• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

Менің тілім...

Қазақ тілі – нағыз ғажап, сөздік қоры мол, бай тіл. Мұны елімізде тұратын басқа ұлт өкілдері түсінеді. Қазір жер-жерде ашылып жатқан тіл үйрету орталықтарында «қазақ тілін білсем, еркін сөйлесем» деген азаматтар көп. Ал орталықтар қазақ тілін қалай үйретеді, оған келушілердің қатары көп пе? Біз осы ретте «Алматы облысы ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ этномәдени бірлестіктер жұмысын үйлестіру бөлімінің жетекші сарапшысы, мемлекеттік тілді оқыту кабинетінің мұғалімі Айымгүл Қадырменовамен әңгімелескен едік.

 

Айымгүл Қадырменова, мемлекеттік тілді оқыту кабинетінің мұғалімі:

 

Қазақ тіліне қызығушылық артты

 

– Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдадым. Қо­наев­ қаласындағы «Орта мектеп гимназиясы» КММ-де сабақ беремін. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Қоғамдық келісім және даму орталығының мемлекеттік тілді оқыту кабинетінің мұғалімімін. Былтыр 2023 жылдың мамыр айы­нан бастап, осы орталықта сабақ беріп жүрмін. Өзім бұрын Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында еңбек еттім. Содан да болар бұл жер жаныма жақын болды. Мұнда жұмысқа шақырғанда бірден келістім. 
Оқу тобымыздың атын «Қоғам, кел – қазақ тілі» деп атап, жұмыс­ты бастап кеттік. Қазір қазақ тілі сабағынан 4 топ жұмыс істеп жатыр, қатысушылар аптасына екі рет келеді. Бірінші топта 25, екінші топта 13 адам бар. Бізге көбіне орыс мектебінен оқушылар жиі келеді. Ал басында ашылғанда үлкен адамдар көбірек қатысты. Мемлекеттік тілді оқытуды алғаш ұйымдастырғанда жан-жаққа хабарладық. Мәдени бірлестіктердегі өзге ұлт өкілдерінен көп адам келді. Олар Қазақстанда тұрып ауызекі сөйлеп жаттыққанымен, грамматикаға шорқақтығы басым болды. Ке­йіннен оқу жылы басталған соң үлкендерге қарағанда оқушылардың саны көбейді. Оның ішінде ата-аналардың да бірге келіп сабаққа қатысатыны бар. Жалпы, мен тест алу арқылы қатысушылардың деңгейін анықтаймын. Сол арқылы бастауыш және жалғастырушы деңгейге бөліп, қазір екі топқа сабақ беріп жүрмін. Үлкен кісілердің ішінен көбіне кәріс пен ұйғыр ұлты өкілдерінен қатысса, оқушылар арасында орыстар мен орыс мектебінде оқитын қазақ балалары көп. Жазғы демалыстың өзінде қалмай келіп, алдағы оқу жылына дайындалып жатқандар бар. Өткен оқу жылынан бастап Қазақстандағы барлық мектептерде қазақ тілінен міндетті тест енгізілді. Соған әзірлік үшін, эссе жазу үшін келушілердің, көмек сұраушылардың қатары көбейді. Байқағаным, қазір мектепте өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету методикасы ақсаңдап тұрған секілді. Қазақ тілін оқытуда барлығын орысша түсіндіреді де, білім алушылар тек грамматиканы білумен шектеледі. Олардың сөздік қоры аз. Мен олардың үйренуге деген құлшынысын баға қоюмен шектегім келмейді. Сол үшін үйрене бастағаннан-ақ қолпаштап, көтермелеп, сенімділігін нығайтуға күш саламын. Олардың ішкі жігер, құлшынысын оятамын. Емтихан тапсырғанда «мен төрт алдым, бес алдым» деп алғысын білдіріп жатады. «Сіздің сабағыңызды оқығаннан кейін мектепке дайын болып барамыз», – деп пікірін бөлісіп отырады. Мектеп бағдарламасынан қажетті сұрақтардың жауабын білмей жатса, көмектесемін. Қазір бекіткен оқу жоспарыма сәйкес, кітап оқып, түсінігін айту бойынша  сабақ өтіп жатырмыз. Бізде сабақ әр күні түрленіп өтеді. Оқуға келгендердің көңіл-күйіне назар аудара отырып, кей кезде сабақты әнмен, кейде жаттығумен, ойынмен бастаймыз. Сабақта міндетті түрде грамматиканы көрсете отырып, сөздің аудармасын сұраймын, аударма толыққанды болмай жатса, оны санада жатталып қалатындай етіп, сөздік жазғызып, барынша үйретемін. Қазір мәтінмен жұмыс істеп жатырмыз. Оларға үйінен немесе кітапханадан кітап алып келуді өтіндім. Мысалы, бір оқушы биыл 5-сынып бітірді. «Енді алтыншы сыныптың бағдарламасын оқып үйрене берейінші» деп алтыншы сыныптың қазақ тілі пәні оқулығын алып келіпті. Қандай керемет ын­та -­­жі­гер?! Сондағы мәтіндерді талдап, сөздерді жаттатқызып, бір-бірімен диалог құруға жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, тілді үйренушілердің, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге қызығушылығы байқалады. Біздің сабағымызға үнемі қалмай қатысқан оқушымыз Станислав Севастьянов 9-сыныпты бітірді. Менің курсымды толық аяқтап, қазақ тілінде сөйлесе алатын деңгейге жетті. Ол кішкентай кезінен қазақ балаларымен ойнап, сөйлесіп үйренген. Бірақ өсе келе ортасы өзгеріп, тілді ұмытып қалады. Содан кейін, міне, бізге келіп қайта үйренді. Өткен қыркүйектен осы мамыр айына дейін оқыды. Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді дамытуға тапсырма берген соң, мұндай орталықтар өңірлерде көп ашылады деп ойлаймын. Біздің Қонаев қаласында қазақ-корей бірлестігі де осындай оқу орталығын ашып, іс жүргізеді. Жер-жерден жаппай мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылса, әлбетте оған келушілер, үйренем деушілер молынан табылады. Бұл мемлекеттік тіл тұғырының биіктеуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын.  

 

Станислав Севастьянов: 

 

Сөздік қорымды молайтсам деймін

 

–Маған қазақ тілі бұрыннан ұнайды. Бір жағынан мемлекеттік тілді үйреніп, өзімді кез келген ортада еркін сезінгім келді. Бұл қазақ дос­тарымды көбейтіп, олармен жақсы араласуға үлкен септігін тигізетінін білемін. Сөйтіп жүргенде Қонаев қаласы әкімдігінің Instagram-дағы парақшасынан қазақ тілін үйрететін курсы шықты. Әрине, бірден жазылдым. Бұл курстан айтарлықтай нәтиже көрдім деп айта аламын. Бізге мұнда қазақша ән айтқызды, сөз жаттатқызды, кітап оқытты. Алғаш барғанымда 10 балдық жүйе бойынша қазақ тілін білу деңгейім 3 балл болды. Бірақ тұрақты оқыған курстан кейін білім деңгейім 8–9 балға өсті. Бұл, шынымды айтсам, мен үшін керемет нәтиже болды. 
Маған тіл меңгеруге ән және ойын әдістері көмектесті.  Жаңа сөздерді дұрыс айтылуымен сөздікке жазып, жаттап алып жүрдім.  Қазір теміржол колледжіне оқуға түскелі жатырмын, энергетика мамандығы бойынша білім аламын. Сонымен бірге қазақ тілінде кітап оқуды дағдыға айналдырдым. Сәбит Мұқановтың «Ботагөзі», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Абайдың «Қара сөздері» менің сөздік қорымды ба­йытты. Мен мұның бәрін сөйлеу дағдымды жетілдіру үшін оқимын. Болашақта қазақ тілінен шебер сөйлеу деңгейіне жеткім келеді.

 

425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы