- Ақпарат
- 04 Шілде, 2024
Әлімғазы Дәулетхан, тарих ғылымының кандидаты: Әр халық өз тарихын өзі жазғаны жөн
Тарих – өткен заманның баяны ғана емес, болашақтың да аяны. Архетиптік сана, арғы тектегі рух, өткеннің сабағы, дала мен халықтың бастан кешірген дәурені, ата жол, ана тіл – осының бәрі дәуірлерді көктей өтетін біздің ұлттық кодымыз. Тарихымызды түптеп танығанда ғана уақыт пен кеңістік тұманын аршып, келешекті кеңірек көре аламыз. Белгілі тарихшы қаламгер Әлімғазы Дәулетхан ақсақалмен әңгімеміз де тарихты танып-білу төңірегінде өрбіді.
– Тәуелсіздікті қайта қалпына келтірген замандағы қазақ тарихы қалай жазылып жатыр? Сіздің көңіліңіз тола ма?
– Біздің қоғамдық ғылымдар, оның ішінде тарих, әдебиет, тіл (филология) жөніндегі зерттеулерімізде бүгінге дейін бірізділік, бір жолға түскен методологиялық көзқарас әлі толық қалыптасып бітпеді. Соның кесірінен кім көрінген бұл салада пікір айтуға бейіл. Дәл тарихқа қатысты айтсақ, мұның себебі Кеңес одағы тұсындағы тарихқа деген көзқарас мүлде басқаша болғанына байланысты. «Екі жүз елу жылдың алдында қазақ деген бір жабайы, мәдениеті, ештеңесі жоқ халық» деген үстірт көзқарастың болғаны жасырын емес. Одан «кемелденген социализмге жетіп, керемет болып кеттік» деп әндеттік. Сөйтсек, құр тұлыпқа мөңіреп жүрген екенбіз. Одан кейін тарихтың үлкен сауалдарымен емес, ұсақ-түйегімен көп шұғылданып, көп уақыт жоғалттық.
Мәселен, «Шыңғыс хан қазақ па?» деген секілді сұрақ болмауға тиіс немесе оның бәлен рудан шыққаны жөніндегі әңгіме де ғылыми негізсіз дүние. Сол шала пікірді шам қылып ұстап жүргендер бар. Шыңғысханның сойын өз руымыздан шығарғаннан біз не ұтамыз? Өз руымызды ұлықтамақпыз ба? Шыңғыс хан бір рудың, тайпаның аумағына сыятын адам емес. Әлемдік тұлға. Оны тарих ғылымының әлемдік методологиясымен зерттеу керек. Тұтас аумағымен, заманымен зерттеу қажет.
Тәуелсіздікті қайта қалпына келтірген замандағы тарих ғылымын тура жолдан адастырған – жалған кітаптар мен ойдан шығарылған әулиелер. Оның бәрі дастарқан басында, отбасы – ошақ қасында айтылатын әңгімелер. Кәсіби тарихшылар ондай қысыр сөзбен айналыспайды. Қысқасы, тарихты бұрмаладық. Өзіміздің кішкентай мақсаттарымызға жұмыс істеткіміз келді. Тарихты өзіңізге ыңғайлауға, оны қолдан жасауға болмайды.
– Президент тарихшылар алдына ел тарихының жеті томдық академиялық басылымын даярлау міндетін қойған еді. Осы үлкен істің басы-қасында өзіңіз де барсыз ғой?
– Иә, қазақ тарихы дегенде Кеңес заманында бес том, кейін Манаш Қозыбаевтың басшылығымен төрт том жарық көрді. Бір жылдары жиырма том жазамыз деп биік сөйледік. Аяқсыз қалды. Енді жеті томға кіріскен жайымыз бар. Мұнда да қым-қиғаш айтыс-тартыс, баяғы еуроцентризм, баяғы кеңестік методология мәселелері алдымыздан шықпай тұрмайды. Маған осы жеті томдықтың екінші томында «Түркеш қағанаты және Батыс Түрік қағанатын» жазу тапсырылды. Түркеш қағанаты туралы монографиям 2005 жылы шыққан. Оған кейінгі зерттеулерді қосып, толықтырып, бір жарым баспатабаққа сыйғызу керек деді.
Осыған келгенде бұған дейінгі ғалымдардың шатасуы алдымыздан шықты. Яғни көзқарастағы қайшылық десе де болады. Мен Батыс Түрік қағанаты дегенді жоққа шығарамын. Алайда Батыс Түрік қағанаты болған деп күні бүгін жазып жүргендер бар. Оқулықтарда солай айтылады. Жаңсақ пікір. Меніңше, ол – Түркеш қағанаты. 692–766 жылдар аралығында Түркеш қағанаты өмір сүрді. Яғни Көк түріктердің ыдырап, әлсіреген кезінде Оноқ Бұдұнның ішіндегі Түркеш тайпасы, оның билеушісі жарқырап алға шығып, ел билігін қолына алды. Көк түріктердің құлаған туын түркештер көтеріп шықты. Түркеш қағанаты Қап тауынан, Қара теңізге, Римнің іргесіне дейін, шығысы Қытайдың Ұлы қорғанына дейінгі ұлан-ғайыр аумақта 20–30 жыл билік қылды. Ал біздің тарихшылардың шатасып жүргені мынада: тарихтан хабары бар адам біледі, Естеми мен Бумын қаған қағанат құрды делінеді. Бумын қаған мемлекет құрылғаннан кейін үш-ақ жыл өмір сүрді. Елді билеген Естеми қағанның толық аты – Естеми жабғу қаған. Қазір жабғу дегенді көп айтпайды. Естеми қаған батысқа шабуыл жасауға он оқ (ол замандағы символ садақ) беріп, қазіргі түсінікпен он әскербасын аттандырды. Әскерлерін жіберіп, бағындырған жерлеріне билік құрды. Бірақ үлкен ордадан бөлініп, бағынбай өзі мемлекетін жариялағаны туралы дерек тарихта еш жерде жоқ. Қытай, Еуропа, араб-парсы, орыс деректерін бір кісідей ақтардым. Естеми өзін қаған деп жариялаған жоқ. Қазіргідей үлкен ордаға барып, есеп беретін заман емес. Өте үлкен аумақ, мыңдаған шақырым жер. Сырт көзбен қарағанда өзі бөлек мемлекет болып, Естеми тәуелсіз қаған секілді көрінеді.
Өзара ішкі соғыс болғаны рас. Естеми мен Бумынның ұрпақтары билікке таласты. Ақыры, Түркеш билігі құлады. Таққа талас Көк түрік заманында да, Шыңғыс хан заманында да болған. Бұл жердегі таққа талас бөлек мемлекет, бөлек халық болғаннан емес. Қазіргі тілмен айтсақ, Ұлы Түрік қағанаты деген тәуелсіз, біртұтас мемлекеттің ішіндегі бөлінуге талпынған сепаратизм деуге де келмейді. Түрік халықтарының мемлекеттік құрылымын, саяси жүйесін, мемлекет басқару тәртібін білмеуден әлде орыс тарихшыларының әдейі бұрмалауынан пайда болған қате пікір. Сырттай жобалап бере салған атау.
Мысалға, өзіңіз білесіз, күні бүгінге дейінгі оқулықтарда «Жоңғар хандығы» деген тіркес бар. Жоңғар хандығы деген хандық тарихта болған емес. Ол атауды орыс тарихшылары енгізді. Жоңғар деген қайдан шыққан сөз? Шыңғыс хан пайдаланған сонау хұн заманынан бергі үшке бөліп басқару жүйесі болған. Орталықта патшаның өзі отырады, оңы мен солын кіші қағандар басқарады. Моңғол тілінде гар – қол. Яғни оң қол, сол қол. Оң қанат, сол қанат дейміз. Соны (Зүүнгарды) орыстар «жоңғар» атады. Жоңғар ол бөлек хандық емес, біртұтас мемлекеттің құрамдас бір бөлігі ғана. Сол қанаты. Қағанның ең сенімді әскери құрылымы, тайпалары сол қанат аталған. «Қағанның оң тізесін басқан бәйбішесі, сүйіктісі» деп жазамыз. Ол да біздің шатасқандығымыз. Керісінше, патшаның сол жағында отырған бәйбішесі – ең біріншісі немесе ең ықпалдысы. Біз «қағанның сол тізесін басқан» деп айтпаймыз, өйткені орыстар оны оңға айналдырып жіберген. Ал сонымен бағана айтылған жабғу (Естеми жабғу қаған) деген сөзге келсек. «Жабғу» бас қағаннан кейінгі қаған деген мағына береді. Екінші адам мәнінде қолданылады. Естеми ғана емес, билікке келген оның ұрпақтарының есіміне де жабғу анықтауышы тіркесіп айтылған. Жабғуды қоспай айту, жазу – кейінгі білмейтін тарихшылардың әрекеті.
– Түркеш қаншалықты ықпалды мемлекет бола алды?
– Алдымен, Түркеш қағанаты құрылар алдындағы геосаяси жағдай қалай еді деген мәселенің басын ашу керек болды. Қазірге дейін жарық көрген бес томдық, төрт томдық зерттеулерде бұл жөнінде мүлде айтылмаған. Бізде оны зерттеген адам болған жоқ. Зуев, Қадырбаев дегендер зерттеді деседі, олардың жазбалары бір бет, жарты беттен асқан жоқ. Біздің тарихшылардың ескермей келген мәселесі мынада: ол заманда шығыста Таң империясы «қағынып» тұрды. Қайта-қайта батысқа жорыққа шықты. Ал Тибет империясы да қуатты мемлекет еді. Олар Таң империясына қауіп төндірді. Араб халифаты күшейді. Олардың әскері Әмударияға жетті. Ал осындай жан-жағынан бәрі анталап тұрған геосаяси жағдайда Түркеш мемлекеті қалыптасты.
Сұлық қағанның тұсында, яғни 738 жылға дейінгі аралықта Түркештің ықпалы керемет болды. Оны жалғыз нәрседен аңғаруға болады. Түркештермен одақтасу деген сол кездегі төрт үлкен империяның тағдырын шешетін мәселеге айналды. Олардың арман-мүддесіне сай немесе қайшы келетін мәселе «Түркештер кімді жақтайды?» дегенге тірелді. Сондықтан Тибет билеушісі өз қызын жасау-жабдығымен қатар, үлде мен бүлдеге орап, Сұлық қағанға әйелдікке берді. Оны ести сала Таң империясы бір сұлуын Түркеш қағанына ұзатты. Қазақшалап айтқанда Түркешпен құда болу оларға мәртебе еді. Қанша өз құрамында болса да, үлкен орданың қағаны да өз қызын Түркеш билеушісіне берді. Сөйтіп, айдарынан жел есіп тұрған билеушілердңғ қыз беруі түркеш билігінің тегеурінін көрсетті. Осындай ықпал Көк түріктерде, Ұйғыр қағанатында болды. Аталған шығыстық империялардың жағымпазданып, қолдауын қажетсінуі Түркештің де пешенесіне бұйырды. Осы айтқандарымды жазған ешкім жоқ. Мен көктен алған жоқпын. Мұның барлығы Қытайдың жазба деректерінде бар.
Ал сол Қытай жазбаларындағы аталған деректерді тастағы жазулармен салыстырып зерттедім. Сөйтсек, Таң империясы тұсындағы мәліметтер мен Көк түріктердің тастағы жазбалары бір-бірін қуаттайды, жоққа шығармайды. «Түркештер өз халқымнан еді, билеушілердің білместігінен дұшпанның сөзіне еріп, бізге қарсы тұрып, қағаны өлді, тегіндері өлді, халқы зардап шекті», – дейді Білге қаған. Демек, Түркеш қағандығы бөтен жау болып кеткен жоқ, дұшпандарының сөзіне еріп, іштен іріді.
751 жылғы атақты Атлақ-Талас шайқасы Таң империясының Орта Азиядан біржола кетуіне себеп болды. Түрік империясы Батыс, Шығыс болып екі жарылған жоқ. Арабтармен бірлесіп, басқыншы Таң империясына қарсы соғысты. Қарлұқтар да, түркештер де барлығының дәл осы шайқаста басы қосылды. Түрік-араб одағының арқасында жүз жылға жалғасқан Таң империясы шапқыншылығының бетін қайтарды. Сөйтіп, 751 жылдан бүгінге дейін қару асынған қытай әскерінің табаны біздің қасиетті Қазақстан топырағына тиген жоқ. Атлақ-Талас шайқасының тарихи маңызы, ондағы түркештер мен қарлұқтардың, араб атты әскерінің еңбегі мінеки, сонда деп білген жөн. Қытайлар: «751 жылдан кейін Таң империясы өзінің империялық дәрежесінен мүлде айырылды», – деп өздері жазады. Орталық Азиядан біржола кетті. Ақырында ішінен бүлік шығып, патшасын астанасынан қуып, Таң империясы өз басымен қайғы болып кетті.
Қарлұқ қағанаты Түркештің орнына құрылды. 766 жылы түркештердің билігі қарлұқтардың қолына өтті. Астанасы Қашқар мен Жаркентке қарай ауысты. Екі астана болды, жаздық және қыстық деген секілді, біреуі – Талас (Тараз), екіншісі – Қашқар.
– Сөзіңізді бөлейін. Сіз айтып отырған араб атты әскерінің қазақ жеріне келген заманында, қара қытай деген атау айтылады. Олар кімдер?
– Қара қытай атауы тарихшылардың шатастыруынан шыққан. «Табғаш, Шын-Машын, Қытай, қара қытай жөнінде» деген 2003–2004 жылдары үлкен мақала жазғаным бар. Сонда анық деректермен келтірдім. Көк түрік заманында айтылатын табғаш қытай да, қара қытай да емес. Табғаш – кидандар. Киданды «қара қытай» деп атап кетті. Дұрысында, киданның қытай атаулыға мүлде қатысы жоқ. Ол – түрік текті халықтардың бір тармағы. Хұндар мен тунгустардың ортасынан шыққан деуге болады. Қытайлар табғашты «тобашы» деп жазады.
Қытай тарихында қара қытай Ляо мемлекеті деген болған. Кидандардың өз ішінде орда төңкерісі болады, себебі қытайлар кидандарды бір-біріне айдап салып, билікті басып алған, астана да қытайлардың қолына өткен. Ели-даши деген тақ мұрагерлерінің бірі, өз заманындағы мықты сардар, сол екі жүз адаммен қашып шығып, өзі билеп отырған аумағына енетін Алтай өлкесінің Еміл бойына келіп, бұрынғы ықпалын пайдаланып, шашырап жүрген түрік халықтарының басын қосып, Ляо мемлекетін құрады. Ляо мемлекеті сексен жылдай билік құрды. Түркештер мен қарлұқтардың билеген жеріне сол Ляо яғни табғаштар иелік етті. Бұл – Шыңғыс ханның алдындағы оқиға. Ляо мемлекетіндегі кидандардың билігін Күшлік хан басып алды. Күшлік иелік еткен халықты христиан дініне енгізбек болды. Бірақ халықтың күшті қарсылығына ұшырады. Сол кезде Шыңғыс хан Жебе ноянды жиырма мың әскермен жіберіп, кидан мемлекетінің шаңырағын ортасына түсірді.
– Енді шегініс жасап, сауал қойсам. Кеңестік кезеңдегі идеологияны бәріміз білеміз. Дегенмен ол замандағы тарихты жазудағы басты ағаттық неде?
– Біздің қазақ тарихына арналған көп томдықтарда ана хандық, мына хандық аяқастынан пайда болады, аяқастынан жоғалады. Құлағаны мен жаңадан жариялағанының арасында байланыс бар ма, жоқ па, оған басын қатырмайды. Жабайылардың кезекті бір бүлігі, бірін-бірі қиратып, екінші бір жабайы келді деген тұжырым. Ал, шын мәнінде, сонау сақ, хұн заманынан бері мемлекет қалай аталғанына қарамай билік, патшасы, ордасы бар, билер кеңесі қалыптасқан, олар орталықта тұрып, ру-тайпа көсемдері арқылы мемлекетті билеген. Ру-тайпа көсемдері – әскери адамдар. Өз қол астындағы халықты жоғарыдан қалай бұйрық келеді, солай ұйымдастырады. Он мың әлде жүз мың әскер жинала қалады. Ондай құзыретті, құдіретті жүйе болмаса, әр жерде жүрген ру-тайпаларға патшаның бұйрығы жетпес еді. Дәстүрлі мемлекетшілдік жүйе болған. Мемлекет қалай аталғанына қарамай, саяси құрылымды барлық уақытта бір-бірінен дәстүрлі түрде алып отырған. Саяси жүйені өзгерткен, қосқан, дамытқан. Сол мемлекеттік дәстүрді Шыңғыс хан шегіне жеткізіп дамытты. Түрік халықтарын кім билеп, қандай империя құрса да, дәстүрлі мемлекеттік жүйені пайдаланды. Ол «бір жабайының орнына екінші жабайы келіп, өзіне дейінгінің барлығын талқандады» дегенге саятын кеңес заманындағы түсініктен басқаша болғанын баса айтқан абзал.
– Кезінде дүниені дүрліктірген хұн империялары туралы бізге әлі көп мәлімет беймәлім, зерттеу жұмыстары да жеткіліксіз секілді?
– Хұндар – б.з.б. 1500 жылдан б.з. V ғасырына дейін екі мың жылдай Азия мен Еуропаның тарихында өшпес із қалдырған, ең ежелгі халықтың бірі. Олар б.з.б. III ғасырдан бастап әлемдік тарих сахнасына атойлап шықты.
Түрік тарихшысы Иылмаз Өзтұна: «Хұндар түрік тарихының таң сәрісі еді. Қытай жазба деректері әлдеқашан-ақ хұндарды VI ғасырдағы Көк түріктердің атасы деп есептеген болатын. Әсіресе Метедей (Мөде) теңдессіз әскери ақыл-парасатқа ие, аса көрнекті ұйымдастырушы, мемлекет қайраткерлерінің шығуы, түріктер тарихын сонау хұн дәуірінде-ақ әлемдік деңгейдегі мән-маңызға ие етіп кеткенін көреміз», – деп жазды.
Қытайдың әйгілі «Тарихи естелік. Хұндар баянында» хұндардың ата-бабасы Шия Ху әулеті Шунви еді, Шунвиден Тұманға дейінгі мың жылдан астам уақытта хұндар бірде күшейіп, бірде әлсіреп отырды», – деп анық жазған. Аталған еңбектен бастап, сандаған жылнамалар мен шығармаларда хұндарды 32 түрлі атпен таңбалаған. Таңбалаушы хұндарды ұнатпаған жағдайда «жабайы», «біз тұмсық ит», «қорқау», «лаққандар», «шайтандар», «қаңғыбастар» дегенді білдіретін иероглифтермен де жазған.
Ал аталған Шунви деген есімді Әлкей Марғұлан Шоң би деп қолданыпты. Нақты түсінік бермегенмен ғұламаның дөп басқанына таңғалуға болады. Хұндардың ата-бабасы делінген Шоң би тіркесінің мәнін ашу үшін ізденіп көрдім. 1995 жылы жарық көрген «Ертедегі қытай тілінің қысқаша түсіндірме сөздігінде» Шүн-вейге алты түрлі түсінік беріліпті. Онда: жуас, момын, ақ көңіл, таза, кіршіксіз, сүйкімді, ұнамдыдан басқа, біз іздеген үлкен, ұлы, шоң және байтақ, ұлан деген мағына бары анық жазылыпты. Ал «вей» таңбасына сегіз түрлі түсінік беріліпті. Үлкен арқан, жіп, заң, ереже, тәртіп, ойлану, толғану, ақылдасып шешу, ой жіберу дегендерден басқа бірден-бір, дара деген де мағынасы бар екен. Демек, екі таңбалы Шүн-вей – заң, тәртіп бойынша елін бірлестіріп, басын қосып билік жүргізуші болса, нақтылы қолданыста Шоң би – ұлы, байтақ билеуші дегенді білдіреді. Шоң би туралы алғаш қалам тартқан қытай тарихының атасы Сы Машиан. Ол – Хан династиясында туып-өскен адам. Өз мемлекеті сияқты, хұндардың да бұрыннан келе жатқан мемлекет екенін жазған, ғылымға адалдықтың үлгісін көрсеткен ғалым.
– Бізді жаулаған басқалар секілді, қытай жазбаларында да хұндарды кемсітіп көрсете ме?
– Қытай жазбаларында, сонау Хан династиясы (б.з.д. 206–б.з. 220) дәуірінде-ақ «Түстікте алып Хан, терістікте құдіретті ху бар (яғни хұн)» деп жазу үйреншікті жағдайға айналған. Хұн тәңірқұттарының қытай патшаларына жазған хаттары: «Көк пен жерден жаралған, Күн мен Ай таққа отырғызған хұндардың ұлы тәңірқұты» деп асқақ басталатын болған. Өз кезегінде қытай патшалары кішірейіп: «…Хұндардың ұлы тәңірқұтына амандық-саулық тілейміз», – деп бастаған. Қытайдың «жауласқан бектіктер» (б.з.д. 475–222) дәуірінде басталып, атышулы Шин Шыхуаң (б.з.д. 221–209) кезінде аяқталған он мың лилдік Қытай қорғанын терістіктегі «құдіретті хұндардан» қорғану үшін салғаны белгілі. Жауларына жібі түзу атау бергісі келмейтін халықтың «құдіретті» деп мойындауы хұндардың қаншалықты мықты болғанын көрсетеді.
Тарих пен тіл қашанда тағдырлас, тамырлас. Қытайдың ұлттық музыка аспабы болып кеткен ху шиннен (қобыз) бастап, көптеген қару-жарақ, құрал-сайман, тұрмыстық бұйымдар, азық-түлік, көкөніс пен өсімдік аттарының алдында қалайда ху иероглифі тұрады. Онымен қоймай, қытайлар нені жек көрсе, адамның қандайда мінез-құлқын ұнатпаса, айтар сөзінің алдына «ху» сөзін тіркеп жіберетін болған. Осының бәрң әлдеқалай кездейсоқ бола салған тілдік құбылыс емес.
Өзің де жаздың, моңғолдар адам дегенді «хүн» (күн) дейді. Моңғол адамы – моңғол хүн. Ал хұндарды «хүнну» деп атайды. Осындағы хүн түсінікті дейік. «Ну» қосымшасы туралы ойланып көрсек. Қытайларда ну сөзінің «құл, малай» дегеннен өзге, лауазымдыларға, бай-манаптарға, қожайындарға бағыныштылары «пендеңіз, қарашыңыз, пақырыңыз» дегендегі мағынасы және келіндерінің ата-енесіне, күйеуіне тіл қатқанда ерекше ілтипат білдіру үшін олардың атына қосып айтатын әдет болған. Сонда моңғолдардың «күн-ну»-ындағы «ну» – жай ғана қатардағы пенде емес, «Тәңірінің перзенті, баласы» деген әспеттеу болуы да ғажап емес.
– Көршісі алдымен жүйрік атын, сосын ең сұлу әйелін сұрағанда берген, соңында бос жатқан жеріне қолқа салғанда, «бере салайық» дескен ақылгөйлерінің бәрінің басын алдырып, көршісіне соғыс ашқан Мөде қағанды сіз Мете деп жазасыз, жалпы, осы атауға түсінік берсеңіз.
– Қазақ басылымдары бірде Мөде, бірде Моде қаған деп түрліше жазып жүрген хұндардың бір орталыққа бағынған мықты империясы б.з.д. 209 жылы Мете таққа отырғаннан кейін құрылды. Қытай жылнамаларында содан былай қарай хұндардың ең жоғарғы билеушісін Мау Дүн Шан иүи түрінде жазды. Бірақ қытайлар ол заманда «Мау»-ды «Мо» деп, «Дүн»-ді «Ду» деп оқыған. Сондықтан кейінгі шетел зерттеушілері бірде Мау Дүн, бірде Моду деп оқып-жазды. Моде, Мөде, Боде деген бір билеушінің аты бізге де құбылып жетуі содан. Түрік халқының белгілі тарихшысы Баһаддин Өгелдің «Ұлы Хұн империясының тарихы» атты екі томдығын аударғанымда, ол Мөдені Мете деп алыпты, сол нұсқасын сақтауды жөн көрдім.
– Елімізде көбіне құрметпен аталатын Лев Николаевич Гумилев туралы жазған сыныңызды оқығаным бар?
– Бір халықтың ұлттық психологиясын, болмыс-бітімін басқа бір ұлт өкілінің жетік біліп, түсініп кетуі екіталай. Түрік халқына оң көзбен қараған делінетін Л.Н. Гумилевтен де соны көреміз. Қазірге дейін көптеген тарихшылар хұндардың отбасылық өмірі туралы сөз болса, екі мың жыл бұрын жазылған «Тарихи естелік. Хұндар баяны» деп аталатын еңбектегі: «Азаматтар сүбелісін, қарттар қалғанын жейді. Атпал азаматтар қастерленеді, әлжуаз қарттар қағылады» – деген жолдарды көлденең тартады. Сол арқылы хұндардың қатыгездігін, жабайылығын, мейірім-шапағат дегенді білмейтін зорлықшылдығын дәлелдемек болады.
Тарихи шындық қалай еді? Аталған «Тарихи естелік, Хұндар баянын» әрі қарай оқып көрелік: Лаушаң тәңірқұт (б.з.д. 174–161) заманында Ордаға келген қытай елшісі мен хұн уәзірі Ю Е арасында екі халықтың жақсы-жаман қасиеттері сөз болады. Қытай елшісі жоғарыдағы сөзді айтады. «Қытайлар жастар соғысқа аттанарда олардың жасы үлкен туысқандарынан жылы әрі өздері тәуір көретін киімдері мен майлы, дәмді тағамдарын аузынан жырып бере қояр бір адам табыла қояр ма екен?» – деп сұрағанда елші: «Дұрыс айтасыз, ондайлар табыла қоймайды», – деп тайсақтамай жауап береді. Сонда уәзір: «Хұндарда әскери қызмет пен соғыс басы ашық бір кәсіп ретінде бағаланады. Қарттар мен әлжуаздар, бала-шағалар қару жұмсай алмайды. Сондықтан да қарттар майлы, дәмді тағамдарын өздерін қорғап, аман сақтау үшін күшті әрі жақсы соғысатын болсын деп жастарға береді. Міне, осылайша, әке мен бала бір-бірін аман сақтап қорғайды», – дегенде елші үндей алмай қалғанын басқа емес, қытайдың әйгілі тарихшысы Сы Машиан жазған. Ал біздің қадір тұтатын Лев Николаевич жаңағы хұндардың қатыгездігі туралы жалған деректі одан әрі өрбітіп келіп: «Все это свидетельствует о каком-то ослаблении родовых связей, о господстве физической силы над обычаями и традициями», – деген қорытынды жасайды. Жалпы, әр халық өз тарихын өзі жазғаны жөн.
– Шоң би сияқты хұн сөзін қазір де қолданып жүруіміз мүмкін. Жалпы мынау хұнның тілі, сөзі деп санамалап беретін сөздер тізбегі бар ма?
– Әлемдік түркологтер екі ғасырдан бері хұн тілі, жазуы жөнінде тоқтаусыз талас-тартыс жүргізіп келеді. Оның басты себебі – хұндардың бізге жеткен тілдік материалдарының өте тапшы болуы. Қолда бар хұн сөзі делінген бірер жүз атаудың өзі, негізінен, ертедегі қытай жылнамалары мен орда жазбаларында сақталған қытайша жазылған атау сөздер. Ру-ұлыс аттары, адам аттары, мансап, қару-жарақ, мал өнімдері, музыка аспаптарының атаулары ғана. Ал ол қытайша таңбаларды бүгінгі қытай тілінің оқу, дыбыстау заңдылығымен оқып, түсіндіру мүмкін емес. Өйткені хұн сөзі делінген атаулар қытайдың екі Хан патшалығы заманында қағазға түскен. Оған қоса, сол заманға тән иероглифті дыбыстық екпіндеу ережесі жазылған кітап бүгінге жетпеген немесе ондай кітап жазылмаған.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
5801 рет
көрсетілді0
пікір