- Ақпарат
- 11 Шілде, 2024
Талант пен талғам тоғысқанда

Қазақтың көрнекті драматургі С.Асылбекұлы өзінің «Империядағы кеш» деп аталатын кітабына кірген бес драмасының қай-қайсысында да қазіргі қазақ қоғамында құбылып жатқан әлеуметтік, психологиялық немесе менталдық, дүниетанымдық өзгерістердің бәрін сол диалог пен монологке, полилогке, бар болғаны, әрі кеткенде, бес-алты сөйлемнен аспайтын авторлық ремаркаға сыйғыза алған. Әрі сол монологтер мен диалогтер өмірден ойып алғандай өте табиғи, халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан күнделікті ауызекі тілімен барынша сәйкес, сонымен қатар олардың эмоциялық, экспрессивтік бояулары қанық, айқын.
Заман шындығын шынайы бейнелегені үшін VI Республикалық театр фествалінің бас жүлдесіне ие болған (Тараз, 1998) «Желтоқсан желі» («Бір түнгі оқиға») атты екі бөлімді драма 1986 жылы кеңес қоғамын дүр сілкіндірген 16–17 желтоқсанда Алматыда болған тарихи оқиғаны арқау еткен. Негізгі нысанасы – әрі астыртын, әрі ашықтан-ашық үстемдіктің қоғамға, адамға аяушылықты білмейтін, білгісі де келмейтін қатыгездігін әшкерелеу. Кейіпкерлер – не бары бес адам, олардың әрқайсысы – болмыс-бітімімен ерекшеленген бір-бір жинақталған бейне, типаж. Әрқайсысының танымы мен табиғатына сай көтерген көркемдік-идеялық салмағы арқылы халқымыздың сын сағатта анық айқындалған мақсат-мүддесін пайымдауға мысал-дәлел жеткілікті. Тарихи оқиға мен кезеңнің жағдайы айқын танылатын драманың көркемдік мазмұн әлемі ықыласты ынтаны драмашының интуитивті-эстетикалық сезімталдығын байыптауға шақырады.
Митингіге шыққан қазақ жастарын алаңнан да, көшелерден де жаппай соққыға жығып, қан жоса қылған жазалаушы солдаттардан қашып, бейтаныс адамның пәтеріне кіріп кетуге мәжбүр Қайсар мен Ақмарал бұрын ешқашан бірін-бірі көрмеген. Бірақ оқыс оқиға, бейтарап әлеуметтік-қоғамдық жағдайдағы құбылыстар дүмпуі ойда-жоқта екеуін бетпе-бет ұшырастырды. Мұндай кездейсоқтық теориясының астарынан мәжбүрлік логикасы белгі береді. Демонстрацияға қатысқан інісін іздеп келген аяғы ауыр келіншекті жас жігіттің соққыдан, ажалдан арашалап қалуына себепкер – адамға деген мейіріммен бірге жосықсыз зорлыққа, айдың, күннің аманында қорғансызды көпе-көрінеу қорлауға деген өшпес қарсылық.
Сол жастар шарасыздан бас сауғалаған пәтер иелері – ерлі-зайыпты зейнеткерлер Баймырза мен Талшынның кездейсоқ келіп қалған екі жасты байқап қалып, алғашқыда дағдарып, абдырауына себепкер – қоғамда мемлекет тарапынан ұзақ жылдар бойы жүзеге асырылған жүйелі озбырлықтың жендеттілікке ұласуынан туған, қарсылығы біржола өлуі мүмкін емес, сондықтан да көп жылдар бойы көмілмей, өшпей келе жатқан бүкілхалықтық қорқыныш. Оның үстіне дәрі сұраған болып, түн ішінде аңдуға келгендей олардың көршісі Мария Петровнаның бас сұғуы ішкі қорқынышты ушықтырып, эпизодтың драмалық шиеленісін ширықтыра түседі. Бұл үшеуі бір-бірімен таныс жандар болса да, «адам аласы ішінде» деген күдік ішті шымылдатады. Сыртта соққыға жығылған жазықсыз қыздардың жан сауғалап шыңғырғаны, ашынған жігіттердің ызалы айқайы, айтаққа елігіп, аяусыз талауға үйренген қасқыр-иттердің өршелене абалап арсылдағаны, жазалаушы әпербақандардың шулы дүбірі – сырттағы қорқынышты ахуалдың кез келген сәтте осы пәтер ішінде ұласып кету қаупін, бейбіт өмір мен сойқанды өлімнің бетпе-бетін бірден көрсеткенде, көрерменнің де, оқырманның да жайбарақат қалуы мүмкін емес.
Елуінші жылдары ұлтшылдық деген желеумен жазықсыз сотталғандардың бірі Баймырзаның ашына тұрып, жасыра алмаған лепті қуанышы – ұлттың өзін-өзі сақтау иммунитетінің жоғалмағанын, сарайы сау саналылар барда рухтың тіршілік қажеттілігі – бостандыққа ұмылмай тұра алмайтынын дәлелдейтін және бір мысал. Оның сөзі – зиялы қауымның тарихи қасіретінен хабардар етумен бірге, кезінде қайғыдан қайысқанымен, әлі де тізе бүгуге жан-тәнімен қарсылығы. Қисынсыз зорлыққа, жазықсыз жазалауға деген қарсылығының ширығуы, ашынуы мен ашу-ызасы ешкімді де селсоқ қалдырмаса керек. Баймырзаның сөзі – сондай тағдырды бастан өткерген миллиондардың толғанысы. Шығарманың көркемдік әлемінде ұлттық сананың қашанда сәулелі сергектігі мен зерделі ояулығын жаншығысы келетін билікке деген табанды қарсылығын, буырқанысын көрсетумен бірге адам табиғатының әлсіздігі мен асқақ идеяға, әлеуметтік әділдікке қашанда ұмтылатынын талдау бар. Елді тәуелсіздікке бастайтын да, сақтайтын да парасат пен ерлік екенін, соны іштей сезіне тұра, пысқырмайтын биліктің безбүйректігі мен озбырлығы, шынтуайтқа келгенде, кемсаналықтан, дүмшеліктен екенін еріксіз еске аласыз. Қанша бұқтырса да, қалай бүркемелесе де, озбырлық атаулы ерте ме, кеш пе, орға жығатынын әлем халықтарының тарихы сан рет дәлелдегенін үстемдердің барлығы ұмытқысы келетіні рас. Алайда нұрлы бақытқа ұмтылу, жарқын болашаққа деген үміт табан астында тапталған бұқараның, есі дұрыс кім-кімнің де көкейінен кетпейтінін шығарма кейіпкерлерінің өз өмірімен бұлжытпай дәлелдеп шығуы, сол жолдағы тайталас, күрестің нақты оқиға, әрекеттер, шарпысқан көзқарастар мен сезімдер арқылы айшықталуы автор-драматургтің ел алдындағы, уақыт алдындағы перзенттік парызын өтеудің бір мысалы десек, асырып айтқандық болмас. Бұл шығарма соның айғағындай, жылдар бойы сахналарымыздың төрінен орын алып, ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының ұрпақ сайын жаңғыра беретінін үнемі еске салу арқылы әр азаматтың бақытты өмірі үшін еркіндіктің, халықтың бақыты үшін баға жеткісіз тәуелсіздік идеясының орныға беруіне, өшпеуіне зор үлес қосуымен бағалы.
Сол кезеңнің сыр-сипаты көрші әйел Мария Петровнаның қабылдауында басқаша: «Ал енді гастрономға кіріп едім – толып тұр-ау, толып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар: жұмыртқа дейсің бе, етің бе, сүтің бе, колбаса, сервелаттың түр-түрі...» Қазақтың қонақжайлылығы жанына жағатын әйелдің таным-түсінігі мен мұрат-мүддесінің өзгешелігі оның осындай шын пейілмен айтқан сөздерінен айтарлықтай айқындалады. Мария Петровнаның әйелге тән ерекшеліктерін Тимур Қалдыбаевичпен әңгімелесуінен көреміз. Әйелдік табиғатына тән қулықтарын да, ішкі есебі мен адалдығы біржола жоғалмаған ниетін де, тоғышарлыққа ұласатын пенделік осалдықтарын да автор диалог емеурінімен сипаттағанда, тағы да әйел табиғатын зерттей білген сезімталдығына куә боламыз.
Суреткер ретінде С.Асылбекұлы – осы кейіпкерлер арасында болып жататын коллизиялардың алуан түрін құра білудің де шебері. Мәселен, оның «Империядағы кеш» драмасындағы конфликт тек аталған пьесаның ең басты кейіпкерлері саналатын кәсіпкер Айдар мен профессор Сұлтанбек Ертуғанұлының араларында ғана емес, Айдар мен оның Құдай қосқан қосағы Ұлжалғастың да, Сұлтанбек пен аға оқытушы Тойболдының да, бір кештің ішінде бір-бірімен кенет бәсекелеске айналған Сұлтанбек Ертуғанұлының көңілдесі, жас ару аспирант Гүлден мен Ұлжалғастың да, тіпті Айдар мен оның ауылдан қалаға ағасының үйіне қыдырып келген туған інісі Берікболдың да араларында ешкім ойламаған жерден тұтанып шыға келеді. Және солардың бәрі – өте табиғилығымен, шынайылығымен тартымды. Сондықтан бұл өмір картиналарына оқырман мен көрермен риясыз сенеді.
Әдебиеттің қай саласында да майталман екенін танытқан Серік Асылбекұлы «Концерт» атты повесі үшін «Үздік балалар әдебиеті» номинациясы бойынша былтыр ғана «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын алса, 2005 жылы Қазақстан ұлттық кітапханасы мен Samsung электроникс корпорациясының драмалық шығармаларға жариялаған республикалық конкурсында «Күзгі романс», 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен ХХІ Республикалық театр фестивалінде «Империядағы кеш», 2017 жылғы «Рух» халықаралық конкурсында «Үздік драматургиялық шығарма» аталымында «Қазақша ашылып сайрау» пьесалары үздік шығып, бас жүлдеге ие болды. Барлығын мүшелеп, жіліктеуге мақала көлемі шектеулі. Жинақтағанда байқалатыны – солардың барлығына ортақ сипаттар: кейіпкерлер түгелдей замандастарымыз, әрқайсысы мінезімен, таным-түйсігімен, тағдыр-талайымен назар аударады. Заман кеңістігі – қоғам арнасы – адам өмірінің өрісіндегі сипаттарды саралағанда, ежелгі әдеби нұсқалар, классикалық әдебиет үлгілеріндегі концептуалдық айрықшалықтардың сан себептермен бүгінге дейін селбесіп жеткеніне қайран қаласыз. Серік Асылбекұлының драмалық шығармалары ғасырлар арқауын біздің заманнан да қателеспей тауып, қалқымай, қожыратпай, шынайы бейнелеуімен әрі қажет, әрі құнды.
С.Асылбекұлының аталған жинағына енген пьесаларын постсоветтік Қазақстанның соңғы отыз жылдық өмірінің шыншылдықпен бейнеленген көркем панорамасы, оның әрқилы сәттіліктер мен қайшылықтарға толы даму траекториясының поэтикалық бейнесі деуге әбден болады. Жасандылықтан ада, бүгінгі тіршілігіміздің ақиқатына барынша адал бұл туындылар оқырманның жан дүниесін толқытып, оны катарсиске, яғни тебіреніске түсіріп, рухын шыңдайды, адамзат өмірінің өзі бұрын байқай бермеген бай тәжірибесімен таныстырады. Олай болса, өзінің бүкіл шығармашылық өмірбаянында шындыққа, ақиқатқа адал болудан таймаған Серікті ұлттық әдебиетіміздің қазіргі замандық азғантай үздік жазушыларымыздың қатарына ұялмай жатқыза аламыз.
Тағы бір айта кететін жай, прозалық туындыларынан да, драмалық шығармаларынан да, эсселерінен де оның ұлттық және әлемдік көркем әдебиеттің көл-көсір, бай тәжірибесін жастайынан молынан қанып ішіп, бойына әбден сіңіргені де айқын байқалады. Осы көркем әдебиет алыптарының шеберлік мектептерінен сабақ алған және оған қоса Жаратушының бойына генетикалық тұрғыдан туабітті дарытқан суреткерлік талғампаз түйсігінің арқасында С.Асылбекұлы пьесалары арқылы өзінің алдындағы аға буынның классиктерімен бірге қазіргі қазақ драматургиясын еуропалық, әлемдік классикалық драматургияның стандарттарының деңгейіне көтере алды. Сонымен бірге біздің көркем әдебиетіміздің ең бір кірпияз, қиын жанры саналатын қазіргі замандық ұлттық драматургиямызды тың идеялармен, жаңа формалармен, келісті поэтикалық өрнектермен байытты. Сондықтан сөз соңында С.Асылбекұлының «Империядағы кеш» атты драмалық шығармалар жинағы Қазақстан республикасының әдебиет және өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайық деп ойлаймыз.
Бекен Ыбырайым,
жазушы, филология ғылымының докторы, профессор

1845 рет
көрсетілді0
пікір