• Ақпарат
  • 20 Маусым, 2024

АЗАМАТ АДАЛ БОЛҒАНДА

Көркем әдебиет пен өнерде кең көтерілген тақырыптардың бірі – «Кемел адам» концептісі. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Ахмет Йүгнеки секілді ортағасырлық сөз зергелерінің жырларында кеңінен жырланған кемелдік ұстындары кейін Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов секілді т.б. ақындар мен жазушылардың шығармаларында көрініс берді. Адал да еңбекқор адамды тәрбиелеу арқылы қайырымды да ізгі қоғам орнату – бабалар аманаты. Адал азамат ұстыны – бүгінгі мемлекет саясаты ғана ма? Адал азамат туралы философиялық, әдеби-көркем, шығармашылық образ қалай қалыптасып еді? Әл-Фарабидің қайырымды қаласының қайырымды тұрғындарынан бері тарқатсақ, оған Абай қаламындағы әділетті, шапқатты бейнені қоссақ, әдебиетке «алпысыншы жылғылар» буыны болып енген ұрпақтың адалдық туралы арман-аңсарын үстемелесек, көз алдымызға келетін образ қандай?

 

Кенжехан Матыжанов,М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы:

 

Әдебиеттің негізгі тақырыбы 

 

Адалдық, адал еңбек, таза табыс деген мәселе – адамзаттың, қоғамның үнемі алға шығарған үлкен тақырыбы. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында қоғамның алдына шығарған болатын. Әсіресе Адал адам деген қандай адам? Адал еңбек дегеніміз не? Және Адал табыс дегеніміз не? Осы үш үлкен ұғымды бір арнаға тоғыстыра отырып, қазіргі Жаңа Қазақстандағы, Әділетті Қазақстандағы ең үлкен рухани байлығымыз – осы үш үлкен ұғым деп атап көрсеткен болатын. Шын мәнінде, адамзат өзінің тарихында қаншама ықылым заманын басынан кешетін болса, осы замандардың барлығындағы адалдық, адал еңбек, адал адам қоғамды алға сүйреп келе жатыр. Ол – қай кезеңде де, ең өзекті тақырыптардың бірі. Адалдық қағидаттарының, әділеттілік ұстанымдарының бұзылуынан қоғам бұзылысы басталатыны белгілі. Басқаны айтпағанның өзінде, біздің қоғамдағы ең үлкен дерт – жемқорлық екенін білесіздер. Ал жемқорлық неден басталады? Бұл – адалдық пен әділеттілік ұстанымдарының бұзылуынан дер едім. Сондықтан бұл мәселені қай қоғамда да көркем әдебиет пен өнер ең басты мәселе ретінде көтеріп отырған. Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абайдың өзі осы мәселені – ең басты мәселе ретінде қойды. 
«Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Алдыңғы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа
Алдың –  жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?» – дейді.
Әділеттілік бұзылған жерде, алды – мұз, баратын бағыты бұлыңғыр болатыны белгілі. Сондықтан Абайдың ерекше көтерген мәселесі – еңбекқорлық, әділеттілік және адалдық мәселесі. Ол, жалпы, адамгершілік мәселелерінің барлығы осы үш ұғым аясына сыятынын атап көрсетті. Әде­биет – өркенді әдебиет болса, әдебиет – алдыңғы қатарлы әде­биет болса, оның ең басты тақырыбы – адалдық.
Адамгершілік – асыл қасиеттер. Міне, Абайдан бастап Әбіш Кекілбаевқа дейінгі, сондай-ақ, бүгінгі ақын-жазушыларға дейінгі барлығының көтерген тақырыбы – адалдық, әділеттілік. 

 

 

Жұмашай Рақыш,Қолжазба және текстология орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты:

 

Фольклорлық шығармалардағы еңбек адамы

 

Фольклорлық шығармаларда еңбектің маңызы мен қажеттілігі баяндалады. Ұлттық және әлемдік фольклор туындыларында еңбексүйгіштік, қамқорлық, қайырымдылық, бекзаттық еңбек адамының жалпыадамзаттық асыл қасиеттері ретінде танылады. Халық туындыларында еңбек концептісін кәсіпке, маусымдық, отбасылық ғұрыптарға, магиялық түсініктерге, ежелгі дүниетанымға (миф, хикая, ертегі, эпос) байланысты қарастырамыз. 
Фольклордың ғұрыптық, маусымдық ерекшелігі, сөз бен магиялық әрекетпен астасып жатуы оның синкретті сипатын даралап көрсетеді. Табиғаттың маусымдық өзгерістерін ескеріп, жануарларды қастерлеп, кие санап табысты болу үшін магиялық ғұрып пен сөздің әсеріне сенім, төрт түліктің атасын киелі тұту ғұрпы еңбек адамының өмірлік қағидасын бағамдайды. Қазақ мифтерінде алыптар мен батырлардың тауға, тасқа айналу оқиғалары, тау көтерген Толағай алыптың жазық далаға тау әкеліп, жаңбыр жаудыруы мифтік дәуірдегі жасампаз қаһарманның іс-әрекетін жасайды.
Дәстүрлі мәдениет контексінде кәсіп иесінің бейнесі, адал еңбек пен еңбекқор адам концептісі ойын фольклоры, балалар фольклорында ашылады. Баласының тезiрек ержетiп, шаңырақ көтерiп, жеке отау иесi, үлгiлi өнегелi отбасы болса деген ата-ананың ақ тiлеуi бесiк жырында жеңiл әзiл, өлең түрiнде көрiнiс тауып отырды. Ойынның адамзат мәдение­тінде алатын орны, ойындық элементтің мәдениет пен өнердің қалыптасуында рөлі зор екені белгілі. 
Үйлену ғұрып өлеңдерінде (жар-жар, сыңсу, тойбастар, беташар), әсіресе беташар кезінде жас келінді еңбекке баулу, еңбек адамын үлгі ету, дәріптеу идеясы жатыр. Азалау фольклорында естірту, көңіл айту, жоқтау жырларында дүние салған адамның ағайынға беделі мен ел-жұртқа сіңген еңбегі айтылады.
Сюжет құрайтын оқиға, мотив, эпизодтар кәсіп иесі – ұста, мерген, аңшы, батырдың бейнесін сомдауда көрінеді. Демиург кейіпкер ретінде «Қамбар батыр» жырының бас кейіпкерінің бейнесі мысал бола алады. Қамбар батырлығының ерекше болмысы көне эпос салтына тән жолбарыспен алысқандағы ерлігі мен ел шетіне жау келгенде қорған бола білген қаһармандық жырға тән іс-әрекетінен көрінеді. Көне эпосқа тән қаһарманның адамдармен емес, түрлі табиғат және сиқыр күштерімен күресуіне байланысты соғыс сипатының басқашалығы және негізгі кейіпкер әрекетінің, күресінің мәні отбасы мен руының шеңберінде ғана болуы мен күнкөріс кәсібінің аңшылық болатыны «Қамбар батыр» жырының негізгі оқиғалық желісін құрайды. Қамбар алғашқы ерлігіне дейін тұтас бір рудың қамын күйттеп, аш-арығын тойдырып жүрген қарапайым аңшы-мерген бейнесінде көрінеді. 
Қамбардың аңшылық қасиетінің жырдағы әсірелей суреттелуі аң-құс атаулы мергеннің атының сыбдырын естігеннен қашып жасырынады деген жолдармен беріледі. Өзге батырлық жырлардағы аңшылық пен мергендік суреттері жас батырдың көп қасиетінің бірі, я болмаса сейілдік, ойын тұрғысынан суреттеледі. Ел шетіне қалмақ жау келгенін билерден естіген Қамбар он екі күнде бармақ болады. Батыр жорыққа аттанар алдында даярлық жасайды: қорғасыннан оқ құйып, алты күн дамыл көрмей, отыз үйлі обыр, тоқсан үйлі тобырға бір айлық азық жияды; алты күн атын семіртіп баптайды.
«Қобыланды батыр» жырында батырдың адал жары Құртқаның Тайбурылды баптауы еңбек адамының бейнесін танытады.
Хатымтай (Қасым жомарт) арабтың аңыз-әңгімелері мен Таяу Шығыс, Орталық Шығыс, Орта Азия халықтары – парсы, әзербайжан, түрікмен және қазақ халқының фольклорлық шығармаларының кейіпкері ретінде жырланады. Зерттеушілер шығыс халықтарының фольклорындағы Хатымтай образы Хатим ат-Тай есімінен бастау алады деп есептейді. Арабтың Тай тайпасынан шыққан, VІ ғасырда өмір сүрген (578 жылы қайтыс болған), Мұхаммед Ади ибн Хатим сахабаның әкесі, атақты ақын Хатим ат-Тай жомарттық пен қонақжайлықтың символына айналған.
Мазмұны, сюжеті мен жанрлық жағынан Хатымтай туралы шығармаларды үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа жататын қиял-ғажайып ертегілерде кедейлер мен мұқтаж жандарға мол қаражатын аса жомарттықпен бөлісетін есепсіз байлық иесі болып көрінсе, екінші топтағы тұрмыс-салт ертегілерінде ол тақыр кедей болса да, әркімге өзіндегі бар нәрсені бөлісетін жомарттығы мен рақымшылығы сөз болады. Үшінші топқа Хатымтайдың байлығы мен ерекше жомарттығының себептерін ашатын өмірбаяндық сипаттағы мұсылман аңыздары жатады. Мұнда оның жомарттығы асқан байлығының себебінен емес, рухани байлығы, еңбекқорлығы мен кең пейілінен екені айтылады.
Жақсы мен жаман, еңбекқор мен жалқау, жалқау­лықты айыптап, еңбекті дәріптеу секілді жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі мақал-мәтелдерде едәуір көрініс тапқан: «Егіннің түбі – ырыс, Сау­даның түбі – борыш», «Екпей егін бітпес», «Еріншек егіншіден ерінбеген науқаншы озыпты», «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды», «Еңбексіз біткен мал дәулет болмас», «Еңбегі қаттының наны тәтті», «Еңбек етсең, емерсің», «Еңбегіне қарай өнбегі», «Не ексең, соны орарсың». «Ердің атын еңбек шығарады» деген сияқты мазмұндағы жаңа мақал­дар кеңес дәуірінде 30–40-жылдары баспасөз бетінде қазақ және орыс тілінде жиі жарияланып тұрды.

 

Әлмира Қалиева,филология ғылымының кандидаты: 

 

Жастар әдебиетіндегі адалдық концептісі

 

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қазақ әдебиетінің үлкен бір саласын әлеуметтік тақырыпқа арналған туындылар құрайды. Нарықтық қоғамның қалыптасуы адамдардың сана-сезімінде де, көркем шығармашылықта да өз ізін қалдырды. Мысалы, сол кездегі жас қаламгерлер қатарында А.Кемелбаева, Д.Амантай да бар. Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара» романындағы Айжан есімді кейіпкердің өмірі арқылы жазушы социумдағы нарықтық қарым-қатынастар психологиясын шебер суреттеген еді. Бала күтуші болып күнкөріс қамын ойлаған Айжанның басынан өтетін оқиғалар тізбегі арқылы жазушы өмірлік ортадағы құндылықтар парадигмасының алмасуын «еңбекші» мен «жалдамалы жұмысшы»  арасындағы айырмашылық контексінде зерделейді. Өзімен тең құқылы азаматқа кіріптар болуы, кішкентай қыздың бойындағы «құл иеленушілік» психология белгілерінің байқалуы, құрбысының ұрлығы үшін жалаға ұшырау сынды құбылыстар қоғамдағы адалдық, әділеттілік, шыншылдық тәрізді адамгершілік құндылықтардың құлдырай бастағанын аңғартады. 
Ал бүгінгі жастар прозасы қандай? 1990 жылдардағы қоғамдық-әлеуметтік дағдарыстардың жалғасы Арман Әлменбеттің «Мимырт» романында кеңінен суреттеледі. Кеңестік жүйеде қоғамның төрінен орын алған еңбек адамының, мысалы шопанның, нарық заманында біреудің басыбайлы құлына айналуын жас қаламгер сюрреалистік деңгейде бедерлейді. 
Жуырда ғана жарық көріп, әдеби ортада қызу талқыға түсіп жүрген Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы да осындай жазықсыз жапа шеккен адамдардың тағдырынан сыр шертеді. Бұл – әйгілі Шаңырақ оқиғасы туралы роман жанрында жазылған тұңғыш шығарма. Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы кезеңін қорытындылайтын, жаңа кезеңге аяқ басқанда өткенді бір сарапқа салатын шығармашылық интенциядан туған роман дер едім. Әділдік, адалдық ұғымдарын тұлға, қоғам, мемлекет деңгейінде зерделеген жазушының өз шындығы бар. Тұтас аяқталған туынды ретінде оқырманның қабылдайтын өз шындығы бар. Мысалы, әкесіне еріп жүріп, базардан бір уыс жеміс ұрлап жейтін кезін бас кейіпкер сағынышпен есіне алады. Гуманистік, моральдық, діни-философиялық аспектілердің қайсысына салып қарағанда да, адал да әділ ұрпақ тәрбие тұрғысында осынау эпизодтардың ауыр мәніне кім жауап бере алады? Әкесі, Жәкесі, тұтас қоғам, билік т.т... 
Жастардың шығармашылығында адал еңбек адамы немесе соған қатысты мәселе жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Дегенмен тұтастай алғанда, кейінгі буын жазушылар өмірді идиллиялық кейіпте бейнелеуге қарсы. Жастардың ішкі өмір ағыстарына ерекше қызығушылық танытатынын байқаймыз. 

 

 

Айнұр Қазтуғанова,өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор, Музыкатану бөлімінің меңгерушісі: 

 

Өнерге адалдық: шығармашылық тұлғалардың ұстанымы

 

Бүгінгі қоғамда ұрпаққа үлгі болатын танымалдыққа ие тұлғалардың қатарында шығармашылық өнер адамдары десек, қателеспейміз. Олардың шығармашылық тұлға ретінде ұстанымдарын қарастыратын болсақ, әртүрлі деңгейдегі өнерге деген адалдықты аңғартады. Жаһандану үдерісі әсерінен еліктеушіліктен туындап жатқан сын көтермейтін жасанды дүниелер сырт көзге адал болып көрінгенімен, кәсіби ортада олардың құндылықтарының дәрежесі айқын көрінеді. Кәсіби ортада шығармашылық тұлғалардың ұстанымы туралы сөз қозғағанда өнерге деген адалдық өзіне деген шынайылық пен шыншылдық және еңбекқорлықтан бастау алады. Бұл ретте мысал ретінде отандық және әлемдік деңгейдегі шығармашылық тұлғалардың есімін молынан келтіруге болады.
Мәселен, Абай, Жамбыл, Құрманғазы, ХХ ғасырда Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Ермек Серкебаев, сондай-ақ әлемге танымал Паганини, Моцарт, Шопен, Шаляпиндер өзінің дарындылығына адал болып, еңбек еткендіктен, тарихта қалды. Мұндай тұлғалар жеке мүддесін емес, өнерге адалдығы арқылы ел мүддесін жоғары қоя білді
Академик А.Жұбанов Дина туралы очеркінде: «Сексен жастағы Дина жалғыз ұлын майданға аттандырды... Соғыс кезінде Динаның жалғыз баласынан бір жыл бойы хабар болмады. Осыған қарамастан, ол өзінің орындаушылық, композиторлық істерін тастамады, творчестволық күш кемелінде болды. 1944 жылы Ташкентте Орта Азия республикалары мен Қазақстан музыкасының онкүндігі өтті. Осы онкүндікте Дина Нұрпейісова зор табысқа ие болды. Оның искусствосы тыңдаушыларды таңғалдырды. Ал бұл туысқан бес республиканың творчестволық жарысы еді», – дейді.
Роза Бағланова бірегей тұлға ретінде өмірінің соңына дейін халықтың ерке қызы болды. Сондықтан ол өмірінің соңына дейін «Айналайын, халқымнан еркелеткен» деп айтып өтті. 20 жасар өрімдей кезінде Роза Бағланова қайнаған, қырғын шайқастың ортасына барып, жауынгерлерді рухтандырып, әнімен, сұлулығымен, мәдениеттілігімен бақыт сыйлап, ертеңіне сенім ұялатты. Сондықтан Бағланова 1943 жылы Солтүстік–Батыс майданда маршал Коневтің қолынан «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алса, 1945 жылы Варшавада маршал Рокоссовский төсбелгімен марапаттаған. 
Қазақтың әнін, өнерін, дәстүрін насихаттау барысында Роза Бағланова 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің байқауына қатысып, дипломант атанады. Ал 1949 жылы Бухаресте өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты болды. Оның күнделікті киім үлгісі мен ұлттық киім үлгісіне назар аударсақ, бүгінгі бренд киімдер жолда қалады. Осы арқылы әлем халықтарының санасында қазақ қызының сұлу бейнесін қалыптастырып, екі бұрымды, сұлу келбетті, әсем үнді қазақ қызының эталонына айналды.

 

 

Төрәлі ҚЫДЫР, филология ғылымының кандидаты, доцент:

 

Қайырымды қоғам

 

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде әділетті қоғам орнату жағына баса назар аударылған. Ойшыл-ғалым өзінің еңбегінде «Мәдина», яғни «қала» деп алғанымен де, мұны қоғам, мемлекет, қала, отбасы деп түсіну қажет. Ол: «Адам денесінің ағза басшысы өз табиғатына байланыс­ты басқа ағзаларды басқарады. Сондықтан ол – ең ұлық және мәртебелі ағза. Басқа мүшелер оған мойынсұнады және өздерінен төмендегіге қарағанда толығырақ әрі кемелдеу. Жүрек өзінен төмендегі ағзаларды басқарады, олар да өзінен төмендегі ағзаларды басқарады. Қала-мемлекет қоғамының басшысы – ең кемелденген басшы. Ол өз жанындағы ағзаларды басқарады. Олар, өз кезегінде, өз қол астындағы мансап иелерін басқарады», – деп жазады. Қайырымды да мейірімді қоғамды орнату – басты мақсат. Сол қоғамда өмір сүретін адамдар ең бақытты саналады. 
Әл-Фараби осы еңбегінде қайырымды қаладан (қоғам, мемлекет, отбасы т.б.) басқа да қалалар болатынына назар аударған. Оларды надандар қаласы, намыссыздар қаласы, айырбастаушылар қаласы, адасқан адамдар қаласы, мансапқорлар қаласы, даңққұмарлар қаласы деп, қайырымды қоғамның қарама-қайшысы ретінде суреттейді. Бірақ олардың ешқайсысы да жоғарыда айтылған қайырымды да ізгі қалаға жетпейді, – дейді ойшыл-ғалым.
Қайырымды қоғамды әділ басшы басқару керек. Сол басшының бойында көшбасшылыққа тән он екі қасиеттің болуын санамалап өтеді. Оның ойынша, көшбасшының он екі мүшесі сау, естігенін жадында сақтайтын, алғыр ақыл иесі, ойын анық жеткізетін, әрдайым ізденісте жүруі, нәпсінің жетегінде кетпеуі, шыншылдар қатарынан болуы, адамгершілігі мол, дүние-­байлыққа қызықпауы, әділдікті жаны сүйетін, тез шешім қабылдайтын батыл болу керектігіне назар аударған. Осы айтылған он екі қасиеттің адамы – кемел адам, көшбасшы. Ел билеймін деген адамда осы айтылған қасиеттердің, ең кемінде, бес-алтауы болуға тиіс. Сонда ғана осындай басшы басқарған қала (қоғам, мемлекет) ең бақытты қала болмақ.
Әл-Фараби айтқан көшбасшының бойында болуға тиіс қасиеттер ортағасырлық сөз зергерлері мен ойшылдарды да алаңдатқан. Себебі кемелденген қоғамда кемел адам туады. Сондықтан да, Ж.Баласағұн, С.Сараи секілді көптеген ақындардың шығармаларында кемелдік ұстындары кеңінен қамтылған. ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген Абайдағы «Толық адам» ұстанымының негіздері ортағасырлық «Кемел адам» концептісінде жатқаны анық.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында қазақ мәдениеті мен руханиятына қатысты бірқатар дүниелерді атап өтті. Әсіресе Президенттің кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, заманауи үлгідегі кітапханалар салу туралы айтқан ойлары көпшіліктің көңілінен шықты. Себебі көркем әдебиет пен өнерді бойына сіңірген жанның бойында ізгі қасиеттер жинақталады.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұстанымын насихаттау мақсатында  М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Көркем әдебиет пен өнердегі адал, еңбекқор адам концептісі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізген еді. Әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар қатысқан жиында айтылған өзекті ойды газетке ықшамдап ұсындық.

Әзірлеген Бағдат Сұлтанқызы

 

1454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы