- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
ӘСКЕРИ ҚАУІПСІЗДІК – БЕЙБІТ ӨМІР КЕПІЛІ

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында қолға алынған іс көп. Ел тыныштығы әскердің айбынына да байланысты. Сол әскердің жағдайы қандай? Қарулы күштердің мерейі асуы үшін не істемек керек деген сауалды спикерге қойған едік.
Ильяс Момынұлы, әскери зейнеткер, қоғам қайраткері:
Әр азамат Отанын қорғауға міндетті
Конституцияның 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы мен міндеті және республика азаматтары заңда белгіленген тәртіппен қызмет атқарады» делінген. Мемлекетіміздің азаматтары ел Конституциясын сақтауға жауапкершілікпен қарағаны қажет. Әрбір азамат «Отан қорғау» деген сөздің мағынасын түсінуге тиіс, ал елімізді кім және не үшін қорғауы керек?!
Бірінші, шекара қызметінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынатын шекара қызметінің әскери қызметшілері қызмет етеді және күзетеді. Олар шекараны қорғауға баса назар аударады. Екінші, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің алдын алады. Сондай-ақ төтенше жағдай бола қалған жағдайда құтқарушылар жедел әрекетке көшеді. Жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамның құқы мен бостандығын қорғау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы — Қазақстан Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін құқық қорғау функциялары бар әскери құралым. Негізінен, ІІМ объектілерді күзету және қоғамдық орындарда тәртіп сақтау үшін қызмет істейді. Үшінші, мемлекетімізді қорғаудың негізгі күші – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. Қарулы күштер құрылған кезден бастап алға жылжыды, мұнда жауынгерлік дайындық жоғары деңгейде. Халықаралық ауқымдағы жаттығулар, әскери ойындар, жауынгерлік шеру, төтенше жағдай кезінде көмек көрсетіп жүрген қарулы күштер, әскери қызметшілер өздерін қиын-қыстау кезеңде кәсіби тұрғыдан дәлелдеді.
Менің ойымша, Қазақстанның Қарулы күштері ел мен халықты қорғауға дайын. Бірақ бір мәселе бар. Ол – Қарулы күштердің саны. Қарулы күштер құрылған кезінен бастап бюджетті үнемдеу мақсатында қайта құрылды, штат өзгертілді, бірнеше рет қысқарту жүргізілді. Жалпы, елімізді қорғау қанағаттанарлық деңгейде деп айтуға болады. Мұнда көп нәрсе командирлерге, олардың дайындығына, жағдайды бағалауына және жедел шешім қабылдауына байланысты.
Атап айтар болсақ, құралдар мен ресурстар бар, бірақ оны дұрыс пайдалана алмайтын командирлер де жоқ емес. Керісінше жағдай орын алуы да мүмкін. Күштер мен құралдар әлсіз, бірақ мықты командирлердің арқасында жауды жеңуге болады. Сондықтан мамандар кәсіби болуы қажет.
Жастардың қызметке құлшынысы, ниеті және қызушылығы аз екенін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені әскери қызметкерлердің жалақысы төмен. Сондықтан өскелең ұрпақпен әскери-отаншыл жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілгені жөн. Әр мектепте және колледждерде әскери-отаншыл клубтар толық және дұрыс жұмыс істесе дейміз. Осы бағытта жұмыс істеп тұрған санаулы ғана клубтар бар.
Мықты әскери кәсіби маман болса, тәлімгер болып, бірнеше шәкірт даярлағаны да дұрыс. Білім бөлімі, әкімдік, Қорғаныс істері бойынша басқармалар, әскери бөлімшелер балалармен бірлесе жұмыс жүргізуі керек. Әр ер-азамат абыроймен Отанын қорғауға міндетті. Үкімет, министрліктер жастарға отаншыл, ұлттық тәрбие беретіндей жақсы жоба, бағдарлама дайындап, іске асырғаны жөн.
Мұхамбетжан ӘБДІБЕКОВ, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, заңгер, толыстағы полковник:
Мемлекетті айбынды әскер қорғайды
– Жалпы, Отанымызды қауіпсіз елге жатқызуға әбден болады деп санаймын. Мемлекеттің маңызды тетігінің бірі – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері екені мәлім. Әлемдік геосаяси өзгерістерге байланысты, заманауи соғыстың түрлері бүгінгі таңда өзгеріп жатыр. Ұрыстың бүгінгі түріне мыңдаған сарбаз қатыспайды. Заманауи соғыс – арандату, бүлік жасау арқылы жүргізіледі. Ылаң салу, берекені қашырудан бөлек, экономикалық қысым, ақпаратты бұрмалау дейтін құралдар қосылады. Міне, қазақ елі мен әскері бүгінде осындай қауіп-қатерге төтеп бере алуы керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи әскер мемлекетіміздің берік қорғаны екенін жиі айтады. Әлбетте, тәуелсіз, егеменді ел болудың басты шарты – сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуына тікелей байланысты.
Біздің елдің азаматтары әр заманда да мықты сарбаз да, сардар да бола білген. Әскеріміздің әрқашан да рухы биік, намысы ояу, жігері зор болған. Ел тарихында ұлтымыздың сардарлары мен сарбаздары ешкімге есесін жібермеген. Мәселен, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақ сарбаздары мен сардарлары отаншылдықтың озық үлгісін танытып, өзге ұлттың алдында еңсесі биік тұрған. Ауған соғысы майданының алғы шебінен қайсарлығы қанында бар қазақ жігіттері табылған. Кеңес одағы Қарулы күштерінің ең озық сарбаздары мен сардарлары қазақ жігіттері болған. Қазіргі әскерімізді де құрайтын сол үлкен буын ата-ағаларымыздың үлгісімен тәрбиеленген қайсар, батыл және айбынды ұрпақтары.
Бүгінде Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттің күн тәртібінен түскен жоқ, түспейді де. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Tәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет» деп айтқаны бекер емес. Сондықтан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан ұлтымыздың маңызды идеологиялық тұжырымдамалары мен негізгі мемлекеттің бағыттары туралы ой-пішімдері, атап айтсақ: «Тәуелсіздік және отаншылдық, Бірлік және ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік, Заң және тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, Жасампаздық және жаңашылдық» негіздерін халқымыз (мемлекетіміз бен қоғамымыз) басшылыққа алса, еліміз әлемде лайықты орнын табады және еліміз қауіпсіз мемлекет ретінде де өркендей береді.
Қазақстан азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша 167 елдің ішінде 76- орынды иеленген. Бұл – жай ғана жалпылама баға. Шын мәніне келетін болсақ, әрине, ел халқының қауіпсіздігі күн тәртібінде тұр.
Біздің Қарулы күштеріміз бен басқа да әскери құрамалардың құрылымдық бөлімшелері, жылына екі рет жоғары қолбасшы тарапынан жан-жақты тексеріліп және нақты бағаланып тұрады. Бұл – әскеріміздің жақсы үрдістерінің бірі. Сондықтан әрбір жауынгерлік бөлім жоғары баға алуға тырысады. Дайындыққа бар күшін салады. Өйткені олар үнемі жауапты жауынгерлік әзірлік деңгейінде болуға тиіс және барлық жауынгерлік әзірлік дәрежесін пысықтап отыруға міндетті.
Әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп отырған алмағайып заманда ел әскерінің қуатты болғаны қажет-ақ. Бұл ретте 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлықпен бекітілген әскери доктринаға қажетті өзгерістер 2022 жылғы 12 қазанда енгізілді. Өйткені осы құжаттың талаптары негізінде әскеріміз өз әрекеттерін заңды түрде жүзеге асыра алады. Бұл құжат – ғылыми негізделген, ресми қабылданған әрі ұзақ мерзімге арналған басқыншылықты тойтару, қорғану, мемлекеттің соғысқа даярлығын, әскери саясаттың стратегиялық, техникалық, экономикалық, құқықтық және басқа да маңызды қырларын қарастыратын, болашақта мүмкін болар соғыстың мақсаты мен маңызын, мәнін айқындайтын көзқарастар жүйесі.
Тәуелсіз еліміздің айбынды әскерінің жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие. Әлемнің беделді әскери сарапшыларының пайымынша, қазақ елінің армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде екінші орында тұр. Ел әскерінің халықаралық әскери сайыстарда жүлделі орын алуы, ең жаңа үлгідегі техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы. Десе де, әскердің айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар іс-шара аз емес. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – шекарамызды, Тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бақытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек» дегені белгілі.
«Әскер дегеніміз – нағыз өмір, намыс, ерлік, ержүректік, батылдық және тәртіп, таза және сенімді отаншылдық мектебі. Әскери адам – отаншылдық рәмізі» деген Сағадат Нұрмағамбетов. Демек, еліміздің азаматтары заңда белгіленген тәртіппен қарулы күштердің түрі бойынша әскери қызметін атқару барысында бір ғана мақсатты көздейді. Ол – мемлекеттік қызметінің түбегейлі қағидалары болып саналатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық отаншылдыққа адал қызмет ету қағидасы.
Еліміз, халқымыз мықты болса, әрине, қарулы күштеріміз де, басқа да әскери құрамалар да күшті болады. Білімі мен ғылымы мықты елдің экономикасы да берік болады, экономикасы мықты елдің әскері де қуатты.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

2343 рет
көрсетілді0
пікір