• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

ҚАЗАҚШАҢ ҚАЛАЙ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ?

Зымырандық жылдамдықпен дамып келе жатқан виртуалды әлемде кім қай тілде сөйлейді, қай ұлттың тілі тіршілігін виртуалды әлемде де жалғастырады, қай ұлттың тілі тек шынайы әлемде қалып қояды деген сұрақтарға жауап іздеген, сол жауабын түрлі жолмен саралап, салмақтаған дүние көп-ақ. Алдыңғы қатарлы ондықтың арасына кіре қоймасақ та, қазақ тілі де виртуалды әлемдегі өзіне лайық орында отырмаққа ұмтылады. Тек бір дүниені ұмытпасақ керек-ті: қазақ тілінің виртуалды әлемдегі дамуы мен тыныс-тіршілігі шынайы әлемде осы тілде сөйлей алатындардың қимыл әрекетіне тәуелді.  

 

Бір ғана мысал: жыл сайын Google, Yandex т.б. әр елдің азаматтары интернеттен іздеген үздік ондық сұраныс туралы ақпарат шығарады. Әл-әзір қазақстандық сегментте орыс тіліндегі сұраныс алдыңғы ондықтың қатарынан түспей келеді. Бәлкім, сол ақпаратты сіз де Google, Yandex-тен қазақ тілінде емес, басқа тілде іздеген боларсыз? Иә, виртуалды әлемнің статистикасы басқа: ол сіздің қай тілде сөйлеп, жазатыныңызды интернеттегі сұрауларыңыздан, интернетке қосылған қосымшалардағы сіз таңдаған тілден елеп-екшейді. Ең қарапайым мысал, қолыңыздағы смартфонның тілі қандай? Қазір Apple мен Samsung, тіптен басқа құрылғылар да қазақ тілінде сөйлей, жұмыс істей алады. Бірақ смартфон алғанда ол құрылғыны қазақ тіліне ауыстырып алуды ұмыт қалдыратын замандас көп біздің елде. Банкоматтардан ақша алғанда қай тілді таңдайсыз? Қызмет көрсету орындарына барғанда, ең алдымен, қай тілде тілдесесіз? Мейрамханаларда қай тілдегі мәзірге қарап тапсырыс бересіз? Қазақ тілінің виртуалды әлемдегі өрісі де кеңеюі үшін түрлі тәржіма бағдарламаларына кіріп, қазақша сөздердің дұрыс нұсқасын ұсынып көрдіңіз бе? Иә, қоя берсек сұрақ көп.  
Әйтпегенде осы күні ЖИ-дің де, түрлі қосымшалардың да қазақшасы тәп-тәуір. Тек онымен қазақша сөйлесіп, сұрауыңызды қазақша қойып, қазақша іздеу салып көріңіз: оның да кедір-бұдыр қазақшасы сіздің дұрыс қазақшаңызбен салғастырылып, салыстырылып, түзелген үстіне түзеле түседі. Виртуалды әлемдегі қазақ тілі осылай дамиды, өрісі кеңейеді, түзеледі. Бұл – бірінші мәселе. 
Екінші мәселе, қазір қазақшасы жолға қойылып, шығып жатқан түрлі құрылғыларды таныстыру, халық арасында кеңінен насихаттау жолы қандай? Қандай да бір қазақ тіліндегі ЖИ, интернет бағдарламалары, қосымша виртуалды құралдар жарыққа шықты деп естісеңіз, оны пайдаланып көресіз бе?
Күні кеше ғана Yandex Qazaqstan қазақша сөйлей алатын Алисаны таныстырды. Смарт колонкалардағы Алиса енді қазақша сауалыңызға да жауап беріп, әңгімені жалғауға қабілетті. Алисадан Алматыда кешке қарай қай жерде сейілдеу­ге болатынын, ауа райы туралы мәлеметтерді сұрап, қазақ тілінде жауап аласыз. Мұндай Алиса жаңа және бұрын сатып алынған Yandex колонкаларында бар. Ол үшін арнаулы қосымшаға кіріп, көмекшінің тілін қазақшаға алмастыру керек. Осы уақытқа дейін Алиса тек Yandex пен Yandex браузердің мобильді қосымшаларында қазақ тілін меңгерген еді. Мәселен, ауа райы болжамын, қызықты деректерді немесе қазақша әзіл айта алатын. Виртуалды көмекші, сонымен қатар қазақ тілдегі тапсырмаларды да түсінеді. Яғни Алиса музыка қоя алады, таймер мен дабылды орнатады, смарт үйді басқара алады. Енді сұрақ: Yandex-тегі қандай қазақша қызметті пайдаланып көрдіңіз? Оның қазақшасы қалай екен? 
Yandex компаниясы Қазақстанға «Нейро» сервисін де ұсынған еді. Іздеу мүмкіндіктері мен ауқымды генеративті модельдерді біріктірген бұл сервиске пайдаланушы қазақ немесе орыс тілдерінде сұрақ қоя алады. «Нейро» интернетте бар қазақ тіліндегі ақпаратты зерттеп, оны дереккөздердегі сілтемелермен өңдеп, жауап іздейді. 
Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев: «Біздің министрлік озық технологиялар дәуірінде қазақ тілін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қазір қазақ тілінің моделін құру үшін үлкен деректер базасын дайындап жатырмыз. Алисаның қазақша сөйлегені қуантады. Бұл біздің ана тілімізді әлемнің әртүрлі елдерінде танымал етуге көмектеседі», – деп отыр.
Тек осы жерде «Ана тілі» көтерген бір жағдаятты айтпасақ болмас. Қазақ тіліндегі дыбыстық хабарламаны танып қана қоймай, мәтінге айналдыратын жүйе ойлап тапқан ІТ маман, Өркен Мамырбаев газетімізге «Жасанды интеллектімен қазақша сөйлескім келеді» деген тақырыпта сұхбат берген еді. Сонда маман: «Мүмкіндігі шектеулі жандар «Алиса», «Siri» сынды қазақша жүйе жасауымызды сұраған. Қазір соның жолын іздеп, жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, бұл мәселенің көтерілуінің өзі жақсы. Қолданыстағы дүние болашақта дамып, үлкен өзгеріске ұшырайды деп сенеміз. Бұған дейін де Google жүйесінде қазақша аударма жоқ еді, қазір бар. Windows-та қазақша синтез жоқ еді, қазір пайда болды. Енді менің мемлекеттен сұрап отырғаным, бізге Windows жүйесін ашып берсе, біз тану процесін енгізер едік. Синтез бар, сөйлеу процесі бар, өте жақсы емес пе? Енді Windows, Apple жүйесіне енгізуге мүмкіндік берсе, қазақ тілінің қолдану аясы кеңейе түсер еді», – деген болатын. Яғни мүмкіндіктер берілсе, қазақша сөйлейтін, жазатын, аударатын бағдарламалар жазу ісі де кеңейе түспек. 

Қарагөз Серікқызы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Баспагерлік,

редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы.

6734 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы