• Тұлға
  • 27 Маусым, 2024

ЖАДЫМЫЗДАСЫЗ, АБЫЗ АҒА!

100 жасқа қараған шағында философия патриархы, абыз ақсақал, хикметке ден қойғандардың баршасының ұлағатты ұстазы Досмұхамбет Кішібеков дүниеден өтіп отыр. Телегей-теңіз білім мен даналық иесі дара ақсақалымыз ұрпақтарына мол тағылымы мен тәлімін қалдырып кетті. Ғасырға жуық ғұмырын тұтас ғылымға арнаған Досмұхамбет Кішібекұлы  философияға ғана емес, жалпы ғылымға, тіпті әлем ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, ғылымда ғана шектелмей қоғам өмірінің барлық саласына дерлік үн қосқан қайраткер ғалым-тын. Ғалым-ұстаздың 1000-ға жуық ғылыми еңбектері мен 100-ге жуық монографиялары мен оқулықтары Қазақстан ғылымына қосылған өлшеусіз үлес, баға жетпес байлық, асыл қазына.

Ғалым жетекшілігімен ғылымға келген жүздеген шәкірттері бұл күні еліміздің түрлі саласында: Үкіметте, министрліктерде, түрлі деңгейдегі комитеттер мен департаменттерде білім беру мекемелері мен ғылым ордаларында мерейлі қызмет өткеріп жүр. Басқа еңбектерін айтпағанның өзінде ғалымның бір ғана еңбегі – «Философия» оқу құралы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бүгінге дейін қазақ тіліндегі эталон оқулық ретінде еліміздің барлық оқу орындарындағы бакалавриаттағы білім алушылардың таным көкжиегін кеңейтті. Кішібековтің «Философиясы» тоқсаныншы жылдардағы қазақ тіліндегі бірден бір оқулық саналды. Ол қазіргі кезде де қазақ тіліндегі көптеген кітап арасында шоқтығы биіктігімен ерекшеленеді. Ғалым-ұстаздың «Ғылым тарихы мен философиясы» оқулығы еліміздегі магистранттар мен докторанттардың ғылым мұхитындағы кемесіне айналып отыр. Д. Кішібеков оқулықтарының трансценденттік күші философияны «біртүрлі», «түсініксіз» дегендердің ұстаздың оқулығымен танысып шыққаннан кейін бастапқы ойларынан арылып, оқты, отты сөздермен қаруланып «түсінікті» екеніне көз жеткізуі, тіпті қазақтың тумысынан философ халық екеніне таңдануға алып келгенінде...

Ардақты ұстаздың өмір жолы кімге болса да зор өнеге. Лауазым жөнінен Досмұхамбет Кішібекұлы философия ғылымының докторы, профессор, академик, еліміздің Жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, педагог, ғалым, ұстаз болса, адамдығы мен кісілігі жағынан еңбек ардагері, соғыс ардагері, адал, қарапайым, мейірбан, жас буынға қамқор жан ретіндегі бағаға ие болды. Халықтың берген бағасы жөнінен Досмұхамбет Кішібекұлы әлдеқашан нар тұлғалы азамат, Философия абызы, қазақ философиясының көшбасшысы, майталманы, кемеңгері, патриархы, «Қазақ философиясының алып бәйтерегі» аталды. Ұстазға берілген бағаны ғалым шәкірттері Лесхан Асқар мен Берік Аташтың «Досағаға арнауындағы» шумақтар да дәл ашады:

Талайлар үлгі тұтып ағалаған,

Бел санап панаңызды сағалаған.

Тер төккен еңбегіңіз жемісті боп,

Халқыңыз Елаға деп бағалаған.

Досмұхамбет Кішібекұлы қоғамның түйткілді мәселелерінің бәрінен де қалыс қалмаған. Ғылымдағы жасандылық, плагиат мәселесі болсын, ұлт болмысы, ұлтжандылық, руханият, оқулықтар сапасы, тарихи жәдігерлер мәселесі, қысқасы сан-саланың бәрінде ұтқыр ойлары мен тұщымды пікірлерін айта білген дара кемеңгердің шығармалары тек шағын академиялық шеңберге, студенттерге ғана емес тұтас халыққа бағдарланғанымен ерекше еді. Ерен тұлғаның шығармалары тек стеллаждар мен сөрелерді толтырмай, қалың оқырманның назарынан табылатын, ойлары монография мен оқулықтармен шектелмей үнемі мерзімді баспасөз, сайт, порталдардан тарап жататын.

Досмұхамбет атамыздың шыққан жері киелі Шиелі өңірі. Адамзатқа ұлық ұстаз әл-Фараби, Қорқыт атаны, Түркістан автономиясының қазығын қаққан Мұстафа Шоқай, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев сияқты ұлдарды, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділдә Тәжібаев, Шаһмардан Есенов, Нартай Бекежанов секілді нар тұлғаларды берген Сыр бойы, елінің тәлейіне Досмұхамбет Кішібеков секілді азаматын да дүниеге әкелді. Ата жолын Темір Кішібековтей ғалым ұлы ғана емес тұтас шәкірттері де жалғастырып келеді. Досмұхамбет Кішібекұлы салған философияның сүрлеуімен сандаған ұрпақ жүре бермек...

Қазақ философиясының тарланбозы мен абызы Досмұхамбет Кішібеков енді жанымызда болмаса да, жадымызда мәңгі өмір сүре береді...

Бақұл болыңыз Абыз аға...

 

 

Әсет Құранбек

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының меңгерушісі;

Ерболат Қошқарбаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының аға оқытушысы

                            

1146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы