- Ақпарат
- 20 Маусым, 2024
ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ: ДҰРЫС СӨЙЛЕУДІ ҚАШАН ҮЙРЕНЕМІЗ?

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Қарқынды дамып келе жатқан цифрлық кеңістік жағдайында әлеуметтік желілердегі қазақ тілінің жағдайы ерекше мәнге ие болатыны түсінікті. Ақпараттық кеңістікте орыстілді контенттің басым болуына қарамастан, қазақ тілі қазақ ұлтының мәдени жаңғыруының көрінісі бола отырып және жастардың ұлттық бірегейлікті сақтауға ұмтылысын көрсете отырып, виртуалды әлемде өз орнын барған сайын айғақтап келеді. Мақалада әлеуметтік желілердегі қазақ тілінің қазіргі даму үрдісі, проблемалары мен даму перспективалары, сондай-ақ цифрлық ортаның ана тілінің мәдениетіне әсері қарастырылды.
Мадияр Қазыбек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Қоғаммен байланыс жөніндегі маманы:
Ең қауіптісі – лексикалық калькалар
– Қазақ тілінің әлеуметтік желідегі қарқыны туралы сөз еткенде, алдымен оның сапасына мән беруіміз керек сияқты. Желідегі қарым-қатынас тілі барған сайын сөйлеу тілі мен оның нормаларына жақындап келеді. Тілдің жұтаңдығы, сленг, жаргонмен сөйлеу белең алды. Менің ойымша, осы себепті де қазақ тілінің қарқыны туралы нақты кесіп айту қиын.
Екіншіден, желілер мен мессенджерлердегі қазақ тілінің даму қарқыны мен сөйлеушілер саны да әртүрлі. Ондағы контенттер де, тиісінше, әрқилы. Мәселен, Facebook желісінде басқалармен салыстырғанда тілдің жағдайы әлдеқайда жақсырақ. Себебі аталған желіні аға, орта буын өкілдері көп пайдаланады. Оның үстіне түрлі әлеуметтік топ өкілдері де сонда.
«Қазіргі әлеуметтік желідегі жағдайына қарап қазақ тілінің болашағын болжай аламыз ба?» деген сауалға келіп тірелгенде, ана тілінің мәселесінде оптимист болғым келеді. Тіліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін. Жастар саналы түрде қазақша сөйлеуді трендке айналдырып жатыр. Күндердің бір күнінде саннан сапаға өтеріміз анық.
Әлеуметтік желідегі көп оқырманы бар қазақ контенттері қандай? Бір қуантарлығы, YouTube арнасында қазақша подкастар, бағдарламалар көбейді. Жастар жиі пайдаланатын ТікТоk, Instagram желілерінде «QazGrammar», «QazaqBubble», тағы басқа парақшалар өз халінше ана тіліміздің дамуына үлес қосып келеді. Өзіме автоблогер, журналист Олжас Оқастың автокөліктер туралы бағдарламалары ұнайды. Назгүл Қожабек, Мөлдір Досбаева сияқты замандастарымыз ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, «жалғыз жүріп жол табуға» болатынын дәлелдеп келеді.
Қуантарлығы, Тіл білімі институты іргелі ғылыми зерттеулерден бөлек, электронды сөздіктер, қазақ мәтінін автоматты тану сияқты бағдарламалар әзірлеп жатыр. YouTube арнамызда неше түрлі конференция, дөңгелек үстел мен семинар бар. Оның бәрі білген адамға білім жиынтығы екені сөзсіз. Ал қазақ тілінің ұлттық корпусы – тілтанушы мен тіл жанашырының қолындағы шамшырақ іспеттес дүние. Оны қолына алған адам «тіл» деп аталатын шет-шегі жоқ әлемде адаспай жол табары анық. 40 миллион сөзқолданысы бар корпусты жалпы жұртшылық еш қиындықсыз пайдалана алады. Алдағы уақытта сөзқолданыс санын 1 миллиардқа жеткіземіз деп алақан ысқылап отырмыз. Арғы жағында жасанды интеллектінің ауылы да алыс емес.
Өкінішке қарай, калька сөздер қара тастың үстіндегі қара құмырсқа сияқты көбейіп келеді. Баспасөзді ашсаңыз, «орын алып» жатқан жаңалық көп. Әлеуметтік желі «жаңалығымен бөлісетіндер» баршылық. «Жұмысты жасайтын» болдық. «Болып табыла» береміз. Түпнұсқадан сөзбе-сөз аударатындар көбейді. Калька тілді байытпайды, керісінше тілді шұбарлап жатыр. Меніңше, ең қауіптісі – лексикалық калькалар. Бүтін бір сөйлемді бұзады. Сөзді орынмен жұмсамаудың кесірінен (нәтижесінде емес), калькалау барған сайын нормаға айналып барады. Мұның бәрі тілді жетік білмеуден, кітап оқымаудан, ой байлығының жоғынан шығады. Мұның алдын алу үшін қазақша сапалы контенттерді көбейтіп, мектеп жасындағы балаларға әдеби кітаптарды оқыту керек, қазақша ойлауымыз керек. Жаһандану кезеңінде мүмкін еместей көрінгенімен, ұлттық иммунитетімізді күшейту өз қолымызда. Тілді сақтау, дамыту – әр адамның парызы, міндеті екенін әрқайсысымыз сезінуіміз керек.
Назира ӘМІРЖАНОВА, Назарбаев университеті, Жоғары білім беру мектебінің оқытушысы:
Блогерлердің көпшілігі ана тілінде дұрыс сөйлемейді
– Бүгінде миллиондаған қазақтілді ақпарат алмасушылардың сұранысын қанағаттандырып отырған қазақ интернеті қоғамдық сұранысқа жауап беретін түрлі сипаттағы сайттармен жылдан-жылға толығып, көбейіп келе жатыр. Адамзаттың білімін толықтыратын, тілдік қорын дамытатын, әлемдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық жаңалықтардан хабардар ететін, сол арқылы жаңа сөздерді танытып, оны қолданысқа енгізуге ықпал ететін БАҚ-тың, әсіресе интернеттің ықпалы мен қызметі ерекше.
Интернет мәдени құндылықтан басқа, азаматтық сананы қалыптастыруда да үлкен рөл атқарады. Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғам үшін қазақ тілінде, қазақ дүниетанымына лайық интернет тілін сауатты жүргізе білудің маңызы айрықша. Өткен ғасырдың 60–80-жылдары интернетпен қарым-қатынас жасау, интернеттегі қазақ сөз мәдениеті туралы мәселе көтерілуі мүмкін де емес еді. Бірақ бүгін ол өзекті мәселеге айналып, тілтанушы ғалымдардың назарын аударып отыр. Себебі интернет ерекше коммуникативтік орта ретінде өзімен қарым-қатынастың жаңа жүйесін, формасын, сондай-ақ түрлі тілдік және тілдік емес стереотиптерді қалыптастыру құралына және алаңына айналды.
Тіл жалпы және абстрактілі құбылыс ретінде әр алуан акт қолданыстары мен түрлерінің жүзеге асуы арқылы, белгілі бір нақты жағдаяттардың орындалуы арқылы көрініс табады. Яғни сөйленіс тіл арқылы жарыққа шығады. Бірқатар ғалымдардың зерттеуі бойынша, сөйленістің, тілдің түрлері әртекті, әр алуан. Дегенмен олар екі негізгі формада жүзеге асады: ауызша және жазбаша. Бұл формалар күрделі бірлікте құрылады және әлеуметтік-тілдік тәжірибеде (қолданыста) бірдей мәнде. Тілдің тұрмыстану формасының интернет көмегімен жасалған қарым-қатынас кезінде тілдің екі формасы бірігіп, синтезделді. Яғни коммуниканттардың барлық репликасы (сөздері) графикалық формада тіркеледі, жазылады.
Интернеттегі тіл экологиясын қарастыру барысында қарым-қатынас түріне байланысты оны екіге бөлдік: ресми және бейресми (кестеде). Ресми қарым-қатынасқа негізделген сайттарға мемлекеттік орган сайттарын, ұстаздардың білімін жетілдіретін әртүрлі сайттарды, халыққа қызмет ететін мемлекеттік сайттарды, әртүрлі ақпараттық сайттарды межеге алдық.
Ресми сайттардың ішінде мемлекеттік басқару органдары сайттарындағы сөз мәдениеті көңіл көншітерлік емес. Онда стильдік, орфографиялық, пунктуациялық, грамматикалық қателермен бірге, сөздің сапасы төмен екенін байқадық. Сөз сапасының элементтерін анықтайтын сөз дәлдігі, сөз дұрыстығы, сөз жаттығы, сөз байлығы сияқты сөз мәдениетінің белгілері назардан тыс қалған. Мысалы: «2022 жылдан бастап тәрбие-білім беру процесіне барлық жас топтарында қазақ тілін үйрену бойынша талаптар енгізілді. Қазақ тілін меңгеру мақсатында педагог күні бойы үлгілік бағдарламада айқындалған сөздік минимумын қолданады, балалар қызметінің әртүрлі түрлерінде тәрбиеленушілердің ауызша үйлесімді сөйлеуін дамытады, белсенді сөздікті байытады, қазақ тілін, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруге ықпал етеді, сондай-ақ қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстырады» (мәтін мемлекеттік орган сайтынан алынды) деген мәтін берілген. Бұл мәтінде сөз дәлдігі, сөз дұрыстығы, сөз жаттығы дұрыс сақталмаған. Мәтінде үйлесімді сөйлеу, айқындалған сөздік, белсенді сөздік сияқты тіркестер берілген. Қазақ тілінде үйлесімді сөйлеу деген тіркес жоқ, ауызша сөйлеу немесе жатық сөйлеу деген бар. Ал белсенді сөздік тіркесіне келетін болсақ, белсенді сөзі қажырлы, ынталы, жігерлі, тынымсыз деген мағынаны береді. Сондықтан сөздік сөзімен бұл сөз тіркеспейді. Мәтіндегі айқындалған сөздік сөз тіркесі лексикалық нормаға сәйкес келмейді, норма бойынша анықталған сөздік болу керек.
Ресми органдардың сайтынан тағы мынадай мысал келтіруге болады:
Әкімшілік полиция комитеті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздік пен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және жолын кесу, қылмыстарды ашу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, өз құзыреті шегінде әйелдерге қатысты құқыққа қарсы қол сұғушылықтарға қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде әкімшілік өндірісті жүзеге асыру салаларында басшылық жасайтын ведомствосы болып табылады».
Мәтін 1 сөйлемнен, 78 сөзден тұрады. Сөйлемді оқыған адам ақпаратқа қанық бола алмайды. Оның себебі, біріншіден, күрделілігінде болса, екіншіден, тілдік норманың сақталмауында, үшіншіден, шұбалаңқылығында. Мәтіннің дұрыс нұсқасын былай көрсетуге болады:
Дұрысы: Әкімшілік полиция комитеті:
- қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету,
- қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және жолын кесу,
- қылмысты ашу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, оның ішінде кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылықтарын анықтау және алдын алу,
- өз құзыреті шеңберінде әйелдер құқығына қол сұғуға қарсы күрес жөніндегі мемлекет саясатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде әкімшілік өндірісті жүзеге асыру мәселелерімен айналысатын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіндегі ведомство.
Мәтіннің қабылдануын оңтайландыру үшін біз мағыналық тұтастыққа сәйкес, бөліп, даралау техникасын қолдандық, сонымен қатар тілдік нормаға сәйкестендірдік.
Онлайн қызмет көрсету сайттарында да осындай қателер жиі кездеседі. Мысалы: «Менеджерлер сіздерге жобаларыңызды, немесе өтінімдеріңізді қалай дұрыс рәсімдеу керек екенін толық түсіндіріп барып, қандай электронды поштаға жолдау керегін айтады» деген сөйлемде стильдік, грамматикалық, пунктуациялық норма бұзылған. Оның дұрыс нұсқасын былай көрсетуге болады: «Менеджерлер сіздерге жобаларыңызды немесе өтінімдеріңізді қалай рәсімдеу керек екенін толық түсіндіріп, құжат жолданатын электронды пошта мекенжайын береді».
Сөз мәдениеті мәселесі туралы айтқанда, қазіргі блогерлердің сөзі туралы айтпай кетуге болмас. Бәрімізге белгілі, қазір интернет дамыған заманда өмір сүріп отырмыз. Интернет адам қиялы мен мүмкіндіктеріне шек қоймайды. Кез келген адам әлеуметтік желіде оқырман жинап, белгілі бір аудиторияға өз пікірін, өз көзқарасын айтып, блог жүргізе алады. Қазіргі қазақтілді блогерлер, сөз жоқ, креативті, аудиториясына не ұнайтынын, немен қызықтыра алатынын біледі. Бірақ, өкініштісі, олардың көпшілігі өз ана тілінде дұрыс сөйлемейді. Тілдік сауаттылығы өте төмен. Мысалы, «aidaserikova25» деген блогердің 2,2 млн оқырманы бар. Оның «Орамалға келдініз бе?» деген пост мәтінін назарларыңызға ұсынамыз: «Осы сұрақты Меккеге барғаннан, келгенге дейін қойып жатыр. Өте орынды сұрақ. Себебі, елдің алдында бәрін көрсетіп, ашық айтып жүргесін, бұл сұрақтын өз орыны бар деп білемін. Сұрактың жауабына келетін болсақ: - Әзірше толықтай хиджабқа келмедім. Бірақ, осыдан бастап барынша жабық киінуге, әдемі орамалдарды тағып жүруге тырысатын боламын. Орамалды кие салу оңай, бірақ, оны сезініп, жүрекпен кию бөлек деп ойлаймын». Блогер хиджабқа келдім, орамалды кию сияқты тіркестерді орынсыз қолданған. Әрине, мұндай тіркес қазақ тілінде жоқ. Хиджабқа келмейді, хиджаб киіледі, керісінше орамал киілмейді, орамал тағылады немесе орамал тартылады. Бұл сөзді басқа да танымал блогерлер жиі қолданады. Мысалы, жақында «e.kamik» деген атпен белгілі Камила Әділхан да «Орамалға келдім» деп пост жариялады. Блогердің аудиториясы – 2,3 млн. Шамамен бұл постты 2 млн адам оқыды немесе көрді десек, 2 млн адамның жадында «орамалға келдім» сөз тіркесі сақталды деп болжауға болады. Орамалға келу, хиджабқа келу сияқты тіркестермен қатар, тұрмысқа шақыру, түрмеге жабылу, бойдақ қыздар сияқты сөздерді жиі байқаймыз. Мұндай қате қолданыстар сөздің мағынасын түсінбей қолданудан пайда болады және «вирус» сияқты тез таралып та жатады.
Айта кетерлік жайт, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірнеше жылдан бері Қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеу жұмыстарымен айналысып келеді. Корпус ішкі корпустардан тұрады. Соның бірі – ауызша корпус. Ауызша корпусқа мәтіндер базасын жинау барысында интернеттегі дайындықсыз ауызша сөздерді жинап, олардың стенограммасын (жазба тілге көшіру) жасадық. Сонда ауызша базаны жинау барысында ерекше көзге түскені блогерлердің ауызша сөзі болды. Сөзін тыңдап, оны жазып отырған біз таң-тамаша болдық. Мысалы, «Самооценканы көтерудің сен білмеген құпия техникасы» деген атпен жарияланған видеосұқбатты назарларыңызға ұсынамыз: «Сәлем, сіздермен байланыста Жұлдыз Ақболат. Мен бүгін біздің өміріміздегі ең үлкен бір важный тема бар «самооценка» деген. То есть самооценка ол саған да осыны кім қарап отыр барлығына байланысты нәрсе. Енді самооценка біздің өмірімізде қандай роль ойнайды? Оказывается осы темаға енді фокус бұрып отырғаныма қарағанда өміріміздегі самый главный нәрсе. Өйткені бұл өмірде жеткен жетістігің, бұл өмірде алатын орның, өзіңнің қалауың осының барлығы айналып келген кезде самооценкаға келіп тіреледі. Давайте былай айтайық иә, самооценнка келген кезде Аллахтың бір екі есімі бар. Исламмен қарайтын болсақ неге бізге самооценка керек? Вот просто мұсылман ретінде. Аллахтың екі есімі бар: «әл-Жәмил и Әр-Раззақ». «Әл-Жәмил» ол не? Ол «әдемі» иә былай айтқан кезде. Біз өзіміздің өміріміздегі әдемі нәрсенің барлығына үстемдік етеміз, допустим киміміздің әдемі болуы, түріміздің әдемі болуы, үйіміздің әдемі болып тұруы, шашылмай тұруы, даже баламыз болса да әдемі болып тұрғанын қалап тұрамыз. Неге? Потому что біз осы Аллах тағаланын ұлы сипатына сәйкес келгеннен кейін, бұл біріншісі. Именно осы сипатқа сәйкес келуі үшін біз денемізге қараймыз, әдеміленеміз, спортпен шұғылданамыз, фигурамыз болсын дейміз иә, былай айтқан кезде». Бұл ауызша сөз сапасыз, жұтаң, қарабайыр, сауатсыз болса да, видеоны 3 млн аса адам тыңдаған. Сауатсыз сөз болса, мұндай сөздің тыңдаушысы неге көп десек, араластырып сөйлеу үйреншікті, дәстүрлі ауызекі формаға айналуымен байланысты деп ойлаймыз. Сондықтан интернеттегі қазақ тілінің жай-күйіне, қазіргі жастардың, соның ішінде танымал жастардың сөз мәдениетін көтеретін шараларды мемлекеттік деңгейде қолға алу қажет деп білеміз. Қорыта айтқанда, ресми сайттардағы ең үлкен мәселе күрделі құрылымды сөйлемдердің болуы, аударма мәтіндердің көптігі болса, бейресми сайт, парақшаларда тілді шұбарлау мәселесі алда тұр. Біздіңше, интернеттегі қазақ тілінің өміршеңдігін күшейту үшін қазіргі жастардың, соның ішінде танымал жастардың сөз мәдениетін көтеретін іс-шараларды мемлекеттік деңгейде қолға алу қажет деп білеміз.
Қуатбек ДҮЙСЕН, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері:
Қатаң шара қолдану керек
– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде қазақ тілінің ену көрсеткіштері біркелкі емес. Сондықтан әлеуметтік желілердегі қазақ тіліндегі контенттің көлеміне баға беру біршама күрделі шаруа. Дегенмен интернеттің қазақтілді сегментінің өсіп жатқанына күмәніміз жоқ. 2021 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Жарнама туралы» Заңға енген өзгерістер бизнесті өнімдері мен тауарлары туралы ақпаратты қазақ тілінде жазуға міндеттеді. Ал 2023 жылы қабылданған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң Қазақстанда жұмысын жүргізетін компаниялар үшін интернетте қазақ тілінде жарнама жасауға міндеттеді. Жоғарыда келтірген заңдар біртіндеп еліміздің интернет кеңістігін өзгертіп, онлайн кеңістік, соның ішінде әлеуметтік желілерде қазақ тілінің берік орын алуына іргетас қалап жатыр.
Болашақты болжау қиын. Дегенмен қолда бар деректерді талдай отырып, болашақтың сұлбасын шамалауға болады. Алдағы он жылда қала халқы еселеп өседі. Бұл үдерістің бір ұшы ауыл халқының қалаға қоныс аударуы арқылы жүретін болады. Қазақстандағы қалалардың тілдік бейнесі ауысатын болады. Қалаларда қазақ тіліне деген сұраныс артып, тілдің қоғамдағы рөлі көбеюі әбден мүмкін.
Әлеуметтік желілерде адамның талғамы, жасы, жынысы, біліміне қатысты қазақ тілінде контент көп. Солардың ішінде мен үшін «Qazaq Grammar», «Döpe Söz», «Kazak Bubble», «Sayahat Time», «Жалғыз жолаушы», «Kartahana», «Ержан Мырзабаев», «Narikbi-дің» орны ерекше. Соларды оқимын, тыңдаймын, көремін, кеңес беремін, донат жасаймын және қолдаймын.
Қазақ тілінің шұбарлануы бар әрі үнемі жүріп жатқан құбылыс. Тіл шұбарлануының басы қазақ тіліне деген адамдардың қатынасында жатыр. Мәселен, бәріне жауыр болған жарнаманы алайық. Қазақ тіліндегі қисық жарнаманың бастауы Тәуелсіздік алғалы бері қазақтілді сала мамандарының сан және сапа жағынан өсіп шықпағанында жатыр. Қазақстанда жұмыс істейтін жарнама компанияларының иелері жарнама саласына қазақтілді мамандарды жолатпайды. Жолатқанның өзінде олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік бермейді. Жарнама компаниясының иелері үшін қазақ тіліне кезек келгенде бар материалды көшеден тапқан аудармашыға аудара салғанды тиімді көреді. Соның салдарынан бәріміз қиқы-жиқы жарнаманы тұтынуға мәжбүрміз. Мәселені шешу үшін жарнама жасаумен айналысатын компаниялардың тіл заңнамасын қатаң сақтауына құқықтық тұрғыдан ықпал ету қажет секілді. Яғни компания Тіл туралы заңды бұзған жағдайда, оны жауапқа тарту механизмі жұмыс істеуі керек.

3683 рет
көрсетілді0
пікір