- Cұхбаттар
- 11 Шілде, 2024
«Патриот такси»: Отаншылдықты көлікте де насихаттасақ...
Ақтау қаласының көшелерінде өзгеше такси жүргізушісі пайда болды. Кейіпкеріміз «еліме деген махаббатымды ісіммен дәлелдей алдым» дейді. Ол – өз елінің тарихын, мәдениеті мен әдебиетін шексіз сүйіспеншілікпен насихаттайтын адам. Оның «Такси патриот» атты бағдарламасы жолаушыларды діттеген жеріне тегін жеткізіп қана қоймай, ұлттың рухани қайнарынан дәм татқызып, қазақстандық тұлғалар мен тарихи оқиғалар туралы сан алуан қызықты әңгімеге жетелейді. «Патриот таксиге» кез болып, бағы жанған жолаушы байқауға қатысқаны үшін арнайы сыйлық та алады. Әлия Жангелдинқызының «Патриот такси» атты жобасы ұлттық рухты оятады, тарихи сананы жаңғыртады.
– Әлия, өнер адамысыз әрі арнайы уақыт бөліп, сол өңір адамдарымен, туристермен көлік ішінде әңгімелесіп жүрсіз ғой. Сұқбаттасқан жандардың өнерге деген көзқарасы қандай?
– Маңғыстау өңірі өнерден кенде емес. Жан дүниесі, қалауы, жүрегі «өнер» деп соғып тұрған маңғыстаулықтардың күй өнеріне, айтыс өнеріне, театрға деген көзқарасы айрықша, биік. Мәселен, былтыр Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрынының 20 жылдығын атап өтсек, алдағы уақыттағы тамыз айындағы басты мақсатымыз – «Әбіш әлемі» атты халықаралық театр фестивалін өткізу. Сол үшін қазір қызу дайындық үстіндеміз. Мәдени орындардағы қойылымдарда зал әрқашанда көрерменге лық толы. Бұрындары театр қойылымына билеттерді сатып алу қиынырақ болса, қазір бұл процесс «ticketon.kz» сайты арқылы оңтайландырылды.
– Тұрғындардың басым көпшілігі өзіңіз бас болған «Патриот такси» бағдарламасы туралы естіген де болар? Мұндай бағдарламаны жасау қандай идеядан туды? Жобаны жүзеге асыруға кімдердің септігі тиді?
– «Патриот такси» жобасына қатысты жүзеге асқанда Маңғыстау халқының тұрғындарының эмоциясы, қолдауы мені аса қуантты. Әсіресе көшеде кетіп бара жатқан тұрғындардың қол бұлғап, «жарайсың» сыңайлы демеу сөз айтуы, балалардың жаныма үйіріле кетіп, «Қазақстан көлігі ғой» деп қуанып, жылы-жылы сөздер айтып кетуі шабыт береді. Өзіме демеу болатын да халықтың қолдауы, жүздеріндегі күлкісі, жымиысы ғой. Бұл жобаны ұйымдастырар алдында «Не себепті Қазақстан Республикасының азаматтары қазақ тілінде сөйлемейді?», «Қазақ тілін неге насихаттамайды?», «Неге жастарымыз орыс тілінде сөйлеуге бейім?», «Ұлттық құндылықтарымыз неліктен жеткілікті дәрежеде насихатталмайды?», «Ұлттық құндылықтарымыз ұмыт болып бара жатыр», «Тарихи тұлғаларымызды білуіміз керек» деген сұрақ тізбегі мен ой мені толғандырды. «Тәуелсіздікті алуымызға еңбегі сіңген азаматтардың атын, ұлттық маңызы бар тарихи жерлердің атауын қалай жаңғыртамын? Көк Тудың, Елтаңбаның қадірін ұмыттырмау үшін не істеу керек?» деп өзіме сұрақ қойдым. Мінеки, осылайша «Патриот бол» жобасын құзырлы органдарға жүйелі таныстырып, қолдау таптым.
Негізінен, «Патриот бол» жобасын ұйымдастыру осыдан 3 жыл бұрын ойыма келген еді. 3 жылға жетер-жетпес уақыт бұрын «JasART» атты жекеменшік мекеме құрғанмын. Сол мекеме жұмысымен «Жастар театры» әлеуметтік жобасының жеңімпазы атандым. Қазір бұл жобаны үшінші жыл қатарынан жүзеге асырып келе жатырмын. «Патриот бол» жобасы – Маңғыстау облысының әкімдігі, соның ішінде Маңғыстау облыстық ішкі басқарма саясатының тапсырысының негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама. Байқауға арнайы өтініш жіберіп, жобамды ұсынып, сол байқаудан мүдірмей өтіп, жеңімпаз атандым. Негізгі мақсатым – мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы ұлттық патриотизмді қалыптастыру. Сондай-ақ азаматтардың бойындағы ұлтшылдық, Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық сезімдерін арттыру сынды мақсатымыз да бар.
Бұл жобаның аясына 4 міндетті енгіздім. Біріншіден, мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Ақтау қаласының көшелерін стандартқа сәйкес мемлекеттік тумен (60 дана) безендірдік. Екіншіден, екі қоғамдық көліктің сыртына көк туды жауып, брендтедік. Патриоттық таксиді безендіруге 1,5 миллиондай қаражат жұмсалды. Үшіншіден, қазіргі технология дамыған заманда халқымыздың санасын жаңғыртатындай, тамыз айында, Ақтау қаласында патриоттық іс-шара ұйымдастырмақшымыз. Төртіншіден, «Патриот такси» негізінде «Авто» телешоу бағдарламасы дүниеге келді. Бұл менің көптен күткен арманым болатын.
– «Патриот такси» жобасының басты мақсаты қандай? Бұл бағдарларламада қандай тақырыптағы сұрақ қойылады?
– «Патриот такси» кездейсоқ тап болған жолаушыны қалаған, діттеген жеріне тегін жеткізеді. Өзім «Патриот таксиге» мінген жолаушыға бірнеше интеллектуалды сұрақ қоямын. Жолаушылар мемлекеттік рәміздер, тарихи тұлғалар қатысындағы патриоттық сұрақтарға жауап берсе, арнайы сыйлығымызды да табыстаймыз. Мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін рәміздерінің: Елтаңба, Ту, Әнұранның авторлары, еліміздің айшықты тарихи оқиғалары, өнегелі өмірімен үлгі болған тұлғалардың мемлекетке қосқан үлесі, еліміздегі қасиетті, киелі мекендерге байланысты сұрақ қойылады.
– Қонақ сол қойылған сұрақтың қайсысынан сүрінеді? Қай сұраққа жауап бере алмайды? Ал қандай сұраққа ойланбай тұрып жауап береді?
– Көбінің патриоттық сұраққа дайын емесі, көп сұрақтарға жауап бере алмайтыны және сұрақтың басым көпшілігінен хабарсыз екені мені, шынында, қынжылтады. Десек те, қуанарлық жағдай да аз емес. Мектеп оқушылары, жастар, жасөспірімдер бұл жобаны шынайы қолдайды. Бағдарламаның екінші шығарылымында мектеп оқушылары «Патриот таксидің» жолаушылары атанған еді. Олар сұрақтың бәріне жауап беріп, ақжарма тілегін жаудырған болатын.
– Жоба қанша уақытқа жалғасады?
– Жоба, жоғарыда айтқанымдай, Маңғыстау облыстық ішкі саясатының басқармасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл – қысқамерзімді, 6 айлық жоба. Бірақ бұл патриоттық жобаны тоқтатпай, әрі қарай әлеуметтік желілерде дамытып, түсірілімдер жасаймын. Қазір Маңғыстау халқының көлемінде ғана жұмыс істеп жатырмыз ғой. Бірақ болашақта еліміздің барлық қаласында «Патриот таксидің» жүргенін, болғанын қалаймын. Әлеуметтік желілерде Instagram, YouTube, TikTok арнамыз бар: «@patriotbol_mangystau». Арманым – патриоттық жобаны Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізу. Үміт үзбейміз. Жүзеге асырамыз. Қолдау көрсетілсе, қабыл аламыз. Бүгінде жоба аясында челлендждер ұйымдастырып, @patriotbol_mangystau атты YouTube арнамызды қолға алып, дамытып жатырмыз. Жобаның 3 шығарылымы әлеуметтік желіде жарық көрді. Қаралым көп деп те айта алмаймын. Еліміздің бір кемшін тұсы: лепірме, айқай сөзге толы ток-шоуды көбірек көріп, тиісінше, көп пікір жазып, ол бағдарламалардың рейтінгісін көтеріп тастайды. Ал нағыз тұшымды, ақпаратқа қаныққан, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын танымдық, мәдени, әдеби бағдарламаларды қарамайды.
– Таксиіңізге туристер мінді ме? Мұндай бағдарламар Қазақстанды танытуға қалай әсер етеді?
– Таксиіме елімізде тұратын кореялық қыз мінді. Ол алғаш көлікке мінгенде таңданысын жасыра алмай, жақсы жоба екенін айтты. Жалпы алғанда, турист жолаушылар әлі көлігіме міне қоймады. Алдағы уақытта жер шарын аралап жүрген туристер таксиіміздің жолаушысы болып қалар деп үміттенемін. Себебі қаламызда турист көп. Бұл жоба патриоттық сезімді оятып қана қоймай, ұлтқа, Отанға деген құрметті, махаббатты арттырады. Әр қазақтың бойында осындай рухшыл сезім болса, Қазақстанды танытуға өзінен-ақ қызмет ете бастайды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат Сұлтанқызы
6463 рет
көрсетілді0
пікір