- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
Экологиялық жағдайды жақсартатын жоба

Бағдагүл Балаубай,
«Ana tili»
Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ. Иә, табиғат – адам жанының арашасы. Адам мен табиғат егіз деп тегін айтылмаса керек. Жанарыңды сәл мұң басса, табиғат өз тамашасын, ғажайыптарын ұсынып, серпілтіп алады. Ал біз жанымызға жайлылық сыйлайтын тұмса табиғатымызды қаншалықты аялап, қорғай алып жүрміз?
Қазақстанда елді-жерді көркейтетін маңызды жобалар көп. Соның бірі әрі бірегейі – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы. «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат», «Экология болашағы» атты негізгі төрт бағытты қамтитын ұлттық жобаның әрқайсысына жүктелген мақсат-міндеті бар.
Ұлттық жобаның төлқұжатында: «2021–2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеу мақсаты – халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту. Оның ішінде атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау және халықтың экологиялық санасын жаңғырту» деп атап көрсетіліп, жоғарыда аталған төрт бағыт бойынша он бір міндет жүктелген.
Ал 2021 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен әзірленген жобаның бүгінгі хал-ахуалы қалай? Аталған негізгі бағыттар мен жүктелген міндеттер орындалып жатыр ма? Сала мамандарын сөйлетелік.
Азамат Мұхитдинов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы, эколог маманы:
Көгалдандыру – көптің ісі
– Қазіргі таңда елімізде іске асырылып жатқан ауқымды ұлттық жобалардың бірі – «Жасыл Қазақстан» жобасы. Бұл жоба экологиялық бағытқа ие және 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған. Жоба төрт бөлімнен (бағыттан) тұрады, олардың әрқайсысының аясында бірқатар маңызды міндеттерді шешу қарастырылған, сонымен қатар бұл жоба елімізде халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға және қоғамда қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас танытуды қалыптастыруға елеулі ықпал етуі керек.
Мен ұлттық жобаның «Табиғат» деп аталған бір бағытын атап өткім келеді. Осы бағыт аясында еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі –ормандарды сақтау және ауқымын кеңейту мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазақстан Республикасы орман жамылғысы көлемі тұрғысынан әлемдік елдер арасында ең соңғы қатарда. Ресми мәліметтерге сәйкес, орман ел аумағының 5 пайызын ғана алады, ал олардың жиынтық ауданы 13,6 миллион гектарды құрайды. Территориясы бойынша әлемде 9- орынды иеленіп отырған мемлекет үшін бұл өте төмен көрсеткіш.
Біз білетіндей, орман – құрлық экожүйелерінің маңызды бөлігі және Жер бетіндегі тіршіліктің өмір сүруінің маңызды шарты. Жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрінің тіршілігін қамтамасыз ету арқылы биоәртүрлілік үшін орманның маңызы өте зор. Сонымен қатар орман экономикалық даму мен жұмыспен қамтуға ықпал ететін маңызды экожүйелік қызметтерді ұсынады. Ауыл халқының экономикасы мен әл-ауқатының өсуі орман ресурстарын – азық-түлік, жем-шөп, үй құрылысы, дәрілік заттар өндірісін ұтымды пайдалануға тікелей байланысты. Сондай-ақ орман климаттың өзгеруіне қарсы күресте құнды ресурс екені баршамызға мәлім.
Соңғы онжылдықтарда әлемдегі орман алқабы азайып келеді және негізгі қауіптің бірі – табиғи төтенше жағдайлар мен адамның антропогендік іс-әрекеті. Жиілеп кеткен өрт орманның жойылуы мен деградациясының қозғаушы күшіне айналып, соған байланысты орман биоәртүрлілігінің жоғалуына басты себеп болып жатыр. 2023 жылы өрт Қазақстанның 116 мың гектардан астам орман қорын жойды, ал 2024 жылдың басынан бері 30-ға жуық орман өрті тіркелді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында алдағы бес жыл ішінде орман қорына 2 млрд ағаш және елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызуды тапсырғаны белгілі. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының нысаналы индикаторларында да 2 млрд ағаш саны көзделген.
Бұл іске «Жасыл желек» атымен Қазақстан бойынша көптеген экологиялық акция үлкен көмек көрсетіп жатыр. Оған түрлі еңбек ұжымдары, студенттер мен мектеп оқушылары, экоактивистер мен еріктілер, сондай-ақ табиғатымыз бен қоршаған ортамыздың тағдырына бейжай қарай алмайтын белсенді азаматтар қатысады. Еліміздің барлық елді мекенінде, ірі қалалардан шағын елді мекендерге дейін көктемде және күзде әр түрлі ағаштардың көптеген көшеттері егіліп жатыр. Бұл Отанымызды көгалдандыру ісіне үлкен және елеулі үлес қосатыны сөзсіз.
Ержан Аққазин, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география институты химия кафедрасының аға оқытушысы, химия
ғылымының кандидаты:
Табиғатқа жанашырлық қажет
– «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ барлық қазақстандықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға арналған. Сондықтан жалпы халықтың экологиялық мәдениетінің қалыптасуы үлкен рөл атқарады. Әсіресе экологиялық білім мен мәдениет деңгейін көтеру бағыты басты мәселе. Меніңше, барлық экологиялық іс-шаралар, ең алдымен, экология және қоршаған ортаны қорғау туралы қарапайым түсініктері бар азаматтарға бағытталуы керек. Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Мектеп бағдарламасына экологиялық аспектілерді білім беру және ағарту жүйесіне біріктіру, жалпы білім беретін мектептің бағдарламасына «Экология» пәнін енгізу, сонымен қатар экологиялық білім беру орталықтарының экостансалар, үйірмелер тағы басқа жұмыстарын жандандыру қажет. Экологиялық бағдарланған ақпараттық кеңістікті қалыптастыра отырып, экологиялық білім берудің жоспарын әзірлеу және жүзеге асыру негізгі мәселе екені сөзсіз. Мәселен, алысқа ұзамай-ақ, айналаңызға көз салсаңыз, қоқысқа кезігесіз. Әсіресе судың жағалауы, таулы аймақтар, жасыл желек жамылған саябақ маңайы пластмасса мен шыны бөтелкеге, темекі қалдықтарына толып жатады. Мұның бәрі ауаны ластап, айналаға, табиғатқа залалын тигізеді. Экология саласынан хабары бар, білімі жетілген адам мұндай теріс әрекеттерге бармай, табиғатқа жанашырлықпен қарап өседі, сондықтан, ең алдымен, әр адамның табиғатқа жанашырлық сезімін оята білуіміз керек.
ТҮЙІН
Ресми мәліметке жүгінсек, ұлттық жоба аясында былтыр бес жүз миллионнан астам көшет екі жүз қырық алты мың гектар жерге отырғызылған. Айналаны көгалдандыру, ағаш егу жұмыстары әр өңірде жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, күні кеше «Алматы – бақ қала» акциясы аясында ару қала Алматыға 7 705 көшет отырғызылды. Оның ішінде бір мың тоқсан түп жапырақты ағаш, екі мың алты жүз түп сәнтал, ырғай, қабыржық, қаржеміс бар. Сондай-ақ төрт мың он бес жеміс ағашының үш мың сегіз жүз елу бесі – алма ағашы.
Қаланың тұрғындары мен қонақтары қатысқан акция жұмысына қаламгерлер де белсене қатысты. Игі іс-шарада ҮАК бойындағы көшенің солтүстігінде, Жаңа Сайын көшесінің шығысында орналасқан саябақ аумағында бес жүз жеміс ағашы, оның ішінде екі жүз елу түп алма ағашы, екі жүз елу түп өрік ағашы егілді. Күні ертең жас ұрпақ ақын-жазушысын ұлықтап, «мына жеміс ағашын қаламгерлер еккен екен» деп тамсана жемісін жеп, рухани шөлін басатын күн де алыс емес. Дәл осы іс-шара барысында «ALA» саябағының аумағында екі мың екі жүз жетпіс алма көшеті, Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңында бір мың жапырақты ағаш отырғызылып, тамырына қан жүгірді.

2590 рет
көрсетілді0
пікір