• Ақпарат
  • 11 Шілде, 2024

Кеше мен бүгіннің шынайы бейнесі

Қазақ прозасының 60-жылдардан кейін толысып, көш-керуенді өрге сүйреп, көркем бейнелер жасаған кезеңі жетпісінші жылдар болды. О.Бөкей, Т.Нұрмағанбет, С.Елубай, М.Байғұт секілді өрелі қаламгерлер социалистік реализмнің ауыр жүгін арқалап, жаңа образдар сомдады. Ал жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басына зер салсақ, бір топ шығармашыл буын оттай маздап көзге түсті. Олар: Д.Әшімханұлы, Т.Мәмесейіт, М.Рахманберді, М.Құлкен, ­С.Асылбек т.б. Осылардың арасында жазу мәнерімен көзге түскен ­Қуандық ­Түменбай еді. 

 

Алғашқы «Қайың сапты кетпен» жинағынан бастап осы қаламгер қалың оқырманның назарын өзіне аударып, бақылауында келеді. «Жалынның» жабық конкурсы секілді 70–80-жылдардың әдеби бәйгесінде оза шауып, одан кейінгі ұлттық «Айбоз» сыйлығын иемденген шығармалары әдебиеттің биік талабына жауап берген туындылар. Ал қоғамдық формация ауысқан кезеңде жарық көрген «Саябақтағы классикалық әуен» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы – кешегі социалистік заман мен бүгінгі тәуелсіз тіршіліктің шындығын көркем кестеленген дүниелер. 
Әдебиетте жаңа және ескі стиль деген болмайды, жаңа өмірді жаңаша жазу деген қағида бар. Осы кітаптың беташары – «Дүрбі» хикаятынан біз өзгеріске ұшыраған өміріміздің кейіпкерін көреміз. Жетімдікті бір адамдай бастан өткерген құрылысшы Жолдыбай біраз жыл елден тысқары жүріп, қайта оралғанда, быт-шыты шыққан құрылысқа кезігеді. Оу, осының бәрін өз қолымен соғып, мұржасынан түтін түтеткен өзі емес пе еді? АХБК опырылып, орнында жалға берілген жатақхана тұр. АХБК – ауылдан келген қазақ қыздарының өмір мектебі, жұмысшы табы өкілдерінің қара шаңырағы болса, қайта құрумен бірге оның қабырғасы құлап, құр орны ғана қалған. Бұл махаббат мекені болып, Алматыдай алып қалада бір-бірін тапқан қазақтың қыз-жігіттерінің жүрек лүпіліне айналған орын еді; адамзат бәрінен бір күнде жұрдай болыпты. Кешегі қолы алтын жұмысшы қыздар күнкөріс үшін көше бойында тұр. Осының бәрі бас кейіпкер Жолдыбайдың жүрегін тілгілеп, болашақ үшін алаң күй кешеді. Ол көше бойында тұрған өзі сүйген қызды тауып алып, қолынан жетелеп жалдамалы пәтеріне әкеледі, қажыр-қайратын бойына жиып, махаббат отын қайта тұтатады. Бұл – жаралы қоғамның болашағынан үміт күткен жігіттің әдемі өрнектелген әдеби бейнесі. Қоғамымыздың басына түскен қайта құру деп аталған ұлтқа жасалған ессіз зорлықты бейнелеген шығарма көп емес, бұл соның бірегейі дер едік.
Кітап атауын алған «Саябақтағы классикалық әуен» деп аталған әңгіме желісі де осыған ұқсас. Кешегі атқа мінген дүлей қызметкер – бүгінде зейнеткер. Ол бәріне кеше мен бүгіннің көзімен қарайды. Кешегі түкірігі жерге түспес шенеунік бүгін ешкім емес. Осының бәрі зейнеткер Сұрағанның жан дүниесін ойқастап, жүрегін ауыр­тады. Әйтсе де, осы шенеунік адамның тұла бойында бір нәзіктік бар, ол айналасына түсіністікпен қарайды, музыканы жаны сүйеді. Қосағынан қоса айырылған оның ең бір рақат шағы анда-санда қыдырыстап жүргенде, саябақта ойналған классикалық әуенді тыңдау; музыка оның жүрек шерін жеңілдетеді. Осы әңгімеде бүгінгі дендеп кеткен коррупция індеті де зейнеткер көзі арқылы таразыға түседі. Адамзат алаңсыз тыныш өмір сүру үшін қолың таза болу керек деген авторлық ұстаным әңгіменің өн бойынан көзге ұрып тұр. Тың тақырып сәтті орындалуымен көркемдік деңгейге жеткен.
Осы жерде жазушының әңгіме жанрын өркендетуге қосқан айтарлықтай үлесін, яғни шеберлігін баса айта кеткен жөн. Қазір әңгіме жанры өзгеріске ұшырап, Бунин мен Чехов үлгілері күре жолдан күрт бұрылып кетті; қысқалық керек деген бір әдіспен әңгіменің тәтті дәмі таңдайымызға тимей жүр. Қуандық болса төл әдебиетімізде Бейімбет Майлин мен Сайын Мұратбек салған сүрлеуді жаңғыртып келе жатқан қаламгер. Кітаптағы «Еркек» атты әңгімесінде қолының былғаныш екенін сотта мойындап, осы кесел ұрпағыма дарымаса екен деп зар қаққан Торыбаймен, бір перзентке зар болып, қазақ баласының бәріне әкемін деп кемсеңдеген «Тақиядағы» Әлиакбармен, «Өмір ғой» әңгімесінде Ауған соғысына қатысып, Абай ескерткішінің тұғырын тұраққа айналдырып жүрген бейкүнәға ара түскен Шалмен кездесеміз. «Волейболшы әйелдің ақ сүті» әңгімесінде ұлт намысы үшін шарқ ұрып, үзілісте ғана сәбиін емізген, көкірегі сыздаған келіншекпен беттессек, «Тоқал тамның төбесі» – өзіміз пір тұтып жүрген жапон жұртының минөтті ұқыптап жұмсаған тиянақты өмір салтын қазақы көңілмен астастыра суреттейді. Ал «Иттің тісін жұлған күн» әңгімесінде формациялар ауысу кезеңіндегі ұлттық мінез-құлықтың өзгеріске ұшырауы Булгаков тәсілімен сипатталса, 
«Ұлтуар апаның қара орнын» оқи отырып, кешегі қанды соғыста келмеске аттанған бір шаңырақтың жеті перзентін жырлаған Р.Ғамзатовтың «Тыр­налары» еске түседі. Бес перзентінен бірдей айырылған мұңлық аналар қазақта да бар, осы әңгімеде солардың бірінің көркем бейнесі нанымды суреттеледі. Соғыстың біткеніне жарты ғасыр өтсе де, Ұлтуар апа «Бір жерде қарайып жүр ме екен?» деп, қара орнын сақтап, ұлдарының жолын тосады. Біздің әдебиетімізде соғыстан ақсақ-тоқсақ, жарымжан болып оралғандардың бейнесі аз емес.     
«Белдік сатқан» хикаятының кейіпкері Сағындық соғыс біткенде, ауылға он шақты қой айдап келеді. Бұны біз жаңалық деп қабылдаймыз. Қазақ момын, қазақ тек бұйрық орындаушы емес, ол да «өз ағам – өзбек» сияқты өмір сүруге ебі бар халық. Оның қолынан бәрі келеді. Шығарма финалы бүгінгі күнге келіп тіреледі. Белдік жинап, жолай қойға айырбастап қайт­қан Сағындық ұрпағы – бүгінгі күннің «алаған қолым береген» іскер азаматтары, олар жоқ-жітікке болысып, кішкентайларға балабақша соғып берген бизнесмендер. Шығарма лейтмотиві «бай болсаң, береген бол» деген идеяны алға тарта отырып, бүгінгі күннің белең алып кеткен қолы былғаныш жемқорлықты аяусыз шенейді. Хикаят ә дегеннен оқырманды баурап әкетеді, ең бастысы, көркемдік шешім сәтті орындалған.
Танымал қаламгердің жинағында Ауған соғысы мен БАМ-ға барған қазақ жастарының өмірі, желтоқсаншылар тағдыры да қамтылған. «Дойбы ойнаған екі әйел», «Атуға бұйырылған адам» атты әңгімелерінде Бунин прозасына тән нәзіктік бар, жазушы қаламына тұнық лиризм тән.
Орыс әдебиетінде кемелденген социалистік дәуірдің ұры-қарыларын Шукшиннен артық сомдаған жазушы жоқ, бірақ олардың бәріне біржақты қарамау керек, озбырдың жүрегінде де темір тордан шыққасын түзу жолға түссем деген шырақ лып-лып етіп тұтанып тұрады. Қуандық Түменбай да қазақ прозасында ұры мен бұзықтың бейнесін бір адамдай сомдады. «Атуға бұйырылған адамдағы» ұлттық намысына тиген орысты о дүниелік қылған Жұмабай соғыста Отанын қорғап, жарымжан болып келген мұңлық емес пе? 15 жыл өмірін түрмеде өткізген ол кеңсе алдындағы қалпақ радиодан желтоқсан дүбірін естігенде, «Енді бұлар қазақтарды аямайтын болды-ау, әттең, ана жақта болғанымда ғой, сендерге болысар едім» деп кемсеңдеп тұрады. Ол интернационалдық достықты сақтамағаны үшін ату жазасын алды, бірақ намыс үшін жанын аямас осы жігітті ауылдастары бұзық деп бағаламайды.
Қайта құру деген аумалы-төкпелі заманда адалдың аты арып, арамзаның аты шоқырақтап алға шығып кетті. «Түрмедегі торғай» хикаятында дәрігер Есенбай қолдан жасалған қаскүнемдіктің құрбаны болса, қоғамның өтпелі кезеңдегі осындай кеселін қаламгер майдан қыл суырғандай ғып сабырлы да салиқалы суреттеген. Жалпы, түрме тақырыбы жазушы қаламына көп ілігіпті. Бостандық пен темір тордың арасындағы адамдар ар-ұят пен намыстың шекарасында тұрған бейнелер. Қоғам қылкөпірден өте алмай тұрған асыра сілтеуі көп абыр-сабыр кезеңдегі бұқара психологиясы осы кітаптағы шығармаларда терең ашылып, оқырманды өзіне баурап отырады. «Әдебиет – қоғам айнасы» десек, аталған шығармалар өмірді айнадан көргендей әсер етіп, адам жанын толқытып жібереді. 
Ақпарат құралдары беттерінен осы кітапқа қатысты біраз ой-толғамды көрдік. Филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Қуандық Түменбайдың шығармашылық портретін жасай отырып, оның әсіресе замандас бейнесін жасау­да жеткен жетістіктерін, жазушылық шеберлігін аса жоғары бағалапты. Сыншы Жадыра Шамұратованың «Әде­биет» порталындағы «Бүгінгі әдебиеттегі классикалық әуен» атты мақаласынан оймақтай ойды ойып алсақ, бүй дейді: «Жазушы өзіне дейінгі Бейімбеттер ізін, дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, қоғамның көңіл күйін таниды. Осы кезеңді, уақытты ұстап отырып, әлеуметтік тақырыптарды игерген. Осылайша, идеяның классикаға жақындағанын, эстетикалық жағынан үйлесімге маңайлағанын көреміз». 
Иә, аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз; қоғамда өзгеріс көп. Әдебиет те осынау өзгерістерді арқау еткен тың тақырыптармен толығып жатыр. Соның бірі – осы кітап. Ал «Сая­бақтағы классикалық әуен» әдебиет және өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайық деп санаймыз.

Дандай Ысқақұлы,
әл-Фараби атындағы 
Қазақ Ұлттық университетінің 
профессоры, филология 
ғылымының докторы

 

1694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы