- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
Көрмеде құнды жәдігерлер

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Мемлекеттік орталық музейде ұйымдастырылған «Ислам руханияты» атты көрме аясында Құран қолжазбалары мен басқа да құнды діни басылымдар алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды. Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Әбдурахым Алтай, шығыстанушы Өмір Оразұлы, Дінтану орталығының басшысы Алмасбек Шағырбай, дінтанушы Мырзахмет Жүзей және медресе шәкірттері қатысты.
Құнды жәдігерлер арасында Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің жеке кітапханасынан келіп түскен діни басылымдар, Әлішер Науаидің «Хамса» атты шығармасы және кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан тәркіленген басқа да діни қолжазбалар мен кітаптар бар. Қордағы Құрандардың ең көнесі XVIII–XIX ғасырларда жарық көрсе, басқа да Құран кітаптар мен әртүрлі діни мазмұнды жәдігерлер 1770–1925 жылдар аралығында басылып шыққан. Кітаптардың біразы Ыстанбұл, Бомбей, Мысыр баспаханаларында, басым бөлігі Ресейдің Петербор, Қазан сияқты ірі орталықтарының баспаханаларында, Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқанд шаһарларының табиғханелерінде (баспа) басылып шыққан.
– Мемлекеттік орталық музей қорындағы деректанулық материалдар ұзақ жылдар барысында әрқилы жолмен жинақталған. Оның ішінде Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов сынды ғалымдардың археологиялық, этнографиялық экспедицияларының іздестіру нәтижесінде қордаланған дүниелер көп. Діни мазмұндағы сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптарды мазмұндық ерекшелігіне қарай Құран кітаптар, Құран тәпсірлері, Мұхаммедия, Мұхтасар кітаптары деп бөлуге болады. Мұндай басылымдар өткен замандардағы діни сауатты, дәулетті кісілердің қаражатына басылып, қазақ даласына тарап отырған, – дейді Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі Жасұлан Белтенов.
Көрмеге қойылған ерекше жәдігердің бірі – «Пайғамбарлар шежіресі» жұртшылық назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Шамамен XVII–XVIII ғасырларда Орталық Азияда шыққан құнды қолжазба орама қағаз түрінде жасалған, ұзындығы – 4 метр 45 сантиметр, ені – 25 сантиметр. Араб тіліндегі қолжазбада Адам Атадан бастап Мұхаммедті қоса алғанда 25 пайғамбар әулетінің, төрт әділ халифаның және орта ғасырдағы сопылық ағымның көрнекті тұлғасы Жәлаладдин Румидің шежіресі қамтылған. Араб жазуының құснихат үлгісімен жазылған шежіре ою-өрнекті шағын қобдишаның ішіндегі ағаш қораптың ішіне салынған. Тағы бір жәдігер – ұзындығы тоғыз метрлік орама қағаз түріндегі Құран қолжазбасы. Құранның 114 сүресі өте ұсақ әріптермен жазылып, Алла Тағаланың 4 көркем есімі келтірілген. Шамамен XVII–XVIII ғасырларда хатқа түскен.
Көрмеге қойылған жәдігерлер арасында Құран тәпсірлері де бар. Ислам діні бойынша тәпсір Қасиетті кітапты түсінуге, аяттар мағынасын дұрыс жеткізуге, дұрыс үкім шығаруға көмектеседі және Құранды хадистермен, тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып түсіндіреді. Мұндай басылымдардың діни жамағат үшін маңызы зор.
Көрме 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
Дина Имамбай

259 рет
көрсетілді0
пікір