• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

Есберген – өзіміздің Жак Кусто

Менің Қуаныш досымның бәрінен бұрын бір бүйрегінің теңіз тақырыбына бұрылып тұратыны – табиғи зандылық. Оннан астам прозалық жинақтың авторы өзім білерде елімізге аты мәлім талай әдебиет сыншылары мен қаламгер ағаларының оң ниетті ықылас-пейілдеріне ие болды, олар Қуаныш Жиенбайдың шығармашылық әлеуетін жан-жақты талдады, мерзімді басылымдарға толғаныстан туған талай мақалаларын жазды. Біз оларды да жата-жастана түгел оқыдық. Ол бірнеше халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты. Роман, хикаят, көркем әңгімелері орыс және өзге де тілдерге аударылды. Теңіз тақырыбы, теңіз төңірегіндегі тірліктерді арқау еткен және соған барын салып, соқталы кітап етіп шығарған. «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар» романдарын оқырман қауым жылы қабылдады. 
 

Өткен жылы «Фолиант» баспасы Қуаныштың «У мен уылдырық» атты кітабын басып шығарды. Осы жинақтың тұла бойынан да теңіз тынысы молырақ аңғарылады. Үш хикаят, жиырма шақты көркем әңгіме.
Жинаққа енген хикаяттың бірі – «Қашқын». Кімнен, неге, не үшін қашты? Ә дегеннен осы сұрақтың көмейге кептелетіні анық. Әрі қарай кітап бетін парақтай түсесің. Тағы да таныс суреттер дөңгеленіп көз алдыңа келе қалады. Байқоңыр космодромының жергілікті қазақтарға қаншалық «шапағаты» тиіп жатқаны онсыз да белгілі ғой. Төретам маңайын пәленбай жылға жалға алған мемлекетаралық келісімшартты бұзуға тірі адамның жүрегі дауаламайды. Ал «біз атағы әлемге жайылған космодромның іргесінде тұрамыз» дейтін жалған мақтанышты жалаулатқанымызға қанша жыл болғанын кім білсін. Бізге кейде айтады, кейде айтпайды, төңіректің апшысын қуырып, құйрығынан адам шошырлық от құсып, күні-түні орбитаға кідіріссіз ұшып жатқан ракеталар қаншама?!
Бұл «кереметті» есті ағайын жақсы біледі, бірақ қолдарынан келер қайран шамалы. «Қашқындағы» Бөрібай осы – Төретам шаһарының байырғы тұрғыны. Теміржол бойымен березент жабылған сан түрлі техникалардың космодромға ағылып жататынына аузы ашылып, таңғалғаны болмаса, әлем жұртшылығын тамсандырған сол космодромнан соқыр тиын пайда көргені қайсы? Әр спутник ұшқан сайын аспанға алай-дүлей қою шаң көтеріліп, онысы кейін тұрғындардың басы-көзіне қонатындығы, «осы пәледен ауру таптық» деп арыз-шағым айтушылардың қарасы жылдан-жылға көбейе түсетіндігі жалпақ жұртқа және белгілі. Ана жылдары алмағайып заманды бәріміз бастан кештік қой, күнделікті бала-шағаға нәпақа тауып берудің өзі қиынға соқты. Ел жан-жақтан ауызға түсетін несібе іздеді, ешбір қиындығыңнан қашқан жоқ, ұшы көрінген олжаны жалма-жан тартып алуға тырыс­ты. Бір есептен бұ жолы Бөрібайлардың «жолы болды». Олар топталып Бетбақдаладан ракеталардың сынығын іздеуге бас қатырмастан бірден кірісті де кетті. Сирек металдарды қабылдап алып, қолма-қол ақысын төлейтін қабылдаушылар ауыл арасында өріп жүретін-ді. Олардың сирек металдарды содан соң қайда жөнелтетіндігін кім білсін, бәрінен бұрын зымыстан шөлде қаталап, дала кезгілеген еңбектері ақталса болды да. Бөрібайлардың мол табысқа құныққаны сонша, күн-түн демей металл іздеді, металл – ақша. Бұ заманда бәрін ақша шешеді. Ептеп қалта қалыңдаған сыңайлы. Қолына «қарға тышқан» адамның құдайын ұмытып, аспанға қарайтыны белгілі ғой. 
Бөрібайдың сүйікті жары Гүлжәмила жұмыртқадан жүн қырқатын пысық. Адамдармен тіл табысқыш, Бөрібайға қарағанда ортаға бейім, аз-кем сауаты да жоқ емес. Бір кездері Байқоңыр космодромында аспаз боп істегені және бар. Гүлжәмиланың есіл-дерті – қолдағы қаражаттың басын бұзбай, үй сатып алып қалаға көшу. Бөрібайдың құлақ түбі ызың-ызың, ал, турасын айтқанда, оған туған жерінен артық жұмақ жоқ, анасы осында, ағайын-тумалары осында. Олармен өмір сүрген әлдеқайда көңілді, қала тіршілігінен бейхабар. Іздегенге – сұраған, бірде маң даладан жанығып металл жинап жүргенде Бөрібайдың «командасындағы» біреу байқаусыз­да қордаланған улы газға тұншығып, мерт болады. Марқұмды ауылға әкеліп жерлейді, жылап-сықтайды. Бірақ іс мұнымен бітпейді, құқық қорғаушылар келгіштеп, Бөрібайлардан жауап алу қамында. Ажалдың себеп-салдарына барлау жасайды, ол пақырға неге дер кезінде көмек көрсетілмеген, қасында кімдер болған, басқалар аман, неге ол ойламаған жерден өлім құшады? Қысқасы, Бөрібайлар да көп кінәратты мойынымен көтермекші. Гүлжәмила алақанын ысқылайды, енді ауылда қалудың қандай мән-мағынасы бар? Бір түнде анау-мынауын жинап, қайда баратындарын тірі жанға айтпастан, «үлкен қала қайдасың» деп көшеді де кетеді. Пысық әйелі біреулермен сөйлесіп жүріп, Бөрібайға жұмыс тауып береді. Таксист. Келістіріп үй салып алады. Бірақ Бөрібайдың дария жағасындағы жатаған ауылына сағынышы бір басылмайды. Көшеден қалаға жұмыс іздеп келген бір топ бозбала ауылдастарын кездестіреді де, Гүлжәмилаға ескертпес­тен, үйіне қонақ етіп түнетеді. Рақатқа батып, таң атқанша әңгімелеседі, бой-сойы жеңілдейді.
Жинаққа енген «Оны мазаламаңыз­даршы» хикаяты да, «Тойдың төрағасы», «Кішкентай кісілер», «Қасқырбайдың махаббаты», «Дуадақтың дауы» сияқты көркем әңгімелерінің де тың ойларымен оқушысын жалықтырмасы белгілі. 
Есіңізде болар, ана жылдары әлемдік теледидар ел қызығатындай талай тамаша дүниелерді бір шетке ысырып қо­йып, тұмсығы сорайған, жағына пышақ жанығандай жүп-жүдеу «қара шалдың» мұхит тереңінен түсірген репортаждарын күн құрғатпай бірінен соң бірін көрсетуші еді ғой. Сол ғажап ленталар әліге дейін көз алдымызда. «Шалдың» аты-жөні – Жак Кусто, атақты мұхит зерттеушісі. Оның ұлтына, қайда дүниеге келгеніне жұрт қызықпайтын. Қызығатыны – мұхит түбіндегі кереметтерді еш боямасыз, қаз қалпында түсірген кино туындылары.
Бір адам әзер сиятын ауа толтырылған қобдишаның ішіне кіріп, қолынан кино аппаратын тастамаған күйі көрер­менге күле қарап, дәп бір өз еркімен ажалмен арпалысқа бара жатқандай мың метрлік тереңдікке сүңгитін Кустоның сол жанқиярлық ерлігін, өкінішке қарай, бүгінге дейін ешбір жан толық мағынасында қайталай алған жоқ. Өзі дүние салған соң ол істі ұлы жалғастырмақшы болған-ды, бірақ Кустодай шеберліктің шыңына шығу қайда?!
Құрлықта кино түсіру мен мұхитта кино түсірудің айырмасы жер мен көктей. Сан түрлі балықтар тіршілігі еріксіз көз арбайды. Балық демекші, дүниежүзілік атақ пен абыройға кенелткен Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңізінде» де акулаларға байланысты эпизод бірінші планда-тын. Иә, иінін тапсаңыз, балық пен теңіздің жыры жуық маңда таусылмайды.
«У мен уылдырықтағы» басты кейіпкер – Есберген жерлестеріне мүлде ұқсамайтын тосын бейне. Сол секілді шығарманың сыр-сипаты да күрделі. Әрі мұндай тақырып қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кезікпеген. Есберген көп жұрт біле бермейтін әрі төтенше жағдай туындағанда қай өңірде жүрмесін сол сәтте, сол объектіден табылатын сұңғыла суға сүңгуші водолаз. Баренц, Охот теңізінде батқан кемелердің қазына-байлығын сыртқа шығаруға ат салысқан. Оның Норвегия, Ресей, Балтық бойындағы үлкен қалаларда тұратын әріптестері амандығын біліп, жиі-жиі хабарласып тұрады.
Біздің түсінігімізде Есберген – нағыз «әлем адамы». Бірақ сәл жұпынылау аудан орталығында тұрып, жұртпен бірге күнделікті нәпақасын тауып жүрген біртоға пенде. Әйтсе де өзінің ерекше «мамандығы» қажет болғанда жеке басын күйттеп, бұғып қалатын жан емес. Жазушы кейіпкер характерін күрделі оқиғалар сахнасында, біздің қаперімізге келмеген, келмек түгілі «солай болуы да мүмкін-ау» деп санаға да сіңбеген ситуация арқылы жан-жақты аша білген. Есбергенді тосыннан табылған олжа деуіміздің себебі осында.
Жаңбырдан соңғы саңырау­құлақтай қаптаған балық зауытына күн сайын тонналаған балық керек. Алақандай теңізді лицензиялап, бірнеше іскер азаматтар пышақ үстінен бөліп алған. Ұрандары: «Балық, балық әкел!» Кез келген тұстан киіп-жарып, жасырынып балық аулайтын жырынды браконьерлер қаншама! Міне, мұндай ауырлықты белі бүгілмей, «маңдай тері тырыспай» жасанды теңіз шыдас беріп қашанғы көтере алады?! Есберген азаматтық тұлғасын осы тұста танытады. Жасырын балық аулаушылармен де, «мемлекеттік жоспарды асыра орындаушылармен» де екі білегін сыбанып, айқасқа шығады. Кейіпкердің табиғатқа жанашырлығы – біздің өңіміз түгілі түсімізге кірмеген тың, тосын әдіс-тәсіл. Ақбөкенді түнде жарық салып аулайды дегенді естігенбіз, енді, мінекей, балықты да сөйтіп аулайтындығы былай тұрсын, у шашып, қытайы тормен тұзақтайтыны күн сайын тұс-тұстан дүңк-дүңк естіліп жатады. Мұндай сұмдықты естіген Есберген жынданып кетуге шақ қалады. Жасы жер ортасына таяса да бойдағы күш-қуатын жинап, әлгіндей табиғатқа жасалған айуандықтың жолына тосқауыл қоюға тырысады. Су астына сүңгіп аудың көзін тоз-тозын шығара қиып, балық өрісіне жол ашады, балық шоғырын улы аймақтап қақпайлап әрі әкетеді.
Бұл табиғатқа жасалған үлкен қамқорлық еді. Жағалаулықтар Есбергеннің туған жерге асығыс қоныс аударғанын көрсе де, оның арғы астарында қандай мақсат жатқандығын түсінбейді. Бір жолы мұз үстінде браконьерлер мен саудагерлер масайрап жатқан тұста су астымен жүзіп келген Есберген сол тұсқа динамент қойып, жарып жібереді. Зәрелері ұшып, жан-жаққа тырағайлап қашқандар енді қайтып бұл маңға жоламайды. Ауылдың ақсақал-қарасақалдарына да Есберген жүріс-тұрысының сырын ашпайды. Су астына сүңгитін себебі балықтың сағағына жабысқан түймедей дәрі іздеп жүр-міс. Ол дәрі кісіні қартайтпайды-мыс...
Жазушы бұл эпизодты да өмір шындығымен жымдастыра білген. Есберген мен пошташы келіншек Жібек арасындағы сезім тебіреніске толы. Әдемі сүйіспеншілік иірімі өзінше өріс тапқан. Арадан талай уақыт босқа өтсе де, Есберген ақырында сөзіміздің басында мысал еткен Кустоның тірлігін қайталайды: «Мен неге о шалдан сорлы болуым керек» деп, іштей сілкініп, көктемде өлгенін білмей жанталасып, жағалауға уылдырық шашуға шығатын балықтар әлемін киноға түсіреді. Табиғатқа жаһандық тұрғыдан жанашырлық жасаған Есберген – біз іздеп жүрген әдебиетіміздегі тосын бейне. Өзіміздің Жак Кусто.
Қорыта айтқанда, үнемі экология тақырыбын жырлаудан танбаған белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «У мен уылдырық» атты прозалық жинағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа лайық­ты шығарма.

Толыбай АБЫЛАЕВ,
Арал ауданының 
құрметті азаматы

 

925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы