• Ақпарат
  • 11 Шілде, 2024

«Ай мен Айша» (спектакль феномені туралы)

Өнердің әр саласының өз даму заңдылығы бар. «Алдымен туған Сөз еді, сол Сөз – Құдай болатын...» (А.Сүлейменов аудармасы), қисынынан келгенде, бүгінгі театр мен кино өнері өз дербестіктерін қорғап, осы Сөзден, яғни көркем сөз – әдебиеттен қанша аулақтағысы келсе де, қандай да шоқтығы биік спектакль не көркем фильмнің түп негізінде көркем сөз жататынын мойындамасқа болмайды. Бүгінгі таңда әсіресе әлем өнерінде әдеби шығармалар негізінде түсірілген фильмдер мен қойылған спектакльдер миллиондаған көрерменнің көңілінен шығып, әлемдік көркем өнерге олжа салып отыр. Мұндай жақсы үрдістен қазақ өнері де кенде емес. Біз азды-көпті пікір білдірсек, биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған спектакль – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының «Ай мен Айша» спектаклі – осы үрдістің көркем бір бейнесі.
 

 

«Ай мен Айша» дегенде, әрине, бірден көрнекті суреткер, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза есімі ауызға оралады. Тағылымды да сырт көзге даңғыл көрінгенімен, кедергілері де аз болмаған, кей тұстардағы тағдыр жолы тайғақ болды; сонау 1980–1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне Бас редактор болып тұрған кезінде, арасында осы жолдардың авторы да бар, бір топ жастың, мүмкін, рухани толысуға бет алуына, кеңірек категориялармен ойлай білуге, ұлтжандылыққа, ұран-даңғазасыз-ақ елсүйгіштікке тәрбиелеген үлкен мектебі еске түседі. Шер-ағаның кітаптарын, оның ішінде «Мылтықсыз майдан» повесін, кейініректе «Ай мен Айша» роман-дилогиясын бас алмай оқып шыққанбыз. 
«Ай мен Айшаның» жөні бөлек – тәуелсіз қазақ әдебиетінің классикасы. 
Классиканың сахналық нұсқасын жасаудың әртүрлі әдісі бар. Әсіресе соңғы кезеңде ұлттық классикамызды сахналауда жастар арасында жаңалықтың жөні осы екен деп, шығарма жайына қалып, инсценировка авторы немесе режиссер өз идеяларын «қызықтайтын», заманауи деген көркемдік ізденістерінің кейде шектен тыс оғаштыққа ұрынатын жағдайлары да кездесіп қалады. Ал «Ай мен Айша» қойылымы туралы сөз өзгеше.
Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – белгілі драматург, театртанушы Еркін Жуасбек. Сахнаның қыр-сырына қаныққан, көпжылдық тәжірибесінде қазақ театрына сіңірген еңбегі де аз емес, ал драмалары республика сахналарында табысты қойылып жүрген шығармашыл тұлға. Бүгінгі тақырыбымызға байланысты ең алдымен атап айтылуға тиіс жайт – инсценировка авторының түпнұсқаға, Ш.Мұртазадай суреткердің түп идеясына, көркемдік әлеміне деген ерекше құрмет сезілетіні. Бұл дегеніңіз үлкен мәдениет. Екіншіден, инсценировка авторының екі шығарманы жігін білдірмей әдемі үйлестіріп, үндестіріп, ортақ идеяға «қызмет еткізе білген» көркемдік шеберлігі. Сценарийшіге дилогияның өзі де жеткілікті болар еді. Алайда ол жеткізбек негізгі идеясын екі туындының оқиғалық жағынан бірін-бірі толықтырып, қоюландыра түсуі арқылы беруге ұмтылады: «Мылтықсыз майдан» мен «Ай мен Айшадағы» оқиғаларды шендестіре, Мамай мен Мұртаза отбасыларын тағдырлас етіп алуы – соғыс қасіреті, уақыт шындығын табиғи да терең ашуға мүмкіндік берген. Және Мұртазаның атын, отын өшірмеген, болашаққа, жастарға сенімі мықты Айшаның бейнесі романдағыдан да асқақтай түскен. (Бұл ретте біз «Мылтықсыз майдандағы» Тұтанның әмеңгерлікке ашық қарсы шыққан қарекеті табиғи түрде Айшаға «ауысуы», Барысхан, Нұрперзент, Айдай үштігінің достығы т.б. біраз жайтты мегзеп отырмыз.) Повесть пен роман-дилогияның оқиғаларын шашыратпай, аса маңызды дегендерін ғана шебер үйлестіріп, үндестіріп, бас-аяғы жинақы, ортақ идеяға қызмет етер шығарма жасаған Е.Жуасбектің жемісті еңбегі спектакльдің берік іргетасы болып шыққан. 
Спектакльдің қоюшы-режиссері – белгілі өнер қайраткері, театр-кино актері, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов. Актерлігі өз алдына, режиссерлік таланты да қалың көрерменге жақсы таныс. оның алғашқы жұмысы, сонау 90-жылдары қара шаңырақ сахнасында фурор жасаған «Турандот ханшайымынан» бастап осы «Ай мен Айшаға» дейін жүріп өткен жолы режиссер ретіндегі ерекшелігін танытады. Ол – қашанда сүйекті тақырыптарға баратыны; негізінен, ел тағдыры, жер тағдыры мәселелері көтерілетін спектакльдерімен азаматтық биік позициясын жалаң емес, өнер деңгейінде көрсетіп отыратыны. Бұл тұста оның сонау көне замандардан сыр шертіп, қазақтың түп-бастауларына мойын бұрғызатын «Томирис», ұлтымыздың өз алдына дербес хандық көтерген күрделі кезеңін бейнелейтін «Қазақтар» спектакльдері ХХ ғасырдың тас диірменінен өткен қазақтың мойымас қажырын, өшпес рухын паш ететін «Ай мен Айша» қойылымымен әдемі толықты. Бұл үш спектакльді, бір жағынан, халқымыздың ғасырлар бойғы тарихын зерделейтін трилогия есебінде қарастыруға да болар еді.
Біздің ойымызша, Т.Жаманқұловтың режиссерлік ізденістерінде классикалық іргетас пен заманауи көркемдік-эстетика табиғи үйлесім тапқан, яғни оның қолтаңбасын дәстүр мен жаңашылдық ортасынан тануға болады. Ол – жалқыны жалпыға ұластыруда «эпикалық ауқым, көркемдік тұстастық, шексіз кеңістік» (Б.Құндақбаев) берудің шебері. Бұл сипаттар жалқыдан – жалпыға, жекеден типтікке көтерілген «Ай мен Айшада» да анық көрінеді. ХХ ғасырдағы саяси-идеологиялық беймағына тартыс-тайталастар. Әлем-ғаламдық үлкен катаклизмдер. Және осы орбитадағы жеке адамдардың қақпақыл тағдыры. Жанбай сөнген отбасылардың, әулетке айнала алмай қалған немесе айналу-айналмауы әлі де неғайбіл отбасылардың тағдыры... (Жер шарының бірнеше аймағында гибридтік соғыс өрті өршіп тұрған қазіргі шақта мұндай көркем қойылымдардың маңызы арта түседі.)
Спектакльде оқиғалар, тартыстар бірнеше деңгейде, бірнеше өлшемде қат-қабат жүріп отырады. Ауқымды ойлай білетін режиссердің көркемдік тілі күрделі: мұнда қатаң реализм де, нәзік романтика да, аңыз­дық сана да, мүмкін, әлемдер семантикасы да бар. Осының барлығы басты идеяға қыз­мет етіп тұр. 
Қойылымның суретшісі Мұрат Сапаров ұсынған сахналық сымбат көп палит­ралы. Ол оқиғалар ғана емес, кейіпкерлердің ниет-қарекеттерінен де туындайды. Ұлттық сценографияның жаңа буын өкілі, қиялы ұшқыр, ұлттық топырағы мықты суретшінің көркем спектакльдің жалпы атмосферасын қалыптастырып, уақыттық және кеңістіктік пәлсапасын айқындай білетін, ең бастысы - нығыз, жүйелі, бейнелі ойлайтын, сахна кеңістігін тұтас «сөйлетуге» ұмтылатын шеберлігі мұнда да анық көрінеді. 
Романның көркемдік құрылымы қандай нығыз, тілі қандай құнарлы да қыртысты болса, спектакльде де осы сипаттарды көреміз. Айталық, экспозиция немесе алғашқы көріністегі 1 мамыр мерекесі сахнасында артқы план уақытты, мерекенің саяси мағынасын аңдатады. Ал мерекенің халықтық сипатын танытатын, жайлы да жарқын бояулы алдыңғы планнан қарапайым өмір, қатардағы отбасылардың тұрмыс-тіршілігін аңдайсыз. Атап айтарлығы, бұл тұрмыс тіршілік көз алдыңызда бейнелеу өнерінің тұрмыстық жанрдағы жанды, жасампаз картиналарындай жарқырап тұрады. 
Ауыр ашылып-жабылып тұрған алып қақпаның арғы жағында қым-қуыт, қатыгез өмір, үлкен қоғам, әлем-ғалам.
Бергі беті – қарапайым екі отбасының тұрмыс-тіршілігі, өмірлік ұстанымдары, адами-имани болмыстары, мақсат-мұраттары. Айшалар арқылы оты сөнбеген ошақтар, жалғасқан әулеттер. Туған жерге, Отанға деген махаббат...
Қойылымның бүкіл тінін ұстап тұрған Айша – белгілі актриса Дәрия Жүсіп. Оның сонау 90-жылдары сомдаған Турандот, Айша, Эдаларынан бастап Баян сұлу, Томирис, Шаһаризада, Бөрте, Әйгерім, Гүлчахра, Медея, Е.Андреевна, Аманда, миссис Хиггинс т.б. рөлдері көрерменнің есінде. 
Жан толғанысы мен күйінішін Аймен бөлісетін, армандарын да Айға сеніп айтатын, рухы мықты, жаны сірі, Өмірсүйгіш Айша – қазақ әйелдерінің жинақтық бейнесі. Ол – Ұлт ретінде сақталуымыздың алғышарттарының бірі – ұрпақтың үзілмеуі, алдағыны болжап отыру, жаңаға, жақсыға ұмтылу екенін жақсы түсінетін Тұлға. Ақыл-парасаты мен көркі келіскен, текті Айша – актриса Д.Жүсіптің үлкен шығармашылық жеңісі. Халық жауы аталып, нақақтан айдалып бара жатқан Мұртазаның «Айша, балаларға ие бол! Отымды өшірме!», «Айша, балаларға ие бол! Атымды өшірме!» деп қайта-қайта нығарлай айтуында қаншама мағына жатыр! Айшаның бүткіл өмірі Мұртазаның сол аманатын орындаумен өтті ғой. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл халықтың тағдыры. 
«Ай мен Айша» биік рухтың спектаклі. Ғалымдардың зерттеуі адам төзбес небір қиындықтарда рухы өте мықтылар ғана жеңіп шығатынын көрсетеді. Айша – сол биік рух. Мамай қарт та. Анасы мен отбасына қорған бола алатынын танытатын Барысхан да. Қамқа тұнып тұрған мейірім. Актерлер әр спектакль сайын жаңа қырынан ашыла түседі. Қойылымдағы әр рөлдің көтерер жүгі салмақты. Актерлер Ж.Толғанбай–Мұртаза, А.Бектемір–Мамай, Г.Жақыпова–Қамқа, А.Өмірова–Тотия, сондай-ақ Е.Тұрыс–Барысхан, Е.Бектас–Нұрперзент, Айдай–С.Құлымбетовалар ансамбльдік өнер көрсетеді. Композитор Ш.Базарқұлованың өзі жазған және пайдаланған музыкасы, сондай-ақ қойылым суретшісі Б.Әбдіманапованың киім үлгілері уақыттың, заманының атмосферасын беріп тұр. 
«Ай мен Айша» әрбір қазақ отбасына, әр оқырман-көрерменнің жанына жақын десек артық болмас. Өйткені мұндағы қасірет – бүкілхалықтық қасірет, мұндағы жеңіс – бүкілхалықтық жеңіс. Әрбір әулеттен табылатын Айша – реалды және символдық бейне. Спектакльдегі оқиғалар – саяси қуғын-сүргін, соғыс алапаты ешбір әулетті айналып өтпеген қасірет... 
Авторларының кәсіби шеберлігі өз алдына, «Ай мен Айша» спектаклі Мұртаза әулетінің, Айшаның басынан өткен тарих өз әулетінің басынан өткенін жақсы сезінгендіктен де, осыншалықты шынайы да рухты болып шыққан шығар. Бұлай деуге негіз де жоқ емес: әрқайсысымыз – үлкен тарихтың кішкене бөлшегіміз.
Айталық, біздің әулеттің Айшасы – Мәуия әжем елге сыйлы жан болды. Әкесі Арқада есімі белгілі, қара суды теріс ағыз­ған Жүніс молда екен. Атамызы дүние салып, үлкен ұлы Тілеп көкеміз 1937 жылы Жанайдар Сәдуақасов, Ораз Жандосовтармен қызметтес болды деп, ұсталып кеткенде көрмеген азабы жоқ. Сонда арабша хат танитын, «Әптиек» пен «Мұхтасарды» тауысқан» (өз сөзі) көзі ашық, қайратты да қайсар әжеміз рухы сынбаған, балалары мен немерелерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген, білім берген, кейін университетте оқытқан. Әжемнің кенже ұлы, әкем Қаһарман Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Халық жауының інісі ретінде көп теперіш көрген, ағасының жазықсыз екенін дәлелдеймін деп, жасы толмаса да, қоярда-қоймай сұранып соғысқа кеткен. Үлкен бір ұрыста қатты жараланып, топырақтың астында қалған жерінен санитарлар тауып алыпты. «Сендердің көретін жарықтарың болғаны ғой» деп отыратын.
Нағашы атамыз Жазкен де халық жауы болып ұсталған. Әйелі, нағашы әжеміз, кезінде Арқада болыс болып, 1928 жылы ірі байларды тәркілеудің алғашқы легінде кеткен Өксікбай бабамыздың бұлғаңдап өскен қызы Жаңылғанның да көрмеген қорлығы қалмапты. Ал осының бәрін қаршадайынан басынан өткерген, айнала жұрт «Бибатима» атаған Жұмагүл анамыз сол қиындық, қайғыдан жүрегі сыр беріп, ерте дүние кешті. Демек, сол қуғын-сүргіндер мен сұрапыл соғыс біздердің де жанымызға жара салғаны анық... (Мұндай мұңлы әңгіме-баянды әрбір әулеттен, әрбір отбасыдан естуге болар; ал бастан кешкен қасіретті тарих түгелдей қағазға түсер болса, бұрын-соңды жазылмаған «АЗА кітабы» түзілер еді...) 
Көркем шығарма халыққа берер пайдалы әсер коэффициентімен де бағаланады. «Ай мен Айша» қойылымы – өзінің тегін, тарихын зерделейтін немесе соған ұмтылатын және бүгінінің қадірін, бағасын білетін көрермен, әрбір әулет пен жеке адам үшін қымбат. Жас ұрпақ үшін игі тағылым. Қойылымның феномені құбылыс болуы да осыдан. Сөз түйінін айтар болсақ: 
«Ай мен Айша» спектаклі – ізгілікке, елсүйгіштікке бастайтын, ұжымдық жадыны жаңғыртып, қазіргі күрделі уақытта рух сергектігіне де шақыратын үлкен ұжымдық еңбек. Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық шығарма. 

Әлия Бөпежанова 

803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы