- Тұлға
- 11 Шілде, 2024
КЕЛІСТІ КЕНЖАЛИН
...Қоңыр күз.
Сары жапырақ жауған күн еді.
Алматының Советская көшесі (қазіргі Қазыбек би) бойында орналасқан С.М. Киров атындағы Еңбек Қызыл ту орденді Қазақ мемлекеттік университетінің оқу ғимаратында «рабфактың» тыңдаушысы атану үшін қызықты бір сынақ болды. Аса көз тартатындай емес, кезінде кеңес өкіметінің кеңсесі болған екі қабатты ескі жайда атақты жоғары оқу орнының заң факультетінің де студенттері оқитын болып шықты. О заманда несін айтасыз, заңгердің оқуына түсу, сот, прокурор болу аспандағы айға қол жетпестей аса қымбатқа бағаланатын мамандық болатын.
Ауызекіде әдемі жанама аты бар дайындық бөлімі де осында. Жаман емес. Түбінде құрыш білекті жұмысшылар мен сақа солдаттар оқитын факультет дей ме екен. Сондай мәртебелі «рабфакқа» жолың болып қабылдану алдағы оқу жылында студент атануға бір табан жақындау дегенді білдіреді. Ауылда, ұжымшар мен кеңшарда қой бағып, трактор айдап, түрлі өндірісте бірнеше жыл қара жұмыс істегендер, не болмаса әскер қатарында азаматтық борышын өтеп қайтқан жастардың білім деңгейін көтеру мақсатында ашылған дайындық бөлімінің өзіндік ережелері де бар. Шағын аудиторияда қаз-қатар отырған оқытушылар келушілердің еңбек кітапшасындағы жазу мен олардың бұған дейін газет-журналдарда жарияланған дүниелеріне мән береді, одан қала берді, пәндерден бір-екі сұрақ қояды, ал оқуға кімдерді таңдайтыны да ерекше еркіндікте ме – оған дайындық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, арда жүрек азамат, әйгілі профессор Талғат Сайрамбаевтың қорытынды сөзі шешуші баға секілді көрінеді. Ежелден еншісі бөлінбеген журфак пен филфактың болашақ студенттерін бір топқа қабылдап бірге оқытады екен.
Әуелі он жыл еңбек өтілімі бар ақтөбелік ақын Жайлаубай Қазиев пен Шымкенттен келген Әшірбай Еркебаев конкурстан тыс қабылданды. Өзбекстаннан арманшыл әрі бала-шағасы бар жігіт Қалдыбай Бердалиев өтті. Әскерден елге оралған сырбаз солдаттар Жұмабек Кенжалин, Дүрәлі Дүйсебаев және Болатбек Ормановтарға жол ашылды. Осы үш құрдас – үш солдаттың мүлтіксіз дайындығына ағайлар мен апайлар қатты риза болғанын жеке қызмет кабинетіне кіріп-шығып жүретін Сайрамбаевтың өзі айтып кетті. Сырттай танысып жатырмыз. Жамбылдық Сәтен Ауханованың біраз жыл Меркіде жұмыс істеуіне тура келіпті. Жетісайлық Жаппар Ғаппаровтың өз мәнерінде тәптіштеп, сұлу сөздерінен іліп алары да бар, шығармашылық шаңырақ – журналистика қызығушылығы қалай, қайдан туындағанын, қандай жұмыс істегенін тура сынақ алдында өз аузынан естіп, елеңдеп қалғанбыз. Қызылордадан күнге күйіп, еңбекке ерте араласқанын аңғартқан Абдолла Сүлейменов пен Несібелі Рахметованың таудай талабын құп алды, сондай-ақ Торғайдан білімділігімен сәуле түсірген Мылтықбай Исмағұловтың зеректігі мықты екен, Созақтан Қалдыгүл Мұратова да алыс ауылда маңдай терін төгіп еңбек еткен жандардың қатарында танылған, кіп-кішкентай, шынашақтай ғана қыздың жазу-сызуға, оқуға деген ынтызар-ықыласын бірден қолдады. Бұл әбден екшеліп, іріктеліп қабылданған адамдардың барлығы алдағы жылы сәтіне орай журналистика факультетінің толыққанды студенті болуды армандайды. Филфактікі бөлек тізім. Біздің таңғы шықтай үмітімізді де үзбеді, анығында, алды он жас, кейінгісі үш-төрт жас үлкен аға-әпкелермен бірге оқуыма өндірістік тәжірибем аздау болуына қарамастан, мен сияқты сары ауыз балапанды кандидат деп қабылдауына, яғни есепте не бар, не жоғы белгісіз күйде жүре беруіме болады екен. Тіпті журналда да тіркелмейді, не соңына қарай белгілей салады. Әйтсе де аңғарымпаз оқытушы кез келген шақта «қане, сен айтшы» деп аяқ астынан сабақ сұрай қалса, жауап беруге міндеттісің. Бәрі де тек өзің үшін ғана оқу деген осы болар, сірә. Егер келесі жылдың оқуы аяқталғанға дейін әлдеқалай орын босап қалса, онда да үлгерімің жақсы болса, ел қатарлы оқуды жалғастыра аласың. Қызық болғанда, мен секілді журфакқа тағы бір кандидат бала болған еді, ол мұндай сынақ мүмкіндігін жаратпай кетіп қалды. Кейін оқу барысында әскер қатарына шақырылу секілді түрлі себептермен топтағы (жоғарыда ескерткеніміздей, журфак пен филфак тыңдаушыларынан құралған) бір-екі тыңдаушы оқудан уақытша тыс қалды. Алғашқы сабақты қазақ тілі пәнінен профессор Мырзатай Серғалиев жүргізді. Ғалымның сабағы. Жиегіне алтын жалатылған көзәйнегінен ол кісінің аудитория ішінде қайда зер салып сөйлеп отырғанын аңғара алмайсың. Сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан мәдениет лебі соғатын жан екен. Әдеби сын мақалалары баспасөзде жиі жарияланып жүргенінен хабардар едік. Сол ағай:
– Сендердің араларыңда түр-сипаты Сәкен Сейфуллинге ұқсайтын бір жігіт бар еді ғой. Ұмытпасам, ол азамат Торғай жақтан болуы керек, – деп сыпайы түрде қызықты. Алаш алыптарының атамекені Торғай облысынан Жұмабек Кенжалин мен Мылтықбай Исмағұлов бар еді. Бірі Арқалықтың Қайыңдысынан, екіншісі Жангелдин ауданынан... Әлгі сөз ыңғайынан аққұба өңді, қою қара мұртты, жазық маңдайына бұйралау шашы төгіле қайырылған жігітті іздеп тұрғанын бәріміз де іштей сезіп, білдік. Әлі де болса бейтаныстау Жұмекең отырған жаққа жалт қарадық. Сәл қысылғанынан болар, ол екі беті қызарақтап, қозғалақтап қалды.
Мырзатай аға: – «Ә, сен едің ғой, жақсы білімің мен бейнең есімде қалыпты», – десті... Мұндай бағаның мына кірпияздау, әр сөзінен терең парасаттылықтың иісі аңқып тұрған оқытушыдан ә дегеннен-ақ естудің өзі аз абырой емес еді. Дайындық деген аты болмаса, университеттің бірінші курс студенттерін оқыту бағдарламасынан бір кем емес сессия сынағынан сүрінбей өткен жігіттер мен қыздардың ертеңгі күн қамында ізденіс үстінде болуы да сенім ұялатады. Сол кезде бас қаланың шеткері жағындағы 10-ықшам ауданындағы жатақханадан Панфилов саябағы маңындағы оқу корпусына №66 автобуспен жету тура сүт пісірім уақытпен пара-пар. Сабақтан кешігу немесе түрлі сылтау айтып бармай қалу миға кірмейтін тәртіп. Дегенмен бұл тәртіпті еркелікпен емес, екпінді еңбекпен «бұзатындар» да болды. Мысалы, біздің қимас досымызға айналған М.Исмағұловтың арайлы таң ба, жоқ, түс әлеті ме – ылғи да сабаққа кешігіп келетіні оның студент әрі отбасылы ағасының үйінде тұруына байланысты бой үйреніп қалған-ды. Бұған өздері сабақ беретін оқу тобының әрбір мүшесімен педагогикалық тәсілге сай тығыз ынтымақтастық орнатып үлгерген Серғалиев те, әдебиет пәнінің оқытушысы Алма Қыраубаева да, рабфактың бүкіл тіршілігіне бас-көз болған Сайрамбаев та бұл жағынан қаталдау болғанымен, кешірімді, кейде жұмсақ мінез танытатын еді. Әсіресе өз ісіне мінсіз Мырзатай ағайдың: – «Қане, жолдастар, Мылтықбай келді ме?» деп сұрап, анықтап алғанынша аудиторияның кең есігін тықылдатып, кіріп келе жатқан досымыздың қылаң беріп қалатыны әлі көз алдымызда. Бірде «асығып жүретін» одан сабаққа үнемі кешігіп келудің себебін сұрағанда «Ағам мен жеңгемнің екеуі де политехта оқиды. Сол кісілердің кішкентай баласына қарайласамын» деп ашып айтқанда оқытушы үнсіз ғана түсінген ишарасын жасады. Бұл уәжге ұстаздарымыз «Оның жөн екен. Тек өз сабағыңды нашарлатып алма, үйге берілген тапсырманы пысықтап, орындауды ұмыпа!» деген ой айтты. Қарап тұрсаң, не деген адамгершілік, ә?! Сол заматта ақ көңіл Мықаң мүдірместен «Білмегенімді Жұмабек Кенжалиннен сұрап аламын ғой» деп сарт еткізді. Жерлестігі де бар шығар, жақын тартқан әрі Торғайға аты шыққан жалынды жастардың бірін сырттай танығаны болса керек. Үшінші сыныпта оқып жүргенінде «Қазақстан пионері» газетіне мақаласы жарияланған батырың осы Жұмекең емес пе? Подкурстың да енді үздігі...
Бұған, меніңше, әдебиет пәнінен сабақ беретін тамаша педагог, ғылым кандидаты Алма Қыраубаеваның әнеукүні кураторлық сағатта «Кенжалиннің конспектісі оқулықтан бір кем емес. Келешекте оның білім деңгейі озық студент болуына мүмкіндік береді» деп айтқан сөзі ілік болғаны анық. Жақсы ұстаздың ұстанымы да жақсы. Тілеуі ақ, кісілігі мол, пейілі таза, бірге емес, мыңға себі тиер болғалы тұрған жастың жолын ашқанымен тең. Бір үйдің үбірлі-шүбірлі баласындай болып жүрген топтың тыңдаушылары арасында таңдаулы үздіктер де аз уақыт ішінде қара үзіп топ алдына шыға келді.
Дайындық бөлімнің филология тобының алғыр тыңдаушылары, кейін мүйізі қарағайдай қайраткер тұлғалар атанған белгілі саясаттанушы Дос (Досмұханбет) Көшімов пен филология ғылымының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлының сол 1975 жылдың жүзінде болған алқалы жиында «Біздің Жұмабек достың ертеңгі Лениндік стипендиат болуына еш шүбәміз жоқ» деп айтып, оны салиқалы сұқбаттарында анық аңғартқаны бар. «Теңіз дәмі тамшыдан» білінеді емес пе?! Айтқандары айдай келді. Журналистика факультетінде ұзына бойғы тарихында сирек кездесетін Лениндік стипендиат атанды әрі Алматы қалалық кеңестің депутаты болды. Студент-депутат!
Біздің Жұмекең сонда алты жыл бойы тек «бес» деген бағаға оқыған болып шығады. Ішкі түйсігі алапат, қиядағыны көре біліп, тез тоқитын әріптес-дос Қайнар Олжай кейін тереңінен ойлап, төгілтіп, тебірене жазғандай, оның өмірлік оқуы мен жүріп өткен жолы тек «бес» деген бағадан тұрады.
Зердесі тастай, қарекеті қанттай, аса жинақы Жұмабек үздік оқитындардың лидері болды. Біз оның әр пәннен конспектіні қалай жазып, қалай көркемдеп, қалай пайдаланатынын үйрендік. Сабақ кезінде ол үш түрлі түсті қаламсап ұстап ойланып отыратын еді. Әр түстің өз сипаты бар. Сиякөк, жалпы, сөз сыры, жасыл түсі – мәселенің айқындамасы, ал қызыл түсі тұжырымды қағидасын білдіреді. Оның бұл ұқыптылық дағдысы кейін айна қатесіз талай студентке жұғысты болды. Журфактың атақты деканы Темірбек Қожакеевтің өзінің сатира сабағында оның кемпірқосақ бояулы пәндік дәптерін көріп, «кекілін өріп, құйрығын түйген сәйгүліктей көркемдепсің ғой. Тарт, алға!» деп мәз қылатын, шалқи сөйлейтін сәті де енжар қалдыра қоймас. Әдетте былайғы жұрт журналистика факультетіне баратындар біртүрлі қызықтау, еркетотайлар ма, қиял-ғажайып бірдеңені қуып жүрген, өлең оқитын шайырлар, өзгеше жүріс-тұрысты шіркіндер деп те ойлайтыны рас. Алайда өмірде олай емес, асау мінезді жастар да, заман зиялысының ой-өрісін таныта алатын таланттар да қатар жүреді.
Жарасымдылық жан жадыратады. Жұмекеңнің де төңірегіне нұр шашатын тартылыс күші бар. Жан досымыздың үйде де, сыртта да мұнтаздай таза киініп, өзіне аса бір жауапкершілікпен қарайтын әдеті шын мәнінде әдемі еді. Қазақ әнінде «Сәкеннің сұлулығын берсін» деп айтатын ақ тілеуіндей.
Қалам құдіретінде де сол қалпы қатты сезіледі. Мәселен, билік пен қоғам туралы публицистикалық шығармаларын оқыған кезімізде оның ішкі тазалығы мен рухани ізгіліктерін тап басып танимыз. Сіздіңше, жастық шағында түнде таудан көрінген оттай алғырлығымен жарқ етіп көзге іліккен таланттардың тас жармай тасада қалуы мүмкін бе? Мүмкін, әрине. Олай болмауы үшін талант та қажырлықпен тынбай еңбек етіп, ерлік жасауға тиіс. Алыс ауылдағы көпбалалы қарапайым отбасының арқа тұтар ағасы тағдыр өзіне берген мүмкіндіктер мен уақытты тиімді пайдаланып, арманын ақиқатқа айналдыру үшін күрескер адам болып көрінетін. Жанын қинаса да , маңдай терін төксе де, өзім үшін деп түсінген, ерте түсінген азамат. Құтты шаңырақтың иесі Омар жәкеміз бен үйдің анасы Ұлмекен апамызды Алматыға ұл-қыздарының үйіне қыдырып келгенде амандасып, әңгімелескен сағаттардан алған әсеріміздің құйылысы ел аузына іліккен тұңғыш перзентіне деген сенім мен шүкіршілік ету еді. Адам бір-біріне қамқор болмаса, дүниенің қызығынан не пайда? Дәл осы өмірлік сауал еш боямасыз біздің курстың жұлдызды жігітінің тұла бойындағы асыл қасиеттеріне тән еді.
Қазір ой оралымдары осыған қарай ойыстырып, оң жағымыздан түрткілеп тұрғаны. Айтайықшы. Жетпісінші жылдары қала студенттері үшін той жасау, туған күнін өткізу және басқа да мерекені достарымен бірге атап өту бүгінгі Сейфуллин мен әл-Фараби даңғылдарының қиылысында орын тепкен Кирпичная көшесі бойындағы жоталарда қиқы-жиқы там үйлерді «жалдап алу» салтанатымен ғана сипат алатын. Ал санаулы мейрамханалар мен кафелерде аста-төк мәзірі көп жағдайда үйлену тойына арналып әзірленетін. Аса киелі, бірақ игілігінен гөрі инемен құдық қазғандай бейнеті мол жолда ол қаншама жүйке тоздырған күндер мен түндерді өткізбеді деңіз. Бар өнерін салып, түн қатып, түс қашырып жүріп шығарған «Халық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» және «Білім және еңбек» газет-журналдарының әр нөмірінде ілтипат көрсетумен бірге, жасыратыны жоқ, тырнақ астынан кір іздеуге бейім жандар бар екенін естен шығаруға болмайды. Біз де Жұмекеңнің қоярда-қоймай жанына шақырып алып, демократиялық арнада, жаңадан ақпарат кеңістігіне желкен керіп, өз жолын тапқан парламенттік «Халық кеңесі» газетінде тізе қосып қызмет атқардық.
Тегінде, Ж.Кенжалин – Алаштың келбетіндей келісті тұлға. Қай басылымда бас редакторы немесе бірнеше газет-журналдың шоғырланған «Қазақ газеттері» ЖШС-нің президенті болса да, сабырлықты алтыннан тәуір көрген қайраткер-қаламгер тұғырынан табыла білді. Елінің ертеңіне мәнді, мазмұнды жол бастап, өмірінің ең бір нәрлі, ең бір қайратты тұсын күрмеуі көп, қиындығы тар кезеңдегі қазақ баспасөзінің сақталып, жаңашылдықпен өрлеуіне арнады. Сол рухани мәдениеттің құндылықтарын ардақтап, әділетті қоғам орнату мұратына жету үшін бар білімін берді және соған бар ықыласын төкті. Саяси тақырыптарға, ұлтқа қызмет ету мұратына байланысты сүйекті мақалалардың да әсері болуы керек, ол өзінің бейімі мен ықтиятты ынта-жігеріне сай саяси ғылымдар кандидаты диссертациясын абыроймен қорғап шығып, білім қара шаңырағы ҚазМҰУ-дің студенттеріне сабақ берді.
Асылы, біліп айтқан адам дұрыс айтады. Қазақ қаламгерлері мен әріптес журналистердің айтуынша, әсіресе өзі басшылық еткен соңғы жылдарында «Қазақ газеттері» ЖШС-нің қаржылық жағынан тығырыққа тірелген қиындықтарын еңсеру жолында жанын да, уақытын да аямай күресті. Қоғам өзгерісінде болған, бәлкім, ұлттық баспасөздің келешегі емес, тек орындаушылықты ғана ойлай білетін кейбір шенеуніктердің кесірінен туындаған келеңсіз жағдай Жұмекеңе де, шығармашылық ұжымына да аса ауыр тиді, теке-тіреске таңылған мазасыз күндер онсыз да байыз тауып отыра алмайтын және ар-ұятты бәрінен жоғары қоятын қайсар жанның денсаулығына да әсер етті ме деймін. Жасыратыны жоқ, сол кездегі билік орын алған ортақ жағдайды біржақты пішкен көзқараста дұрыс пайымдай алмады. Алайда мейлінше адал, жаңашыл, іскер басшының ұстанымы өміршең, маңдайы әрдайым ашық, рухани мол мұрасы мен ісі ізгілікті екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Біз оның жеті прозалық кітабы мен монографиясы туралы айтпадық, себебі жеке шығармашылық және ғылыми еңбектері өз алдына бөлек әңгіме. Жанашырлығында шек жоқ дедік, біз досымыздың сарқылмас қамқоршылық қасиетіне байланысты бір оқиғаны осы жазбамызда келтіре кеткенді жөн санадық. Өмір ғой, кешегі дәуірде қалада «прописка» мен пәтердің азабын тартпаған жан бар ма, бірде, бас қала ішінде жалдап тұратын жер тамның электр желісінен түн ортасында өрт шықты. Ұйқымыздан шошып ояндық. Не істеу керек, өрт сөндірушілерге жедел хабарластық. Қақаған, дірдек қақтырған сары аязда баламен қайда бармақпыз? Апыл-ғұпыл, мезгілсіз уақыт... құйындай ұшып Жұмабек пен Әлима келіп жетті. «Әр қазаққа да жалғызым» дей алатын жампоздар ғана осындай мазасыз алай-дүлей шақта да жаныңнан табылады. Жақсылыққа ұйытқы болудан шаршамайтын және сертке берік сенімді дос мұндай зор адамгершілікке тән әрекеттерімен әрдайым мейірімді, аса мәдениетті өмір сүрудің қайталанбас үлгісі болып қалды.
Қазақстан журналистикасының тарихында өшпес аты бар жарқын тұлғаның ел егемендігінің қалыптасуына сіңірген еңбегі мен толайым істеріне де әрдайым лайық құрмет көрсетілді. Қазіргі құндылықтарға көзқарастар өзгеріп, жоққа жүйрік жетпей жатқан заман бетіне қарап отырып, қашанғы қазақ зиялыларының бекзат болмысы, ар-ождан тазалығы Жұмабек Кенжалиндей шынайы болар деген ойдамыз. Қоғамдағы әділетсіздік, аға-көкелік, тамыр-таныстық әлі де аттан түспей келе жатқанда, тұлғасы биік тап осындай адал адамның абыройы мен қадір-қасиетін жете танудың қажеттігі арта беретінін де айта кеткеніміз жөн. Қарап тұрсаңыз, ол саналы ғұмырында әділеттілік бәйгесіне ат қосқан, жеңімпаз болды ма, жоқ па – ең бастысы қатысуымен олжалы болған зиялы азамат. Себебі елімізге кеңінен әйгілі қоғам қайраткері, қазақ баспасөзінің серкесі, көрнекті журналист өзінің табанды ұстанымына сай қырық жылдан астам еңбек және шығармашылық жолында жылтырақ, көңілшек тақырыптан бойын аулақ ұстады. Елдік пен ұлттық мүдде тұрғысында талғаммен жазды, қоғам дамуы мен мемлекеттің өркендеуіне өрелі ой-өнегесімен, жүрегімен қызмет етті.
Өмірдің ащысы мен тұщысы бірге жүреді екен. Өкіндіргені сол... Ақ жарқын пейілді елағасы, үзеңгілес досымыз, ұлттық руханияттың қайраткері Жұмабек Кенжалин әне-міне, амандық болса, зейнет жасына жетіп, бейнеттің рақатын көремін деп бала-шағасының ортасында беймарал жүргенінде дүниеден озып кете барды.
Биыл 70 жасқа толар еді...
Сол бір есте қалған ескі сөз: ол – іздеушісі жоғалмайтын мың жылдық жолаушы секілді азамат.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері
6623 рет
көрсетілді0
пікір