- Ақпарат
- 04 Шілде, 2024
«ШАНХАЙ БЕСТІГІ» ОНДЫҚҚА АЙНАЛАДЫ
Ресми Астана әлемнің жарты халқы тұратын мемлекет басшыларының кездесу алаңына айналды. Алғашқылардың бірі болып, елімізге ҚХР төрағасы Си Цзинпинь келді. Қысқасы, 2-4 шілде күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының 24-отырысы өтпек. Оған әлемнің 16 мемлекет басшылары қатысады. Бұл әлем назарын аударып отырған ресми кездесудің бірі болмақ. Астана саммиті қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігінің тілшісіне сұқбат беріп, Қытаймен достықты және тату көршілікті одан әрі нығайту басымдыққа ие екенін айтты.
Бұл – екі ел халқының түпкі мүддесі
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басылымына берген сұқбатында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын 2022 жылы Қазақстанға жасағанын айта келіп, былтырдан бері Қытайға өзінің үш рет барғанын мысалға келтірді. Мұндай тұрақты өзара байланыс форматы халықтар арасындағы достықты нығайту үшін өте маңызды.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас деңгейі 2019 жылы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік дәрежесіне көтерілгенін айтты. Қытай – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда-экономикалық серіктесі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 41 млрд долларға жетті. Қазіргі кезде мұнай-газ, химия, металлургия, агроөнеркәсіптік, тау-кен және басқа да салаларда ондаған ірі жобаларды сәтті жүзеге асырды.
Екі елдің жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ұстанымы ұқсас. Бұл тұрғыда халықаралық ұйымдар мен көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия-Қытай» диалогі аясындағы күш-жігерді үйлесімді. Қ.Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасы алғаш рет Қазақстан жерінде жарияланғанын тілге тиек етті.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау портындағы жаңа инфрақұрылым, сондай-ақ «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржол дәлізі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автомобиль дәлізі, Сиань логистикалық терминалы сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар пайдалануға берілді. Жалпы, Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі стратегиялық позициясы ерекшеленді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері екі ел білім, мәдениет, туризм, ғылым және технология сияқты салалардағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті.
«Биылғы ақпан айында Шығыс Қазақстан облысындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында құрылған бірінші «Лу Бань шеберханасына» бардым. Осы орайда Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды дайындайтын заманауи зертханаларды көріп, жақсы әсер алдым. Елімізде осындай зертханалардың географиясын кеңейтуге мүдделіміз», – деді Президент.
Осы жылдың наурыз айында Бейжіңде «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының» салтанатты ашылуының ауқымды іс-шарасы өтті, бұл өз кезегінде туристік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болуға тиіс.
«Қазақстанның туризм жылы аясында ҚХР қалалары мен провинцияларында Қытай азаматтарын қазақтың бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен және өнер саласындағы жетістіктермен таныстыратын көптеген іс-шара өтеді», – деді Мемлекет басшысы.
Екіжақты қарым-қатынасқа Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарының өзара ашылуы қосымша серпін бермек. Бұл орталықтар екі ел халқының арасындағы достықтың берік көпіріне айналады.
ШЫҰ әлемдік процестерден шет қалмайды
«Мен ШЫҰ құрылуының куәсі болдым, яғни келіссөздер мен алғашқы құжаттардың әзірлену жұмысына қатыстым. Ұйымның 20 жылдан астам дамуынан кейін көптеген ел «ШЫҰ отбасына» қосылды. Биылғы Астана саммиті барысында ШЫҰ өзінің оныншы мүше мемлекетін қарсы алады», – деді Қазақстан Президенті.
ШЫҰ-ның дамуы аймақтағы және әлемдегі тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілетуге оң әсер етеді. Ұйымның негізін қалаушы әрі көпжақты диалогті дамытудың белсенді қолдаушысы ретінде Қазақстан ШЫҰ-ны өзінің сыртқы саясатындағы тұрақты басымдық ретінде қарастырады.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға кезекті төрағалық кезінде күш-жігер қауіпсіздік мәселесін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және халықтар достығы байланысын нығайтуға бағытталатынын сөз етті. ШЫҰ жалпы әлемдік процестерден шет қалмауы керек. Сондықтан Қазақстан «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын ұсынды. Бұл бастама жоғары бағаланып, барлық мүше мемлекеттің қолдауына ие болды.
«Біз халықаралық қоғамдастықты адал әрі ашық жаһандық диалогті нығайтуға, инновациялық қауіпсіздік үлгілерін енгізуге, әділ экономикалық орта құруға және экологиялық ортаны қорғауда аянбай еңбек етуге шақырамыз. Саммит нәтижесі өзара сенім, теңдік, тату көршілік, өзара кеңесу, мәдениеттерге өзара құрмет, бірлесіп дамуға ұмтылу сияқты «шанхай рухының» іргелі қағидаттарын қамтиды деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын құру тұжырымдамасын және үш негізгі жаһандық бастаманы ұсынғанын айтты. Бұл маңызды тұжырымдар мен бастамалар Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық істердегі негізгі ұстанымын қолдайды және мемлекеттерді бірлесе жұмыс істеуге, ортақ мақсаттарға жетуге әрі адамзат қоғамына пайда әкелуге шақырады.
«Сонымен қатар бұл бастамалар ШЫҰ-ның басым даму бағытына сәйкес келеді, ашықтық пен инклюзивтілік, көпжақты ынтымақтастық және әр елдің ұлттық жағдайларын құрметтеу қағидаттарын қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің пікірінше, ШЫҰ-ның даму перспективасы ауқымды. Қазақстан мен Қытай арасындағы көп сатылы ынтымақтастықты нығайту ШЫҰ-ның дамуы мен өсуіне елеулі үлес қосады.
Президенттің атап өтуінше, Ұйымның ірі халықаралық және өңірлік құрылымдармен байланысын кеңейту арқылы оның халықаралық беделін одан әрі нығайту маңызды міндет саналады. Қазірдің өзінде 150-ден астам іс-шара өткізілді: Нью-Йорктен Бейжіңге, Найробиден Мәскеуге дейін. Осылайша, ШЫҰ серіктестерінің аясы кеңейіп, құқықтық база бірқатар құжатпен толығады.
Төрағалықтың шарықтау шегі – Астана саммиті
«Төрағалығымыздың шарықтау шегі Астана саммиті болады, оған біз баса көңіл бөлеміз. Біз ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп күтеміз. Ортамерзімді келешекке арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалып, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге барабар және уақтылы ден қою үшін бастамалар әзірленетін болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ШЫҰ-ға мүше барлық мемлекетке Қазақстан төрағалығының бастамаларын қолдағаны, ұсыныстарымызбен ниеттестіктері және біз ұсынған басымдықтар аясындағы бірлескен жұмысы үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Саммиттің қорытынды шешімдерінде «Шанхай рухының» іргелі қағидаттары – өзара сенім, достық, өзара тиімділік және бір-бірінің мүдделерін ескеру толық қамтылады деп күтеміз», – деді Президент.
Қытаймен қарым-қатынас жандана түседі
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Астана саммиті басталардан бірер күн бұрын ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен Астанаға келді.
Ресми сапар аясында Елордада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің жетінші отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша 40 құжат бекітілді.
Іс-шараға 500-ден астам адам қатысты, оның ішінде қытайлық 50 ірі компания бар. Жалпы құны 3,7 млрд АҚШ долларынан астам сомада 40 құжатқа қол қойылды. Соның арасында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы қытайлық серіктестермен 16 құжатты бекітті.
Сонымен, қазақ-қытай қарым қатынасы келешекте зор қарқын алады. Оған мына бір деректер дәлел бола алады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан алдағы уақытта шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауар түрін Қытайға экспорттай алатынын айтқан. 2022 жылы Қытаймен ауыл шаруашылығы саласында 780 миллион доллардан аса сауда жасалды. Енді еліміз Қытайға 1 миллион тоннадан аса бидай жеткізеді. 2017–2022 жылдары Қытайға жөнелтілетін майлы дақылдар 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артқан. Сауда қатынасының көкжиегі өте үлкен, бұл, бір жағынан, Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Өткен жылы темір жол арқылы Қытайға 28 млн тонна жүк тасымалданса, оның 12,6 млн тоннасы Қазақстан үлесінде болып отыр. Бұл тұста 2022 жылғы көрсеткіш 23 млн тонна болғанын айта кетейік.
Транскаспий дәлізі –
тиімді бағыт
Екі ел арасындағы «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы да қазақ елі үшін зор мүмкіндік екені сөзсіз. Қазірдің өзінде Қытай Ресейді басып озып, сауда қатынасында Қазақстанның басты серіктесіне айналып үлгерді.
Қытайдың басты сауда серіктесі
Еуроодақ елдері екені белгілі. Бұл орайда Қазақстан басты транзиттік алаңға айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөзге арналған мәлімдеме барысында шақыруды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.
– Бұл сапарыңыз – қазақ-қытай жылнамасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз. Біздің елдеріміз әрдайым тығыз байланыста және достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала да бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Бір сөзбен, біз осы сара жолды міндетті түрде жалғастырамыз. Бүгінгі келіссөз нәтижесі – соның айқын дәлелі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңнің Қазақстанға қатысты саясаты өзгеріссіз қала беретінін айтты.
– Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қазақстанмен достықты сақтауға деген ұмтылысымыз және көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға деген шешіміміз және негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді қолдауға деген ұмтылысымыз өзгеріссіз қалатынын тағы да атап өткім келеді, – деді Қытай басшысы.
Сондай-ақ Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы алғашқы көлік керуенін салтанатты түрде аттандырды. Көлік керуенінің сапары 10 күнге созылады, ұзындығы – 4 800 шақырым. Керуен Қазақстанның 8 өңірінен өтіп, Құрық портына жетті. Бұл бағыт Қытай мен Қазақстан арасында экономикалық және сауда ынтымақтастықты одан әрі дамыта түседі.
Екі елдің басшылары жүк кемелерінің жүзуіне рұқсат берді. Сөйтіп, Қазақстан арқылы өткен Қытайдың алғашқы жүк көлік керуені Транскаспий дәлізі арқылы Еуропаға бет алды. Бұл – Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы деген сөз.
890 рет
көрсетілді0
пікір