• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

ҚАЗАҚТЫҢ СОҢҒЫ ХАНЫ

Жазушы Әділбек Ыбырайы­мұлын біле қоймайтын едім. Кенесары хан туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының жарық көргенін естіп, кітабын оқып шықтым. Алғашқы парақтарынан-ақ ежелгі стильдегі нәлі қанық шығармаға тап келгенімді аңдадым. Тілі шұрайлы. Абылай заманынан бері тарта, әсіресе XIX ғасырдың екінші жартысында Орта Азияны отарлаудың мән-мақсатын мейлінше ашқан. Қарама-қайшылығы қат-қабат аса күрделі саяси-қоғамдық қатынастар кескінделген. Жалпы, трилогия шытырман оқиғаларға қанық. Оқып отырған адам бейне бір өзі де сол заманға тап болып, ішінде жүргендей күй кешеді. Басты кейіпкер – Кенесары.
 

Қазақ халқының соңғы ханы, азаттық жолындағы айбынды күрес­кер, қайтпас қаһарман Кенесары Қасымұлының рухани болмысы, тартысқа толы тағдыры – бүгінгі қоғамның тарихи санасын қалыптастыруға зор ықпалы бар құндылық. Кенесары туралы ой толғап, трилогия жазуға кім көрінген бара алмайды. Тағдыры мен тартысы кереғарлыққа ұшырағандықтан, қаһармандығының ақ-қарасы ашылмай, лайықты бағасы берілмей келе жатқан тарихи тұлғамыз хан Кене туралы роман жазуға оқталу да көзсіз батырлық. Олай дейтініміз, Кенесары ханның тағдыры өте күрделі, оның шиеленіске бой ұрған болмысын ашу, стратегиясын деректермен дәйектеу – аса қиын шаруа. Одан да қиыны, ­сыр­т­ты қойып, өз айналаңнан жау тауып алуың да мүмкін. Содан болса керек, ол туралы кеңінен қалам тербеуге осы уақытқа дейін ешкімнің жүрегі дауаламаған. Ілияс Есенберлин де қазақ-қырғыз арасындағы ескі жараның аузын тырнамас үшін ұстамдылықпен терең бойламаған. Бұл – қазақ халқының жүрегінен әріден орын алған, мәңгі сыздап тұратын, емі табылмаған жарақат іспеттес.
Қаламгер қоғамдық-саяси оқиғаларды суреттей отырып, Кене ханның шынайы адами қасиеттерін, оның теңдессіз әскери қолбасшы, мемлекеттік қайраткер, хас батыр бейнесін ашуға тырысқан. Сонымен қатар қазақ халқының қасіретін ғана емес, жалпы, Орта Азия жұртының сол замандағы тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, рухани дүнитанымы да кеңінен қамтылған. Әр этностың тәуелсіздікке ұмтылуы, әділ қоғам іздеуі де табиғатына тән құбылыс екені тәпсірленген. Ақырында, халқымыздың ұлттық рухына уыз, рухани болмысына иммунитет боларлық дүние­ні жарыққа алып шығуы – автордың ерен еңбегі, еңбекпен бірге ерлігі десек те болады. 
Ешкім беттемеген «біртүрлі» тақырыпқа ол неге тәуекел жасап отыр? Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» атты үш томдығы – жаһандануға жұтылып бара жатқан қазақ санасын сілкіп, мүлгіген көңіл көзін шайдай ашатын қуатты шығарма. Өз басым «Семсер жүзіндегі сертті» оқып шығып неше мәрте ойландым, алған әсерім соншалық – бірнеше күн бойы романдағы оқиғалар көңілімде қылаң беріп жүрді. Бұл не, Кенесары ханның рухы ма, әлде автордың жазушылық шеберлігі ме? Қайсысы болса да, оқыр­манды он ойландырып, жүз толғандыратын кітаптың дүниеге келгені – олжа. Әсерімді пікірлес қаламгерлермен бөлістім. 
Көптеген кітап оқырманға жол тартқанымен, жүректерге жол таппай жатады. Жүректі жаулап, көңілді баурап алатын шығармалар қай заманда да некен-саяқ. Бүгінгі күндегі сондай сирек туындының бірегейі осы «Семсер жүзіндегі серт» болатынына еш шүбә жоқ. Ерекшелігі сонда, Кенесары Қасымұлы – бас кейіпкер ғана емес, азаттықтың, дербестіктің, бостандықтың болмысы. Оған дейінгі дәуірлердің дүрблеңдері мен кейінгі заман зұлматтары өзара үндесіп, хан Кене көтерілісін осы үш тағанның эпицентрі етіп алған.
Автордың тағы бір артықшылығы – қазақ тарихын ғана емес, қырғыз тарихын да еркін білетіндігі. Таразы басын тең ұстап, әрбір оқиғаны бір жақты бұра тартпай, уақыттың ырқындағы қалпымен суреттейді. Бас қаһарманның ғана емес, өзге де кейіпкерлердің ішкі толғаныстары, психологиялық иірімдері, орынды-орынсыз қабылдаған шешімдерінің себеп-салдарына дейін таразыланған. 
Жалпы, Кенесары ханға жасалған қастандық жалпыхалықтық өкінішке айналғандықтан, оның өлімі көкіректе қатқан кек, қайтпаған есе ретінде бірнеше буынға ауысып келеді. Міне, осы бір түйткілдің түйінін тарқатып, тігісін жатқызуды да автор айрықша назарда ұстағаны байқалады. Ежелден етене аралас қазақ пен қырғыздың арасына от жағу мен шоқ салу бір бұл ғана емес, арғы-бергі замандарда да орын алғаны роман барысында қамтылған. Көтерілістің басталуы мен аяқталуы арасындағы жорықтар мен түрлі әрекеттер, ішкі-сыртқы ықпалдар қиюын тапқан құрақтай кестеленген және дәйектелген. Жеме-жемге келгенде бұл жолы да арандатушылардың айы оңынан туып, діттеген жеріне жеткен. Ойлы оқырман соның бәрін анық аңғарады және кінәні екі ел бір-бірінен емес, бірігіп басқа жақтан іздеу керектігін түсінеді. Бұл тұрғыдан келгенде «Семсер жүзіндегі серт» дипломатия­лық рөл атқарып тұр.
«Семсер жүзіндегі серт» тәуелсіздік жылдарындағы жарық көрген алғашқы трилогиялардың бірі саналады. Ендеше, көпшілік қауымның тарихи жадын оятып, тәуелсіздік туралы түсінігін нығайтуға көне дәуірлерден гөрі көз алдындағы ғасырлардың мысалдары көбірек пайдалы. Осы тұрғыдан алғанда, «Семсер жүзіндегі серт» үлкен қажеттіліктің бірін толықтыра алатынына сенімдіміз. 
Үш томдық көркем дүние тұрғысында жазылғанымен, тарих сілемінен ауытқи қоймайды. Шығармадағы барлық оқиғалардың шынайы суреттелуімен қатар, деректермен сәйкестігі сүйіндіреді. Трилогияның ерекшелігі де сонда, көзден таса, көңілден ұмыт болып бара жатқан күрестің күрмеуін шешіп, күңгірт тұстарына жарық түсіреді. Автор тарихи шежірелерге мейлінше қанық, оқиға өткен жер-су аттарын, сол замандағы қолданыстағы көне сөздерді  қаз қалпынша береді. 
Қазақ тарихында болған өкініш пен налаға, күйініш пен күрсініске байланысты жағдайлар роман желісінде Бұқар жырау мен Төле би толғанысы арқылы да көрініс тапқан. Сонымен бірге сол араздықтардың барлығына алауыздық пен аңғалдық, қызуқандылық пен іштарлық түрткі болғандығын түстеп береді. Тарихымыздың о басы мен бұл аралығындағы опынған тұстарымызды шығарма желісінде жымдастыру арқылы автор кейінгілердің бұрынғы шалыстықтан қорытынды шығармағанын меңзейді. Қаперсіздіктің кесірінен Кенесарының азаттық күресі де құрдымға кетіп, опасыздықтан опатқа ұрынды дегенді аңдатады. Сол арқылы оқырманды әттеген-айлар қашанғы қайталана береді, осымен сәтсіздіктің соңғы нүктесі қойылса екен деген ой түюге итермелейді.
Трилогияның бірінші томы – «Арланның азуында» – Сүйінбай мен Қатаған айтысының жүлгесімен ұлы даламыздағы басты шайқастарды жаңғыртып отырады. Сонау қазақ хандығынан тартып, Абылай хан дәуіріне дейінгі дәйектемелерді сөйлетеді. Сүйінбай ақынның Қатағанды жеңуі, жеңіспен бірге ел киесі қызыл жолбарыстың ере келуі рухани код іспетті әсерлі. Қазақ пен қырғыз арасындағы ерегестің де, етене араластықтың да өзіндік себеп-салдары түсіндірілген. Соның бәрі жинақтала Кенесарының қаһармандық мақсат-мүддесін тануға, тың ой түюге бастайды. Шығармадағы ситуация қызығушылықты арттырады. Адамды еріксіз трилогияның келесі томдарын оқуға әрі терең түсінуге жетелейді. Бұл да бір автордың өзіне тән шығармашылық құпиясы болса керек. 
Кітаптың «Серт» деп аталатын екінші томында Кенесары төңірегіндегі сая­си шешімдер мен ханның күрескерлік тұлғасы, қақтығыстар мен қапылыстар, қысастықтар мен қитұрқылықтар шынайы көрініс табады. Кенесары трагедиясымен бірге жабырқаған жан мен құлазыған көңілге Тәнеке батырдың ерлігі дем беріп, қазақ рухының құламағанын әйгілейді. Тәнекенің Кенесарыны аса айуандықпен өлтіріп, ханның басын қорлаған қырғыз манаптарынан кек қайтарған жорығы – әдебиетімізде бұрын жазылмаған тың сала. 
Үшінші кітап – «Рух» – негізінен, Кенесары ұлы Сыздық сұлтанның күрес­керлік жолын барынша паш етеді. Автордың бұл қадамын Кенесары ханның басы алынғанымен, басты мақсат ­ ұлт-азаттық күрес тоқтамағанын және тоқтамайтынын әйгілеу деп ұғынған жөн. Ұлт-азаттық күрес оның ұлы Сыздық сұлтаннан кейін де саябырсымағанын көрсетеді, үзілмегенін ұқтырады. Соның бір дәлелі – Желтоқсан көтерілісі екенін алға тартады. Ұлт-­азаттық күрес­тің үзілмейтіндігі – Кенесары рухының әр қазақтың жүрегінде жерленуі. Ендігі күрес – атысу мен шабысу емес, тарихтан сабақ алып, тарихи сананы нығайтып, ұлттық болмыспен заманауи үрдісте үстем болу. Онсыз тәуелсіздікті нығайту байламы жоқ бос дүние іспетті. 
Міне, тәуелсіздік жылдарындағы жазылған Әділбек Ыбырайымұлы үш томдығының көтеріп тұрған жүгі осындай ауыр. Шығарманың Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа лайық екеніне дау жоқ. Мемлекеттік сыйлық Кенесары хан сияқты мемлекетшіл тарихи тұлға туралы роман-трилогияға беріліп жатса, абыройы аса түспек. 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік­­­ сыйлығының лауреаты, 
Қазақстанның еңбек сіңірген 
қайраткері

 

841 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы