- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
Әлеуметтік озбырлық: Қатыгездік қайдан шығады?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Өткен аптада Атырау облысының полициясы базардағы адам өліміне қатысты ақпарат таратты. Базардың бірінде «Газель» көлігін мінген зейнеткер өзге азаматтың «Мерседес» көлігінің есігін байқаусызда сырып кеткен. Сол жерде жанжал басталып, «Мерседес» иесі «Газель» жүргізушісін бірнеше рет соққының астына алған. Жас азаматтың ауыр соққыларынан кейін зейнеттегі кісі есін жия алмай, қайтыс болған. Осы хабар тарағалы «қашаннан бері қатыгез қоғамға айналғанбыз» деген сұрақ мазалай берді. Осыдан кейін «Әлеуметтік озбырлықты қалай болдырмаймыз?», «Әлдінің әлсізге үстемдік етуі қашан тоқтайды?», «Адамдар неге күш көрсетуге құмар, неліктен мәселені келісім арқылы шешпейді?» деген сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
«Конфликтіден қашпау керек»
Қазір конфликтология ғылымы қалыптасып келе жатыр. Алайда қақтығыс – психология ғылымының бір мәселесі. Адамдар арасындағы қарым-қатынас – адамға тән табиғи ерекше қажеттілік. Кез келген топта болсын, оның психологиялық ортасы болады, оның ішінде жеке адамдар арасындағы қарым-қатынасы ерекше орын алады. Топтағы қақтығыс – күрделі мәселе. Топтық қақтығыстың пайда болуы әртүрлі. Конфликтолог Евгения Фёдорова топ ішіндегі жеке адамдардың қарым-қатынас жасау мәселесі күн сайын өте күрделене түскенін атап өтті.
«Қарым-қатынас адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Қарым-қатынас үрдісіне және оның нәтижесіне адамның психикалық денсаулығы, көңіл күйі, сезімі мен эмоциясының жағымды не жағымсыз жағдайда пайда болуы тікелей байланысты. Өзінің күшті не әлсіз жақтарын білмейтін, не дұрыс қарым-қатынас жасай алмайтын адамда көптеген мәселе туындауы мүмкін. Адамдар арасындағы өзара қатынаста әлеуметтік және жеке өмір мәселесінде түрлі қайшылық туындайды. Бұл – конфликт. Конфликтіні зерттейтін ғылым – конфликтология деп, ал конфликтіні тудыратын сөздер конфликтогендер деп аталады.
Конфликтіден қашуға болмайды, өйткені шешілмей қалған конфликт – жаңа проблемалардың бастауы. Сол себепті конфликт кезінде басқа адам және өзі де ренжіген жағдайда қалмау үшін адам өзін-өзі ұстау ережелерін, конфликтіні шешу жолдарын білуі керек», – дейді конфликтолог Евгения Фёдорова.
Конфликтологтің айтуынша, адамдардың психологиялық мінез-құлқы әртүрлі. Жеке адамға тән психологиялық ерекшеліктерді адамның бойында қалыптасқан әлеуметтік қасиет деп айтуға болады. Топ ішіндегі қалыптасқан мінез-құлық іс-әрекет түрлеріне сәйкес өзіндік ұстанымы болатынын көрсетеді. Олардың әрбір нәрсе мен оқиға, қарым-қатынасы, білім деңгейі, түрлі жаңалыққа әсерленіп, қабылдауы, сезініп, түсінуі әрқалай.
«Қоғам – адамдардың тіршілік етуі, әрбір адам қоғамның мүшесі ретінде танылады. Адамның топ ішіндегі өзіндік ерекшелік бейнесі, «Мен» – бейнесі, өзіндік мінез-құлқы мен іс-әрекетін, сол топ ішінде нендей қызмет атқарып, қандай орын алатынын көрсететін кез келген адамның даралық сипаты. Адамның дара басына тән қасиеттер мен сипаттар, оның ерекшеліктері өмір кезеңіндегі түрлі топтар арасында қалыптасқан мінез-құлқын көрсетеді. Әртүрлі ортаға бейімделіп тіршілік етуден адамның психологиялық өзіндік портреті жасалады.
Жеке адам арасындағы күнделікті қарым-қатынаста бір-бірінің кем-кетігі мен мінезіндегі жағымсыз қылықтарын көзіне нұқып айту не бөтен адамдар арасында әшкерелеу оның наразылығы мен реніш сезімін шиеленістіре түседі. Екі адам арасындағы қақтығыс сол топтағы басқа адамдарға да теріс әсерін тигізеді.
Топтағы қақтығысты шешудің әр түрлі әдісі бар. Сол әдістерді шебер қолдану, оны жүзеге асыру – бірден-бір әлеуметтік психологиялық мәселе», – дейді конфликтолог.
Қақтығыс – адамдар арасында көп кездесіп, көп айтылатын контакт формасы. Бұл форма көп жерде кездеседі. Бір жағдайда қақтығыс күресте кездеседі. Ол жағдайда қарсыластар бірін-бірі әлсіздендіру үшін қолданылады. Бұған мысалға біреу екінші біреуді аңду, оған өтірік жала жабу жатады.
«Мәдениет пен білімге байланысты»
Ал қақтығыстың екінші формасы боксшы немесе семсерлесу жекпе-жегіне ұқсайды. Мұнда партнерлердің әрқайсысы өз басымдығын көрсетуге тырысады. Кей кезде бұл қақтығыс өзіне бағындыру, өзінің қызығушылығы үшін басқаларды пайдалану мақсатында болады. Ал, әлеуметтанушы Нұрболат Айекешовтің айтуынша, 2015 жылдан кейін қоғамда озбырлық арта түскен.
«Жалпы, озбырлық – біреудің басқа адамға күш көрсетуі, бір нәрсеге күшпен көндіруі. Жастар арасындағы озбырлық буллинг делінеді ғой, әлеуметтік озбырлық, жалпы, ондай озбырлықты қолдау қоғамда физикалық тұрғыдан күштіні қолдау болатыны сөзсіз. Әрине, озбырлық, буллинг немесе тағы басқа дене күшін қолдану қоғамда құқықтық нормалардың жұмыс істемеуінен туындайды. Соған қоғам жол беріп отырады. Бұл – қоғамда моральдық және құқықтық құндылықтардың жұмыс істемеуі.
Салыстырмалы түрде қарағанда, озбырлық 90-жылдары өте қатыгездеу сипатта болды. Бұл кезде экономикалық құлдырау орын алды және Қазақстанда да озбырлықтың да, буллингінің де өршіп тұрған кезі еді. Алматы болсын, шағын қаларларда болсын, мұндай оқиға көп кездесті. Қазір ол кезге қарағанда басылды. Бірақ 2015 жылдан кейін озбырлықтың артқанын байқауға болады. Негізі, қатыгездік, озбырлық адамның ішкі мәдениетіне тікелей байланысты. Тоқсаныншы жылдардың басында теледидар, кинотеатрдан төбелесті, қан төгісті көп көрсетті. Ал қазіргі уақытта да адамдар әртүрлі. Меніңше, қатыгездіктің көбеюі үйде дұрыс тәрбие алмағанына байланысты. Бұл қоғамға да қатысты. Өйткені қоғамның, мемлекеттің негізгі функциялық қызметі – жеткілікті білім, бәріне толыққанды тәрбие беру екені сөзсіз. Адамның өз қалауы ғой, бірақ рухани, адами сипаттағы ақпараттың көп болғаны дұрыс. Сол кезде озбырлық сиректеу кездеседі. Қоғамның бұған жол беріп отырғаны осы мәдениет, білім беру, әлеуметтік салаға байланысты болып отыр.
ХІХ ғасырдың аяғында көптеген әлеуметтанушылар, қоғамтанушылар теңсіздікті дәлелдеуші, нәсілтану, этнология, әртүрлі ұлттарды, адамдарды бөліп, жіктеп көрсеткен. «Мынау жоғары нәсіл, ақ нәсіл, мынау төменгі нәсіл» деген сияқты бөлінушілік болған. Мұны ғылыми дәлелдер арқылы биологиялық зерттеулер жасап, түсіндірген. Көптеген қылмысты, соғысты еуропалық ғалымдар, қоғамтанушылар сылтау ретінде көрсеткен. «Теңсіздік, төмен нәсіл, біз оларға жоғары мәдениетті көрсетіп, дамытуымыз керек» деген сияқты талай қылмысын өздері солай ақтап алған.
Әлдінің әлсізге үстемдік етуі барлық қоғамда бар нәрсе және соны ақтап алатын идеология да бар. Бірақ біздің мемлекет әлеуметтік тұрғыдағы мемлекет болғандықтан, әлсіздерге, әлсіз топтарға жәрдем беріп, қорғап, қолдап тұруы керек», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
Оның пікірінше, мемлекетімізде ондай теңсіздікке, әділетсіздікке жол берілмейді. Ал күші тасып бара жатса, жеке азаматтардың спортпен шұғылданғаны жөн. Әлеуметтанушы бұл орайда жалпы конфликтіден сақтануды үйрететін жақсы мамандар керегін де алға тартты.
«Мәдениеттің деңгейі білім-тәрбиеге байланысты. Діни тұрғыдан, білім жағынан болсын. Қоғам, мемлекет, мектеп тарапынан насихат керек. Балабақшаның өзінде де төбелеспей, ойыншықты бөлісіп ойнау дағдысы үйретіледі. Мектепте де оқушылар арасындағы әділетсіздікке, күш көрсетуге болмайтынын түсіндіреді. Спортшының күшті болғаны жақсы, бірақ әлсізді басыну дұрыс емес. Спортта төбелеске дайындамайды. Жалпы, идеологияның ұлтқа ұтымды болғаны жөн.
Қоғамдағы мейірім мен бауырмалдықты оқу, білім, ізденіс арқылы арттырамыз. Білім саласында гуманитарлық бағытты, психология, әлеуметтану, саясаттану, философия ғылымдарын дұрыс оқыту қажет. Қазіргі уақытта елімізде осы пәндердің сағаты азайған. Гуманитарлық бағытқа немқұрайды қарайтындар бар. Мектептерде де дұрыс тәрбие, білім алса, ондай адамнан озбырлық шыға қоймайды. Мұғалім тиімді ақпарат, қажетті теория мен тұжырымдарды атап көрсетсе, жастар өздері дұрысын таңдап алады деп ойлаймын. Біз білім арқылы бәрін өзгерте аламыз», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
«Отбасыдағы тәрбиенің рөлі зор»
Ал психолог Шынаргүл Сапарғалиева қатыгездікті адамның құлдырауымен сипаттайды. Нақты айтқанда, бұл адамның ішкі рухани шарықтауы немесе рухани құлдырауы, адам өз шеңберінен асып, айналасына, қоршаған ортасына, жалпы айтқанда, тіршілік иелерінен өзін биік санаса, қатыгездіктің шарықтау шегіне жететін көрінеді.
«Бұл дегеніңіз – тәрбие. Ол – балалық шақтан бойына сіңіп, саналы немесе бейсаналы түрде іске асатын әрекет. Бірінші адам өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Жекелей қалыптасуы қиын болса білім беру арқылы тәрбиеленуі қажет. Отбасыны қоспағанда, балабақшадан басталып, білім ошақтары, жалпы оқу, орта, жоғары және жеке оқулар, одан басқа отбасыдағы тәрбие бар. Осы бес тәрбиенің бірегейі – отбасы. «Біз отбасыда мұндай емес едік» деп балабақшадан бастап, бәріне кінә артамыз. Жалпы, қоршаған орта міндетті түрде балаға әсер етеді. Сондықтан бала өмірге келген соң, оның өздігінен істеу әрекеті болмайды, міндетті түрде біреудің ықпалы болады. Бала тәрбие арқылы қалыпқа келеді.
Адам өз бойындағы қасиет пен қабілетті баласына береді. Сол қасиет арқылы балада мінез-құлық қалыптасады. Демек, адамның мінез-құлқын, әдебін қалыптастыру мақсатындағы жұмыс белсенді істелуі керек. Бала балабақшаға, білім ошағына келген кезде қосымша тәрбие алады. Бес тәрбиенің негізінде бала 3–4 жасқа дейін қалыптасады. Көп ата-ана «бес жастан кейін тәрбиелейміз» деп ойлайды, бірақ ол кезде уақыт кеш болатынын сезбейді. Қазір «балаңмен санас» деген ұстаным пайда болды, мен осыған қарсымын. Біз, негізі, қайта тәрбиелеуді қолға алуымыз керек», – дейді психолог Шынаргүл Асқарбекқызы.
Психологтің айтуынша, балаға үйде өзін-өзі тәрбиелейтін факторды көбірек беруіміз керек. Бала үлкенмен санасып, тілін алуы керек. Сонымен қатар қайта тәрбиелеу де балабақшадан басталады.
«Бала үйден алған тәрбиесін балабақша, мектепте көрсетеді. Мектепті, сабақты жақтырмай отыратындар немесе балалармен етене араласып кететіндер бар. Бала да жан-жағына нұрын шашады, жақсы орта қалыптастыруына өзіне мүмкіндік береді. Осыдан кейін ғана барып бала қалыптасады. Содан кейін үлкен орта бар. Демек, ішкі және сыртқы немесе адамның бойында басқарылатын немесе басқарылмайтын факторлардың ықпалымен бала әлеуметтік тірі жан иесі ретінде танылып, жетіледі. Міне, қайта тәрбиеден кейін оның бойында, өмірінде қатыгездік болмайды.
Бала немесе жас білім алу, танымдық іс-әрекеттерімен қалыптасу арқылы қабілетін дамытады ғой. Адам өзін қызықтырған сала бойынша ізденеді, оны меңгереді, сөйтіп, тұлға болып, белсенді жұмыс істеп, өз жолын тауып кетеді. Демек, мұндай адам озбырлықты болдырмайды.
Мысалы әлеуметтік педагог деген мамандық бұрын болмаған, қазір пайда болды. Осы сияқты көптеген нәрселердің жаңаруы адам баласының өміріне өзгеріс әкеледі, – дейді психолог.
Ал қатыгездік қайдан пайда болады?
«Қатыгездік адамның мінез-құлқындағы жағымсыз әрекеттерден туындайды. Қазіргі іс-әрекеттердің көбін сарапқа салсақ, «біз 90-жылдардың тоқырауынан шыға алмай қалдық па» деп те ойлаймын. Мысалы, адамда соғыс жылдарында және соғыстан кейін аяушылық сезім азайып кетеді де, кейін оны қайтадан қалыптастырады. 90-жылдардың тоқырауында адамдар «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпес үшін өз тірлігін жасап, өз қоршауын құрып өмір сүрді. Демек, сол 90-жылдарда үкімет бір жақта, адам бір жақта өмір сүрді, бұл жасыратын нәрсе емес. Біз үлкеннің тәрбиесін көрдік. Ал 90-жылдары туған балалардың ата-анасы жұмыста, баласы үйінде қамауда болды. Одан кейінгі тәрбие интернет, телефон, смартфонға ауысты. Демек бала қатыгездіктің, буллингінің құрсауында қалды. Әрине, оның салдарын жою да оңай болмайды. Қастандық жасау, зорлық-зомбылық, озбырлық көрсету сол кезеңде шықты деп ойлаймын», – дейді Шынаргүл Сапарғалиева.
Сонымен қатар психолог пандемиядан кейін адамдар арасындағы қарым-қатынастың жақсара бастағанын, «біз біргеміз» деп топтасып, бір-біріне жанашырлық жасап, қарым-қатынастың ашыла бастағанын да айтты.

2821 рет
көрсетілді0
пікір