• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2024

Түйткіл – тәрбиеде

Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Қазір қоғамда көңіл түсіретін жайттар көп. Әлеуметтік желіде әлдінің әлсізге көрсеткен зорлық-зомбылығын жиі көрсетіп жатады. Сананы сергелдеңге салған сұрақ мынау: қоғамда неге қатыгездік көбейіп кетті? Бұған тұрмыстық жағдайдың төмендігі себеп пе? Ең өкініштісі, қатыгездік үлкендер арасында ғана емес, балалар арасында да жиі кездесіп отыр. Мүмкін түйткіл тәрбиеге тіреліп отыр­ған болар. Бұл мәселеге қатысты қоғам белсендісі, «Қазақстандық ата-аналар одағы» бірлестігінің өкілі Бағила Балтабаеваның ойын сұрап көрдік. 
 

 

– Қоғамда қатыгездіктің көбейіп кетуіне кино, мультфильм, интернетпен ойнайтын компьютерлік ойындардың әсері көп. Тек балалар, жасөспірімдер ғана емес, орта жасқа жеткен еркектердің өзі компьютерлік клубта толып отырады. Ал виртуалды әлемдегі ойынның басым көпшілігіндегі іс-қимылдар – ату, өлтіру ғой. Демек, қатыгездік аспектілері олардың санасына сіңіп, қалыпты жағдайға айналуы әбден мүмкін. Балалардың арасында да бір-бірін ұрып, ренжітіп, балағаттай салу деген үйреншікті нәрсеге айналды. Неге? Өйткені жасөспірімдердің, жастардың арасында «тренд» деген нәрсе бар. Мен осы мәселені жиі қозғап жүргесін, бәрін де байқап жүрмін. Жастар арасында «трендтегі» нәрсені істей алмасаң, артта қалып қойғаның болып есептеледі. «Трендің» сол – «боқтық сөз» қыстырып сөйлеу көбейді. Қазір қоғамдық насихатқа бір жыныстылардың қарым-қатынасын алға шығарғысы келетіндер де аз емес. Қатыгездікті де солай деп айта аламын. Осы орайда ұлттық идеология ұтымды жұмыс істесе дейміз. 
Біз кеңес одағы кезеңінде оқыдық. Озық пионер болу үшін жақсы оқып, қолымыздан келген жақсы дүниені жасап, өзара жарысатынбыз. «Тимур және оның командасы» деген кітапты оқып, «ауылда қандай зейнеткер бар» деп көмектесіп, отынын жарып, жалғыз­ілікті қарттардың үйін де жинап беретін едік. Біз мұны мақтан тұтып, ізгі істерімізді жалғастырдық. Идеология солай болды. Отанға қарыздар адам сияқты «мен көмегімді қалай тигізе аламын» деп белсенді болуға тырыстық. Оның барлығы – идеологияның нәтижесі. Кино, мультфильм, радиода, барлығында солай болды. Әлеуметтік желі жоқ, газет-журналдың барлығы соған ілесті. Отанға деген махаббат жоғары болды. Егемен ел болдық, Тәуелсіздігімізді алдық. Қазір де ұлттық құндылықтар ұлттың негізгі идеясына айналуға тиіс. Тіл, салт-сана, әдет-ғұрып, қазақтың жан дүниесін байытатын құндылықтарымыз көп қой. Біз құндылықтарымыз­дың қадіріне жете алмай жүрміз. Идеология дегеніміз 24/7 сағат жұмыс істеп тұруы керек. 
Экраннан көрсетілетін кино, мультфильм, жалпы мәдени-рухани саланы реттемейінше, адамдар мемлекетшіл бола алмайды. Сондықтан өмірге шынайы қарауымыз керек. Әлеуметтік желі мен интернетте азғындық дүние толып тұрғанда мәдениетті, мейірімді болуды талап ету жөнсіз. Екеуі – бір-бірімен келіспейтін дүние. Жақсы қоғам қалыптастыру үшін біріншіден идеологиямызды реттеп алу керек. Өкінішке қарай, қазір қоғамда болып жатқан екі-үш жыл бұрынғы дүниенің әсері емес, осыдан отыз жыл бұрын рухани дәннің дұрыс егілмегенінің салдары. 
Қысқасы, ішкі әлеміңді немен толтырасың, демек, сол сыртқы келбетіңде, болмыс-бітіміңде, іс-әрекетіңде көрініп тұрады. Әдемі костюм киіп, шашты бояп, қатырып қойғаныңмен, ішкі әлеміңде рухани жұтаңдық орын алса, оның зардабы үлкен. 
Өзім қанша жерден жұмысбасты болып отырсам да, балаларымды жаныма жақын тартамын. Олармен жиі әңгімелесемін. Кішкентайынан бері патриоттық ән қойып, отаншыл киноларды көрсетемін. Шетелдің неше түрлі мультфильмінен емес, «Мұзбалақ», «Керей мен Жәнібектен» бастаймын. Өкінішке қарай, қазақ контентінде ұлттық тәрбие беретін, мән-мағынасы тәлім аларлық мультфильмдер аз. Нақты айтсам, толыққанды 2–3 қана мультфильм бар. Енді ойлаңыз, шетелдің контенттермен бәсекелесте мен баланың көру мүмкіндігін тежеп, қанша уақыт ұстай аламын? Бүкіл желіні, YouTube-ті ашсаңыз, миллион мултьфильм бар. Оның үстіне барынша әрлеп, кейіпкерлерін көз тартатын етіп, әдемілеп қояды. Тіпті үлкен кісінің өзі көргісі кеп кетеді. Мысалы, алты жастағы балама көп көрсете бермеймін. Өсе келе өзінің еркі, қарайтын контенті болады. Ол кезде «мынаны көрме, мынаны көр» деп айта алмаймын. Бірақ қазір кішкентай кезінен бастап ішкі тірегін қатайтып жатырмын. Үлкейгенде дұрысын таңдап, қарайтын жағдайға жетуі үшін. Менің мақсатым сол. Отыз жылдың ішінде Уолт Дисней сияқты үлкен мультификациялық студияны салатын, қалыптастыратын уақыт болды. Әрине, өзімізде болмаған соң бала назары шетелдік мультфильмге ауады да тұрады. Есесіне, олардың көріп жатқан кейіпкерлері «Өрмекші адам», «Терминатор» секілді батыстың мультфильмінің кейіпкерлері. Балама рухани танымдық дүние іздегенде осы мәселемен бірнеше рет бетпе-бет кездестім. Бала өсіп келе жатыр. Отан үшін отқа түсетіндей, кішкентайынан рухын қатайтатындай, өзінің тарихын танып, білетіндей мультфильмдер көп болса екен деймін. Ұлттың рухын көтеретін кино да аз. Қашанғы «Менің атым – Қожаны» көрсете беремін? Титтей балама «Қыз Жібек пен Төлегенді» мәжбүрлеп көрсете алмаймын ғой. Есейген кезде «Жау жүрек мың баланы» көрер. 
Бүкіл санаға сіңірілуге тиіс ұлттық идеология кино, мультфильмде жатыр. Өскелең ұрпақ мейі­рімді, отаншыл болып өсуі керек. Қоғамда қатыгез, жауыз, қылмыскер, абьюзер, аферист, тиран деген сияқтылар қайдан шығады? Отбасыда мейірім мен бауырмалдықтың жоқтығынан, тәрбиенің аздығынан. Сондықтан өнердің ішіндегі ең маңыздысы кино, мултьфильм екенін ұғатын кез жетті. Бұл алдымен өскелең ұрпақ, балаға керек.

541 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы