• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

Аңыз домбыра, абыз домбыра

Домбыраны алғаш кім ойлап тапты? Қашан, қай дәуірде пайда болған?
Болжам көп, анығын ешкім білмейді. Домбыраның сиқырлы ішегін алғаш рет кім шертті? Тұңғыш күйдің авторы кім?
«Адам еді», – дейді біреулер. «Жоқ, тұңғыш күйдің авторы жел еді», – дейді менің кәрі түйсігім. Жүрек жылағанда бәйек болып алғаш тіл қатқан кім? Жел еді! Көз жасы көл болғанда, пұшайман жеген жаныңды жұбатуға бірінші болып асыққан кім? Жел еді! Құдай-ау, неге жел? Себебі ол да мынау асау теңіздей мөңірелі, тарпаң даладай еңірелі дүниенің өзіндей жетім еді...
«Жетім еді» дегеннен шығады, қазақ – өмір бойы жоқ іздеп келе жатқан халық. Жоғалтқанын түгендеуге, адасқанын бүтіндеуге күш салып келе жатқан жұрт. Жетім жұрт! Қазақ жетім болса, домбыра да жетім. Ал домбыраның өзі осы екі жетімнің қосылған көз жасынан пайда болған жоқ па екен, сірә? 

 

Бейтарап бұрыштан қарағанда, домбыра қозықұйрыққа ұқсас қос ішекті қарапа­йым ғана музыка аспабы. Тіпті қарабайыр десе болар. Қазақтың байырғы танымында, тұтас домбыраны аққу құсқа теңеу дәстүрі қалыптасқан. Мұны академик Әлкей Марғұлан алғаш байқап, жазбаларында («Ежелгі жыр-аңыздар», А, 1985ж.) атап өткен. Ұзын мойын, жұмыр бас, қос құлақ, домалақ пішін. Ғалымның бұл пікірімен біз де келісеміз. Дегенмен мұны соңғы сөз деп қабылдауға асықпайық. Енді домбыраны тікесінен тұрғызып тағы бір рет ықылас қойып, көз жіберіп көрейікші, не байқадыңыз? Сынаптай сорғалап төмен құлап бара жатқан бір тамшы көз жасының сұлбасына ұқсап тұрған жоқ па?! Құдай-ау, ұқсағанда қандай! Құдды соның өзі – әлемнің алақандай жанарында үздігіп барып ілініп қалған бір тамшы қөз жасы! Жетім тамшының стелла-сұлбасы!..

***

Әлқисса, қазақтың қайғы-қасіретін домбырадай түсінген, қазақ тығырыққа тірелгенде домбырадай дем берген, домбырадай буын-буыныңды босатып, жүректің жіңішке қылын шерткен, қазақтың мұң-мұқтажын домбырадай жырға қосып, күйге салып тербеген, қазақтың жаны қураған ағаштай семіп бара жатқанда таңдайына бір тамшы өмір суын тамызып, рухын асқақтатқан жан бар ма екен, сірә?! Қазақ айта алмағанды домбыра айтты. Қазақ қайтерін білмей далбасалап қалғанда, домбыра сөйледі. Не десек те, домбыраның қазақ қиыннан жол таба алмай қиналған тұста жанына серік болып, тығырықтан құтқарып қалған жері көп.

***

Аңыз айтады: Көне, өте көне заманда құралайды көзге атқан бір аңшы жігіт өмір сүріпті. Ол бірде таудан марал атып алады. Маралдың ірілігі сондай – жалғыз көтеруге шамасы жетпейді. Ол көп ойланбастан, атып алған маралдың ішін жарып, жүрек-­ішектерін сыпырып алады да, лақтырып жібереді. Өзі қалған етті арқалап жөніне кетеді. Арадан айлар, жылдар өтеді. Аңшы жігіт азық іздеп қайта тауға көтеріледі. Сол баяғы өзі марал алған жерге әлдебір құдіреттің күші еріксіз сүйрелеп әкеледі. Жүре-жүре әбден қалжыраған аңшы тыныс алу үшін бір қураған ағаштың түбіне жантая кетеді. Кенет... құлағының түбінен әлдебір әуен естілгендей болады. Аңшы қайта тың тыңдайды. Шынында да бір сиқырлы әуен естіледі. «Неткен сүйкімді ән еді!» – дейді ол. Жігіттің қызығушылығы оянады, әуен шығып жатқан жерді іздестіреді. Ұзақ іздейді. Бір кезде ағаштың басында ілінген ішектерді көреді. Жел мен күнге қақталған бұл ішектер бір кезде өзі лақтырып кеткен жұрнақтар болатын. Бірақ оны аңшы жігіт білді ме, білмеді ме, бізге беймәлім. Мәлім болғаны – жел тұрса керулі ішектер бір тосын үн шығарып, ән салады. Жел күшейе бастаса, әуенге-әуен, дүбірге-дүбір қосылып зорая түседі. Аңшыға одан әрі не істеу керегін табиғат өзі көрсетеді. Ол алдымен ағашты кесіп, оны дөңгелетіп ойып, қуыс жасайды, оған ұзын сап жалғайды. Сосын бұтақта «әндетіп» тұрған ішекті кесіп алып, қуыс-ойықтың үстінен өткізеді де, аспаптың екі басына керіп байлайды. Дайын болған соң ішекті шертіп көреді. Ішек «дың» деген дыбыс шығарады. Аңшы тағы шертеді, сосын тағы... Енді ішек өзінен-өзі әндетіп сарнай жөнеледі, құдды адамдарша сөйлейді. Содан аңшы өзі жасаған ағаш аспапқа «домбыра» деп ат беріп, жанынан тастамайтын жан серігіне айналыпты.
Бұл аңыз  абайсызда аңшының оғынан опат болған көкемарал мен оны жұбатуға асыққан желдің қосылып бірге жылаған көз жасы болмағанда, немене?!

***

Аңыз айтады: Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда елді Шаншар деген хан билепті. Оның бірінен-бірі өткен сұлу алпыс әйелі болса да, бір перзентке зар болыпты. Егде тартқан хан күндіз-түні Жаратқаннан бір бала тілеп құсаланып жүргенде, бір түс көреді. Түсінде бір дауыс құлағына сыбырлап, «пәленше деген балықшының қызына үйленсең, ұл мен қызды боласың» деп аян береді. 
Хан көп кешікпей Жаудыр деген балықшының Қаншайым атты жалғыз қызын айттырып, үйленеді. Түсінде көргендей, жас жұбайы көп ұзамай аяғы ауыр болады. Айы-күні жеткенде, толғағы ұстаған келіншек балпанақтай-балпанақтай егіз нәрестені дүниеге әкеледі. Оның біреуі ұл, екіншісі қыз екен. Бұл кезде Шаншар хан аңда жүргендіктен, одан бейхабар еді. Жас тоқалдың егіз бала тапқанын, бала көтермеген ханның басқа нақсүйерлері қызғаныш қылады. Олар екі нәрестені ұрлап алып, көзін жоюды ойластырады. Бұл істі мыстан кемпірге тапсырады. Ол түнде сарайға кіріп, екі баланы ұрлап алады да, орнына екі күшік салып қояды. Сөйтіп, аңнан қайтқан ханға: «Жас әйелің құдайдың қарғысына ұшыраған екен, адам емес, екі күшік туды», – деп хабар жеткізеді. Есі кіресілі-шығасылы Қаншайым сол замат сарайдан қуылады. Ешқандай амалы қалмаған жас әйел басы ауған жаққа жүре береді. Ал бұл кезде екі нәрестені ұрлап алған мыстан кемпір елден тым алыстап кеткен еді. Бірақ нәрестелерді өлтіруге қимай көз көрмес, құлақ естімес жерде өсіп тұрған биік ағаштың басына қызды  шығысқа, ұлды батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрес­телердің көз жасымен суғарылған жалғыз ағаш көп уақыт өтпей қара қошқыл кейіпке еніп, бұтақтары күрт қурай бастайды. Күндердің бір күні нәрсіз, жылусыз қалған құйтақандай қос жүрек соғуын да тоқтатады. Лүпілдеген қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бір кезде бұтақтары салаланып, жапырақтары жайқалып өскен алып бәйтерек те өмір сүруін біржола тоқтатыпты, – дейді аңыз. Қаншайым елден ел, жерден жер кезіп жүре береді. Жолында кездескен жолаушылардан: «Менің қос құлынымды көрдіңдер ме?» – деп сұрайды екен. Бірақ ешкім көрмеген болып шығады. Ел кезіп жүріп оның бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Сөйте-сөйте көз көрмес, құлақ естімес, барсакелмес жерге де жетеді. Әбден діңкесі құрыған бейшара әйел қабағы солыңқы, қабығы қарайып шіруге айналған жалғыз бәйтеректің түбіне жетіп қисаяды. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеуір көзі ілініп барады екен. Кенет дәл құлағының түбінен бір сиқырлы әуен сарнап қоя берсін! Кейуана басын жұлып алады. Бір сәт құлақ түріп, тың тыңдайды. Сөйтсе, айналаны әлдебір сүйкімді әуенге бөлеп, «ән салып» тұрған өзі арқасын сүйеп отырған ағаш екен дейді. Өмірге құсалы Қаншайым бірден әуенге елітіп есі кетеді. Бір кездері қапыда айырылып қалған қос нәрестенің «апалап» жылаған үнін естігендей болады. Содан кейін-ақ жас ана сол жерге жіпсіз байланады. Кетейін десе, кете алмайды. Ұзап бара жатады да, әлдебір құдірет күшімен қайтып орала береді. Ақырында, «әнші ағаштың» түбін біржола қоныс етіп алады. Осылайша, қос нәресте болып әндеткен неше түрлі әуенге елітіп, соған көңілін жұбатып жүре береді.
Бір күні айналаға көз салмақшы болған ана ағаш басына шығады. Жоғары өрмелеп, бір бұтақтан екінші бұтаққа аттай бергенде ағаш опырылып құлайды. Мұндайды күтпеген Қаншайым өкініштен аһ ұрады. Бірақ сәлден кейін далада бір леп соғып, омырылып құлаған ағаш қайта «әндете» жөнеледі. Жаны жай тапқан ана енді оның құпиясын білмекке есі кетеді. Іздестіріп көрсе, ағаш түбінен басына дейін қуыс екен. Ал айыр бұтақтарына ішектер тартылыпты. Бұл керіліп тұрған ішектер баяғыда жалмауыз кемпір ұрлап алып, өлімге қимай осында іліп кеткен өзінің екі баласынан қалған жұрнақтар болатын. Бірақ бейшара әйел оны білмеген еді. Байқап қараса, батыс жақтағы ішек сәл бостау екен де, шығыс жақтағы ішек қаттырақ тартылыпты. Қайран қалдыратыны – екеуі бір ырғақта үйлесім тауып, қосыла әндетеді. Ойында ештеңе жоқ бейбақ ана қуыс ағаштың неліктен ән салып тұрғанын сонда ұғады. Ағаштың әндетуі желге байланысты құбылады екен. Сәл жел тұрса, ағаш қоңыр әуенге салып әндетсе, желдің соғуы күшейе бастаса, әуеннің нотасы күрт жоғырылап, тіпті дүбірге дүбір қоса бастайды екен. Иә, пұшайман болған жанды жұбатуға асыққан құйымыр жел!..
Қаншайым ана «әнші ағаштың» құпия­сын білген соң, бұрын ешкім естіп-білмеген бір аспап жасауды ұйғарады. Алдымен ағашты кесіп алып, ортасын ояды, сөйтіп, қуыс жасайды. Оған ұзын қылып сап орнатады. Сапқа екі құлақ бекітеді. Сонан соң айыр бұтақта тұрған қос ішекті бір-біреулеп кесіп алып, бір ұшын құлаққа орап, екінші ұшын ойықтың үстінен өткізіп келесі басына керіп байлап қояды. Ішектің біреуін қаттырақ тартып, екіншісін бостау етіп байлайды. Бітті-ау дегенде ішегін түртіп қалады – аспаптың үні жүрегіне майдай жағады. Есі шыққан бейбақ ана босаң байлаған ішектің үні мұңды шығатындықтан, «бұл үн ұлымның дауысына ұқсайды екен, ұлым Мұңлық болсын», қаттылау тартылған ішектің үні зарлы шығатындықтан, «бұл үн қызымның дауысына ұқсайды екен, бұл қызым  Зарлық болсын» – депті. Сөйтіп, Мұңлығы мен Зарлығын арқалап, солардың бірге қосылып жылаған дауысынан рахат тапқан бейбақ ана елден ел, жерден жер кезіп жүре беріпті. 
Бұл аңыз өмірге келмей жатып тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қос жетім – Мұңлық пен Зарлықтың ешқашан құрғап бітпейтін запыран көз жасы болмағанда, немене?!

***

Әлқисса, домбыраға ретсіз тіл тигізіп, үнін өшірмек болып тыраштанғандар тарихта аз болмаған. «Ақсақ құлан» күйінің аңызын білмейтін қазақ жоқ шығар. Аңыз бойынша ақсақ құлан таптап жазым еткен ханзаданың ажалын естірткен домбыраның көмейіне хан-әке қорғасын ерітіп кұйдыр­ған. Шындықты айтқаны үшін домбыраны осылай жазаға тартқан, үнін осылай тұншықтырмақ болған. Жазалаудың бұдан асқан ауыр түрі бар ма, жоқ па, білмеймін. Алайда Шыңғыс хан өзі ойлап тапқан осы жазалау әдісін Отырар қаласының қаһарман әкімі Қайыр ханға қолданғаны тарихтан мәлім. Көмейге қайнаған қорғасын құйып жазалау қанішер, зұлым күштен басқа кімнің миына келуі мүмкін?! 
Киелі «қу ағаштың» ауызын жаптырмақ болып жанталасқан қолшоқпарлар одан кейін де тарих бетіне талай қалқып шықты. Домбыраны оркестрден шеттетіп, «екі ішекті қу тақтайды» сүргінге ұшыратқан адам сенбес осындай бір сұмдық оқиға кешегі сабынан саптаяқ қаратқан кеңес заманында қайталанды. 

***

Аңыз айтады: Ерте, ерте, ерте заманда, ер етігімен қан кешкен келте заманда Шыңғыс деген ханның Жошы деген баласы құлан аулауға шығып, содан қайтып оралмапты. Бір жамандықтың боларын алдын ала білген хан:
– Кімде-кім баламның жаманат хабарын естіртетін болса, көмейіне қорғасын ерітіп құямын, – деп елге жар салыпты. Ханзаданы құлан шайнап өлтіргенін білсе де, оны ханға жеткізуге ешкімнің батылы жетпепті. Естіртпеуге тағы болмайды, ауыр қазаны естірту, оған аза тұту – сүннет.
Ел қайтерін білмей, бастары қатып тұрғанда, Кетбұға деген домбырашы «тәуе­кел» деп сарайға кіріп кетіпті. Хан алдына барғанда жүгініп отыра қалып, бір ауыз тіл қатпастан, домбырасын бебеулете жөнеліпті. Бұрын беймәлім күйдің алғашқы қағысынан-ақ аттың дүркіреген шабысы естіледі. Ол бірте-бірте қоюлана түсіп, еркіндіктегі құландар дүбіріне ұласады. Бір кезде шірене тартқан садақ оғы ысылдайды. Кенет боздаған домбыраның көмейінен:
Ау, Шыңғыс хан, Шыңғыс хан,
Арқада еркін жосыған,
Тынышын бұзып даланың,
Оқ атқан алғаш Жошы хан.
Құландар содан шошыған,
Ажалын құшты осыдан.
Хабарын соның айтуға,
Арып-ашып алыстан,
Келіп тұр абыз домбыра,
Болған істің барлығын,
Қалдырмай бәрін баяндар.
Үніне оның құлақ түр,
Қаумалаған халайық,
Хан бастаған жарандар, – деген дыбыс­тар жетеді. Әсіресе «Жошың өлді, Шыңғыс хан» деген сөздер адам көмейінен шыққандай ап-анық болып қайталанып тұрады. Алтын тақта отырған ханның көкірегі қарс айырылып, омырауы ағыл-тегіл жасқа толыпты. Домбыраның зарлы үнінен әрең есін жиған хан:
–О, тоба, мына домбыра не деп бебеулетіп отыр?! Жошымды құлан шайнап өлтірді деп тұр ғой, атың өшкір қу ағаш!.. Ұстаңдар, мына күйшіні, көмейі­не қорғасын ерітіп құйыңдар, сөйтіп үнін өшіріңдер! – деп айқай салыпты. 
Әміршінің ауызынан шыққан әр сөзді бағып тұрған жасауылдар Кетбұғаны ұстап, сүйрей жөнеледі. Сонда күйші:
– Дат, тақсыр! – дейді. –Мен ұлыңыздың өлімі туралы жақ ашқан жоқ едім ғой. Менің не жазығым бар?! Оны естірткен мына домбыра ғой және өзіңіз айтып тұрсыз... 
Хан сөзден жеңілгенін түсініп:
– Мен үшін бәрібір, ұлымның өлімін естіртті ме, жазасын тартуы керек. Ендеше, қайнаған қорғасынды ана қу таяқтың көмейіне құйыңдар! Ендігәрі үнін естімейтін болайын! – деп әмір етеді. Хан әмірі – заң. Әміршінің қас-қабағын бағып тұрған жасауылдар домбыраның қақпағынан дереу көмей тесігін жасап, лекілдете қорғасын құйыпты. Қария сөздің баяндауына қарағанда, домбыраның көмей тесігі осылай пайда болған деседі... Көмей тесігінен лекілдетіп қорғасын құя бастағанда, домбыра байғұс үн шығаруға да шамасы келмей, өз дауысына өзі тұншығып жылап тұрыпты дейді тағы бір аңыз. Жасаған қылмысын жасыру үшін әлемді осындай өтірік аңызбен алдап соқпақ болған хан-әке халықтың үнін осылай өшірмек болыпты. Бұл ойдан құрастырылған аңыз «кімде-кім өлімнің шындығын айтса, көретін күні – осы» деген ханның ескертуі еді. Алайда шындық та бір, қын түбіндегі өткір қанжар да бір. Уақыты жеткенде шындық қын түбін тесіп шығатынын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
«Аңыз түбі – шын, әруақ түбі – жын», – дейді баба қазақ. Ешбір аңыз ойдан шығарылмайды. Ол белгілі бір уақытта өмірде болған оқиға желісімен айқындалады. Уақыт өте келе сол ақиқаттың шын кейіпкерлері көмескіленіп, ұмытылып, ақыр соңында, аңызға айналады. Ендеше, «Ақсақ құлан» – дүниеге қан уыстап келіп, әлемді табанының астына салуды мақсат еткен, тағдырдың дегеніне көнгісі келмеген әміршінің Алла алдындағы мүсәпірлігі мен пенделігін білдіретін көз жасы туралы аңыз болмағанда, немене?!

***

Қазақтың аяулы ұлы академигі Ахмет Жұбанов 1934 жылы «Құрманғазы» оркестрін құрып, 1937 жылға дейін бас дирижерлік қызметін атқарды. Ол ұлттық үн мәселесін жиі сөз еткен. «Мен оркестрді қазақтың ұлттық аспаптарынан бастадым»,– деп жазады өзінің «Ән-күй сапары» атты естелік кітабында. Жұбанов «Оркестрге лескі тағайық, ре-соль жоғары бұрауына келтірейік, бірақ жеке орындаушылықта домбыраның байырғы құлақ күйін сақтайық», – деген. Бірақ оның бұл ұсынысы партократтар тарапынан қолдау таппаған, өзгеріссіз қалған. Жұбановтан кейін дирижерлікке Латиф Хамиди келеді. Сосын бұл міндет Шаргородскийге жүктеледі. «Реформа жасаймыз» деген сылтаумен ұлттық аспаптарды, оның ішінде домбыраны оркестрден «шеттету» осы кезде басталған, дайын аспаптарды сонау Еуропадан алдырған. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде «Құрманғазы» оркестрінде жат жұрттың үні, «еуропастандарттың» үлесі бірнеше есе артқан. Оркестрге еуропалық аспаптар енген соң, ұлттық аспаптарымыз­дың бұрауы өзгеріп, еуропалық бұрауға бет бұрған. Ал еуропастандартқа үні мүлде келмейтін домбыраны қуғынға ұшыратқан. 1958 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін өткізу туралы шешім қабылданып, соған дайындық жұмысы басталып кетеді. Осы іс барысында олар алдымен академик А.Жұбановты өзі құрған «Құрманғазы» оркестіріне дирижерлік етуге жібермеу үшін барын салды.
Бір нәрсе анық: домбыраға тіл тигізіп, үнін өшірмек болғандар бүгінде жоқ. Сондай сілімтік қаскөйлерді тоқпаққа салып тәрбиелеп шығарған Кеңес одағының өзі құрдымға кеткен. Онымен бірге партия да, оның ұрда-жық қолшоқпарларының да көзі құрыды.
Ал домбыра әлі тірі. Үні асқақ!
Алайда сондай шолақбелсенділердің өзі жоқ болса да, жалғасы жанымызда жүр. Қара домбыраның бір құлағы босаңсыған сәтті күтіп жүруі де мүмкін. Құдай содан сақтасын!

***

Әлқисса, төрт аңыз, төрт түрлі оқиға. Бұл оқиғалар әр дәуірде, әр тарихи кезеңде орын алса да, онда өмір сүрген адамдардың ой-арманы, мүддесі ортақ болмаса да, сайып­­­ келгенде, бәрі-бәрі бір қазақтың жалғыз тамшы көз жасы емей немене?! 
Біле білсек, даланың тарпаң сарыны, теңіздің асау арыны, миллиондаған жүректердің дүрсілі, миллиардтаған тамшылардың тырсылы, жер-жиһанның үстінде жұлдыздай ағып жүйіткіген тұлпарлардың дүбірі, адасқанға жол сілтіп, жәрдем сұрағанға иман нұрын дарытқан көк тәңірдің күбірі, төрт ықылым, жетпіс жеті шәріп, он сегіз мың ғаламның бәрі-бәрі осы жалғыз жетім тамшының күмбірлеген қоңыр үніне сыйып тұрғанына қайран қаласың! Домбыра қазақ баласы үшін жай бір музыка аспабы ғана емес, тұтас бір әлем, шет-шегі жоқ ғалам болатын себебі де сол шығар, қайдан білейін...

***

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
 Қазақ –  нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!», – демейтін бе еді қайран Қадыр Мырза Әлі.
Қадағаңды мен енді түсіне бастағандаймын.

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ

 

1163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы