• Ақпарат
  • 11 Шілде, 2024

Қырық жылдан соң...

Белгілі лирик ақын Болат Үсенбаевтың балалар әдебиетіне де белсенді түрде ат салысып келе жатқаны бәрімізге аян. Кезінде жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналында жұмыс істегенін де, Тұманбай Молдағалиевтің тұсында «Балдырған» журналында бас редактордың орынбасары болып бірталай уақыт қызмет атқарғанын да білеміз. Сол бір жылдарда балалар ақыны ретінде танылып қана қоймай, ең қиын жанрдың көркемдік қырларын да, көзге түспес сырларын да әбден меңгеріп алса керек, балаларға арналған тақпақтар мен өлең-жырларды, ертегілер мен аңыздарды төгілтіп те, өрілтіп те жазды. Өлеңдері балабақша мен мектеп оқулықтарына, антологияларға енді. 

 

Жолықты арман түсімдегі,
Ұштым көкке самғап бүгін.
Он екі айдың ішіндегі 
Балалар күні – ең жақсы күн! 

Болат Үсенбаев

Сөйтіп жүргенде, 2022 жылы менің қолыма ақынның «Тәуелсіздік деген не?» деген кітабы түсті. Балабақша бөбектері мен бастауыш сынып балдырғандарына лайықталған бұл кітаптың сыртқы сипаты ғана емес, ішкі мазмұны да біздің үйді қуантып тас­тады. Жұбайым Гүлзия зейнетке баяғыда шығып кетсе де, «Шыңға өрлеу» деп аталатын бастауыш сынып оқушыларына арналған әлеуметтік клубта жұмыс істейтіндіктен, Болат Үсенбаевтың осы кітабын сөмкесінен тастамай алып жүретін болды. «Ішінде бәрі бар. Іздегеніңді бірден табасың» дейді масаттанып. 
Міне, «Тәуелсіздік деген не?» деген осы кітап биылғы жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр екен. Бұл туралы алғаш естігенімде таңданып қалғаным да рас. Оған себеп – балалар әдебиетінің есте қалатындай дәрежеде ескеріліп жатқаны. Ойлап отырсам, осыдан қырық жыл бұрын қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы атанған Мұзафар Әлімбаевтың «Аспандағы әпке» деген кітабы ғана мемлекеттік сыйлық алып еді. Сол кезде мен «Балдырған» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісімін. Бас редактордың кітабы бәйгеге түскелі жатқанда үндемей қалмайын деп, кітап туралы мақала жазып, баспасөз бетіне жариялатқанымды да несіне жасырайын. 
Таңданарлық және ойланарлық жағдай – содан бері бірде-бір балаларға арналған кітап ең жоғарғы сыйлыққа ілінбепті. Ілінбепті емес, ұсынылмапты. Осыған қарап отырып-ақ, біздің қоғамдағы, әдеби ортадағы балалар әдебиетіне деген көзқарастың қандай екенін білуге болатын шығар. Әлде балалар әдебиетінің өкілдері нашарлау соғып жатыр ма, әлде бойларында бейжайлық не болмаса жасықтық бар ма? Бірақ, «бәрін айт та, бірін айт» дегендей, қырық жылдан соң болса да, балалар әдебиетіндегі бір кітаптың мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанына мың да бір шүкіршілік етеміз. Оның үстіне тағы бір айтарымыз – «Тәуелсіздік деген не?» деп аталатын бұл кітаптың үлкен сыйлыққа лайық екені де бізді қатты қуантады. 
Екі жүз отыз сегіз беттен тұратын кітапты жұқалтаң деп қомсынуға болмас, керісінше, балаларға арналған кітап үшін қомақты деп айтуымыз керек. Автор осы жинағын жасау үстінде тым көп еңбектенген сияқты: бөлімдерге бөліп, өлеңдерді орналастыру тәртібі де ерекше. 
Кітап сегіз бөлімнен тұрады. 
Бірінші бөлім – «Тәуелсіздік шуа­ғы».
Беташар өлең «Менің туым» деп аталады екен. Ақын көк туымыздың керемет қасиеттерін төрт-ақ шумаққа сыйғызып жіберіпті. 
Автор тек туымызбен ғана шектеліп қалмай, елтаңбамыз бен әнұранымызды да, Ата заңымызды да бала тіліне байланып тұратындай етіп суреттеп берген.  
Осы бірінші бөлімнің өзінен-ақ барша жұрттың балаларға беретін, беруге тиіс тәлім-тәрбиесінің бәрі қамтылған десек, артық айтқандық емес. Отанды, туған жерді, бабалар аманаты мен салт-дәстүрді сақтау, көне тарихқа үңіле білу сияқты әр балаға қойылатын талаптар мен айтылатын тілектер бір өлеңнен бір өлеңге көшіп, бірін-бірі толықтырып отырады. 
Ақын «Тәуелсіздік деген не?» деген кітаптың атын алып тұрған өлеңіне ерекше мән беріп, «тәуелсіздік» деген қасиетті ұғымды бала санасына оңай да нақты тәсілмен беруге тырысқан. Жеті шумақтан ғана тұратын осы тақпақ өлеңге көп қырлы, көп сырлы тақырыпты сыйдырып жіберу оңай емес, әрине. Сөйтсе де, Болат ақын судан сүйрік суырғандай етіп, тым әдемі түрде түсіндіріп беріпті. 

«Тұр сан сауал туындап, 
Тәуелсіздік деген не? 
Бодан елді шыжымдап, 
Ұстайды екен көгенде.

Тәуелсіздік дегенің – 
Азаттықтың таңы аппақ. 
Дейді Отаның: «Өренім,
Қыран болып қанат қақ!»

Тәуелсіздік – ырыс, бақ, 
Қадам басу сеніммен. 
Емін-еркін тыныстап
Бақ кетпеуі төріңнен;

Ол мемлекет болуың 
Басқа елге иық тіресіп. 
Жаттан елді қоруың, 
Туған жерді түлетіп; 

Нұр жайнауы көгіңнің, 
Желбіретіп туыңды. 
Иемдену өзіңнің
Байлығың – жер, суыңды; 

Бұзылмауы дініңнің, 
Тұтастығы халқыңның. 
Мерейі өсіп тіліңнің, 
Сақталуы салтыңның. 

Отан – алтын орданың 
Өрлегені бағы өрге. 
Қазақ атты ел барын
Дәлелдей бар әлемге!»

Кітаптың екінші бөлімі – «Құрмет жырлары». 
Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл бөлімге топтастырылған өлеңдер, негізінен, бүкіл қазаққа ортақ ұлы ақындар – Махамбет пен Абай, батырлық пен ерліктің өлмес бейнесі Бауыржан, атақты суретші Әбілхан Қастеев жайында. Әсіресе Махамбет пен Абай туралы толғанғанда ұрпақтың сол тұлғаларды пір тұтуы туралы еркін көсіліпті. Мәселен, «Абайды сүю» деген өлеңіндегі ұлы ақын туралы кестелі шумақтар жүрек шымырлатады. Ал «Абай» деген өлеңі есейіп қалған баланың ақын бабасына деген ішкі пікірін шынайы түрде сыртқа шығаруы іспетті. Махамбет туралы жазылған екі өлең де осындай. «Кектің көзі» деген өлеңі Махамбеттің ақындығы мен батырлығын бейнелесе, оған жалғас «Махамбет» деген өлең өрттей ыстық, қылыштай өткір сөздермен ақын тұрпатын бейнелей түседі. 
Менің ойымша, осы өлең – сәл ұзақтау болса да, нағыз антологиялық өлең. Болат Үсенбаев деген ақынның өлең өріндегі өршілдігі мен еркіндігін де осыдан анық аңғаруға болар. 
Бұл өлең бүгінгі күнге тән ерекше өршілдікпен аяқталады:    
«Егіз боп туған ерлікпен, 
Қайсарлық, қайрат тең біткен. 
Орныңнан тұршы, өр бабам, 
Азаттық жетті сен күткен,
Есіл ер, қайран, Махамбет!»
Бұл бөлімге енген бабалар өнегесі, ата мен әже туралы өлеңдер де баланың санасына, ой-ұғымына лайық­талып жазылған. Мысалы, кішкентай сәби әжесіне: 
«Дейсің мені «көбелегім»,
Әже, өзіңе немеремін. 
Бойым, әттең, жетпейді ғой, 
Күнді алып берер едім», – дейді.
Кітаптың үшінші бөлімі – «Ең жақсы күн» (мерекелік жырлар).
Осы бөлімге енген мерекелік өлеңдердің баршасы бала жүрегінен тамып түскендей. 
Б.Үсенбаевтың атаулы күндер мен адам өміріндегі ерекше сәттерге баланың көзімен қарай отырып, дананың ойымен түйін жасап кететіні де қызықтырады. Мәселен, ол «Наурыз» деген өлеңін:
«Нұр-шуақ жүр жүгіріп, 
Бұтақтарға бүр іліп. 
Наурыздың той шашуы – 
Мейірім мен жылылық», – деп аяқтайды.
Ал «Тәй-тәй, бөпем» деген өлеңін:
«Құтты болсын тәй-тәйің, 
Жүргізіп бір байқайын. 
Алға, міне, бір бастың, 
Енді қарап тұрмассың!» – деп бітіреді.
Кітаптың төртінші бөлімі – «Балабақша жырлары». Бұл бөлімдегі қып-қысқа тақпақтардың ешбірінде кемшілік жоқ. Әр тақпақты оқып шыға салып, сәл жымиып аласыз да, қайта оқисыз. Ақынның соншалықты тапқырлығына қуанасыз, балажандығына сүйсінесіз. Осы бөлімдегі жиыр­ма тоғыз өлеңді бір кітапша ғана етіп шығарса да, Болат Үсенбаевты нағыз балалар ақыны дейтініңізге шүбә жоқ. 
Ал «Табиғат – тылсым әлемі» деп аталатын бөлімнің танымдық тәрбиесі тіпті бөлекше. Мұнда қазақ баласын әлдилеген табиғат-ананың бар қасиеті мен ерекшелігі, үй жануарлары, аң мен құс, жыл мен күн мезгілдері дейсіз бе – бәрі қамтылған. Тіпті елімізде мекендемейтін жан-жануарлар мен құстар да осында жүр. 
Кітаптың «Жақсы мен жаман» деп аталатын алтыншы бөлімін оқып отыр­ғанда балаларға тән неше түрлі мінез-құлыққа тап болдық. 
«Шынықсаң, шымыр боласың» деген бөлімде дене шынықтырудың ал­уан түрі тақпаққа айналып кеткен. 
Соңғы бөлімге ертегілер мен аңыз­дар топтастырылыпты. Атап айтқанда: «Ынтымақ пен бірлік туралы ертегі», «Жарылмаған бас туралы аңыз», «Аңдардың мектепке баруы туралы ертегі» және «Мадиярдың ерлігі туралы баллада». Бұл ертегілер мен аңыз­дар туралы баяндап отыруға, әрине, шағын ғана мақаламызда орын жоқ. 
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Болат Үсенбаевтың балаларға арналған бұл кітабының Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленуге толық қақысы бар деп ойлаймыз. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, балаларымыздың әдебиеті мұндай қуанышқа енді ғана қол жеткізгелі тұрған сияқты. Қырық жылдан соң келген қуаныш. 

Әбубәкір Қайран, 
ақын, халықаралық «Алаш» 
сыйлығының лауреаты 

 

 

881 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы