• Ақпарат
  • 27 Маусым, 2024

ГАДЖЕТТЕР ГАЗЕТТІҢ ОРНЫН АЛМАСТЫРА МА?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Соңғы жылдары газет индустриясы айтарлықтай өзгеріс­терге ұшырады. Әсіресе жаңа бизнес үлгілерімен тәжірибе алмасу, жаңаша ойлау, инновация әлеуетін ескеру мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Баспа жарнамасы сияқты дәстүрлі кіріс ағыны құбылып, баспагерлер табыс табудың жаңа жолын зерттеуге көшті. Түрлі эксперимент арқылы хабар тарату әдісі, газетке жазылу тәсілі, БАҚ-пен серіктестік бағыттар жаңарғанын байқаймыз. Осы ретте бизнесті ескеріп, газеттерді цифрлық дәуірге бейімдеу тұрақтылық көрсеткішін көтерудің негізгі жолына айналды.
Газеттер журналистік зерттеуге баса назар аудару жолына көшті. Себебі жалған жаңалық пен жалған ақпараттың көбеюі сенімді ақпарат көзіне деген қажеттілікті арттырды. Баспасөздің кейбір мәселелерін цифрлық дамуға байланыстыратындар бар. Технология дамыған сайын адамдар жаңалық білу үшін цифрлық ақпарат құралдарына көбірек жүгінеді. Интернет немесе мобильді құрылғылардың жетілуі де жаңалықтарға қол жеткізуді оңай әрі ыңғайлы етеді.  Бұл газет сатылымына кедергі. Осы орайда «Газеттердің болашағы не болады?», «Салмақты, сараптамалық ақпараттың оқырманы бар ма?», «Әлеуметтік желілер мен гаджеттер газеттің орнын алмастыра ала ма?», «Баспасөз беттеріндегі материалдарды заманауи, сапалы сақтаудың жолы қандай?» деген сұрақтардың жауабын сала мамандарынан сұрап көрдік. 

 

Марат ТОҚАШБАЕВ,  жазушы, публицист: 
 

Сараптама 20–30 минутта жазылмайды

 

Газет-журналдардың болашағы бұлыңғыр емес. Осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын Жапонияда, Америкада сапарда болдым. Ол кезде сайттар пайда болып жатқан кез, енді газет-журналдар болмайды деген қауіп болған. Бірақ сол заманның өзінде Жапониядағы газеттер, Америкадағы беделді басылымдар редакцияларында болдық. Америка басылымдарының таралымы 11–12 млн, Жапония басылымдарының таралымы 7–8 млн данаға жетіпті. Газеттің таңертеңгілік саны, кешкілік саны болады екен. Сондықтан газет-журналдардың болашағы жоқ деген қате түсінік. 
Иә, қазір оқыс оқиғалар, оқыс жаңалықтар тез тарайды. Бірақ ондай ақпарат тарататын сайттар жан-жақты сараптамаға өте сараң. Себебі сараптамалар 20–30 минутта жазылмайды. Олардың барлығы қағаз нұсқадағы бұқаралық ақпарат құралдарында, яғни газет-журналдарда жарық көреді. Баспа басылымдардың өз оқырманы бар және осы бағытта жұмыс істейтін журналистердің үлкен армиясы жасақталған. Бұл бағыттағы жұмыстар журналистердің арасында ешқашан құндылығын жоймайды. 
Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен гаджеттер газеттердің орнын алмастыра алмайды. Гаджеттердің бағыты мен орны өзгеше. Олар ақпаратты өте жылдам беруге бағытталған. Ал газет-журналдар ақпараттарды сараптамалық-талдамалық бағытта беруге бағытталған. Бұл екеуін шатастыруға болмайды. 
Баспасөз беттеріндегі мате­риал­дарды сақтаудың жолы – электронды сақтау. Дүниежүзіндегі кітапханалардың көпшілігі цифрлануға көшіп болып қалды. Цифрлану үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Бірақ бұл баспа кітаптың шығуына кедергі емес қой. Сондықтан газеттік нұсқадағы бұқаралық ақпарат құралдарының да ғұмыры қысқармайды. Бұл тараптан қазақ баспасөзіне, оның ішінде қазақ тіліндегі газет-журналдарға пәлендей қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айта аламын. 

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы:

 

Тасқа басылған сөз қымбат

 

«Баспа басылымның болашағы бар ма, жоқ па?» деген сұраққа жа­уап берместен бұрын, газет-журналдарымыздың неге мұндай мүшкіл халге түскен себеп-салдарына қысқаша үңілсек. Кеңес өкіметі кезінде, шындығын айту керек, баспасөзге оң көзбен қарады. Баспасөзге жазылуды қатаң күн тәртібіне қойды. Халық газет оқуды үйренді де, оны рухани байлық көзі деп қабылдады. Газет-журналдардың таралымы 100 мыңнан миллионға дейін жетті. Мәселен мен істеген «Лениншіл жастың» таралымы 300 мыңнан асып-жығылды. Тәуелсіздігіміз келгеннен кейін рухани байлықтың көзі – ауылды қолдан күйретті. Билік те баспасөз таралымы мәселесіне бас ауыртпады. Қазақ халқы материалдық және рухани байлықтан айырылды. Басылымдар таралымы күрт төмендеді. «Ана тілі» газетін біз тоқсаныншы жылы аштық. Халықтың сусап отырған тақырыптарын ұсындық. Газет таралымы сол жылдары 100 мыңнан асты. 
XXI ғасырдың алғашқы жиырма жылында басылымдар ілдалдалап күн көрді. Қазір өте қиын жағдайдамыз. Біздің газетіміз мұрындық болып дөңгелек үстелдер жасап, қазақ басылымдарының аттарынан Президентке бірнеше мәрте хат жолдадық. Мәдениет және ақпарат министрлігі қазір балалар басылымының таралымы артуына ден қоя бастады. Рақмет! Қалған басылымдардың таралым мәселесін назарға алатын уақыт та келер. 
Қазір жастар газет оқуды қойды. Бұрынғы көнекөздер жаздырып алады. Олардың өзі азайып барады. Салмақты, сараптамалық ақпарат қажет. Бірақ құлаш-құлаш емес. Қысқа да нұсқа. Мақаланың формасын өзгерту керек. Оларды сайттар арқылы қосымша насихаттау қажет. 
Сайт, гаджеттер газеттердің орнын баса алмайды. Осы мәселені халыққа насихаттап, құлаққа құю керек. Тасқа басылған сөз қымбат. 
Иә, газет сайттары қажет. Сайттарда мақаланың мазмұнын аудиомен айтылуын да енгізу қажет шығар. Мысалы, әдеби шығармаларды оқып беру әдісі енгізілсе, қандай тамаша! Сондықтан мақалалардың жартылай мазмұнын сайттар, әлеуметтік желілер арқылы дауыстық тұрғыда жеткізген дұрыс деп ойлаймын. Осы арқылы оқырманды қызықтыру керек.

 

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, «Айқын» газетінің бас редакторы:

 

Медиа ресурстардың ешқайсысы түбегейлі жойылған жоқ

 

Әлбетте, қазір газеттердің болашағына қатысты түрлі күмәнді ойлар, болжамдар басым. Бірақ әлем тарихында газеттердің шығып келе жатқанына шамамен  4 ғасырдан аса уақыт болды. 1600 жылдардан бері Батыс елдерінде газет тарайды. Қазақ даласында да газеттердің шығып келе жатқанына, «Түркістан уәлаяты» сияқты газеттердің жарық көрген уақытынан бері есепке алсақ, шамамен 150 жылдай уақыт болды деген сөз. Сондықтан газеттердің болашағы жоқ деп бірден кесіп-пішіп айтуға болмайды. 
Иә, дамыған интернет, жасанды интеллект газеттердің тағдырына тікелей әсер  етуі әбден мүмкін. Бірақ Еуропада, Батыста, Түркияда газет оқу мәдениеті қалыптасқандықтан, ондағы газеттер шығып келе жатыр. Қазақстанда дәл сол Батыс елдеріндегідей газет оқу мәдениеті қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан бізде газеттердің таралымы аза­йып келеді және газеттердің саны да күн өткен сайын азая түсері сөзсіз. Санаулы газеттер алдағы 15–20 жылға дейін шығып тұруы мүмкін. Бұл жерде газеттердің мемлекет тарихындағы белгілі бір құрал екенін ескеру керек. Яғни хат рөлін атқаратынын назарда ұстаған дұрыс. Мысалы біз «Қазақ» газетінің тігінділерін архивтегі нұсқаларын әлі күнге дейін зерттеп, ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының жай-күйі, әлеуметтік қарым-қатынастар, көтерілген мәселелер туралы зерттеулер жасап жатырмыз. Сол арқылы сол кезеңді танып келеміз. Мәселен, 2019 жылы, «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығы болған кезде, сонау 1919 жылдан бергі шыққан газеттерді жинап, үлкен 5 томдық кітап жарияланды. Ол кітапқа қарасаңыз, сол ХХ ғасырдан бері қазақ қоғамында не өзгерді, қандай тақырып көтерілді, халық қандай мәселеге алаңдады дегенді түйіп, көріп, білуге болады. Сондықтан газеттер осы тұрғыдан келгенде мемлекет тарихында архив рөлін атқаратындай құрал болуы ғажап емес. Өйткені газеттер архивтерге де барады, кітапханаларда да сақталады, түрлі аймақтарға жетеді. Сол тұрғыдан қарастырсақ, алдағы 15–20 жылда мемлекет газеттердің түгелдей жабылып қалуына жол бермеуге тиіс деген ойдамын. 
Әрине, интернет, ғылыми техникалық жаңалықтар, қағаз шығаратын кәсіпорындарға, яғни көп шығын кететін өнімдерге біршама тосқауыл қоюы мүмкін. Өйткені газеттердің көп шығын талап ететіні сөзсіз. Әлбетте кәсіпкерлер, газетті кәсіп қылғандар бұл жерде шығынсыз жұмыс істеуге тырысады. Сондықтан интернетке жүгінуі ғажап емес. Қазіргі технологиялық дамуға қарасаңыз, алдағы уақытта газеттің қағаз нұсқасы емес, газет типтес пластинкаларға шығып, жазылған адамның үйіне келетін болса және апта сайын немесе күн сайын пластинкадағы мәтіндер өзгеріп тұратындай планшет түріндегі газет шықса, таңғалмаймын. Өйткені қазіргі жаңалықтарға толы заманда мұндай дүниелер жасау қиын емес сияқты. Сол себепті газеттің болашағы туралы нақты болжам айту қиын. Дегенмен теледидар шыққанда радио құриды деді, интернет шыққанда теледидар құриды деді, байқауымызша, медиа ресустардың ешқайсысы түбегейлі жойылған жоқ. Белгілі мөлшерде бірін-бірі толықтырып, жұмыс істеп келе жатыр. Сондықтан газет те алдағы 15–20 жыл бойы халыққа қызмет ете беретін шығар деген пікірдемін. 
Салмақты сараптамалық ақпараттың оқырманы азды-көпті болса да бар. Бұл жерде мынаны ескеру керек, әдетте сараптамалық, салмақты материалдарды интеллектуалды өресі жоғары, бұл салаға кәдімгідей қызығатын ойлы адамдар оқиды. Сондықтан күнделікті хайп тақырыптар сияқты көп оқылмауы мүмкін. Алайда мұндай материал­дарды оқитындар ондағы дүниелерді ой елегінен өткізіп, белгілі  бір қорытындыға келетіндер шын мәнінде қоғамдық пікірдің жетекшілері деген сөз. Яғни жиналған қауымды аузына қарата алатын, сонымен қатар белгілі бір мәселеге салмақты пікір айта алатындар сараптамалық материалдарды іздеп оқиды деген сөз. Сондықтан газетте салмақты сараптамалық мақалалар, шолулар көп жарияланса, оқыр­манның көңілінен шығады. 
Қазақстанда кейбір аймақтарда аудандық, қалалық газеттерді дамыту мүмкіндігі әлдеқайда зор сияқты көрінеді. Өйткені онда негізгі тұлғаға, адамға қатысты ақпарат тарату арқылы, сол жергілікті қауымның ішіндегі беделді азаматтардың немесе білімді азаматтардың жазған-сызғанын тікелей оқырманға жеткізу арқылы аймақтық деңгейде өзіндік көзқарас ұстанатын тұлғаларды танытуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар аймақтық деңгейдегі мәселелер басылымдарда көтерілген кезде ол мәселелердің шешілу мүмкіндігі де әлдеқайда жоғары болады. Салмақты басылымдардың осындай ерекше қырлары да бар. Қазақстанда екітілді медиа нарық бар екенін ескеру керек, сондықтан осы ектілді медиа нарықтағы позиция да екі түрлі сияқты көрінеді. Орыстілді медиа нарықта индивидке бағытталып жұмыс істейді, екі адамның мысалынан көбірек мәселе көтереді. Ал қазақтілді медиа нарықта жалпы, тұтас, қоғамдық ірі мәселелерді көтеруге тырысады. Айталық, тіл мәселесі, жер-су атаулары немесе ауыл шаруашылығы, әдебиет, мәдениет деген сияқты тақырыптарды талқылаған кезде қазақтілді медиа жалпыға жүгінеді де, көп мысал келтіре алады. Осындай сипаттағы мазмұндық айырмашылық бәрібір сараптамалық-салмақты материалдарға деген сұранысты сақтап тұруға мүмкіндік береді деген ойдамын. 
Әлеуметтік желілер мен гаджеттер, әлбетте, белгілі бір мөлшерде газеттің орнын алмастыра алады. Әсіресе ақпараттық тұрғыдан. Белгілі бір ақпарат шықса, оны әлеуметтік желілер арқылы, интернет арқылы тарату әлдеқайда жылдам, оқыр­манға тез жетеді. Бұл жерде СММ мамандарының жұмысы бар және өзге сала мамандарының жеделдігі, сөзсіз, газеттің алдын орап кетеді. Бірақ белгілі бір ақпаратты сараптап, сол оқиғаның себебі қайдан шықты, енді қандай салдары болуы мүмкін, қашанға дейін жалғасады деген сияқты сауал­дарға жүйелі жауап іздеп, соны оқырманға ұсына алған жағдайда, газеттің басымдығы артады. Әсіресе әлеуметтік желілер, интернет арқылы қоғамға түрлі идея, түрлі пікір, ақпарат тықпалау мүмкіндігі бар. Соның ішінде газет – сондай ақпараттарды жоққа шығаруға немесе талдап, саралап беруге мүмкіндік беретін құрал. Сол себепті әлеуметтік желілер мен гаджеттер газеттің орнын бірден алмастырады деп айта алмаймын. Бірақ белгілі бір мөлшерде көп функциясын алмастыруы мүмкін. Жедел ақпарат тарату, визуализация, яғни видео-аудио тұрғысынан газеттің орнын тез алмастырады. Өйткені газетте ондай мүмкіндік жоқ. Ал газеттің әлеуметтік желілерге қарсы тұратын жалғыз амалы – салмақты, нақты зерттелген, мәселені жан-жақты талдаған материалдар жария­лау арқылы белгілі бір қарсылық танытуына болатын шығар. Қалай болғанда да дәстүрлі медианың барлық құралдары, теледидар да, газет те, ішінара радио да дәл қазір ақпарат тарату тұрғысынан әлеуметтік желі көмегін пайдаланып жүр. Бірақ дәстүрлі медианың қосымша мүмкіндіктері сараптамалық және жан-жақты мақалалар ұсынуға негізделгенін естен шығармаған дұрыс шығар. 
Әлбетте, сайттағы материалдар техникалық қателердің кесірінен жойылып кетуі мүмкін. Оның үстіне орталықтардағы серверлер белгілі бір техникалық құралдарға байланысты болғандықтан, қуатты хаккерлік шабуыл жасалса немесе Қазақстан әлемдік интернет желісінен қандай да бір себеппен ажырап қалса, көп дүние жоғалуы ғажап емес. Мысалы, кезінде Massagan.com деген сайт болған, 2005 жылы ашылған, интернет кеңістігіндегі алғашқы қазақтілді сайттардың бірі еді. Кейін оның серверін Қазақстанға орналастырудың қаржылық тұрғыдан мүмкіндігі болмады, сол себепті онда жиналған көптеген архив материалдары сол серверде қалды да, қазір ешкімге қолжетімді болмай тұр. Ешкім сол сайттағы материалдарын таба алмайды. Өйткені сервер жүйеге қосылмаған. Сол сияқты сайттағы материалдар да кез келген сәтте жойылып кетуі әбден мүмкін. Ал баспасөздегі материалдар кітапханаларда, архивтерде сақталады. Кітапханалар мен архивтер біршама заманауи технологияларға негізделіп келе жатқандықтан, газеттердің сақталу ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Әлбетте, мемлекет елдегі ірі басылымдарды, он шақты газетті Қазақстандағы барша кітапханаға жететіндей деңгейде қолдау жасап отыруға тиіс. Айталық, Кітап палатасынан бастап, облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларға дейін әр газеттің, кемінде, екі данасы жеткізіліп тұрса, сөз жоқ, басылымдардың сақталу мүмкіндігі де арта түседі. Өйткені елімізде шамамен 8 мыңнан аса кітапхана бар десек, бір газеттің 8 мың данасы 8 мың түрлі жерде сақталады. Ал оларды заманауи жолмен сақтау сол кітапханалардың, архивтердің техникалық талаптарға қаншалықты сай екеніне байланысты. Өкінішке қарай, Қазақстанда бірқатар кітапханалар әбден ескірген, тозған. Мысалы, кезінде «Айқын» газеті Түркістан облысында жыландар мекендеп алған кітапханалар бар екенін жазды. Ондай жерде газеттердің де, кітаптардың да сақталуы қиындау. Сондықтан бұл басылымдардың сақталуы мен болашаққа мұра ретінде қалуы кей салалардың дамуына да тікелей байланысты. 

 

 

Дәрмен СМАЙЫЛ, журналист, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы: 
 

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі маңызды

 

Халықаралық ақпарат кеңістігінде газеттердің болашағына, анығын айтқанда, қағаз басылымдарының келешегіне деген алаң көңіл бұрыннан бар. Өйткені бұл – «ақпараттық майданға» интернет, жаңа медиа енгелі бері қозғалып келе жатқан риторикалық тақырып. Жасыратыны жоқ, мұны бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы әрі қоғамдағы «жауыннан да жұмсақ вирус» деп атауға да болатын шығар немесе анда-санда санаға «егілетін» ақпараттық инъекцияға ұқсатамын. 
Қарапайым мысалдарды келтірейік. Мәселен, Қазақстанда ресми түрде 5 000-нан аса БАҚ тіркелген десек, оның 70 пайызы газет-журнал екен. Былтыр ресми түрде жаңадан ашылған 132 баспасөз есепке алынған. Егер оның оқырманы, аудиториясы, айналасындағы жанкүйерлері болмаса, статистика осыншалықты жер мен көктей болар ма еді?! Сондай-ақ карантин де баспасөзге деген сенім мен үмітті қайта арттырды деуге болады. Сол уақыттан кейін әлемдегі ең алпауыт деген басылымдар бұған дейін жоғалтқан 25–30 пайыз аудиториясын қайта қалыпқа келтірген. Бұл газет болашағы туралы сауалдың өзінің аса маңызды емес екенін дәлелдейтіндей...
Ал баспасөз редакциясы өз аудиториясы үшін күреспесе, бәсекелестікке қабілеттігін арттырмаса, заман талабына сәйкес жаңа мүмкіндіктерге жол ашпаса, онда оның нарықта жойылатыны анық. Оның себебін өз ішінен іздеуі қажет.
Тағы бір айта кетерлігі, тасқа басылатын баспасөздің ақпараттық БАҚ пен жаңа медиадан, интернет-журналистикадағы блогосферадан телеграфтық стильде басым түсетін артық тұсы бар. Ол публицистикалық жанр тұрғысынан, яғни терең зерттеулерге құрылған талдамалық және көркем-публицистикалық жағынан. Ақпараттық-сараптамалық және талдамалық мақалалар мен түрлі тақырыптарды індетіп жазатын журналистік зерттеу бағытынан өз асығын алшы түсіре алады. Оқиғаларды ойнатып жеткізуде жанрлық, пішіндік тұрғыда да, тілдік-стильдік жағынан да қоғамда өз беделін арттыруға толық негізді. Сонымен қатар газет деген сөз – жарияланған құнды материалдардың электрондық нұсқасы, әлеуметтік парақшаға салынатын (жеңіл-желпі емес) салмақты мақала және сол газеттің ақпараттық сайты емес пе? Демек, әлеуметтік желілер мен гаджеттердің алдын мың орап кететін сенімді ақпарат көзі, фейк ақпараттарға жол бермейтін ресурс. Яғни әлеуметтік желі мен гаджетті газетпен салыстыра алмайсыз. 
Ашығын айтайық, қоғамда жеңіл-желпі ақпараттарға бас қатыра бермейтін, түрлі бейнежазбаларға қатысты иммунитеті қалыптасқан, сын тезінен өткізіп, безбендей алатын оқырман жеткілікті. Олар көбіне салмақты да салиқалы сараптамалық материалдарды іздеп оқиды. Осыған орай, кәсіби журналистің алдында әрбір материалды бергенде талдамалық жағы басым әрі оны әсерлі, қысқа да нұсқа беру мәселесі шығатынын айта кету керек. Аудитория үшін күресте «қыздың жиған жүгіндей» дүниелер құнды.
Сондықтан ақпараттық бәсекеде ғаламтор, жаңа медиа баспасөзді жояды деген пікір жаңсақ. Кезінде «теледидар келді, кітап өлді» деген заман туралы да естігенбіз. Қайта газеттердің интернет желісіне икемделіп, медиа кеңістіктің маңызын арттыра түсетін жолдарын ойлағанымыз жөн. Бұл цифрлық медиа, кибер-журналистикада да қабілетін шыңдай түсуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Газет редакциялары осыған басымдық беруі керек.
Ақпараттық технология ғасыры саналатын уақытта тағы ең үлкен мәселе бар. Сайттағы материалдардың жоғалып кету мүмкіндігі. Интернет пен жаңа медиадағы материалдардың сақталуы, қандай да бір техникалық қателік пен ақауларға байланысты «айдыннан» жоғалып кетуі – өте шынайы факт.
Мысал келтірсем, менің өзімнің «ayqap.kz» және «bitik.kz» деген екі ақпараттық порталым болды. Техникалық қателікке байланысты ішіне жылдар бойы салынған материалдардан айырылып қалдым. Ең қызығы, сайтқа салынған «Айқап» газетінің соқталы да сүбелі мақалалары тасқа басылғандықтан архивте, газет тігінділерінде сақталып тұр. Ал тек қазақ кітабы тақырыбына арналған материалдар жинақталған «bitik.kz» порталындағы шығарылымдар тасқа басылмағандықтан, ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Бағасы өлшеусіз қаншама еңбек құмға сіңген судай жоқ болды. Ішің қатты ашығанмен дәрменсіз күй. Осыдан-ақ тасқа басылмағаннан кейін қандай архивтен айырылып қалуымыздың мүмкін екенін бағамдай беріңіз.
Мұндай күйді бастан кешпес үшін рухани байлығыңызды сақтауда ақпараттық қауіпсіздік мәселесін басты тетік ретінде қарастырғанымыз дұрыс. Яғни ақпараттық хакерлерден қауіпсіз жерлерде, бөлек қатты дискілерде, сондай-ақ ел «бұлтты технология» немесе «тысқарғы қойма» атап жүрген «ұраларда» сақтау жолдары бар. Бірақ қағазға басылып қатталып тұрмағандықтан, оған да сенім 100 пайыз емес.

 

P.S.

Қоғамдық көзқарастың қалыптасуындағы газеттің рөлі зор. Интернет үстемдік құрған заманда газеттің болашағы жоқ дегенді де естиміз. Бірақ газет көтерген мәселенің шешілмей қалған күні жоқ. Газет бетінде жарияланған әр қызықты мақалаға тақырып ұсынатын халықтың өзі. Халықтың тағдырына бейжай қарамаған газет арқылы айтулы мәселелер көтерілді, өңір өмірі осы газет беттерінде жарияланады. Газеттерге шығатын әр ақпарат түрлендіріп емес, оқырманына нақты дерек көзімен сараланып, жан-жақты зерттеліп барып жарияланады. Газет – тарих. Ал газеттің тірегі – оқырман.

 

1695 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы