- Ақпарат
- 11 Шілде, 2024
Таптым-ау сені...

Махамбет атындағы Атырау академиялық қазақ драма театры Н.Птушкинаның «Таптым-ау сені» мелодрамасын сахналады. Бұл пьеса – Ресей театрлары сахнасында жиі қойылатын туынды. Екі мыңыншы жылдардың басында Олег Янковский, Ирина Купченко, Екатерина Васильева сияқты белгілі театр және кино актерлері ойнаған қойылым. Махамбет театрындағы қойылымның режиссері – Жанат Телтаев, суретшісі – Темірбек Мұқтаров. Режиссер пьесаға өзгерістер енгізіпті. Қолына ұзын сапты орақ ұстаған қара киімді – Жаналғыш, спектакль басталарда дәлізде жүретін екі электрик, ақ қанатты періштелер, терезенің ар жағынан көрінетін жастар. Режиссердің драмалық материалға кейіпкер қосуына, алып тастауына құқы бар екенін айта кетейік. Әңгіме ол «жолдыбай кейіпкерлердің» спектакльге қалай қызмет етуінде.
Сахна шымылдығы ашылғанда көп қабатты үйдің бір бөлмесін көреміз. (Пьесада оқиғаның өтер орыны Мәскеу қаласы делінеді. Алайда сюжет Мәскеуге байланбаған, оқиға әлемнің кез келген қаласында өтуі мүмкін. Суретші Темірбек өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңындағы КСРО заманының тұрмысын кинофильмдегідей ұсақ-түйек детальдарына дейін тәптіштеп, мұқият бейнелепті. Серіппелі темір керует, радиола, қабырғаға ілінген маралдардың суреті бар мақпал кілемше, сервантта қаз-қатар тізілген фарфор сазан формасындағы бөтелке, стақандар, жарға ілінген фотосуреттер (ол суреттердің бірі, шамасы София кемпірдің марқұм күйеуі болуы керек – кексе ер адамның фотосуретіне Махамбет театры ашылғалы өмірінің соңына дейін қызмет еткен инженер – Виктор Борисович Князьевтің фотосын іліпті. Бұл да театрдың техникалық жағынан мінсіз болуына зор еңбек сіңірген Князьевтің аруағына деген құрмет). Таня шешесінің қас-қабағына қарап күтіп, бағады. Осы бір, кәрі қыздың шешесін мейіріммен өбектеп, үстінен шыбын ұшырмауы, кемпірдің қызына «сенің бағыңды байладым-ау, отырып қалуыңа мен кінәлімін...» деген сияқты көңілжықпастықпен айтатын сөздері сахнасында Сәуле Бәйменова мен Айнагүл Мұқтарова өз кейіпкерлерін шебер сомдапты. Кенет есік қоңырау шыр ете түседі де, Игорь келеді. Игорь – кеңес заманының кино шедеврі – «Ирония судьбы или с лёгким паром» кейіпкері – Женя Лукашинді еске түсіреді. Режиссер экранға фильм финалындағы Женя Лукашин (Андрей Мягков) мен Надя Шевелеваның (Барбара Брыльска) құшақтасып тұрған кадрын көрсету арқылы өз спектаклі мен фильмнің арасына параллель тастайды. Әрі фильм мен спектакль жанры ұқсастығын да белгілей кетеді. Бұл – орынды табылған ұтымды режиссерлік шешім. Сонымен, Мәскеудің шағын аудандарындағы көп қабатты үй мен пәтердің нөмірі сәйкес келіп, тек «Б» -сы мен «А»-сын шатастырып алған Игорь қырық тоғыздағы Танямен танысады. Қолында гүл шоғы, шампаны бар Игорь жиырмадағы ғашығымен кездесудің орнына мүлде бөтен әйелдің үйінде қалады... Спектакль оқиғасының тартысы, шиеленісуі де осы сахнадан басталады – Игорь Таняның телефонынан (ұялы телефон жоқ кез) жас ғашығына қоңырау шалады. Жиналыстамын, қазір барып қалам дейді. Адасып, бөтен әйелдің үйіне кіріп кеттім деп айта алмайды. Түскен қоңыраудан телефон нөмірін анықтайтын аппараты бар ол ғашығы Таняның үйіне өзі қоңырау шалады, телефонды Таня алады, Игорьдің өтірігі ашылады... Жас ғашығы да телефонның ар жағынан Игорь байғұсты тілдеп бітеді (Игорь мен жас қыздың арасындағы «мысығым», «қояным», «тышқаным», «кірпім» деген қазақ айтпайтын сөздерді, аудармай-ақ «зайка», «котик», «мышонок», «ёжик» деп орыстардың әдетімен айта берген дұрыс сияқты). Игорь (актер Ержан Жұматов) өзі аяқ астынан тап болған ыңғайсыз ситуацияда нанымды өмір сүре біледі. Партнерлерін де ойын талабына сай үйіріп алып кетеді. Игорь–Ержан, Таня–Айнагүл сахналарындағы автордың қолдан құрастырған, өмірде қисыны келе қоймайтын ситуацияларға көрерменді сендіру үшін актерлік техника сақадай сай болуы керек. Актерлер сәт сайын өзгеріп отыратын ситуацияларға, аттракцион каруселі сияқты бірде көкке шапшып, бірде құзға құлдилайтын бас айналдырар ойнамалы оқиғалар ыңғайына жығыла біліп, асау атқа бас үйреткен сейістей әбжіл шеберлік көрсете білді. Спектакльде жас ғашығыма тілің тиді деп Игорьдің Таняны шапалақпен бір тартатын жері бар. Еркектен өмірінде әйел болып бірінші рет шапалақ жеген 49-дағы Таня үшін бұл зор қуаныш – актриса Игорьдің шапалағы тиген бетін алақанымен басып, «бақыттан басы айналып», ұзақ тұрып қалады. Әйел жаны күрделі ғой, күйеуім болса екен, мен де «жұрттың қатыны» сияқты әйел болып анда-санда күйеуімнен шапалақ жеп тұрсам деген отырып қалған қыздың ирониялық нотада ойналатын сахнасы, бір жағынан, бүгінгі қоғамдағы ушығып тұрған әйел мен ердің арасындағы кикілжің мәселесіне әзіл-оспақпен жауап та сияқты... Спектакль Таня мен Игорьдің бір-бірін табуымен, ерлі-зайыпты болып қосылуымен аяқталады. Режиссер спектакльдің орта шенінде экраннан Мексикалық «Просто Мария» сериалынан кадрлар көрсетеді. Бұл әдіс арқылы режиссер оқиға болып жатқан заманның белгісін көрсетумен қатар, пьеса авторының өмірде қиыса қоймайтын жайттарды саусағынан сорып жазған шығармасына деген өз ойын ирониямен білдіріп өтеді. Режиссердің өз жанынан қосқан кейіпкерлеріне тоқталып өтейік, спектакль басталғанда көп қабатты үйдің кіреберісіндегі электр сымдары пәтерден-пәтерге тарайтын, қабырғаға жапсырылған темір жәшікті бір ашып, бір жауып жүретін екі электрик (Сағыныш Мақсотов, Ерасыл Ертілеуов) спектакль басталар алдында жиналған көрерменнің назарын аударып, шымылдық ашылып, негізгі әрекет басталғанша алдарқатып тұратын рөлге ие. Ұзынтұрасы билеп те қояды. Ортабойлысы жәшікті ашып бірдеңелер жасаған болады. Көрермен жылы қабылдаған бұл екеу алға қарай нақтылы қимыл-әрекет тауып, ойындарын шағын оқиғаға құрса деген ой айттық. Қолында орағы бар, қара плащ киген ажал-кейіпкер (Асқар Жангелдиев) спектальдің екпін-ырғағын ара-арасында шыр айналдырып отыруға, комедиялық реңк беруге сеп болып тұр. София кемпірдің пьесада сөз арасында қызы Таня мен Игорьге «Мен өлемін...» дейтін жерлерде орақ ұстаған Жаналғыш бөлмеге ентелеп кіріп келеді. Кемпір оған қарап: «Үш күннен кейін өлемін...» дейді. Ыза болған Жаналғыш қолын бір сілтеп шығып кетеді. Аппақ болып киінген, қанатты періштелер де Райымбек Каден, Дінмұхаммед Серікұлы ойындары спектакльге көрік беріп тұр. Екі періште гитарамен ән салады, дауыстары жағымды екі актер спектакльді қосымша көркемдеуде, жастары келіп қалған кейіпкерлер оңашада тағдырлары туралы ойланып, толғанғанда ішкі монологтерін ашуда орынды қызмет етіп тұр. Эпизодтық кейіпкер, нотариус – Нұршат Аралбай өз образын гротеск жанрында көріпті. Нұршат әсіреленген сырт келбеті, неке қиюшылардың дауысын шарждап сөйлеуі сияқты трактовкасымен спектакль жанрын дөп басқан. Екі-ақ рет кіріп-шығатын рөл болса да, Дина–Жұлдыз Балбақова саңқылдаған ашық даусымен, уытты юморымен көрерменді күлкіге қарық қылып тастайды. Режиссер пьесада айтылатын Чарльз Диккенстің мәтіндерін алып тастапты. Және София кемпірдің қабырғадағы иконаны алып Таня мен Игорьдің некесін қиятын сахна да алынып тасталыпты. Пьесада кемпірдің икона орнына Чарльз Диккенстің портретін алғаны кейінірек ашылушы еді, ол – режиссердің өз құзырындағы мәселе. Атырау театры директоры – Сағынтай Көпжасаров, көркемдік жетекшісі – Темірбек Мұхтаровтардың арнайы шақыруымен барып, спектакльді талдау үстінде режиссер, актерлермен пьеса жанры туралы пікірлестік. Актерлерге кей сәттерде жанрдан ауытқып, трагедия, драма үнімен сөйлеп кететіндері жайында, әлі де сахнада жеңіл қозғалып, өзара қарым-қатынасты жеңіл иронияға құру туралы, Таня мен Игорьдің арасында пайда болуға тиіс құштарлық сезімді әлі де нақтылай түсуді, Таняға Игорьдің алдында әлі де қылықты бола түсуді, басты кейіпкерлерді сомдайтын актерлерге пластикалық жеңіл қимыл-қозғалыс қосуды ұсындық. Автор «Пока она умирала» деп атаған спектакль «Таптым-ау сені...» деген атпен қойылыпты. Спектакль финалында осы тақырыптағы ән айтылады. Отыз жылдан кейін табысқан жандардың тағдырын бұл ән аша түскендей.
Спектакль аяқтала келе София кемпір «Мен әлі де бес жыл өмір сүремін!..» дейді күліп. Спектакль басталғалы сахнаға бес-алты рет кіріп-шығып, өмірсүйгіш кемпірдің бұ дүниеден түңілер сәтін күтіп, үй сыртында торуылдап жүрген орақ арқалаған Жаналғыш күйеу баласы мен қызының ортасында мәз-мәйрам болып отырған кемпірдің осы сөзінен кейін бұлқан-талқан ашуланып, қолын бір сілтеп, сахнадан шығып кетеді. Спектакльдің идеясы, айтпақ ойы да осында – «мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-біріңе сүйеу болыңдар, бақытты өмір сүріңдер! Бақыт бар жерде Ажалға орын жоқ!» Театрдың бас режиссері Жанат Телтаевтың бұл сахналық туындысын көрермен жылы қабылдады. Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры халықаралық, республикалық театр бәйгелерінде бас бәйге алып жүрген, Ресей театр сыншыларының арнайы шақыруымен үздік спектакльдер көрсетіліміне қатысып, театр мамандарының жоғары бағасына ие болып жүрген театр. Осы театр маусымында Данияр Базарқұлов, Жұлдызбек Жұманбай сияқты белгілі режиссерлер шақырылды. Данияр Базарқұлов Мариус фон Майенбургтің абсурд элементтері бар «Көріксіз» («Урод») гротеск жанрындағы пьесасын сахналаса, Жұлдызбек Жұманбай жазушы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелері негізінде «Кішкентай ауылдың үлкен махаббаты» спектаклін дайындап жатыр. Қыркүйек айында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық театрының режиссері Елік Нұрсұлтан шақырылып, тарихи драма сахналанбақшы екен. Бұл театр ұжымы тынбай ізденісте, өсу үстінде дегенді білдіреді.
Асылбек Ихсан

827 рет
көрсетілді0
пікір