• Ақпарат
  • 04 Шілде, 2024

Домбырасыз ән қайда?!.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»

2018 жылдың 13 маусымында қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғыр­ту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. 

Шанағынан күмбірлеп күй төгілген домбыра – қазақтың жан серігі. Ал жан серігін ұлы дала ұланы, қазақ баласы ешқашан жерге тастаған емес. Қазақтың шаңырағында екі нәрсе жоғары ілулі тұрған: бірі –қамшы, екіншісі – қасиетті қара домбыра. 
Ғасырлар өтіп, заман ағымы ауысып, адамдардың өмір сүру салты өзгергенімен, домбыраның қазақ халқы үшін алатын орны қашанда құдіретті болып қала бермек. Домбыра мен қазақ – егіз ұғым. «Екі шектің бірін қатты тартып, бірін сәл кем бұрау» арқылы дала философия­сын бүгінгі заманға жеткізген қара шанақ домбыраны қалай қастерлесек те жарасады. 
Қасиетті домбыра туралы аңыз, әңгіме жетерлік. Ықылым заманнан қазақпен бірге жасап келе жатқан ұлттық аспапқа қатысты дерек көп. Домбыра сөзінің шығу тарихына қатысты жорамалдар да әртүрлі. 
Ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеуіне ден қойсақ, Моңғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайыр­қан жотасының үңгірінен екі ішекті, тоғыз пернелі домбыраға ұқсас көне саз аспабы табылған. Аталған аспапта ежелгі түркінің руна жазуы бар. Ғалымның жазуынша, саз аспабының сырт­­­­­­­қы пішіні алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші бұл жәдігерді V–VI ғасырға жатқызады.
Десек те домбыра сөзінің шығу төркініне қатысты балама пікірлер өте көп. Мәселен, түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік    –­ томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады.
Ал қазақта қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар. Олар – ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы) балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар (екі нұсқасы). 
Бірақ осы жерде айта кететін бір нәрсе, қазақ домбырасының оркестрге лайықтап, стандарттық нұсқасын бір қалыпқа келтірген композитор Ахмет Жұбанов екені анық. Жұбанов 1933 жылы Музыкалық драма техникумының жанынан эксперименталдық шеберхана ашады. Бірнеше шебер, музыканттың көмегімен домбыра және қобызды оркестрге бе­йімдеп жасап шығарады. Кейін домбыраның осы стандарты бойынша Қарағанды облысының Осакаров кентінде, Алматы қаласында домбыраны конве­йермен шығаратын фабрикалар іске қосылған еді.
Сұлтанмахмұт Торайғырұлының: «Біздің қазақ әнқұмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да, сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады», – дегені бар. Бұл кешегі пікір, ал бүгін де қазақ домбырасының даңқы артты. Домбыра мен қазақтың қоңыр күйлері – ­ЮНЕСКО­ ше­шімімен материалдық емес мұралар тізіміне енген. Ұлттық домбыра күнін Қазақстанда ғана емес, бүгінде әлемде атап өтеді. 
Бір ғана мысал, 2010 жылы ұлттың қасиетті домбырасы Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қытайда өткен жиында 10 450 домбырашы «Кеңес» күйін бір уақытта орындап, күллі әлемнің назарын өзіне аудартты. Жалпы, мұндай жағымды жаңалықтар өте көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қос­танай облысының күйшілері де Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қостанай облысының Амангелді ауданында бір мезетте 1 000 күйші күй шертті. Мұндай іс-шаралар Қазақстан аумағында жиі өткізіліп тұрады. 2024 жылдың 20 нау­рызында еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында «Күй күмбірі» атты республикалық челлендж өтті. Бір уақытта 2 миллионға жуық бала Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» күйін орындады. Көкірегінде күй күмбірлеген бала рухани тұрғыда ұтылмайды, ұлттың ұпайын түгендейді, абыройын арттырады. Ұлы дала елінің даңқын асқақтатқан домбыра – біздің баға жетпес байлығымыз, ұлттық символымыз.
Негізі, үйдің отағасы: «Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші, жарым, келші, балам…», – деп отырса, шаңырақты да шаттық кернейді. 
 ...Домбырасыз ән қайда?! 

1124 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы