• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

ТАРИХИ ШЫНДЫҚҚА СУАРЫЛҒАН

Қазір көзіқарақты, көкірегі ояу жұртшылық пен әдебиетсүйер қауымға әрі журналист, әрі аудармашы, әрі зерттеуші, әрі жазушы және драматург, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қатар оқыған замандасымыз Думан Рамазанның есімі өте жақсы таныс деп ойлаймын. Алғашында туған еліне журналистика саласы арқылы танылған ол мыңжылдықтар тоғысында шығармашылығының бағытын біржолата әдебиет майданының драматургия мен көркем әдебиет саласына бұрып, ширек ғасырдай уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай мол жетістікке қол жеткізді. Оның қаламынан туған көркем туындыларды оқырмандардың аса жылы қабылдағанын, әдебиет сыншылары да турасын айтып, әділ бағасын беріп, сын елегінен өткізгенін ақпарат құралдары арқылы оқып та, естіп те жатамыз. 
 

Думан Рамазанның драматургия саласындағы еңбектері оның шығармашылығының негізгі бөлігін құрайды десек, артық айтқандық емес. Болашақта ол жөнінде арнайы зерттеу­ші-мамандар өз сөздерін айта жатар деген ойдамыз. Ал біз бұл жерде Думанның тек тарихи тақырыптарға арналған бірнеше туындысына тоқталып, ондағы тарихи шынайылық әдебиетте, оның ішінде драматургияда қалай көрініс тапты деген сұрақтарға қатысты бірді-екілі ойымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.
Қолымызда Думан Рамазанның 2023 жылы Алматы қаласындағы «Алматы-Болашақ» баспасынан жарық көрген «Жошы хан» атты драматургиялық шығармалар жинағы. Оған оның «Жошы хан», «Керей-Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Кенесары-Күнімжан», «Пешене», «Бейуақ» және «Қанатталды» атты әр жылдары жазылып, халықтың көңілінен шыққан таңдаулы пьесалары топтастырылған екен. Осы аталған туындылардың түгелге жуығы еліміздің орталық және облыстық драма театрларында сахналанғанын білеміз және ол жөнінде мамандардың да жылы пікірлерін оқыдық. Ал «Жошы хан» атты тарихи драмасын өткен жылы, яғни 2023 жылы Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академия­лық музыка театрында сахналанғаны, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барғаны және оң баға бергені туралы естідік. 
Осы бір кішігірім жұмысымызда Думан Рамазанның көрсетілген жинақтағы тарихи тұлға – Жошы ханға арналған тарихи драмасына тарихшының көзімен қарап, тарихи шынайы­лық жөнінде әңгіме өрбітсек.
Тарихи тақырыптарға арналған кез келген туындының негізін уақыт пен кеңістік секілді жалпы философиялық ұғымдар құрайды. Өйткені тарихи оқиға, тұлға, құбылыс тек белгілі бір уақыт шеңберінде және нақты бір аумақта болады, өмір сүреді немесе жүреді. Жошы ханға келсек, ол шамамен XII ғасырдың 70–80 жылдары Моңғолия аумағында дүниеге келіп, 1227 жылы Қазақстан аумағында қайтыс болған. Жошы ханның нақты қай жылы дүниеге келгені туралы әртүрлі жорамалдар болғандықтан, біз оны шамалап беріп отырмыз. Ол – Шыңғыс ханның бәйбішесінен туған төрт ұлының үлкені. Жас кезінен бастап әкесі секілді батырлығымен, қолбасшылығымен, ақылдылығымен көзге түскен тұлға. Әкесі тірі кезінде Дешті Қыпшақ аумағын басқаруға алған және сол кезден бастап ол аумақ жаңа атаумен «Жошы ұлысы» деп атала бастайды.
 «Жошы хан» тарихи драмасының оқиғасы Шыңғыс хан әскерінің Мауренаһр мен Дешті Қыпшақ аумағын жаулап алғаннан кейін, тіпті 1223 жылғы Жебе мен Сүбедей батырлардың Қалқа өзені бойындағы біріккен қыпшақ-орыс әскерлерін талқандағаннан соң өткен. Дәлірек айтсақ, оқиға барысы 1224–1226 жылдар шамасында өрбиді. Негізгі кейіпкерлер: Шыңғыс хан, інісі – Отшығын, тоқалы – Құлан қатын, Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле және Жошының ұлы – Бату, Жебе нояндар, нақты өмірде болған тарихи тұлғалар. Сондай-ақ Кетбұға жырау, Майқы би, Бауырты би, Мәуке би, Сунақ көсем, Баян батыр, Сартақ батыр, Шыңқай батыр, Қалтай батырлар – жергілікті халық өкілдері. 
Автор туындыдағы оқиғалар барысын Шыңғыс хан әулеті арасындағы негізгі кейіпкерлер арасында өрбітеді. Сол замандағы қатыгездік пен аяушылық, мейрімсіздік пен мейрімділік секілді принциптерге негізделген негізгі кейіпкерлердің көзқарастары қолға түсірілген тұтқындарға қатысты, тақты иелену мәселелеріндегі диалогтерде қарама-қарсы пікір арқылы дамытылады. Автор кейіпкерлерінің аузына сөз сала отырып, олардың мінездерін айқындай түсіп, тарихи бейнелерін сомдайды. Шебер құрылған сөйлемдер, қарама-қайшылықты ойлар шығарманың өзегін құрап, оқырманды бей-жай қалдырмайды, келесі актіде не болар екен деп тағатсызданырады, мазасыз күйге түсіреді.
Енді шығармадағы Шыңғыс хан әулеті өкілдерінің айтып отырған сөздері мен іс-әрекеттері қаншалық шынайы немесе автордың өз ойы мен қиялынан туған дүние ме деген сұрақтар төңірегінде ойымызды өрбітіп көрелік. Алтын Орда, Шағатай Ұлысы, Ирандағы Елхандар әулеті тарихымен айналысатын зерттеуші мамандар XIII ғасырдың алғашқы ширегінен XIV ғасырдың ортасына дейінгі аралықта жаулап алынған елдер мен халықтарға қатысты алғашқы моңғол хандарының жүргізген саясатында бір-біріне қарама-қарсы екі ағымның болғанын айтады. Бірінші ағым – бағындырылған халық өкілдерін билікке жақындатпау, араластырмау, халықтың дәстүрлі шар­уашылығын елемей, көшпелі мал шаруашылығын күштеп енгізу, талан-таражға салып, үнемі талап-тонап отыру. Оған қарсы екінші ағым тұрды. Ол – бағындырылған халықтың өкілдерін билікке араластыру, жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығын құрметтеу және талан-тараж мен тонауды тоқтатып, оның орнына тұрақты салықтарды енгізу болатын. Бірінші ағымның басында Шыңғыс ханның өзі тұрып, ұлы Шағатай хан, немересі Гүйік қаған одан әрі қолдаса, екінші ағымның басынан Жошы ханды көреміз. Ал Үгедей қаған, Мөңке қаған екінші ағымды жалғастырушылар болды. Екінші ағым 1269 жылғы Талас Құрылтайында толығымен үстемдікке жетеді.
Тарих ғылымындағы бұл мәселе шығарма авторы Думан Рамазанға таныс деуге болады. Автор ғалымдар мен мамандардың алғашқы моңғол билеушілеріне қатысты көзқарастарын білген деуге болады. Ол үшін қаншама арнайы монографиялық зерттеулер мен ғылыми мақалаларды, академиялық басылымдар мен тарих оқулықтарын, ортағасырлық қолжетімді жазба деректерді қарап, олардағы материалдар мен мәліметтерді ой елегінен өткізгені автордың өзіне ғана аян. Қалай десек те, автор XIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы Моңғол империясының басында тұрған Шыңғыс хан әулеті ішіндегі саяси ахуалды дөп басып, шығармасының желісін соған сай құрған. Сол себепті де автордың шығармаға таңдап алған желісі шынайы, тарихи шындыққа негізделіп құрылған. Шығармадағы диалогтер автордікі болғанымен, олар тарихи дамудың барысын жалпылама түрде болса да көрсетіп тұр. 
Қалай десек те, кез келген шығарманың ішкі өзегінде қарама-қарсы тұрған күштердің бір-бірімен өзара күресі болмаса, ол күрес диалектика заңына сәйкес ширықпаса, бір-біріне қарсы тұрған күштер бір-біріне оқтай атылмаса, онда оны өлі, жансыз шығарма деуге болады. «Жошы ханда» қарама-қарсы күштердің бір жағын Шыңғыс хан бастап тұрса, екінші жағын үлкен ұлы Жошы бастап тұр. Шығармада өлім мен өмір мәселесінде әке мен ұл арасында алғашқы күрес­тердің алғашқы қадамы байқалады. Жеңілген Хорезм билеушісі Мұхаммед шахтың немересі Жалаладдиннің қолға түскен 13 жасар ұлын Шыңғыс хан өлтіруге бұйырғанда Жошының: «Қаған-әке, бұл әлі аузынан ана сүті кеппеген, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жас бала ғой! Не жазығы бар? Обал емес пе? Қанын төкпейік!» – дегені оның жүрегіндегі жылу мен көзіндегі мейірімді көрсетіп тұр. Жошыға мұрагер болатын жас Батуға қарап атасы Шыңғыс ханның: «Ендеше, әкеңнің қанжарын ал да, мына отырған аңның жүрегін жарып жіберші», – деген сөзіне жас Батудың: «Бұл аң емес, адам ғой», – деуі, оның ата емес, әке тәрбиесімен өсіп келе жатқанын көрсетеді. Көп ұзамай Жошы ұлысының тізгінін қолына алғанда оның қандай билеуші болатынын анық аңғартып тұр. Жазба дерек мәліметтері мен халық арасында кең таралған ауыз әдебиетінің материалдарында Сайын хан атанған Бату ханның жас кезіндегі сөзі мен іс-әрекеті тура әкесінің жолын көрсетіп тұрғандай әсер береді.
Шығарманың соңғы екі көрінісі Дешті Қыпшақ аумағында жаңа құрылымның – Жошы ұлысының қалыптаса бастағанынан хабардар етеді. Ең бастысы, жаңа билеуші Жошы хан ұлан-ғайыр аумақты жергілікті халықтың өкілдері – билер мен абыздар, бектер мен батырлар арқылы басқаруды, олардың ақыл-кеңес­терінің көмегімен билеуді қолға ала бастағанын көрсетеді. Шындығында, Жошы ұлысы өмірге келген кезден бастап, Шыңғыс әулетінің хандары Дешті Қыпшақ аумағындағы билікке жергілікті ру-тайпа жетекшілерін араластыра бастайды. Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» еңбегінде: «Шыңғыс хан заманында Сартақ атты ноянның болғаны, оның ұлы Жалайыр Саба еді», – делінеді. Басқа жазба деректер арқылы Саба ноян Жошы ханға аталық болады және бұл қызмет әрі лауазым Дешті Қыпшақ аумағында бірнеше ғасыр бойы атадан балаға ауысып отырады. Қадырғали Жалайыр сол әулеттің өкілі болып саналады.
Қарап отырсақ, Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасы әдеби шығарма болғанымен, тарихи шынайы­лыққа негізделген, өмір шындығын көркемдеген еңбек деп санаймыз. Бұл шығарманың оқырмандарға берер тәлім-тәрбиесі де, танымдық жағы да өте зор. Ендеше, туынды Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. 

Берекет Кәрібаев,
 ҰҒА академигі, 
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы

800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы