- Ақпарат
- 11 Шілде, 2024
Құмар ойынға құрық салынды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.
Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың/бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға; спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде; спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қабылданған ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа заңға қатысты өзінің пікірін білдірді.
«Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты. Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған», – деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Ол сондай-ақ аталған құжаттағы басты жаңалықтардың біріне тоқталды.
«Осы құжатта көзделген негізгі жаңалықтың бірі – Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шараларының енгізілуі. Бұл – 3,5 миллионнан астам адам. Букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Бұдан былай байланыс операторлары ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды. Сонымен қатар лицензиясы жоқ шетелдің букмекерлік контораларының, тотализаторларының интернет-ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тыйым салынады. Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар іс-шара қарастырылған. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды, құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді», – деп жазды Мемлекеттік кеңесші Telegram парақшасында.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желідегі парақшасында Президент қол қойған лудоманияға қарсы заң туралы пікір білдірді.
Заң ойын мекемелері мен букмекер кеңселеріне, тотализаторларға бірыңғай типтік ереже енгізуді көздейді. Мәжіліс төрағасының пайымдауынша, бұл аталған мекемелердің жұмысын түсінікті әрі ашық етеді.
«Тағы бір маңызды қадам – Қазақстан аумағында онлайн казиноларға тыйым салынды. Бұл талапты бұзған адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Туризм және спорт министрлігіне бүкіл лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың тізімін жүргізетін өкілет берілді. Ал банктер мен төлем ұйымдарына онлайн-казинолардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынды. Түрлі лотерея өнімдерінің ашық қолжетімділігі де шектеледі. Енді ол арнайы интернет-ресурс арқылы ғана сатылады. Көшелерде тек классикалық лотерея билеттерін сататын дүңгіршектер ғана қалады», – дейді Е.Қошанов.
Еркін ҚАЛДАН
1626 рет
көрсетілді0
пікір