- Ақпарат
- 11 Шілде, 2024
Айшығар
![](/media/2024/07/11/1125.png)
Саналы ғұмырын қазақ еліне адал қызмет етуге арнаған рентгенолог-дәрігер, ұстаз-ғалым Айшығар Егембердіұлы Отанға деген құрметтің үлгі-өнегесін көрсетіп кеткен тұлға. Кейіпкеріміздің жүріп өткен жолына шегініс жасасақ, 1934 жылдың 6 қарашасында қазіргі Түркістан облысы Мырзашөл ауданы, Ақтөбе ауылында Егемберді ақсақалдың көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол кезде қазіргідей балалар перзентханада емес, үйде дүние есігін ашатын болғандықтан, туу туралы куәлік араға біраз уақыт салып кештеу алынатын. Оның төл құжатында 1936 жыл деп көрсетілгенімен, 1934 жылы туғанын үлкендер тарапынан жиі еститінбіз. ХІХ ғасырдың соңында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың бар ауыртпалығын көрген әкесі Егемберді ата-анадан ерте жетім қалып, жетім балалардың ауыр тағдырын басынан өткерген. Өзбек елінде өсіп жетіліп, ес жиып азамат болып 18 жыл бір колхозды басқарған.
Бар қиындықты көре жүріп ел қатарына қосылған соң, «ер туған жеріне» деп қолындағы қызметін тастап, жинаған 5 қап бидай, отыз шақты уақ малын алдына салып ата-баба қонысына қарай қоныс аударады. Бұл 1921 жылдардағы қазақ даласын жалмаған ашаршылықтың кезі болатын. Елге келген соң қолындағы бар жиған-тергенін ашаршылықтан қиналған ауылдастарына беріп, Шәмен ана екеуі ел басына күн туған заманда елмен бірге ауыр күндерді басынан өткізеді. Осы оқиғаны Мақтарал ауданының құрметті азаматы, ақын, сазгер Мұхтар Құралов «Күнтуған – Күнту палуан» атты жыр-толғауында:
«Кім көріпті дәл мұндай мырзалықты,
Ауылдастар айтуда ырзалықты.
Жақсылығын құдайым ескерді ме,
Бес ұл, екі қыз беріп ырза қыпты», – деп жырлаған болатын.
Егемберді ақсақал замандастары тәрізді ХХ ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдардың адам айтқысыз ашаршылығын, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы ауыр тұрмыстың бар ауыртпалығын көтере жүріп, Айтуған, Күнтуған, Айшығар, Байшығар, Тайшығар есімді бес ұл, Хансұлу, Нарсұлу есімді екі қызына білім беріп ел қатарына қосты. «Жалғыздың жары – Құдай» дегендей, оның ұл-қызынан туғандар үлкен әулетке айналып, еліміздің түкпір-түкпірінде тәуелсіз елімізге қызмет етіп жатыр. Бүгінде саялы бәйтеректей тамырын тереңге тартқан әулет ұрпағы қанатын кеңге жайды.
Аға-інілерінің барлығы дерлік ат құмарлығын танытып, асау тай үйретіп, көкпар тартып жүргенде, Айшығардың қолынан әріп таныған күннен бастап кітап түспегенін өзінің артынан ерген бауырлары жыр етіп айтып отырады. Аға-інілері жаз шыға өзен-көлді жағалап суға түсіп, ойынның қызығына беріліп тай қуып жүргенде, өзге балалар тәрізді уақытын босқа өткізбей жазғы демалысын көркем шығарма оқуға арнады. Осындай зеректігінің арқасында мектепті үздік бітірді. Мектепті бітірген соң, ауылға жақын жердегі Ташкент Мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1961 жылы жалпы медицина саласы бойынша жоғары білімді дәрігер дипломын алып шықты.
Бала күнінен армандаған мамандығын қызыл дипломға тамамдаған соң, білікті дәрігерді ұстаздары жолдамамен шалғайда жатқан Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялық республикасының Мойнақ аудандық ауруханасына бас дәрігер етіп жібереді. Еңбек жолын көрші отырған Өзбекстан елінен бастаған ол 1961–1962 жылдары аталған аурухананың бас дәрігері ретінде жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға аянбай қызмет етті. Білікті мамандардың тапшылығынан 1962–1964 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Жданов аудандық ауруханасында бас дәрігер, 1964–1966 жылдары аталған облыстың Ленин ауданының аудандық ауруханасында рентгенолог қызметін атқара жүріп, мамандығы бойынша Тубдиспансерде қосымша жұмыс істейді. Аурухананың бас дәрігері Алматыдағы медициналық институтты бітіріп, жолдамамен келген фтизиатр әріптесі Ася басқарады. Олар 1963 жылы бір ауданның екі ауруханасында жұмыс істей жүріп танысып, екеуара келісімге келіп, 1965 жылы шаңырақ көтереді.
Айшығар Егембердіұлы 1966–1969 жылдары Алматыда Қазақ ұлттық ғылыми зерттеу институтының онкология және радиология бөлімшесінде рентгенолог болып қызмет атқарды. Медицинадағы рентгенологиялық ғылыми-зерттеулерді оқи жүріп, білікті ұстаздардан дәріс алды. Ұстаздары болашағынан мол үміт күткен ізденімпаз, ұқыпты шәкірттерін ғылым жолына салып, Ленинград медициналық институтының радиология кафедрасына аспирантураға жібереді. Жас мамандарды пәтермен қамтамасыз ету кеңестік дәуірде жақсы жолға қойылғандықтан, олар көп ұзамай баспаналы болды. Аспирантураға кетерде үйіне өздері студент, жас отбасылы Қонысбай Намазбайұлы мен қарындасы Шарипаны қалдырып кеткені, олардың тұңғыштары Артықбайдың сол шаңырақта дүниеге келгені өз алдына бөлек әңгіме...
1969–1972 жылдары аспирантурада оқып жүріп, өз саласы бойынша орыс және шетел ғалымдарының зерттеу еңбектерімен танысуға тура келеді. Жарының айтуынша, «Айшығар мектепте оқып жүргенде неміс және француз тілдерінен аздап білім алған. Аспирантурада оқып жүргенде кандидаттық диссертация жазу үшін шетел ғалымдарының еңбектерімен танысу қажет болғандықтан, ағылшын тілін сөздікпен оқып өз бетінше сауатын ашады. Ыждағаттылық пен мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ағылшын тілін еркін игеріп, зерттеу еңбектерді аудармадан емес, түпнұсқадан оқып танысады. Кандидаттық диссертация жазу барысында шетел ғалымдарының зерттеулеріне сүйене отырып, ғылыми болжамдар жасап, жаңа пайымдауларын ұсынады».
Академик И.П.Павлов атындағы Еңбек Қызыл ту орденді Ленинград медициналық институтында «Рентгендік анатомиялық және клиникалық рентгендік зерттеу» мамандығы бойынша қорғаған «Физиологиялық және патологиялық қартаю кезіндегі қолдың проксимальды бөліктерінің остеоартикулярлық аппараты» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Ол кезде аталған институттың ректоры профессор В.А. Миняев болса, Рентгенология және радиология кафедрасының меңгерушісі, профессор К.Б. Тихонов болатын. Диссертацияда қол саусақтарының проксимальды бөліктерінің мацериленген сүйек препараттарында дегенеративті-дистрофиялық процестердің пайда болуын, қолдың проксимальды бөліктерінің остеоартикулярлық (сүйек-буын) аппаратындағы дегенеративті-дистрофиялық өзгерістерін (физиологиялық қартаю көріністері), қолдың проксимальды бөліктерінің остеоартикулярлық аппаратының дегенеративті-дистрофиялық зақымдануын (патологиялық қартаю көріністері) зерттеді. Адамның қол сүйектері мен буындарының физиологиялық, патологиялық қартаюын теориялық тұрғыда зерттеп, тәжірибемен қол жеткізген жаңалығын ғылыми болжам ретінде ұсынды. Теория мен тәжірибені ұштастыруда қыруар жұмыс жасаған жас ғалымның ғылыми ізденістерін диссертациялық кеңес мүшелері бірауыздан қолдады. Оны ғалымның 195 беттік кандидаттық диссертациясының 30 пайызын қамтитын қорғауға ұсынған жаңалықтарынан көруге болады.
1944 жылы 30 маусымда КСРО Денсаулық сақтау халық комиссариаты жанынан құрылған КСРО-дағы ең жоғары Медициналық Ғылым академиясына мүше болу оңай болмағанын ескеретін болсақ, Дмитрий Герасимович (Давид Гершонович) Рохлин – рентгенология, радиология мен палеопатология саласы бойынша Кеңес одағындағы бірден-бір медицина ғылымының докторы (1935), профессор (1932), КСРО МҒА корреспондент-мүшесі (1946) болған. Қазақстаннан барып КСРО-ға танымал медицина ғылымының білікті мамандарының ақ батасын алған жас ғалымның ғылымдағы жолы даңғыл болғанына өмір жолындағы жетістіктері дәлел.
Ленинградтағы атақты ғалымдардан білім алған жас ғалым елге келген соң, 1972–1974 жылдары Алматы қаласындағы Министрлер кеңесінің (Совмин) ауруханасында рентгенолог қызметін атқарды. 1974 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы қаласындағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті радиациялық диагностика кафедрасында ассистент, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен доцент ғылыми атағы берілді. Бұл кезде Жоғары аттестациялық комиссиясының төрағасы С.А. Қасқабасов, Ғылыми хатшысы З.Жәркешева болатын. 2013 жылдан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры Ғ.А. Тоғызбаевтың шешімімен «Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының құрметті профессоры» дәрежесі берілді. 1982 жылы Мәскеу қаласындағы (ЦОЛИУВ) Дәрігерлер мен денсаулық сақтауды ұйымдастырушылардың біліктілігін арттыру және мамандандыру институтында білімін жетілдірді.
1974–2020 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының (AGIUV) радиациялық диагностика кафедрасында дәріс оқып, қаншама буын өкілдерінің білімін жетілдірді. 2001 жылы «Радиологияның таңдамалы мәселелері, 2015 жылы «Радиология бойынша таңдамалы мәселелер» және алпысқа жуық ғылыми мақаласы мен зерттеу еңбектері жарық көрді.
Профессор Мұхамеджанов: «Айшығар Егембердіұлы ұзақ жылдар республикалық деңгейдегі медициналық экспертизаның құрамында жұмыс істеді. Көптеген сотқа өткен жұмыстарға сарапшы болып, оның қорытындысын шығарды. Адам жүрген жерде түрлі жағдайлар болып жататынын өмірде көріп жүрміз. Бірақ Айшығар қорытынды жасаған жұмыстардың бірде-бірі соттан қайтып келген емес. Ол сыбайлас-жемқорлыққа ешқашан жол бермейтін, кәсібіне адалдығын ғұмыр бойы еңбегімен көрсете білді. Ұзақ жылдар медицина саласында қазақ халқына адал қызмет етіп, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Еңбек ардагері» марапатына ие болды. Ол шын мәнісінде денсаулық сақтаудың үздігі болды, кез келген радиология, рентгенология саласындағы даулы мәселелердің түйінін Айшығар шешетін. Медицина тарихында ғана емес, қазақ тарихында есімі үлкен әріппен жазылған азамат туралы өткен шақта естелік айту – біз сияқты замандастары мен ұзақ жылдар қызметтес болған әріптестеріне өте ауыр», – деді.
Республика көлеміндегі бірнеше буын рентгенологтердің барлығы дерлік А.Егембердіұлынан дәріс алғаны белгілі. Ширек ғасырдан аса дәріс оқып, кәсіби мамандарды тәрбиелеген ұстаздары жөнінде шәкірттерінің айтары да шексіз. Шәкірттерінің бірі, радиациялық диагностика кафедрасының ассистенті Ардақ Қажымұратұлы ұстазының кішіпейілдігін, жастарға әкелеріндей қамқоршы, ақылшы болғанын сағына еске алып, «Айшығар Егембердіұлы – ұстаздарымыздың ұстазы еді» дейді.
Бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқына арнаған, медицина саласында алпыс жыл үздіксіз еңбек еткен Айшығар Егембердіұлының еңбектерін бүкіл ел біледі. Осы салада жүрген жас мамандар халыққа адал қызмет етуде тәжірибелі ұстаздарының өнегелі өмірінен, еңбек жолынан үлгі-өнеге алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен бірге атамыз өте бауырмал болды. Әулеттен тараған немере-шөберелердің бәрінің атын біліп отыратын. Олардың не істеп жүргенін қадағалап, керек жерінде бәріне де қол ұшын берді. Көп жағдайларды бала-шағасының аузынан жырып бауырларына бергеніне куә болдық. Денсаулығына алаңдағандар мен дерті жанына батқандардың барлығы келіп ақыл-кеңес сұрайтын. Үлкен әулеттің бас көтерері, артынан ергендердің ақылшысы, жабыққанның қамқоршысы болған атамыздың арамыздан мәңгілік мекеніне кеткеніне айға жуық уақыт болды. Қолынан келген көмегін адам баласынан аямаған Айшығар Егембердіұлының жаны жанната болып, нұры пейіште шалқысын!
Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты
Тәуелсіздік дәуірдегі
әдебиет және көркем публицистика
бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымының докторы
![](/media/2020/08/27/052354234400.png)
473 рет
көрсетілді0
пікір