- Ақпарат
- 11 Шілде, 2024
Ақылды жігіт жақсылығын жұртқа шашар
Біз 80-жылғы түлектерміз. Бірінші курстың табалдырығын аттаған 50 студенттің бесінші курсты аман-есен тамамдағаны – 37. Сол уақыттан бері табиғаттың төрт мезгілі сан мәрте алмасты. Қолдарында журналист мамандығын алғанын куәландыратын құжаты, жоспарын жүзеге асыруға жолдамамен еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартқан арманшыл жастар бұл күндері салиқалы ата мен әже.
Салиқалы ата атанғандардың арасында қос перзенті Ләззат пен Бауыржанынан Алла берген немерелерімен қоса жуырда шөбере сүйген біздің Дүкеш, яки Дүкенбай Сегізбаев та бар. Бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жұбайы Қарлығаш екеуі мәуелі бәйтерекке айналған әулеттерінің берекесі ғана емес, қажет кезінде жол сілтеп, жөнін айтар, ақыл қосар қазынасы. Ол студенттік жылдары деканаттың ұйғарымы бойынша екінші топтың старостасы болды.
Мектептен кейін ГПУ-ді бітіріп, ағаш шебері атанған, одан әскери борышын өтеп қайтқан Дүкеш КазГУ-ге дайындық бөлімінен түсті. Өзінің сөзімен айтқанда, «біраз өмір көрген жігіт». Бірінші топтағылар түгелдей дерлік еңбек өтілімі ең кемі үш жылдан жоғары қыз-жігіттер болса, біздің екінші топтағылар мектепті жаңадан немесе бітіргендеріне бір жылдан асқан, Дүкештің сөзімен айтқанда, «сары ауыз балапандар». Студенттің әр күні қызыққа толы ғой. Қолынан журналы түспейтін Дүкеш сол «сары ауыз балапандарының» сабақтан қалмауын қатаң қадағалайтын. Стипендия алған күндері КазГУ-дің бас корпусы жанындағы дәмханалардың бірінде үзіліс уақытын артығырақ пайдаланбақ болғанымызды қалт жібермейтін қағілез мінезімен Дүкеш есімізде ұмытылмастай сақталып қалды.
«Қыздар, кешігуге болмайды». Ту сыртыңнан оның ескертуін естіген сәтте, Дүкештің қалай, қайдан дәл осында екенімізді білгеніне таңғалатынбыз. Бірден қозғала қоймасақ, қолындағы журналды аша бастайды. Мұнысы – «сабақтан кешікті деп белгілеймін» дегені. Істің насырға шапқанын кім ұнатсын?! Көзді ашып-жұмғанша аудиториядан табылатын едік. Біздің Дүкеш – өзіне тапсырылған іске аса жауапкершілікпен қарайтын осындай азамат.
Екі-үш қария жинала қалса, ойынды екінші кезекке ысыра сала, Шәйіпбек атасының жанынан табылатын қалқан құлақ баланың зеректігіне сүйсінетін үлкендер жағы оның білсем деген ынтасын қолдап, құп көрді. Аталары бас қосқанда қызу әңгіме басталарын білетін Дүкенбайды әсіресе қызықтыратыны туған жердің тарихына қатысты шежіре-тұғын. «Кітапта жазылмағанды қайдан біледі» деп таңғалатын кейде. Кезінде бір тілім жер үшін жанын пида еткен батырлар туралы да ең алғаш осы аталарының әңгімесінен естіп білді. Енді бірде аталары ауылдардың ескі атауы ұмытылып, жаппай ешкім танып-біле бермейтін есімді иеленіп жатқанына реніштерін жасыра алмай отырар еді. Немесе тағы бір көшенің аты ешкім білмейтін біреуге берілгенін өзара қынжыла әңгімелейтін-ді.
Үлкендердің әңгімесін қалт етпей тыңдайтын Дүкенбай арасында «неге олай етеді» деп сұрайтыны бар. «Жоғары жақтың шешкені ғой, балам, айтуын айтқанмен, нәтиже жоқ» деп шарасыздық танытқан аталарының түрін көргенде, «өскенде мен өзгертем» дейтін нық сеніммен. «Бар бол, балам. Ниетіңе жет!» Осылай деп риза болып, басынан сипайтын аталары: «Шәке, мына немереңізден түбі бір нәрсе шығады» деп, әрдайым батасын беретін. Ол кезінде осындай әділетсіздіктерді не себепті жөнге салуға келмейтінін түсіне алмай дал болатын. Оны қалай, кімге айтып түзеуге болады деген ойды Дүкенбай жадынан еш шығарған емес.
Бозбала шағында көпе-көрінеу әкесіне қолдан ұйымдастырылған қиянатқа куә болған кезде «әділет мінбері бір болса, ол газет болар» деген тұжырым жасайды. Олай ойлауына да негіз жоқ емес-тін. Аудандық, облыстық, республикалық басылым беттеріндегі мақалаларда өзекті мәселелердің оң шешімін тапқанын талай мәрте оқығаны өзіне аян. Содан журналистиканы таңдайды. Ол жөнінде өзі былай дейді: «Журналист болуды жастайымнан армандаған жоқпын. Тарих қызықтыратын. Алайда 8-сыныпта оқып жүрген кезімде ойымды өзгертуіме себеп болған әкеме қатысты тосын оқиға, орын алған әділетсіздік. Көпбалалы отбасыда өстім.10 ағайындымыз. Бұл келеңсіз жайт бәріміздің жанымызды ауыртты. Әкем совхоздың малын бақты. Қойшы болды.
Мал бағу оңай шаруа емес. Аптап ыстық пен қақаған аязда мал соңында жүру қияметтің қайымы. Оған шыдам мен төзімнен бөлек, бір күннің өзінде сан құбылатын табиғаттың құпиясын білуің шарт. «Мал баққанға бітеді» дейді ғой. Дұрыс қарамасаң, тоз-тозы шығары белгілі. Мал санағы кезінде ферма меңгерушісі 1 қойдың орнына, әкемнің мойнына 11 қойды жоқ деп жазып жіберіпті. Төлеуін төледі. Қолдан жасалған қиянаттың құрбаны болғанына әкем қатты қиналды. Қапаланды. Сол тұста жүрегіне қаншама ауыртпалық түсті десеңші, оны есептеп жатқан ешкім жоқ.
Осы оқиғадан кейін мен журналист боламын деп шештім. Орын алар осындай әділетсіздік туралы жазып, шындықты шыңыраудан шығаруға қалам арқылы атсалысамын деп өзіме өзім серт бердім».
Кейін журналист атанып, газетте қызмет атқарған жылдары Дүкенбай ол оқиға туралы фельетон жазады. Фельетоны ауданда қызу талқыланып, малшылардың көрген жерде өзіне көл-көсір алғыс жаудыратын жүздері әлі күнге көз алдында.
Жалпы, тыным таппай жұмыс істеген журналист қай жерде болса қадірлі. Ол өзі еңбек ететін аймақтың жақсысын жарқырата ұсынып, жаманын жасырмай, жан-тәнімен өңірдің оң жаққа өзгеруіне қолдан келгенше қалам құдіретімен үлес қосары анық.
1980 жылы Красногор аудандық газетінен басталған еңбек жолы жауапты хатшы, Зауыт ауылдық кеңесінде атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерімен жалғасты. Қандай тапсырманы болса да тиянақты орындайтын елгезек жігіт көп ұзамай-ақ жақсы қырынан көпшіліктің көзіне ілігеді. Алқалы жиындарда есімі жиі аталатын жас маман Дүкенбай Сегізбаевты одан әрі шыңдай түсу үшін аудандық партия комитеті Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебіне арнайы жолдамамен жібереді. Күндізгі бөлімін бітіріп, жан-жаққа бұрылмастан, туған жерге оралған Дүкенбай Рыспекұлы, негізінен, ауданның мәдениет саласында өз қолтаңбасын қалдырғаны рас.
– Дүкенбай Рыспекұлының аудан үшін сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. 90-жылдары қаржы жоқ, нарық қысқан қиын кезеңде Мәдениет үйін, Кенен, Қасық, Масанчи ауылдарындағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізілуіне барынша күш салып, мәдениет ошақтарының заман талабына сай жөнделуі мен жабдықталуына қол жеткізді, – деп, Дүкенбай Сегізбаевтың еңбегін аса жоғары бағалаған ауданның ардагері Қ.Әлімжанның іскер азаматқа қатысты айтары аз емес екен. Аудан орталығы Красногордың тура 100 жылдығы қарсаңында байырғы Қордай атауын иеленуіне сіңірген еңбегі қандай мақтау мен мадақтауға болса да лайық. Ол кез ауданымызда өзге ұлттардың басым тұсы. Кез келген бастамаға көз алартып, қарсы келетін. Дүкенбай күні-түні Қордай деген кім, оның есімін неге қайта жаңғыртуды қолға алғанымызды үй-үйді аралап тынбай түсіндірді емес пе?! Қарсы дауыс бермек болғандарға айтар дәлелі жеткілікті. Соңында оның түн ұйқысын төрт бөлген еңбегі ақталды. Красногор ауданы Қордай атанды. Тізе берсем, Дүкенбайдың мәдениет саласына сіңірген еңбегі жетіп-артылады, – деп, ағынан жарылған ардагер Қ.Әлімжанның сөзін Дүкенбайдың өмірбаянына қатысты деректер де растайды.
Оның қаржы тапшылығы салдарынан мәдениет саласына қиындық туған кезде елді мекендердегі 41 кітапхана мен 28 мәдени ошақтың қысқартылуына жол бермей, сақтап қалып, керісінше, материалдық-базасын жақсартуға атсалысқаны жеке бір әңгімеге арқау боларлық. Ал, енді аудандық тарихи-өлкетану музейінің негізін қалап, музейдің статус алуына тікелей атсалысып, өзін іскер басшы, білікті маман ретінде көрсете білгені – бүкіл ауданның руханиятына қосылған игілікті іс. Ономастика саласында да тындырғаны көп. Тарихи атауларды қайта қалпына келтіруде зор еңбек сіңірді. Соның нәтижесінде ауданда көптеген ауылдың тарихи атауы қайта беріліп, 40-қа жуық өзгертуге қол жеткізілді.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болған жылдары Қордай ауданы Жамбыл облысы бойынша мәдениет саласында үздік атанып, жыл сайын алдыңғы шептен көріне білді. «Тамаша» ойын-сауық отауы, «Соседушки», «Аққу», «Махаббат» ән-би ансамбльдері облыстық, республикалық байқаулардың да жүлдегері атанған өнерлі топтар.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметін атқарған кездері де бұл күндері сағымдай сырғып, сағынышқа айналған. «Қордайдың жер-су атаулары», «Дала перзенті» атты кітаптары сол жылдардың куәсі сынды өзіне тым ыстық. Қордай аудандық атқару комитетінде қостілділік жөніндегі референт, аудан әкімі аппаратының аға консультанты, жастар жөніндегі, туризм және спорт жөніндегі меңгеруші қызметтерін атқарған жылдары ол үйіне қонуға ғана келіп жүрді десе де болғандай.
Оның аса жауапкершілікпен қарайтын тынымсыз еңбегінің жемісі сынды кеудесінде «Еңбек даңқы», «Қордай ауданының құрметті ардагері» төсбелгілері жарқырайды. «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, «Қордай шамшырағы» аудандық газеттің 90 жылдық мерейтойына орай аудандық БАҚ дамуына айрықша үлес қосқаны үшін мерекелік медалімен марапатталған.
Біздің Дүкеш қазіргі таңда зейнетте. Ол зейнетке шықтым деп қарап отырғанды қаламайды. Аудан көлеміндегі өзекті мәселелерді тиісті орындарға құлаққағыс етумен ғана шектелмей, сол түйткілдің түбегейлі шешімін табуына көпшілікті жұмылдыруға мұқтаждық туындаса, оны ұйымдастырудың басы-қасынан табыла кету қашанғы әдеті. Сол әдетінен танбаған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Дүкенбай Сегізбаев су тасқынынан зардап шеккен аймаққа қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға да белсенді түрде атсалысып жүр.
Бұл – «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағының иегері Дүкенбай Рыспекұлының туған жерге қалтқысыз қызметінің бір парасы ғана. Әрбір азамат өз орнында біздің Дүкештей өзіне жүктелген міндетті адал әрі жауапкершілікпен қоса жанашырлықпен атқарар болса, кез келген ортада өзекті мәселеге орын қалмаған да болар ма еді, бәлкім?!
Ұлбосын АЙТӨЛЕН
130 рет
көрсетілді0
пікір