- Тұлға
- 11 Шілде, 2024
Қолдасбаевтың көп қыры
Журналистік кәсіп дағдысымен кәсібі, білімі, жасы әрқилы адаммен әңгімелесіп, кейіпкердің ішкі жан дүниесіне үңілуге ұмтылатынымыз бар. Сондағы түйгеніміз — мектеп қабырғасында қалыптасқан саналы түйсік кейінгі жолда адастырмай игілікке жетелейді. Орал қаласында Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылданған Қолдасбаев жоғары оқу орнындағы «Тұлпар» ұлттық аспаптар оркестрінің, «Атлант» вокальды-аспапты ансамблінің құрамында Ресей Федерациясымен шектесетін облыстарда, сол кездегі астанамыз Алматы қаласында студенттер арасында өткізілген байқау-фестивальда жүлделі орындарға көтеріліп, марапаттарға ие болады. Зооинженер мамандығы бойынша дипломмен бірге «Мәдени-көпшілік» шараларды ұйымдастырушы» куәлігін алып шығуы – азамат ізденісінің дәлелі.
Туған өлкеге кіндігі байланған Нұрәділ Алтынбайұлының кейінгі белестері де сүйсінерлік сәттерге толы. «Қарауылкелді» кеңшарында зоотехник, ферма басқарушысы, Байғанин аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында экономист қызметінде табандылығын, адаммен тіл табысу шеберлігін байқатады. Бұл ретте оның өзін баулыған ағаларын ілтипатпен еске алып, аузынан тастамай айта жүретініне көз жеткіздік. Аудан, облыс көлемінде танымал Нұрлан Тасин, Нұрдәулет Ермеков, Хамит Жұмабаев жас маманның талабын ұштап, батасын берді.
Мамандығы зооинженер Қолдасбаевтың аудандық мәдениет бөліміне басшылыққа келуі де назар аудартады. Аудан әкімі Түрікпенбай Айжарықов өзіне тән кісі танығыштық қабілетімен қызмет орнына шақырып әңгімелеседі ғой. Не нәрсеге де байыппен үңіліп, тиянақты шешім қабылдайтын жігіт туралы пікірін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Еркін Құрманбековке баяндап, ой бөліседі. Түрікпенбайдан әкім қызметін қабылдап алған Бердіхан Кемешовтің ниеті де ортақ арнаға тоғысады. Нұрәділ жаңа орынтақта табан аудармай 22 жыл отырып, сенімді ақтады, зейнет демалысына осы арадан шықты.
Облыста жер көлемі жөнінен ең үлкен Байғанин ауданында мәдениет саласында атқарылған іс-шаралардың ауқымдысы Қолдасбаев басқарған кезеңге тиесілі. Елді мекендерде 16 клуб, 22 кітапхана, 1 музей қызметін тоқтатпастан жүйелі қызмет етіп, тұрғылықты халықты ортақ шаруаға жұмылдырып жатыр. Бұдан өзге сегіз ұжымның «Халықтық» және «Үлгілі» деген атағы бар. Мәдениет мекемелерін компьютерлермен, заманауи жиһаздармен жабдықтауда, кітапханаларды цифрландыруда, баспалардан соңғы жылдары шығарылған көркем әдебиетпен толықтыруда көптеген мәселелер шешілді.
Сонау жылдары «Қазақстан Жазушылар одағының филиалы» атанған өңірде жерлес ақын-жазушыларды ұлықтау барысында игі іс-шаралар жүзеге асырылды. Іскер басшының тынымсыз еңбегі лайық бағаланып, «Ақтөбе облысы әкімінің сыйлығының лауреаты» атанды, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірнеше мерекелік медальдармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Республика деңгейінде мемлекеттік қызметшілер арасында «Елге қызмет ету — мінезден» тақырыбында ой додасына белсене қатысып, Алғыс хат алғаны және бар.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін ширек ғасырдай абыройлы басқарып, зейнеткер мәртебесіне ие болған Қолдасбаевтың қазіргі кәсібі қандай деген сұрақ туындауы мүмкін. Ешқайда кеткен жоқ, отбасымен өзінің сүйікті мекені Қарауылкелді ауылында тұрып жатыр. Әдебиет пен өнердің небір тарланбоздары түлеп ұшқан Арал өңірінде мың қыздан таңдап сүйген жары Айман Құрманғалиқызы қасында, айтпақшы, бұл кісі аудандық ауруханада ұзақ жылдар бойына медбике қызметін адал атқарып, зейнет демалысына шықты.
Ерлі-зайыптылар қыздары Айнұрға, Әйгерімге, Индираға, Бағдатқа, Нұрбақытқа тағылымы мол тәрбие беріп, әрқайсысының теңін табуына, шаңырақ көтеруіне жағдай жасады. Олардан өрбіген он бір жиен ата-әженің көз қуанышына айналды.
Біз күні кешеге дейін білмей келіппіз, мәдениет тарланының тағы бір тамаша қыры — бағбандығы екен. Өзінің айтуынша, Көкбұлақтың сегізжылдық мектебін тамамдап, тоғызыншы сыныпта оқуға «Комсомолдың ХХХ жылдығы» атындағы мектепке келеді ғой. Ауладан кіргеннен алуан түрлі түсті гүлдерден көз сүрініпті. Сөйтсе, ұстаздығымен даңқы көп жерге мәлім Нұрман Қорбин басқаратын педагогикалық ұжым сабақтан бос уақытында шәкірттерімен бірге көшет отырғызып, көкөніс егуге, гүл баптауға машықтанады екен? Сол әсермен Нұрәділіміз гүл өсіруге, бау-бақша егуге ынтасымен беріліп, мұның әдіс-тәсілін меңгереді, түрлі әдебиеттерді оқиды, интернетке үңіледі. Жиырма жылға жуықтады – бағбандығымен ауыл-елге танылды, қазір үйінің үлкен ауласында алма, алмұрт ағаштары, шие, жүзім, таңқурай бұталары, қызанақ, қияр, жуа, құлпынай және басқа көкөніс дақылдары мәуелеп, көңілге нұр себеді. Бұл, бір жағынан, денсаулыққа пайдалы, екіншіден, бала-немерелердің еңбекке құлшынысын арттырады, табиғатты сүюге баулиды.
Халық даналығында «Жігітке жеті өнер де аз» деген ғибратты сөз бар. Біз «Адайда Шоғы батырдың ұрпағымыз» деп, орнықты қимылдайтын Қолдасбаевтың бірнеше қасиетін сөз еттік. Қол жеткенмен тоқырап қалмай, өзін-өзі қайрап, ұдайы ізденісте жүретін кейіпкерімізге игі істе тілектестігімізді білдіреміз.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Ақтөбе облысы
711 рет
көрсетілді0
пікір