• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

Сұраған Дөрбетхан, ҰҒА академигі: Математиканы сүю керек

Сұраған Дөрбетхан – ғылым докторы, Назарбаев университетінің ассистент профессоры, ҰҒА академигі. Азия құрлығы бойынша The Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығын ең алғаш иемденген жас ғалым. Оған қоса, Дөрбетхан – шетелде ең көп цитата алатын қазақстандық ғалымдардың бірі. Scopus дерекқорына сәйкес, оның еңбектері 383 рет жинақталған, ал Хирш индексі (h-index) 2018 жылы Сұраған Дөрбетхан Ferran Sunyer i Balaguer Prize сыйлығын жеңіп алды. Дөрбетхан  ­–­тарихтағы ең жас ғалым және мұндай марапатқа ие болған тұңғыш азиялық ғалым. Ол бұл сыйлықты Лондон Корольдік колледжінің профессоры Майкл Ружанскиймен бірге «Біртекті Ли топтарындағы Харди теңсіздігі (Харди теңсіздігіне 100 жыл)» атты монографиясы үшін алды. 2020 жылы доктор Сұраған Дөрбетхан Қазақстан Респуб­ликасы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық – ғалымдар мен техникалық мамандардың қоғам мен мемлекетке сіңірген еңбегінің жоғары бағалану көрінісі. 2022 жылы доктор жас ғалым Халықаралық математиктер конгресінің (ICM) төрағалығына шақырылды. Ал ICM – математикадағы ең ірі конференция екені белгілі. Математик-ғалымнан болашақта математика пәнін оңтайландыру мен математикалық білімдер қалай қолжетімді болатыны туралы, математика ғылымының адам санасына, логикалық ойлау қабілетіне әсері жөнінде, ана тілінің рөлі, Харди теңсіздігін ашудағы тағы бір ғылыми жаңалығы, ғылымдағы сабақтастық, кванттық информатика, математикалық модельдеу, «Болашақ» бағдарламасы, Отанға қыз­мет ету, алдағы онжылдықтағы ЖИ, оқушылардың қызығушылығын арттыру, мұғалімдік қызмет жайында әңгіме өрбіттік. 
 

– «Математика саласы менікі» деген ой қай уақытта келді?
– Университетке дейін математика ғылымымен айналысамын, кәсіби тұрғыда сол салада жұмыс істеймін деген ой менде болған жоқ. Себебі біздің өскен кезеңіміз 1990 жылдармен тұспа-тұс келді. Тарих ақтаңдақтарына сәйкес, бұл тоталитарлық кезеңінен кейінгі тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдары рухани, экономикалық тұрғыда аласапыран заман болды. Мектеп оқушыларында «оқымысты боламын, болашақта ғалым болып, еліме қыруар пайда әкелемін, үлкен кәсіпке ие боламын» деген сенім түгілі, мақсат та болған жоқ. Университетке келгенде өз саламның кәсіби маманы атану үшін түрлі бағыттағы ғылыми семинарларға қатыстым, ғылыммен айналысып жүрген мамандарға, жетекшілеріме еліктедім. Ал кейбір жас ғалымдар семинарларға қатысқысы келмейді. Олар «түсінбеймін, сол уақытта басқа «пайдалы» нәрсе істеймін, есеп шығаруға көмегі жоқ» сынды ойларын алға тартады. Бірақ, басқаны айтпағанда, ғылым жолындағы марафонда лайықты жүруге семинар рухани күш-қуат көзі бола алады. Қалай дейсіз ғой. Офлайн болса жөн. Бастысы, ол семинарға сол саланың тәжірибелі мамандары қатысуға тиіс. Аптасына 1–2 рет. Осылайша, өзіңізді үлкен жамағаттың мүшесі ретінде сезіне бастайсыз. Тіпті қоғамнан оқшауланған ең атақты ғалым Перельманның өзі Нью-Йоркте жүргенде Бостонға (300 шақырым) семинарға барып тұрған. Елімізде кейбір ғалымдар қиын кезеңнің өзінде семинар арқасында ғылымда қалған. Мен де солай «ақырын жүріп, анық басып», ақиқат дүниенің сандық қатынасы мен кеңістік пішіндері туралы ғылым – математика әлеміне ендім. Қазіргі ата-аналарда баланың тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын қолжетімді әрі үлкен мүмкіндік бар. «Темір құрылғыға» күнделікті уақытының көп бөлігін арнайтын ата-аналар талғаусыз ақпарат пен дайын, оңай контенттерді тұтынып, уақытын өлтіріп жатқандай сезіледі. Керісінше, интернетте жүйелі түрде балаға қатысты ақпарат іздесеңіз, оның қабілетін танып-білуге байланысты болашақта мамандық таңдауына жағдай жасауға ықпал ететін білім қоры бар. Интернетте қажет деген ақпараттардың кез келгеніне қол жеткізуге болады. Бір мысал келтірейін. Менің ғылыми жұмыспен, ғылыми мақалалар жазумен айналысатын досым бар. Ол кісінің аты-жөні – Арран Фернандес. Кембридж университетінің тарихында оқуды үздік деген бағамен бітірген ең жас түлек. Мен Арран Фернандестен, ғалым ретінде жетістікке жетуінің кілті неде екенін сұрап-білдім. Алғаш 2000 жылдардың басында шетелде интернет бәріне қолжетімді бола бастады ғой. Арраның әкесі қарапайым, баласының болашағын ойлаған ата-ана болған. Сол кісі интернетті тиімді пайдалану арқылы қажет ақпарат алып, оны қағазға шығарып, тапсырмаларды жүйелі түрде орындатқызып, арасында видеолар көрсетіп, оны ер жеткенше дейін білімге баулып тәрбиелеген. Кейіннен ұлының математикалық жағынан ойлау жүйесі, қабілет-қарымы жоғары екенін түсінген. Кембридж университетінің тарихында қалған үздік жас ғалымның жолы балалық шағынан-ақ осылай белгілі болған екен. Менде өмірден алынған осындай оқиға-мысал бар. Қазіргі заманда ақпараттық кеңістікте қызыл-жасыл дүниеге қарап отыра берсеңіз, уақытыңызды өлтіріп, өзіңізге де, отбасыңызға да пайда әкелмейсіз. Адам интернет арқылы өзін өмірлік жолда шыңдау, дамыту, тұлға болып қалыптасуы үшін көп қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады. Интернет құралдарын тиімді не тиімсіз пайдалану – өз таңдауыңыз. 
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қоғам қайраткері, жас академик, ғалым болумен қатар, әкесіз, жарсыз. Бұл әлеуметтік мәселеде адамның адами қасиеттері рөл ойнайды ғой. Жақсы адам дегеніміз кім?
– Өмірде адамгершілік қасиет жоғары рөл ойнайды. Бұл өмірдегі басты мақсат ­–­ адам болып өмірге келген соң, адам болып жүру, адам болып өмірден өту. Жақсы адамды сипаттауға арналған әмбебап анықтама жоқ сияқты. Бірақ жақсы адам болудың бірінші қадамы – ісіңізге, айналаңызға жауапкершілікпен қарау, адал болу. Өз тәжірибеме келетін болсам, адам өзін-өзі жақсы адаммын деп ойламауы керек. Асылығы сол, көп адам өзінің ішкі жан дүниесіне үңілмейді, өзінің қандай түр-тұлғадағы адам екенін ойламайды. Адам, ең біріншіден, өзіне «мен қандай адаммын», «қоршаған ортаға не бере аламын», «халқыма қандай пайда келтіре аламын» деген сұрақтарды қойып көруге тиіс. Саналы адамды жануарлар әлемінен ажырататын да ойлау қабілеті, өз-өзіне сұрақ қоя білу қасиеті, сол бір сауалдың жауабын алып, әрекет етуі. Бірақ ой соңы «мен жақсы адаммын» деген түйінге әкелмеу керек. Себебі жақсы адамның болмысы тікелей іс-әрекеті арқылы ұзақ уақыттан кейін ғана анық болады. Адамның қандай екенін араласатын ортасы жақсы біледі. Уақытша жақсы адам болу жақсылық емес. 
– Сіздің сөз саптауыңыз жақсы деңгейде екенін білеміз. Ана тілінің рөлі туралы не ойлайсыз? Халықаралық беделді басылымдарда математика туралы ғылыми зерттеулеріңізді ағылшын тілінде жазасыз. Бұл сізге қиындық тудырмай ма? 
– Ана тіліміз – ұлттық бірегейліктің, ұлттық бірлігіміздің, елдігіміздің негізгі тіректерінің бірі. Ана тіліміз – әлемдік мәдениеттің, өркениеттің бір бөлігі. Халық ретінде «аспаннан аяғымыз салбырап түскеніміз жоқ», біздің ерекшелігіміз де осы тілімізде. Кейбір азаматтарымыз «ғылыми-техникалық талқылауларды, баяндамаларды ана тілінде жүргізу қиын, оған ана тіліміздің ауқымы тар» деп ойлайды. Менің ойымша, ол азаматтардың пікірі жаңсақ. Неліктен? Себебі тіл – тірі организм. Өзіміз сол тілде сөйлемесек, бай сөздік қорын пайдаланбасақ, ол, әлбетте, тұрмыстық тіл болып қала бермек. Бірақ бұл пессимистік ойларға қарамастан, қазіргі кезеңде ана тіліміз әлемдік аренада әжептәуір деңгейде өз орнын алды. Оның басты себебінің бірі – жасанды интеллект. Қазіргі таңда ЖИ ана тілімізді толық үйреніп жатыр. Мысалы, GOOGLE аудармаға кіріп көріңізші, оның негізінде сол жасанды интеллект жатыр. Ғылыми-техника саласындағы қиын бір сөзді қазақ тіліне аударып көрсеңіз, аударма сапасы біршама жақсарып қалғанын байқайсыз. Бұл одан әрі қарай жақсара бермек. Сондықтан ана тіліміз тәуілсіздігіміздің басты нышаны болып қала береді, ана тілімізде сөйлейтін жастар көбейе береді. Еліміздің мәдениет, өнер, ғылым, спорт, тағы басқа саладағы жетістіктері ана тілімізге деген қызығушылықты арттыра бермек. Ана тіліміздің болашағы туралы айтқанда мен оптимиспін. Әңгіменің басын ағылшын тіліне бұрайық. Ағылшын тілі, сөзсіз, әлемдік тіл, ғылыми тіл. Әр азамат ағылшын тілін білуге тиіс. Ағылшын тілін білу сіздің ерекшелігіңіз болып саналмайды, ал ағылшын тілін білмеу – кемшілік. Қазіргі заманда ағылшын тілін білмей сол саланың мықты маманы болып кету екіталай. Себебі қайсыбір дамыған елдер болсын – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай – ағылшын тілін жақсы меңгерген. Ағылшын тілі мектепте негізгі оқытылуға тиіс пәндердің бірі болуы керегі сондықтан. Ағылшын тілін заманауи, бәсекеге қабілетті тұлға болу үшін білуге ұмтылу керек. Ағылшын тілін толық меңгергендіктен, ғылыми жұмыстарымды сол тілде еркін жазып, халықаралық ғылыми айналымға енгізіп отырамын. Негізінде екі ғана тіл керек қой: бірі – ана тілі, екіншісі – ағылшын тілі. Өзге тілдерді өз қалауыңыз бен қажетіңізге қарай меңгере аласыз. Көп жағдайда тіл меңгеруден гөрі өз мамандығыңызға көбірек көңіл бөлу керек болады. Математика саласына келер болсақ, ана тіліңізді кемелдендіріп, жетілдіре білсеңіз, оған қоса, ағылшын тілін толық деңгейде меңгеріп алсаңыз, соның өзі жеткілікті. Қалған тілді білу мақтаныш емес. Сіз мамандығыңыздың кәсіби шебері болуға ұмтылуыңыз керек. 
– Қазіргі таңда математика ғылымындағы қандай негізгі мәселелер ғалымдардың қызығушылығын тудырып жатыр?
– Жалпы, әлемдік деңгейде адамзаттың алдында өзекті, үлкен мәселелер бар. Ол мәселелерді шешуге тырысуымыз керек. Олардың бірі – жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі. Өткенде ғана еліміздегі жойқын су тасқынына, ондағы түрлі трагедияларға куә болдық. Еліміз біршама экономикалық шығынға да батты. Климаттың өзгеруіне байланысты жазғы уақыттағы алапат өрттің туындауы, су тасқыны сынды катаклизмдер орнап жатыр. Бұл үрдісті алдын ала болжай білу маңызды. Осындай мәселелерді шешу үшін барлық еңбек құралын пайдалану қажет. Сол құралдардың бірі де бірегейі –­ математикалық модельдеу, математикалық әдістерді қолдану. Сол модельдерді құру бір басқа да, оны есептеу мен шешу – басқа мәселе. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – есептеу математикасы, компьютер математикасы. Ал екінші мәселе – әлемдік жаһандануға қатысты үлкен мәліметтермен жұмыс істеу. Жер бетінде болып жатқан кездейсоқ құбылыстарды зерттеу үшiн статистикалық мәлiметтердің қажет екенiн бiлемiз. Сол статистикалық мәлiметтердi жинап, өңдеп, ғылыми талдау жасаумен шұғылданатын ғылымды математикалық статистика деп атайды. Айта кетейік, үлкен мәліметтерді сараптаудағы, үлкен даталармен жұмыс істеудегі таптырмас математика ғылым саласының бірі. Үшінші, бірақ алдыңғы екеуінен кенде емес математикадағы өзекті есептеулердің бірі – жасанды интеллект. Жасанды интеллект дәуірі келе жатыр, әлдеқашан келіп қойды да дейміз, сол ЖИ-дің негізін құрайтын математикалық пәндерді дамыту. Жасанды интеллектіге байланысты кез келген оқулықтарды оқи бастасаңыз, кемінде 5 математикалық саланың маңызына тоқталып кетеді. Ол 5 саланы білмесеңіз, сіз жасанды интеллект жасаудағы маман бола алмайсыз. Математика – тәуелсіз ғылым, дербес дамуға хақысы бар ғылым. Оның бітер-бітпес сан алуан сұрақтары мен өз әдемілігі бар. Математикаға қызығатын бар жастар бұл ғылымды шығармашылық тұрғыдан дамытуы керек. Математиканы сүйіп таңдау керек, бұл ғылым саласында қажет екен деп дамытып, жаңалықтарды ашу ұзаққа апармайды. Заманауи математикадағы өзекті мәселелердің бірі – математика пәніне, ғылымына деген қызығушылықты арттыру. 
– Соңғы уақытта ешбір БАҚ-қа айтпаған қандай маңызды математикалық теоремалар мен нәтижелерге қол жеткіздіңіз?
– Математиканың әртүрлі саласында қолданысы бар Харди теңсіздігі – осыдан 100 жыл бұрын табылған ғылыми жаңалық. Соңғы 100 жылда бұл тақырыпта жасалған ғылыми жаңалықтың бірі – біздің бұл математикалық теңсіздікті жақсартып, одан әрі дамытқанымыз. Харди теңсіздігін одан әрі дамыту мәселесін менің жетекшім, Лондон Корольдік колледжінің профессоры –­ Ари Лаптев қозғап жүр. Мен осы жұмысты аяқтау мақсатында әріптестермен бірігіп мақала жазғанмын. Енді бүгін, міне, Назарбаев университетіндегі магистрант оқушыммен бірге зерттейтін Харди теңсіздігіне байланысты ғылыми зерттеу жұмысымыз халықаралық үлкен беделі бар журналда сын-экспертизадан өтіп, қуанышты жаңалыққа кенеліп отырмыз. Қарап отырсаңыз, бұл Харди теңсіздігін алғашқылардың бірі болып жақсарту мәселесін қолға алған жетекшімнің маңыз­ды ғылыми жұмысын мен, менен кейін шәкіртім жалғастырып отыр. Ұрпақ сабақтастығы, ғылымдағы сабақтастық, үлкен үрдіс һәм үлкен қуаныш! 
– Математика өмірдің басқа ғы­лым­дары мен салаларына қалай әсер етеді? 
– Бүгінгі таңда математикалық әдістер мен математикалық пішіндер барлық ғылымда қолданылады. Мысалы, жасанды интеллекті – адамзат өмірінің, ғылыми дамуының ажырамас бір бөлігі болып келе жатыр. Болашақта да солай болып қалады. Ал жасанды интеллектінің негізінде математикалық әдістер жатыр. Сол себепті математика ғылымының әлеуеті одан әрі арта береді, күнделікті өмірімізге одан әрі сіңісе береді. 
– Есепті шығару түйінін шешу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Есепті оңтайландыру қалай жүзеге асады? Бүгінде мектепте не ЖОО-да математика пәнінен көп білім алушы қашқақтайды. Біз математикадан бас тартсақ, қандай кедергілерге тап боламыз?
– Иә, рас. Мектепте де байқаймыз ғой, бір сыныпта бірнеше бала ғана математикаға қабілетті болады, математиканы жақсы көреді. Ал қалған оқушылар математика пәніне онша қызықпайды не үйренгісі келмейді. Бұл – табиғи құбылыс. Бірақ бұл барлық әлеуетті пәнде кездесетін құбылыс екенін ескеру керек, мұнда математикада тұрған дәнеңе жоқ. Санаулы баланың ғана үлгерімі математика пәнінен жақсы болады. Қалған қызығушылығы жоқ балаларға еркінен тыс математиканы үйретіп қажеті жоқ. Математика – қолданбалы ғылым. Математика – технология. Математика – ғылымның негізі, ғылымның ғаламаты. Балаларға не үшін математиканы үйретеміз? Себебі математика пәні балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытады. Ал логикалық ойлау мектеп жасына дейінгі кезеңнен басталып, адаммен өмір бойы ілесіп жүреді. Сыни ойлауды, талдауды үйрететін математика. Баланың тұлға болып қалыптасуы үшін, ең алдымен, сыни ойлау қабілеті керек. Әйтпегенде бұл жол күрделі әрі ұзақ болмақ. Кейде өзімізге пайдалы, керекті деген дүниелерді қаламасақ та, ұнатпасақ та, істеуіміз керек болады ғой. Мәселен, физикалық денемізді шынықтыру, салауатты өмір салтын ұстану, пайдалы тағамдарды тұтыну тағы басқа сияқты. Біз балаға аз-аздан математиканың негіздерін үйретуіміз керек. Ал есепті оңтайландыру қалай жүзеге асады? Бұл, менің ойымша, заманауи технологиялық жетістіктер мен мүмкіндіктерге байланыс­ты шешілетін мәселе. Баланың назарын аударатын, қызықтыратын, көңілін аулайтын түрлі анимациялық бағдарламалар мен видеолар, әуендер бар. Мұғалімдік етуде сол жасанды интеллектінің өзін балаларға сабақ беруде, есеп шешуде, жаңа бір теорема-аксиомаларды үйретуде қызықты сабақты өткізу бойынша бірнеше кеңес, нұсқаулықтарды ала алады. Мұғалімдерге техникалық жағынан компьютерді меңгеру арқылы шығармашылық контентке көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туды. Заманауи техникалық жетістіктерді пайдалана отырып, баланың жалпы математика пәніне қызығушылығын ояту сынды мәселені шешуге оң қадамдар жасауға болады. Ел боламын деген қоғам математикадан бас тартпайды. Математикадан бас тартсақ, тұтынушы болып қаламыз. Біз математиканың қолданысы жайында ғана ойланбауымыз керек. Өзіміздің жалқаулығымызды ақтау үшін «осы математика не үшін керек» деп ойлай бастаймыз ғой. Ол – ақталудың ең бір сорақы түрі. Ғылым мен математика – екі бөлек ұғым. Математика ғылымнан да үлкен. Математика тек ғылым емес, жеке адамның ой-санасын кеңейтудегі, оны жаттықтырудағы басты құрал. Математиканы үйренеміз, үйретеміз, солай заманауи талаптарға сай боламыз. 
– Елімізде бұл ғылым саласындағы ғалымдар бойында қандай кемшін тұстар бар деп ойлайсыз? Жас кезіңізде мемлекет тарапынан қолдау көрмей, күйзеліске түскен кезіңіз болды ма?
– Жалпы, қоғамда қалыптасқан ортақ кемшін тұс, ескерер мәселе – ұзақ мерзімде ғылыммен айналысу қажеттілігі. Әр ғалым «белгілі бір салада тұрақты боламын, зерттеу жұмыстарын жүргіземін, ғылыми жаңалықтар ашамын, сол ғылымға өмірімді арнаймын» деген ойда болу керек. Жастар бәсекеге қабілетті бола білуге тиіс. Сіз бәсекеге қабілетті болсаңыз, елімізде мүмкіндіктер жетіп жатыр. Жас ғалым болсаңыз, күрмеулі мәселені шешу жолындағы тың идея, бизнес жоспарыңыз болса, мемлекеттік гранттардың біріне ұсынып көріңіз. Сізге мемлекет қайтарымсыз грант беруге дайын. Қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл – нақты факт. Оның жарқын үлгісі – өзім. Мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетіне грантқа түстім, мемлекет тарапы жатақханамен қамтамасыз етті, шәкіртақы берді. Бұдан артық ЖОО білім алушысына не керек? Маған қойылған басты талап – алаңдамай, оқуымды жақсылап оқу. Ұлттық университетті бітірген соң, «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің ең озық оқу орындарының бірінде білімімді жетілдірдім. Шетелде алған білімім әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті бола білді. Әлемдік деңгейде жетекші оқу орындардың бірі – ­Лондон Корольдік колледжінде жұмыс істеп, елге қайтып келдім. Бүгінде ең алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу университтердің бірінде жұмыс істеймін. Сондықтан қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мемлекеттік қолдайды. Мемлекеттен қашан қолдау көремін деп ойлаудан алыс болу керек. Одан гөрі «мен әлемге не бере аламын» деп өзіңізге сұрақ қойып, біліктілігіңізді арттыруға ден қойған жөн. 
– Кванттық информатикадағы мәселелерді шешуде мүмкіндігі мол қандай жаңа математикалық теориялар мен әдістер бар?
– Кванттық информатиканың негізінде кванттық компьютер жатыр. Кванттық компьютер – ақпаратты өңдеу және есептеулерді орындау үшін кванттық механика принципі бойынша жұмыс істейтін машина. Біздің таныс компьютерлер бір немесе нөлдік мәндермен жұмыс істейді. Оларды биттер деп атайды. Кванттық машиналар нөлдер мен бірліктердің барлық мүмкін комбинацияларында болуы мүмкін кубиттерді пайдаланады. Бұл құбылыс суперпозиция деп аталады. Оның арқасында бірқатар тапсырмаларды орындау жылдамдығы мен тиімділігі әлдеқайда жоғары болады. Адамзаттың интуициясы жетпеген жерді математикалық құралдар барлай алады. Мысалы, қара құрдымның бары осыдан 100 жыл бұрын белгісіз болды. Қара құрдым туралы теорияларды алғаш болып математиктер ашты. Қара құрдым – үлкен, галактикалық мәселелер. Ал кванттық информатика – өте кіші масштабтағы мәселелер. Ал нақты математиканың салаларын айтар болсам, бұл тұста абстрактілі математика жетекші рөл ойнайды. Былай қарасаңыз, абстрактілі математиканың тікелей қолданысын айта алмайсыз, адамның ой-санасының ойыны сияқты. Өздеріңіз білетіндей, математикада оң және теріс, бөлшек, аралас тағы басқа сандар бар. XV–XVI ғасырда абстрактілі математика комплекс сандарды (жорамал сан) ойлап тапқан кезде бұл ойға жеңіл жаңалық тәрізді көрінді. Кейін XX ғасырдың басында ол жаңалықтың электроникада, электронды зерттеуде таптырмас ғылым саласы екені анықталды. Сол сияқты, болашақ кванттық информатикада біз дамытып жатқан абстрактілі математиканың қолданысы зор болмақ. 
– Алдағы онжылдықта жасанды интеллектінің математика дамуына әсерін қалай бағамдайсыз?
– Жасанды интеллекті ғылымның барлық саласында мол пайдасын әкеледі. Яғни ЖИ қолымызды ұзартып жатыр. Неге десеңіз, бұрын техникалық жұмыстарға көп уақыт кетіретінбіз. Бір идея келсе, оны қағаз бетіне түсіру, иллюстрациялар жасау немесе бір ғылыми стандарттармен жазу, формулалар теру – бәрі уақыт алатын. Қазір жасанды интеллектіге тапсырма бере салсаңыз, лезде орындап береді. Біз жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдана бастадық. Жоғарыда «Болашақта математика пәнін қалай оңтайландырамыз, математикалық білімдер қалай қолжетімдірек болады?» – деген сауалдар қойдыңыз ғой. Физикалық тұрғыда әр балаға бір ортақ тақырыпты жекелеп түсіндіру қиын. Әр бала – тұлға. Әр бала қабілетті. Біз, мұғалімдер, сол баланың ойлау санасын жетілдіруге, қызығушылығын оятуға жол аша білуіміз керек. Ал болашақта біз математиканы әр адамға жекелеп түсіндірудің амалын табатын дәрежеге жететін сияқтымыз. Оған дейін жасанды интеллект саласы дербес ғылым ретінде дами бермек. Тоқетері, адамзат майда-шүйде дүниелерді жасанды интеллектіге тапсырып, өзінің мықты тұстарын дамытып, қарым-қабілетін арттырып, шығармашылық жұмыстармен көбірек айналысатын тәрізді. Ғылымның негізінде тарихи қойнаулардағы ұзақ сабақтастық пен сенім негіздері жатыр. Ғылымға пайда табу көзімен қарау дұрыс емес, ондай көзқарас жақсылық әкелмейді. Ғылымға шығармашылық көзбен қарау керек. 
– Оқушылардың математиканы оқуға қызығушылығын арттыру үшін ұстаз ретінде қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?
– Ақпараттық дәуірде оқушылардың, студенттердің зейінін аудару – ағартушылардың алдында тұрған өзекті мәселе, зор міндет. Өзіме келетін болсам, әрбір оқушыма сабақты жекелеп түсіндіруді мақсат етемін. Себебі менің көзқарасымда әрбір оқушым – дара тұлға. Студенттерді жеке-жеке ынталандыруға, берік адами қарым-қатынастар орнатуға тырысамын. Оқушыларға бір сабақты түсіндіргенде өзім де қоса білім алып отырамын. Себебі халықаралық деңгейде бұл тақырыптың қалай, қай қырынан, қандай әдіс-­тәсілмен үйретіліп жатқанын бақылап, арнайы видео, презентациялар әзірлеймін. Ұстаз ретінде студенттерге оқуға тиіс деген көп кездесе бермейтін ақпараттарға жүгінуге кеңес беремін. Оқушылармен бір толқында болу –­ басты мақсатым. 
– Өзіңіз сабақ беретін студенттер арасында математиканы үйренуде қандай қиындықтар жиі кездеседі және оларды жеңуге қалай көмектесесіз?
– Жалпы, математиканы ғана емес, кейбір ғылыми салаларды меңгеру үшін жас ғалымдардың өмірінде әлеуметтік-тұрмыс­тық қиындықтар кезігеді. Студенттеріміз жатақханада тұра алмай жатады, университетке барып-келу үшін күнінің 3–4 сағатын жолға жұмсайды дегендей.  «Ғылыммен айналысамын» деген жас студенттердің осындай бір қым-қуыт тіршілігінде өз тарапымнан барынша жағдайын жасауға ықпал еткім келіп тұрады. Назарбаев университетінде, бәріне мәлім, қомақты қаржысы бар гранттарды жеңіп аламыз, бірақ ол ғылыми жобалардан жеке өзімізге айлық алмаймыз. Заң мен тәртіп сондай. Университеттік, мемлекеттік, шетелдік жобаларды үсті-үстінен алуға тырысамыз. Неге десеңіз, сол жобалардан жас ғалымдарға айлық төлеуге болады. Сол себепті студенттеріме тұрмыстық жағынан қол ұшын созуға тырысамын. Білімді, талантты жастардың жолын ашқым келеді. Біздің елімізде, көбіне тұрмыстық қиындықтар кезігеді. Ол қиындықтарды шешу үшін өз басым ғылыми қаржыландыруды пайдаланамын. Сол қаржыландыру арқылы студенттердің тұрмыстық проблемаларын түзеп, айлық төлейміз. 
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдат Сұлтанқызы

 

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы