Елеусізұлы деген жазушы болды. Балалар жазушыларының көбінің есімі айтыла бермейді. Құрманбай Толыбаев, Қабыш Жәркенов, Оспанхан Әубәкіров, Қастек Баянбаевтарды бөліп айтуға болады. Қазіргі көзі тірі классигіміз Тынымбай Нұрмағамбетов, Мұхтар Мағауин, Молдахмет Қаназовтар қомақты үлес қосты. Тұрдыбек Алшынбаев, Марат Қабанбаев, Несіпбек Айтов, Қуандық Түменбай, Серік Асылбекұлы, Пернебай Дүйсенбин деп тізе беруге болады.
Қазақ балалар әдебиеті Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін белгілі дәрежеде қанат жайып қалыптасты. Әсіресе 1960 жылдан Кеңес одағы құлаған 1990 жылға дейінгі отыз жылда дамыды. Ақындардың сюжетті өлеңдері, жеңіл әзілдері, шағын поэмалары мен балладалары, көркем прозада оқылатын құнарлы шығармалар дүниеге келді. Сол жылдарда балалар әдебиетіне арналған жабық конкурстар жарияланды. Ол әдебиеттің дамуына ықпал етті. Балалар әдебиетінің көркемдік деңгейі де жаман болған жоқ. Әрине, идеология әсер етті. «Осындай совет адамы» деген айдар болды. Сол айдардың аясынан шықпау қажет делінді. Коммунистік партия, Кеңес өкіметі, Ленин басты тақырыпқа айналды. Сондай саяси кемшілігі болмаса, көркемдік тұрғыда балалар әдебиеті жаман болған жоқ.
2. Кеңес одағында Марк Твеннің және өзге де америкалық, еуропалық жазушылардың шығармалары кеңінен тарады. Меніңше, «Том Сойердің басынан кешкендері» мен «Менің атым – Қожаны» салыстыруға болмайды. Өйткені екеуінің жанры екі түрлі. Марк Твендікі шытырман оқиғалы шығарма. Ал Бердібек Соқпақбаевтың туындысы балалар арасындағы мінез-құлық қайшылықтары, жеңіл-желпі қызықты оқиғалары. Кеңес одағы тұсында тек «Менің атым – Қожа» емес, жалпы балалар әдебиеті бағаланбады. Марк Твеннің шығармаларына үндес туындылар бізде де болды. Бірақ аттары аталмады. Насихатталмады. Мысалы, Амантай Байтанаевтың «Ерденнің басынан кешкендері», Сайлаубай Жұбатыровтың «Алыстағы аралдар», өзімнің «Жұмбақ іздер» деген повесім бар. Авторы ортақол жазушы делінгенімен, «Ерденнің басынан кешкендері» өте жақсы шығарма деп бағалаймын. Кезінде бағасын алмады. «Алыстағы аралдар» мен «Жұмбақ іздер» жабық бәйгеде жүлде алған туындылар. Насихат жетпеді. Қазір де жақсы шығармалар жоқ емес. Шытырман оқиғалы Нұржан Мұратәлінің «Ғажайып мекенге саяхат», Сабырбек Олжабайдың «Олар атасының балалары» секілді повестерді атауға болады. Оқиғалары қызықты, характерлері ашылған, енді бір ғажайып дүние демегенімізбен, қазіргі олқылығымызды толтыратын туындылар. Тек аталмай жүр.
3. Ресейлік баспа өнімдері самсап тұратыны рас. Қазақша да шығып жатыр. Бірақ соны дұрыстап оқыта білу керек. Мұнда бірнеше мәселе бар. Бірінші көркем безендіру. Иллюстрация мен шығарманың мазмұны үйлеспей жататынын байқаймыз. Суретшілер түсінбей ме, әлде редакторлары жоқ па – түсініксіз. Екіншіден, жанрды дұрыс анықтамайды. Мысалы, «Робинзон Крузоны» ертегі деп беріпті. Ал ол ертегі емес, Даниель Дефоның авантюралық романы. Жанрды өзгертуге болмайды. Немесе Қазақстанның ертегілері дегенді шығарып жүр. Мемлекеттің атында ертегі болмайды, халықтың ертегісі болады.
4. Әдебиеттегі кейінгі жас буын жаңа жанрларға бой ұрып жатыр. Фентези тағы басқаларына. Бірақ олардың көбі, шынын айтқанда, шетел әдебиетінің көшірмесі. Джон дегенді Жәнібек деп алады да жаза береді. Кейбір таныс сюжеттер жүреді ішінде. Балаларға арналған ұлттық рухтағы шығармалар керек. Оны бүгінгі күнмен қиыстырып, жеңіл тілмен суреттеу жетпейді. Балалар әдебиетіне келген жастарды қолдау керек. Бірақ олар ұрпақ сабақтастығын ұмытпаса екен дейміз. Қазақтың байырғы рухани әлемін көрсете отыру керек шығармаларында, сонда ғана қазақтың төл әдебиеті екені білінеді.
Жастардың жаңашылдыққа ұмтылып жатуы заңдылық. Әдебиетке тосын, жаңа леп әкелгілері, заманауи рухты жеткізгілері келеді. Бірақ оған тереңдеген сайын ұлттық рух бәсеңдей түседі. Сөйлемге, сөзге мән бермесе, тілбұзарлыққа ұрындырады. Ал кішкентай балаларға тілбұзарлықпен жазылған шығарма ұсыну балаға да, ұлтқа да қиянат. Жаңа айтқанымдай, жастар фентези тағы басқа жаңаша жанрларда жазуға әуес. Меніңше, керісінше, жастар реалистік туындылар туғызуға ұмтылуы керек. Қазір дала мен қаланың айырмашылығы азайып келеді. Барлығының қолында телефон, интернет, алыс ауылдағы бала да басқалардың көргенін көріп, ақпаратын алып отыр. Жаһандану дәуіріндегі қазақ балаларының рухын көрсетуіміз қажет. Сонда ол шетел тіліне аударуға негіз болады. Мысалға «Жұмбақ іздер» деген повесім орысшаға аударылды. Белорус тіліне тәржімеленді. Сол елге барғанымда белгілі белорус жазушысы Алесь Карлюкевич менің шығармамды неге өз тіліне аударғанын былай түсіндірді. «Біздің балалар қазақ балаларын білмейді, оған жауап осында бар, қазақтың салт-дәстүрі мен этнографиясын да табады, үшіншіден, оқиғасы қызық. Осы үш себептен аудардым», – деді. Мен мұны мақтанайын деп айтып отырған жоқпын. Жас қаламгерлер үлгі алса дегенім.
5. Бесінші сұрақ та орынды. Оқулыққа енгізу үшін алдымен бағдарлама жасалады. Оны министрлік бекітеді. Сол бағдарламаның негізінде оқулық құрастырылады. Демек, мәселе бағдарламада. Оқулық авторлары бағдарламаның ізімен жүреді. Автордың атақ-даңқы емес, шығарманың көркемдік, эстетикалық деңгейі негізге алынуға тиіс. Біреулер ол ескі ұғым деп жүр. Кеңестік дәуірден бұрын да көркемдік, эстетикалық деңгей негізге алынған. Фольклордың өзінен сондай шығармалар бізге жетті. Мәселені бағдарламадан бастау керек.
6. Дамыған елдердің әдебиеті туралы әңгіме болғанда ескеретін бір жағдай бар. Біз лепіріп дамыған елдердің әдебиеті де дамыған деп ойлаймыз. Олардың түсініктері бөлектеу. Кейбір классика дегендері біздің жекелеген туындылардан төмен. Оқиғасы шұбалаңқы, көбіне жеке адам, жалғыздықты суреттейді. Соның кіріп-шыққаны, балконнан қарағаны секілді ұсақ-түйек көп баяндалады. Оқиға ширап кетпейді. Қазақ жазушыларының бұл тұрғыда деңгейі ешкімнен кем емес. Белгілі қаламгер, аудармашы Мәлік Отарбаев қазақтың 25 жазушысын түрік тіліне аударып шығарды. Сонда редакторлар айтыпты, «Дүниежүзілік деңгейде бағаланатын туындылар бар екен» деп. Сондықтан шетелге бас ұра бермей, өзіміздің дәстүрлі әдебиетіміз бар, сол жолмен жүрген жөн.
Гүлжаһан Орда, филология ғылымының докторы:
1. Бала тәрбиесіне әдебиеттің тікелей қатысы бар екенін ескеретін болсақ, Кеңес дәуірінде ақын-жазушылардың балаларға арнап жазған шығармалары өз нәтижесін берді. Сөзіміз дәлелді болу үшін кеңестік дәуір әдебиетінен бірнеше мысал келтіруге болады.
Баланы ой ұшқырлығына тәрбиелейтін шығармалардың бір түрі – өтірік өлеңдер. Ертегі үлгісімен жазылған Б.Майлиннің «Өтірік өлеңі» – осы бағыттағы елеулі шығарма. І.Жансүгіровтің жыл мезгілдері туралы «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» өлеңдері мен ана әлдиінің қатарын толықтыратын «Бөбек бөлеу» жыры бала тәрбиесінде үлкен міндет атқарып тұр. Баланың тілін, ойын дамытуға қол моторикасы (қозғалыс дағдылары) көп көмек ететін болса, қазақ халқы кішкентай балаларды бес саусағын танып білуге үйреткен. Әр саусақты өз атымен атай отырып, саусақтарды санамалау арқылы тіл, ми жұмысын арттырған. Ақын өлеңінен халық әдебиетіндегі осы дәстүрдің жалғасын көруге болады.
Осы қатарда кеңестік дәуірде жазылған және бір топ ақынның шығармаларын атай аламыз. Балаларға арналған Ө.Тұрманжановтың «Мен дәрігер боламын», «Төрт түлікті қалай шақырады?», Ә.Сәрсенбаевтың «Сен, құрметте оны!», М.Хакімжанованың «Отан», Ғ.Ормановтың «Халық қаһарманы», «Емен», Д.Әбілевтің «Мәншүк» («Сұлтанмахмұт» трилогиясы), Ә.Тәжібаевтың «Әлди, әлди!», Қ.Аманжоловтың «Ұшқыш болғым келеді», С.Мәуленовтің «Балалардың бақыты», М.Әлімбаевтың «Он саусақ», Ш.Смаханұлының «Шимайбек», «Р»-ға тілі келмейді» мазақтамалары, Б.Ысқақовтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», М.Жаманбалиновтің төрт түлік, туған жер туралы өлеңдері, Қ.Шаңғытбаевтың «Әлия туралы жыр», Ә.Дүйсенбиевтің «Не деу керек?», «Ақ мамам», Ж.Смақовтың «Сылдырмақ», «Кішкене әліппе», О.Әубәкіровтің «Сотқарбек» т.б. жырлары – күні бүгін де өзектілігін жоймаған туындылар. Бұлардан бөлек ақындардың балаларға арналған жаңылтпаш, жұмбақ, санамақ, мазақтама, әдеби ертегі, поэмалары, жазушылардың әңгіме, повестері қаншама.
2. Дұрыс айтасыз, Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендерін», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасын» оқымаған бала жоқ. Бала кезімізде шалғайдағы ауыл мектептерінің кітапханаларына түскен жаңа кітаптарды оқуға кезекке тұратынбыз. Ол кезде қазіргідей қалтафондардың жоқтығынан кітап жақсы оқылатын. «Менің атым – Қожа» – кеңес әдебиетінде қалыптасқан жаттанды схеманы бұзған шығарма. Ол – жағымды, жағымсыз кейіпкерлер деп екіге бөле салатын кейіпкерлер арасындағы шекараны бұзды.
Оқырман іздеп оқитын шығармалар жоқ деп кесіп айтуға болмайды. А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаятын жас оқырман іздеп оқығанына куәміз.
3. Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен «2021 – Балалар әдебиеті жылы» деп аталса, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Балалар жылы» деп атағандықтан, бұл жылдары қаламгерлердің балаларға арналған көптеген шығармалары жарық көрді.
Соңғы жылдарда Байбота Қошым-Ноғайдың құрастыруымен 10 томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы», Серік Қалиевтің құрастыруымен «Атамұра» баспасынан «Балалар поэзиясының антологиясы», «Балалар әңгімелерінің антологиясы» және Шәкен Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді», Нұрдәулет Ақыштың «Тау ішіндегі тауқымет», Бейсембай Сүлейменовтің «Сырлы Әлем», Әлібек Файзуллаұлының «Өтірік айтпайтын күн», Әбділдабек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай», Ділдәр Мамырбаеваның «Әке мен бала», Жаңабек Шағатайдың «Ауылдың кішкентай археологтері», Заря Жұманованың «Күләйша, Рокфеллер және басқалар», Гүлзат Шойбекованың «Тұрлыханның көк туы» жинақтарымен бірге, Сырым Бақтыгерейдің Валерий Кастрючиннен аударған «Ержүрек құмырсқасы» мен Гүлзат Ақжолованың Әлия Беркімбаевадан аударған «Дәуіт атайдың ертегілері» сынды аудармалары жарық көрді. «Фолиант» баспасы Ақселеу Сейдімбектің балаларға лайықтап әңгімелеген «Алпамыс батыр» эпосының баянын, Алдар Көсенің қызықты хикаяларын шығарды.
Қазіргі таңда көптеген баспалар балаларға арналған суретті кітапшаларды жүйелі түрде шығарып жатыр. Бұрын Ресей баспалары шығаратын мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жыртыла қоймайтын қатырма қағаздағы суретті кітапшаларды «Аруна», «Фолиант» баспалары көптеп шығарады, «Қасым» баспасы қаламгерлердің классикалық туындыларын шағын форматпен жеңіл қағаздарға шығарып жүр. Әр баспаның өнімдерінен осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал мәтіннің нашар болуы кітапшаларды шығарушылардың әдебиетті білмейтінінен.
4. Кез келген қаламгер өзі өмір сүрген дәуірдің талабына сай жазатыны белгілі. ХХІ ғасырда оқырманның талғамы өсуіне байланысты балаларға арналған шығармалардың мазмұны заман талабына сай жаңарып жатыр. Мәселен, ақын С.Қамшыгердің отыз мамандықты таныстыруға арналған «Кім болам?» топтамасында жекелеген дәрігер, ұшқыш, ғарышкер, кәсіпкер, мұғалім т.б. сияқты белгілі мамандықтардың ішінде «IT маманы», «СММ маманы», «Маркетолог», «Робот жасаушы» сияқты қоғам өміріне қажет заманауи мамандықтар туралы толық ақпарат берілген.
Халық әдебиетінде жан-жануарлардың өзара айтысы талай шығармаларға арқау болса, осы қатарды С.Қалиевтің «Жеміс-жидектердің айтысы», әлеуметтік желілердің пікірталасына құрылған А.Тілегеннің «Инстаграм&ТикТок» айтысы толықтырады. Е.Жеңісұлы осы үлгіні планшет, YouTube, майнкрафт, смартфон сияқты электронды техникалармен жаңартқан. Аталған мысалдардан қазіргі балалар әдебиетіндегі заман талабына сай жаңашылдықты көруге болады.
5. Көптеген дау-дамай бастауыш сынып оқулықтарынан шығып жатады. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, бағдарламада М.Әлімбаевтың табиғат туралы өлеңі деп көрсетіледі. Оқулық жазу барысында авторлар тапқанын береді. Ол дұрыс емес, бағдарламада жекелеген қаламгерлердің шығармалары нақты көрсетілсе, мұндай кемшіліктер болмас еді.
Қазіргі таңда мектеп оқулықтарында оқылатын материалдар тым қысқарып кетті. Материалдың аздығы мұғалімді де, оқушыны да жалқаулыққа алып келеді. Меніңше, оқу материалдарын көбейту керек. Мектеп оқулықтарында авторларды іріктеуде бастауыш сыныптарда балалар қаламгерлерінің озық шығармалары, жоғары сыныптарда классикалық туындылар қамтылғаны дұрыс.
6. Балалар әдебиетін насихаттау жолындағы дәстүрлі түрде өтетін халықаралық «Дарабоз» бәйгесінен жүлде алған шығармалар жыл соңында жинақ болып шығып тұрды. Аталған байқау жабылып қалғандықтан, 2022 жылы балалар әдебиетінің үздік туындыларына «Айтұмар» республикалық әдеби байқауы ұйымдастырылды. Осының өзі балалар әдебиетіне көңіл аударудан туындап отыр.
Қазіргі таңда балаларға арналған шығармалар жоқ деп айтуға болмайды. Қаламгерлер жазудай-ақ жазып жатыр, мүмкін, данасын көбейту керек шығар. Кейде облыстардағы жоғары оқу орындарына әдебиеттің түрлі мәселелері жөнінде онлайн дәріс оқуға тура келеді. Сонда байқағанымыз, жаңа кітаптар облыстық кітапханаларға жеткенімен, жекелеген оқу орындарының кітапханаларына жетпейтін тәрізді.
Әлем әдебиетіндегі балаларға арналған классикалық туындылардың аударылуы орынды. Дегенмен балаларға арнап шығарма жазу үшін олармен тығыз араласып, бала психологиясын зерттеу керек. Балалармен жиі кездесіп, не керегін білген соң жазылған туындылар ғұмырлы болмақ.
Ерқанат Қуатбекұлы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері:
1. Жалпы, балалар әдебиеті бағзы заманнан ұлтпен бірге жасап, біте қайнасып келе жатыр. Ауыз әдебиетінде бесік жырынан бастап баланың әр сәтіне мән беріп, негізгі құндылықтарымызды бойға сіңіргенін көреміз. ХХ ғасырда жазба әдебиетіміздің дамуы балалар әдебиетін де жаңа сатыға көтерді. Алаш арыстары, биыл 130 жылдығын атап өтіп жатқан үш бәйтерегіміз, балалардың рухани дамуына айтарлықтай үлес қосты. М.Әуезовтің «Көксерегі» мен С.Мұқановтың «Бақташының баласы» т.б. шығармалары қай заманда да құнын жоймайтын туындылар. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», «Он алты жасар чемпион» (Жекпе-жек) т.б., Ә.Тәжібаевтың «Толағайы», сол секілді Ж.Смақов, Ө.Тұрманжанов, Қ.Мырза Әлі,
Т.Молдағалиев, О.Асқар, Қ.Баянбай т.б. авторлардың еңбектері ешқандай идеологияның сойылын соқпай-ақ жазылған туындылар. Қай кезеңде болса да өзектілігін жоймасы анық.
3. 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы», 2022 жыл «Балалар жылы» деп жариялануы бірқатар авторлардың жарыққа шықпай жатқан еңбектерінің оқырманмен қауышуына мүмкіндік туғызды. Одан бөлек әдеби байқаулардың да қатары молая түсті. Бұның бәрі балалар әдебиетінің дамуына аз да болса септігін тигізері хақ. Дегенмен кітап дүкендерінде орысша кітаптардан көз сүрінетіні рас, айналып келгенде маркетингінің әсері ғой. Бүкіл өнімді сырттан алғаннан кейін кітаптардың өзіндік құны да аспандап кетеді, оған графикалық дизайн жасайтын рухани уызға жарыған мамандар мен баспаның бір-бірімен тығыз байланыс орната алмауы да біршама кері әсерін тигізеді. Қазақ кітаптарының көп дегені 2 000 данамен жарық көреді, ал орыс тіліндегі кітаптар он мың, жиырма мың данамен жарық көрген соң, бағасы да біршама арзан болады, сондықтан кітаптың сапалы шығуына, мамандарды да қиналмай жұмысқа алуға мүмкіндіктері мол. Сондықтан қазақ тілді оқырманның санын арттыруға күш салуымыз керек, инвестицияны балаға құйсақ, баланың білім-білігін арттырудың өзектілігін түсіндіретін ата-аналарға арналған жобалар болса, оң бетбұрыс болар ма еді деп ойлаймын. Өйткені ең арзаны бес мың, қымбаты бір миллионға дейін баратын психологиялық немесе бизнес жасауды үйрететін тренингілерді сатып алатын ата-ана, бес-он мыңға баласына кітап алуға келгенде қиналып қалады. Әйтпесе қазақтілді контенттер жасалып жатыр. Еліміздегі «Атамұра», «Фолиант», «Аруна» т.б. ірі баспалар балаларға арналған түрлі кітаптар шығарып, өз дүкендерінде сатуда, аударма саласында «Steppe&World» баспасының өнімдері сапалы. Сол секілді, жекелеген авторлар да осы жолда айтарлықтай үлес қосып жатыр. Сұраныс бар жерде өнім де болады, жалпы, халықты кітап оқуға бетбұрыс жасайтын амал табу керек секілді. Жапонияның ең аз оқыды деген адамы жылына елу екі кітап бітіреді екен, ал бізде ондай межені орындайтын адам саусақпен санарлық шығар.
4. Түрлі-түрлі шығармалар жазылып жатыр, тек насихат жеткіліксіз. Бүгінгі күннің бет-бейнесін сипаттайтын не қиял-ғажайып шығармалар болсын, танымдық дүниелер болсын, қайсысын алсақ та, айтарлықтай еңбектерді жолықтыра аламыз. Бұл жолда заманның ағымынан қалмай, жаңашылдықты дер кезінде қабылдап үлгеріп жүрген Б.Қошым-Ноғай ағамыздың еңбекқорлығына риза боламын. Он томдық балалар әдебиетінің антологиясын құрастырып, бүкіл авторлық әдеби жәдігерлерді топтастырса, балаларға арналған өлеңдері мен аудармаларын да ауыз толтырып айтуға болады. Жеке баспалармен бірігіп, мектепке дейінгі балаларға арнап түрлі түсті кітаптар шығарса, әріп үйрететін «Әліппесінің» өзі талай қарагөздің сауатын ашты. Сол секілді К.Оразбекұлының «Тұран баһадүрлері» кітабы – баланың қиялын дамытатын шытырман оқиғаға толы туынды. Жастар арасынан С.Хасан, Ә.Байбол, А.Тілеген, Н.Құрманалиева, А.Әділбек т.б. бірқатар жастардың еңбектерінде жаңашылдықтарды көруге болады.
5. Балалардың танымына сай еңбектері бар авторларды іріктеу керек. Мысалы, Асқар Сүлейменов – ұлы жазушы, бірақ оның таным тереңдігіне мектеп оқушыларының тісі батады деп ойламаймын. Сол секілді әр авторды, шығармаларды таңдауда баланың жас ерекшелігін де басты назарда ұстаған жөн.
6. Ол әдеби процесс қой, әрқашан дамиды, қозғалыста болады. Авторлардың жан-жақты ізденісінің нәтижесінде қаншама шығармалар қазақ тіліне аударылды. Неғұрлым көп шығармалар аударылған сайын қазақ әдебиетінің де ауқымы кеңейе бермек, сондықтан болашақта да біршама еңбектер ана тілімізде жарық көретініне сенімдімін. Өз басым балалар жазушысы Кирстен Бойе, Холли Бебб т.б. авторлардың шығармалары аударылса деймін. Бізде әлемдік авторлардың көбі орыс тілінен қазақ тіліне аударылады, түпнұсқадан аударылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Асылан ТІЛЕГЕН, ақын, балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары
1. Иә, олардың көбі науқандық шығармалар болғаны рас. Әсіресе ол балаларға арналған шығармаларда көбірек көрініс тапты. Біздің қатарластар тәуелсіздік кезеңінде өмірге келсе де, біраз уақыт сол шығармаларды оқыдық. Одан бөлек балалар басылымында істеген соң, архивті жиі ақтарамын. «Ұлан» газетінің, «Балдырған» журналының ескі нөмірлерін ақтарғанда, «ленинизм», «сталинизмнің» қаншалықты насихатталғанын көруге болады. Жаңа шығарма жазу былай тұрсын, тіпті халық әндерінің де мәтіндерін өзгерткен жайлар көп болған.
Дегенмен балаларға арналған шығарманы идеологиядан құтқарған бір нәрсе бар. Ол – соғыс және тыл өмірі тақырыбы. Мәселен, «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Қоңыр күз еді», «Балалық шаққа саяхат» секілді шығармалардағы шынайы өмір сүзгіден кедергісіз өткені анық. Осындай тағдырлы шығармалар ғана қанша заман өтсе де, оқырманын жоғалтпайды деп ойлаймын.
2. Оған жалғыз автор ғана кінәлі емес сияқты. Балаларға арналған кітаптардан емес, жалпы кітап оқудан ажырап қала жаздағанымыз рас қой. Тәуелсіздік алған тұстағы елдің жағдайы бәріне ықпал етті. Баспа саласы, кітап оқу мәдениеті енді ғана қайта қалпына келе бастады. Оның мысалы – жеке баспалардың көбеюі, қазақ тіліндегі кітаптардың қатарының артуы.
«Ескерілмей жатқан шығармалар бар ма?» дегеніңіздің жаны бар. Кеңес өкіметі тұсында қаламақы жақсы болған соң, әдебиетке қызығушылар көп болды ғой. Жазушылар да аз емес. Көп болғаннан кейін олардың біразын естен шығарып алуымыз заңды. Ескерілмей қалған авторлардың көп болуының тағы бір себебі – қазақ балалар әдебиетінің жүйеленбегені. Мысалы, «Қазақ балалар әдебиеті антологиясының» 10 томдығы 2022 жылы ғана жарыққа шықты. Тәуелсіздік алған соң отыз жылдан кейін ғана! Мұндай дайын антология болмаса, ата-ананың бәрі бірдей балаға қандай кітап оқыту керегін біле ме?! Біле бермейді, әрине. Ал антологияда балаларға арнап қалам тербеген бүкіл автордың таңдамалы туындысы тұр. Дайын каталог деуге болады. Антологияның құрастырушысы – қазақтың көрнекті ақыны Байбота Қошым-Ноғай аға. Өзі ішінде жүрген соң қазақ балалар әдебиетінің жағдайын бес саусақтай біледі. Ағаның айтуынша, антологияны көп жыл бұрын құрастырып қойған. Алайда оны басып шығаруға, елге таратуға мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем болмаған. Соның өзінде де Алматы әкімдігінің демеуімен жарыққа шықты. Республика көлеміне таралған жоқ. Міне, осындай еңбектер елеусіз қалған соң, балаларға арнап кім жазғысы келеді?! Әйтпесе, архивте бүгінгі балаларға да жарайтын қазына көп-ақ.
3. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, қазіргі жағдай жаман емес. Балаларға арналған қазақша кітап көп. «Steppe&World», «Қасым», «Фолиант», «Мазмұндама», «Алқа», «Ордаген» сияқты баспалар балаларға арналған тамаша кітаптар тарту етіп жүр. Бұлардың қатары көбеюі үшін бір-бірімізге насихаттай жүруіміз керек. Біз қазір «Дисней» түсірген «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің қазақша сеансына көбірек баруды насихаттап жүрміз ғой. Сол сияқты, балаларға арнап шығарып жатқан қазақша кітаптарға да осындай насихат керек. Әйтпесе кітап дүкендеріндегі қазақша кітаптар сөресі бос деп кесіп айтуға болмайды. Менің де кішігірім кітап дүкенім бар. Тек қазақ тіліндегі кітаптарды сатамыз, насихаттаймыз. Күніге жаңа кітап келіп жатады. Бәрі де тамаша кітаптар.
4. Дұрыс айтасыз, жаңа заман тақырыптары игерілмей жатыр. Жоқ емес, бар. Алайда аз. Көп болған сайын сапа да артады. YouTube, ТikTok туралы тақпақтар керек-ақ. Қайткенде де оларды балалардан ажырата алмаймыз.
Тағы бір мәселе бар. Бұрын үлкен қаламгерлеріміз балалар әдебиетіне жанашырлықпен қарайтын. Мысалы, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жарасқан Әбдіраш, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза сияқты қаламгерлер үлкен шығарманы жазумен бірге, балаларға да арнап жазды. Және олардың ешқайсысы жаман жазған жоқ. Бұл жанашырлық әріден – Алаш зиялыларынан басталады деуге болады. Ахметтің, Бейімбеттердің балаларға арналған керемет шығармаларын білеміз.
Міне, осындай жанашырлық қазіргі әдебиетшілерден байқалмайды. Әсіресе жастардан. Баласының алды мектепке барып қалған қаламгерлер балаларға арнап жазып көрсе, тәуір дүние шығып қалады деп ойлаймын. Әйтпесе сұраныс жоқ емес. Жоғарыда айтқан баспалардың қай-қайсысы да жақсы шығарма болса, демде басып шығаруға әзір деп ойлаймын.
Мұндай ойларды негізсіз айтып отырған жоқпын. Біздің «Ұлан» газеті апта сайын жарық көреді. Айына екі-үш рет балаларға арналған шығармаларды жариялағымыз келеді. Ондай шығармаларды қолға шам алып жүріп іздейміз. Жас ақын көп-ақ. Бірақ ешқайсысы балаларға арнап жазғысы келмейді. Әдеби байқауларда жылт етіп көрініп қалатындары бар. Бірақ басқа уақытта таба алмаймыз.
5. Оқулыққа қатысты комиссия қатаң талап қойса, жақсы дүние шығаруға болады деп ойлаймын. Қазір оқулықтың қалай шығатыны түсініксіз. Менің бір-екі жұмбақ, тақпақтарым оқулықтарда жүр екен. Алайда оны басуға менен рұқсат алған адам жоқ. Интернеттен ала салған. Былай қарасаңыз, заңсыз. Осындай жағдайлардың бәрі жазуға деген ынтаңды жояды.
6. Үйренетін дүние көп. Бізде әдебиетті әдебиетпен айналысатын адам ғана жазу керек деген қағида бар ғой. Ал шетелдік авторларды қарасаңыз, бірі – дизайнер, бірі – әнші дегендей, әртүрлі саланың адамдары. Қолдан келсе, неге жазбасқа?! Егер жақсы шығарма болса, оқырман өзі көтеріп әкетеді. Қазір балалардың бәрі комиксті жақсы көреді. Бізде осы жағы кемшін. Қазақ тілінде жазған комикстен бестселлеріміз жоқ.
Дайындаған
Д.Белдеубай

2553 рет
көрсетілді0
пікір