- Ақпарат
- 04 Шілде, 2024
Әлем назарында – «Астана саммиті»
Кешелі бері өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Астана саммиті тарихта қалайын деп тұр. Өйткені Қазақстан даталы жиынды қорытындылайды. Бұл ғана емес, әлемдік ауқымын кеңейтіп келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына осы жолы тағы бір мемлекет мүше болмақ.
Қазақстан төрағалық ететін бұл саммит «Көпжақты диалогті нығайту – тұрақтылық пен дамуға ұмтылу» тақырыбы аясында өтпек. Ресми Астана бұл тарихи бас қосуға зор дайындықпен келді. Қауіпсіздік ережелері күшейтілді.Саммит өтетін күндері квазисектор мен мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы онлайн режимде жұмыс істейді. Мұның барлығы, ең алдымен, қауіпсіздік үшін қажет. Өйткені бүкіл әлемде солай.
Әлемдік кеңістікте ықпалды ұйымға айналып келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерде планетадағы халықтың 45 пайыздан астамы тұрады. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 30 пайыздан астамы аталған ұйымға мүше елдерге тиесілі болып отыр.
Сонымен, әлемдік геосаяси жағдай күрделеніп тұрған сәтте өткен Астана саммитінің халықаралық беделі арта түспек. Расында, Астананың соңғы жылдары халықаралық саяси диалог алаңына айналып бара жатқаны қуантады. Бұл – көпвекторлы саясат ұстанатын қазақ елі үшін үлкен абырой. Жыл өткен сайын ШЫҮ-на мүше елдердің кеңістігі де кеңейіп келе жатыр. 2023 жылы оған Иран мемлекеті мүше болса, енді Беларусь Республикасы ШЫҰ нарығына кіреді. Бұл ғана емес, Астанада өтетін саммитке бәрін қосқанда әлемнің 15 мемлекетінің басшылары келді. Осы жолы саммитке БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қатысты. Сарапшылардың айтуынша, жиында Астана декларациясы құжаты қабылданады. Жаһандық қақтығыс күшейіп, халықаралық жағдай күрделене түскен уақытта Астана саммиті қабылдаған декларацияның маңызы зор болайын деп тұр. Бұл біріншіден. Екіншіден, алдағы уақытта Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүшелікке енгісі келетін елдердің саны тағы арта түспек. Өйткені Астана саммитіне Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, Түркия, БАӘ мен Түркіменстан елінің басшылары да келді. Бұл, әрине, ресми Астананың халықаралық беделін арттыра түседі. Саммит барысында 20 шақты халықаралық құжатқа қол қойылады. Әлемдік маңызға ие болатын бұл бас қосуда ШЫҰ-ның қазіргі жаһандық қақтығыстар мен аймақты мәселелерге қатысты позициясы айтылады. Астана декларациясында ұйымның өткен кезеңдегі қызметінің қорытындылары шығарылады және оны одан әрі дамытудың бағдарлары айқындалады.
Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына ресми түрде 9 мемлекет мүше. Атап айтқанда, Қазақстан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан, Өзбекстан. Беларусь Республикасы 2009 жылы ШЫҰ диалогі бойынша серіктес мәртебесін алды, ал 2015 жылы ұйымдағы бақылаушы ел болды. 2022 жылы Беларусь ұйым басшылығына елдің ШЫҰ-ға жедел қосылуы туралы өтінішпен жүгінді.
Жалпы, тәуелсіздік жылдарынан бергі тарихты саралай қарасақ, Қазақстанның халықаралық ұйымдарға төрағалық етуде тәжірибесі мол. Атап айтқанда, еліміз бұған дейін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты құрылымдарға жетекшілік етті. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Астана саммиті де тарихта қалатынына сенім мол.
964 рет
көрсетілді0
пікір