- Ақпарат
- 04 Шілде, 2024
АЛАҚАНДАҒЫ АППАҚ БҰЛТ

Өң мен түстің бір-бірінен ажырағысыз қасиетіне пенде біткеннің мінәжатын кім елеп-ескеріп жатыр. Ол сырттай ғана, ал іштей оның құдіретіне бас имейтін тірі жан табылар ма екен?! Әкесі Сүйіндіктің өзі төрт ұлдан кейін дүниеге келген қызының атын: «Мұхамбет пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйікті қызы Бибәтимадай әулетіңнің сақтаушысы, тілекші-қорғанышы бол, жарығым!» – деп тілек етіп еді. Жақындары еркелетіп Бопай атанып кеткен сол ару енді-енді сыланып өсе бастағанда, Жаратқан иемнің қалауы ма, бір кейуананың тәтті ұйқыда балбырап жатқан оған Табынайдай текті атасының сәлемін жеткізіп, шөкімдей ғана үлбіреген аппақ бұлтты алақанына іліндіріп кеткені тағы бар-ды. Өң мен түстің сол бір елесі алдағы тағдырының рухани емшісіндей жан-дүниесімен сіңісіп кетіп еді-ау! Қазақтың Әбілқайыр сияқты дара тұлғасын өзіне жар еткізуге сол алақаны себепші болған-ды. Аң аулап жүріп, жараланған, айдалада қансырап жатқан жас жігітті емдеп, аяғынан тік тұрғызған осы жас ару – Бопай, жас жігіт кіші жүздің ұлы ханы Әбілқайыр-ды.
Қалың оқырманына кең танылған қарымды қаламгер Мәди Айымбетовтың Бопайды таңдауы, «Бопай ханым» атты роман жазуы бекер емес. Әйел бейнесі қазақ әдебиетінде аз сомдалған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол үрдіс тағы бір дүр сілкінген сияқты. Томирис, Тұмар ханым кино әлеміне жол тартты, тірі классиктердің бірі Дулат Исабековтың «Бөртесі» Шыңғыс ханның көлеңкесінде қалмай, әлемді шарлап кетті, белгілі драматург Роза Мұқанованың «Бопайы» театр сахнасынан нық орын алды. Енді, міне, М.Айымбетовтың «Бопай ханым» атты романы рух әлемінің сүзгісінен өтіп, әдебиетіміздің аламан бәйгесіне қосылды. Қосылатын жөні бар. Оқырман романды жылы қабылдады. Қазақ тіліндегі нұсқасы ыстығы суымай, бояуы кеппей жатып, орыс тіліне аударылды. Алла Тағала, алда да жолын ашық қылсын. Сонда роман оқырманға несімен ұнады?
Байқағаным, Бопайдың хан қасындағы орнын арқаланып, жазушы оны елдік, қоғамдық міндеттерге жиі араластырмайды, шиеленісті оқиғаларды қызықтай бермейді. Клеопатра сияқты жартылай аңыздық кейіпкерге ұқсатпайды. Ұқсатуға болар еді. Бағы тайып, Рим империясының қол астына кіруге мәжбүр болған Мысыр елінің мұңына жан-жағынан жұлып жегісі келіп жұлқынған қалың жаудың қыспағында қалған қазақ елінің мұңы ұқсас. Мысыр билеушісі Клеопатра ақылымен Римнің қанды қолбасшысы Цезарьдің тілін таба білді. Кіші жүз ханы Әбілқайыр осыған ұқсас тағдырға тап келгенде қайтті? Қандай күй кешті? «Ханым қайтті» деп, хан иесіне жар болумен бірге, қыспақтағы елінің қамы үшін арпалысқан ерінің қайраткерлік күресіне серік бола білді ме? Жазушы Бопайды, міне, осындай ерекше толғаныс күйінде танып, суреттеуге тырысқан. Онысы сәтті шыққан. Ұлттық ізеттілік, жыныстық ұяңдық, намысты таптаттырмайтын ата-баба жолына адалдық болмыс Бопай бойынан табиғи түрде, бытырамай тұтас табылады. Мәди кейіпкерінің күнделікті тіршілігін, айналадағы күрделі өзгерістерге саналы, ширақ көзқараспен зер салып, өскен адами бейнесін жасанды түрде күрделендірмей-ақ, өз табиғатында сомдағандықтан, туынды жеңіл оқылады. Бұдан Бопайдың бейнесі көмескі тартпайды. Қайта, шымырланып, оқырманның жан-дүниесіне жақындай түседі. Ізет, ибалықпен үлкен-кішінің құрметіне бөленген, хан дастарханының мәзіреттік қасиетін бағалай білетін, сол арқылы ел басқарған азаматының еңселі жүруіне сепшілік қызметін әйел жүрегімен түсіне білетін Ана-Бопай басына іс түскенде, екінші қырынан ашылады.
Шығарманың басты арқауы – Бопай тағдыры, алайда жазушы бір ханымның басындағы сапырылысқан сезімін суреттеумен шектеліп қалмайды. Роман одан әлдеқайда күрделі, қалың қазақтың тар кезеңдегі күйбең тіршілігін бейнелеуге арналғандықтан, тар кезеңде білекпен де, жүрекпен де күресе алған тұлғалар бейнелері ізделетіні белгілі. Қаламгер ол үдеден де шебер шыға алған. Оқиғалар сол тар кезең шындықтарымен бірге өрбіп отырады.
Жат жұрт не демейді, өз жұртының да Әбілқайырдың түпкі ойын дәл ұқпай, әрі тарт та бері тарт әуре-сарсаңға салған гөй-гөйлері арқаға дұшпанның қанжарынан бетер қадалып тұрғанда, қанша дегенмен нәзік жаратылыс иесі емес пе, іші қан жылаған Бопай шешуші қайратты жаңағы тұлғалардан күтеді. Орта жүз бен Кіші жүздің іріктеліп жиналған би-батырлары қилы тағдырларын тіктеп те, қиялай да талқылап, айлаға салу мен қылыш ойнатудың оңтайлы сәттерін ащы тіл, өткір оймен ортаға салғанда Бопай жәй дастарқан жаюшы ғана емес, халқының қамына жүрегі ауыра қызмет ете алатын жанша толғанып отырады. Осындай сәттер, яғни орыс елшісі Тевкелевпен қабақ астынан барлап, тіл ұшымен таразылап шығарған жүрек сөзімен ақылдасқан, арбасқан отырыстар, орыс саяхатшысы Кэстльдің сахара өміріне таң-тамаша қалып, иығында әртүрлі бояулар мен қаламдарға толы ескілеу былғары сөмкесі салбырап, әлдебір сызықтарды керілген кенепке түсірген дегбірсіз қимылдары қаламгер назарынан тыс қалмаған, солар арқылы орыс билеушілерінің сұмдық саясатының кейбір сәттерін сыналап-сынап бейнелеп те жібереді. Шығарманың өн бойынан Есет, Шотан, Бөкенбай, Шақшақ Жәнібек, Сәңкібай, Өтей батырлар, Әжібай, Барқы билер сияқты ел тұтқаларының ісін де, сөзін де мазасыз көңіл күй, саналы рухпен барлап, бойына сіңіруге тырысатын Бопайды жиі көреміз.
Хан күйеу Әбілқайырдың қайын жұртына сапары кезінде ноғайлының астанасы Сарайшық басында болып, ұлы бабаларына тәжім еткенде ол былай толғанады: «Кенет Бопайдың құлағына қобыздың мұңды сарыны еміс-еміс келгендей болды. ...Арғымақ жарау айғырының тізгінін бұлардың қарсы алдына келіп тартқан Ер Едіге: «Ей, Әбілқайыр, Бопай! Сонау бір қиырдан, мен жүріп өткен киелі өңірден ат ізін салып, сендер бүгін менің рухыма ғана емес, бүкіл Ноғайлы жұртының қасиетті астанасына тәу етіп келіп тұрсыңдар! Сарайшықты қиратып, жер бетінен жойған ата жауымнан ата кегін алуды өздеріңе, ұрпақтарыңа аманаттаймын! Бабаларыңның табан ізі мен ерлік мұрасы қалған бұл жерді әрдайым қасиеттеп, ұмытпағайсыңдар! Тарих жадынан өшпейтін мәңгілік рухы келешек ғасырлар бойына да сақтала беретін Сарайшығымның киесі сендерді қорғап, желеп жүргей, иншаллаһ!..» Қасиетті Сарайшықтың табанында тұрып адам айтқысыз ғажайып әсерге бөленген Бопайдың ой елесін баураған бір сәттік қияли көрініс жан әлемін селт еткізгендей болды. Жүзі бал-бұл жанып, алаулап бара жатты, арқасынан суық тер бұрқ етті. Бойына жастайынан қонған киелі қасиет нышаны сыр бергендей еді...». Міне, осы қасиет, әсіресе ұлтына тұлға болған ұлы хан, жан-жары Әбілқайыр қайтыс болғаннан кейін тағдыр бұйрығымен қатты ширап, қайраткерлікке амалсыз басын байлаған сәтінде ерекше көрінеді. Барақ бастаған ішкі жаумен арпалысы өз алдына, ері өліп, хан иесінің асыл арманы ұлдарына көшкенде, бұлай болмауы мүмкін де емес еді. «Әбілқайыр өсиетінен құлағдар болған хан билігіне қараған Кіші жүз бен Орта жүздің арғын, қыпшақтарының би, сұлтан, старшындары Ырғыз бойындағы ордаға жиылып, мұрагер Нұралыны хан сайлаған еді». Ұлы Нұралы бұл үдеден шыға ала ма?! «Хан, хан» деп бөркін аспанға атқанмен, сол ханның, дәлірегі, хандық биліктің беделі түсіп, орыс билеушілері шекаралық сот дегенді ойлап тауып, өктемдік құрығын созып тұрғаны өз алдына, Барақ бастаған топтың билікке таласып, іштен шыққан жау талма сәтте қылша мойынға қылбұрау салғысы келіп, өлерменденіп жүргені анау. Түрікпендердің қайта көтеріліп жатқаны туралы Шотан батыр жеткізген хабар да бүйірден қадалып жанды сыздатады. «Әкеңмен бірге тізе қосып, жас кезінен батырлығымен танылып, Бұлантыда жоңғарға соққы берген кешегі Ер Шотанның, кешегі қандықол Барақтан әкеңнің кегін алған оның бүгінде тектен-тек қобалжып отырмағаны анық. Адайдың үлкен жұртына бас болып отырған нағашыңның бұл сәлемінде өз билігіңдегі бүкіл ордаға түстіктен қауіп төндіретін түрікпендерге де дұрыстап біржола тойтарыс беретін кез келді дегенді айтып отыр ғой, шырағым!» – деп, Бопай Ақылшы Анадай бір толқыса, Ресей империясының мысықтабандап ішке кіріп бара жатқан сұм саясатының шеңгеліне түсіп кетпеу үшін жол іздеп екі толқиды. Сол толқудың әсерімен енді Әже Бопай уақыт пен қажеттіліктің бесігінде тербеліп өскен жас ұрпақтың өкілі – немересі Тойғараның әжесіне деген таңғы шықтай мөлдір сезімінің алаңшыл көңіл күйіне жүгінеді. Тойғара – ел басқарған хан әулетінің өскіні. Атасы Әбілқайырдың қилы кезең қиындығына шыңдап өсірген ұлы Нұралының, енді ол да ұрпағының, елінің болашағын ойлап, қызын жауы болса да, империялық Ресейдің ең жоғары оқу орнына беріп, үкілеп өсірген әкенің қызы. Тойғара беделді де белді әулеттің қасиетін төмендеткен жоқ, ақылымен де көркімен де көптің назарына ілікті.Орынбордың генерал-губернаторы Игельстром кеңсесіне қызметке тағайындалды. Ұлы Нұралының империя билеушілеріне жолдаған өтініштері діттеген жеріне жетпей тұйыққа тірелгенде Бопай қайраткерлік сапарға тәуекел етіп, немересі Тойғараның көмегімен Орынбор генерал губернаторының қабылдауында болады. Ресей билігінің жауапты өкілдерінің бірімен мәмілегер ретінде ой бөліседі, оның құрметіне бөленеді. Қарт жандарал: «Кезінде императрица, аса мәртебелі Елизавета Ивановна патшайым өзіңіздің мәмілегерлік қызметіңізді бағалап, сый-сияпат жолдап, жақсы ықылас білдіргенінен де әбден хабардар екенімді жеткізгім келеді және де сіздің өз тарапыңыздан ұлы патшайымның өтінішін орындап, Петербор көрмесіне жолдаған кереметтей асыл да қымбат бұйымдарыңыздың құнды жәдігерлер екеніне өз көзіммен куә болғаным бар», – деп, ішкі сүйіспеншілігін жасырмай, дос-жаранша сырласады.
Роман Қасым ханның қызы, Кенесары ханның қарындасы Бопайдың дүниеге шыр етіп түскен салтанатымен аяқталады. Қасым ханның: «Мұның есімі Бопай болады бүгіннен бастап! Төренің атақты келіні, кешегі Әбілқайырдай арда ханның тірегі болған Бопай ханым ақылы мен парасаты кемел, өжет мінезді қыз болсын» – деп тілек етуінің де тарихи мәні бар. Романның бұлай аяқталуы «мың өліп, мың тірілген қазақтың» шежірелі өмірі Бопай сияқты ақылды да, қайратты арулары арқылы кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге жалғасып жатқандай әсер қалдырады.
Мемлекеттік сыйлық қазақ тарихында терең із қалдырған Бопай ханымның өмірдерегін әдеби тілмен көркемдеген «Бопай ханым» романына берілсе, оқырманның да мерейі артатыны даусыз. Себебі белгілі жазушы Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» атты романы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық шығарма.
Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

1070 рет
көрсетілді0
пікір