- Ақпарат
- 11 Шілде, 2024
САЯСИ ОҚИҒАЛАР, САРАБДАЛ ШЕШІМДЕР
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Өткен аптада бірнеше елдің президенттері мен премьерлерін, халықаралық ұйымдардың басшыларын жинаған ШЫҰ саммиті сәтті аяқталды. 14 елдің президенті мен халықаралық ұйымдардың басшыларын қарсы алған Астанада 8 мыңға жуық полицей күшейтілген режімде жұмыс істеді. Тұрғындардың 70 пайызы онлайн режіміндегі жұмысқа көшті. Астана саммиті аясында «Астана декларациясы» қабылданып, 20-дан аса құжатқа қол қойылды. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды. Тағы бір тарихи шешім – Беларусь мемлекетінің ресми түрде саяси құрылымның мүшесі болуы. Осы сияқты Тәуелсіз Қазақстанның тарихында көптеген маңызды саяси оқиғалар болып, ел иммиджі ойдағыдай қалыптасып үлгерді. Біз осы орайда ел дамуының маңызды мәселелері бойынша өткен республикалық референдумдардың, Орталық сайлау комиссиясының, сайлау науқандарының қоғамдық өмірдегі маңызына шолу жасап көрдік.
Сайлау жүйесінің дамуы
1993 жылғы 8 желтоқсанда елдің Орталық сайлау комиссиясы құрылған сәттен бастап Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде елдің сайлау жүйесі мен сайлау органдарының дамуы және трансформациялануы мәселелері жолға қойыла бастады. Осы күннен бастап комиссия орталық деңгейде жұмыс істейтін тұрақты инстанцияға және мемлекеттік басқарудың толыққанды органына айналды. 1995 жылы ОСК өкілеттіктерінің үлкен шеңберін белгілеген бүгінгі қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қабылданды. Комиссия сайлау органдарының бірыңғай жүйесін басқарды және құрылған кезінен бастап мемлекеттік биліктің заңды институттарын қалыптастыруға тікелей араласа отырып, Қазақстанның қалыптасу тарихына тығыз байланысты болды.
Ал бүгінгі күні Республика азаматтарының сайлау құқықтарының сақталуына кепілдік беретін толыққанды заңнамалық база құрылды. Еліміздің сайлау органдары осы жыл ішінде сайлау демократиясын дамытуда маңызы бар 39 ірі электоралдық науқанды өткізді. Олардың ішінде: 3 референдум; Республика Президентінің 7 сайлауы; Парламент Сенаты депутаттарының 11 сайлауы; Парламент Мәжілісі депутаттарының 8 сайлауы және жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттар) депутаттарының 8 сайлауы бар.
Оған қоса бес науқан – ел Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын, Парламент Мәжілісі депутаттарын, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау бір жыл ішінде (2022 жылғы маусымнан бастап) өткізілді.
Сайлау органдары жүйесі тұрақты сайлау науқанына алмасып, соның ішінде елдің әртүрлі аймақтарында ауыл әкімдерінің апта сайынғы тікелей сайлауын өткізуі арқылы сайлау кеңістігі кеңіді. 2021 жылдан сайлау комиссиялары екі мыңнан аса сайлау өткізді.
2023 жылдың соңында алғаш рет пилоттық режімде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімін тікелей сайладық. Әкімдерді тікелей сайлау арқылы сайлау циклінің форматына толық көштік. Бүгінде Қазақстандағы сайлау процесі бүкіл саяси жүйемен бірге дамып және реформаланып келеді.
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, орталықта және жергілікті жерлерде мемлекеттік билік пен басқару органдарына лауазымды тұлғаларды сайлаудың түбегейлі жаңа тәртібі белгіленген. Трансформация Орталық сайлау комиссиясына да әсер етті: енді елдің Конституциясы ОСК Төрағасы мен мүшелеріне саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болуға, кез келген саяси партияны қолдауға тікелей тыйым салады.
«Сонымен қатар ОСК транспарентті жұмыс форматына көшкеніне назар аударып жатырмыз. Ұлттық және халықаралық институттармен байланыстың жаңа арналары жолға қойылды. 2022 жылы құрылған ОСК жанындағы диалог алаңдары – Сарапшылық кеңес және Жас сайлаушылар клубы қарқынды дамып келеді, Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қызметі қайта форматталды», – дейді Нұрлан Әбдіров.
Сарапшылық кеңес алаңында Қазақстандағы сайлау барысын жан-жақты және ашық талқылау дәстүрі қалыптасып жатыр.
Сонымен қатар ОСК мүшелерінің сайлау науқандары барысында және сайлауаралық кезеңдерде өңір жұртшылығымен, жастарымен тұрақты тікелей, ашық диалог форматы құрылған. Мәселен, тек Ортсайлауком басшысы 2022 жылы еліміздің барлық өңірінде 10 мыңға жуық сайлау процесіне қатысушыларымен 71 кездесу өткізді. Өткен жылы ол 2,3 мыңнан аса қоғам өкілі және еліміздің жас сайлаушыларымен 37 кездесу, осы жылы 815 адаммен 5 кездесу өткізген.
Ол комиссияны одан әрі дамытудың стратегиялық перспективаларына және оның көзқарасы, миссиясы, құндылықтары, принциптері, мақсаттары, басымдықтары сияқты элементтерін айқындауға кеңінен тоқталды. «Қазіргі міндетіміз – өткен жолды түсіну, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан ел Президентінің саяси реформасын ескере отырып, сайлау органдарының бүкіл жүйесімен бірге, ОСК даму перспективаларын айқындау», – дейді ОСК Төрағасы.
Қазақстан тарихындағы референдумдар
Қоғамдық өмірдің маңызды мәселелері референдумда шешіліп, анықталады. Әдетте референдум барысында екі сұрақ қамтылады. Яғни көтеріліп отырған мәселені қолдайсыз ба немесе қолдамайсыз ба дегендей. Ол «иә» немесе «жоқ» деген форматта таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Референдумдар маңызды заңнамалық актіні, құжатты немесе Конституцияға өзгертулерді қабылдау үшін жиі өткізіледі. Кей жағдайда референдум қандай да бір әскери блокқа, саяси ұйымға кіру немесе АЭС салу сияқты маңызды сұрақтар бойынша да өткізіліп жатады.
Елімізде «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң бар. Құжатқа сәйкес, республикалық референдум дегенміз – Қазақстан Республикасы Конституцияларының, конституциялық заңдарының, заңдарының және қоғамдық өмірінің өзге де маңызды мәселелері бойынша шешімдердің жобалары бойынша жалпыхалықтық дауыс беруі.
Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы референдум 1995 жылы 29 сәуірде тарихқа таңбаланды. Қазақстан Президентінің өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдум жарияланған күні күшіне енген президенттің жарлығы негізінде өтті. Ол референдумда қойылған жалғыз сұрақ: «1991 жылғы 1 желтоқсанда халық сайлаған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?» Референдум нәтижесінде Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Оны сайлаушылардың 95,46 пайызы қолдады. Референдумға дауыс берушілердің 91,21 пайызы қатысқан еді.
Екінші референдум 1995 жылы 30 тамызда конституциялық сұрақ бойынша өтті. Референдумда «Сіз жобасы 1995 жылғы 1 тамызда баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90 пайызы қолдап, 90,6 пайызы дауыс берді. Сол сәттен бері 30 тамызда Қазақстан мемлекеттік мереке – Конституция күнін атап өтіп келеді.
Соңғы референдум да Конституцияға тікелей қатысты еді. Қазақстандағы республикалық референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны 2022 жылғы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында өткізу ұсынысын жасады, ал 2022 жылғы 5 мамырда референдум өткізу туралы жарлық шықты. Республикалық референдумға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды. Заңның жобасы 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Сарапшылардың айтуынша, түзетулердің мақсаты «жаңа мемлекеттік үлгіге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу. Жұмыс тобы конституцияның 33 бабына түзетулер дайындады. Президенттің сөзінше, конституцияны өзгерту арқылы «суперпрезиденттік басқару түрінен ықпалды парламенті мен есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға» көшу жоспары іске асады.
Ел экономикасын не күтіп тұр?
Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, биыл геосаяси тәуекелдер барынша азайса, жаһандық макроэкономикалық жағдайлар, жалпы алғанда, оң дамуы мүмкін.
Ал, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, осы жылы доллар құлдыраса, яғни Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ, Federal Reserve System) ставкасын төмендетуінен әлсіресе, Еуропалық орталық банкінің ынталандырушы саясатына байланысты еуро да әлсірейді. Ал мұндай жағдайда теңге долларға және еуроға қатысты аздап нығаяды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының сарапшылары инфляция қысымының төмендеуі жаһандық орталық банктерге пайыздық мөлшерлемелерді көтеру циклін аяқтауға мүмкіндік бермек. Ал бұл жаһандық стагфляция немесе рецессия ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді.
«Биыл азық-түлік пен металл бағасының салыстырмалы түрде тұрақтануын ескере отырып, әсіресе ОПЕК+ шараларының әсерінен және Таяу Шығыстағы қақтығыстардың күшеюі кезінде энергия бағасы 2024 жылы баға тұрақтылығының негізгі тәуекелі болуы мүмкін. Қор нарықтары туралы айтсақ, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелерден кейін долларлық құралдардың тартымдылығы артып келе жатқанына қарамастан, инвесторлардың тәуекелге деген «тәбеті» 2023 жылы жақсарды: қазынашылық кіріс пен доллар индексі өткен жылы өзінің тарихи шыңына жетті», – дейді мамандар.
Осы ретте айта кету керек, экономикамызды жақсарту үшін қандай салаларға назар аудару керегі де маңызды. Қаржыгердің пікірінше, бірінші аймақтар үшін коммуналдық инфрақұрылымды – жылу, электр және суды жаңарту маңызды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының болжамына сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан экономикасының негізгі драйверлері құрылыс (+8,0%), ақпарат және байланыс (+7,0%), сауда (+6,5%) және көлік (+5,6%) сияқты салалар болып қала бермек. Қаржыгерлер «мұнай өндіру 95,4 млн тоннаға дейін жаңа рекордтық мәнге артуы мүмкін» деп отыр.
Халықаралық мамандар осы жылы былтырға қарағанда әлемде және Қазақстанда экономиканың өсімі баяу жүреді десе, отандық сарапшылар оптимистик болжам жасады.
Демократиялық таңдау жолы
Ел билігі және Қазақстан халқы елдің демократиялық таңдауына қатысты өз жолымен жүруді көздеді. Бұл жолды «демократиялық таңдаудың қазақстандық моделі» деп те атайды. Елдегі саяси партиялардың басым көпшілігі осындай эволюциялық демократияны таңдауды дұрыс деп тапты. Оның мақсаты – охлократияға жол бермеу, хаос пен анархияны ауыздықтау. Ашық қоғамды белсенді құра отыра, азаматтық қоғам институттарын, біріншіден, дамыту, сөз бостандығын және жиындар бостандығын қатаң заң шеңберінде ғана жүргізу. Саяси партиялар өзара бәсекесін, саяси және идеологиялық плюрализмді ел халқының саяси мәдениеті мен саяси санасының дамуы дәрежесіне сәйкестендіру. Елде жұмсақ авторитаризм демократия үрдістерін қуаттауға көмектесті.
Елдегі саяси партиялардың мемлекет өмірін демократияландыруға қатысуын эволюциялық үрдіс ретінде зерттеген дұрыс. Себебі саяси партиялардың қалыптасуы мен дамуының объективті жағдайы бұл үрдіске биліктің белсене араласумен сипатталады.
Осы орайда мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты мен басымдықтары да маңызды. Бұл саясаттың негізгі мақсаты – жастардың азаматтық, әлеуметтік дербес тұлғалық қалыптасуын жүзеге асыру үшін қажет құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайларды жасау мен нығайту. Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру жастар саясатының мына бағыттарына басымдық беруді көздейді. Атап айтқанда, жастар бойында патриотизмді қалыптастыру, жастардың ізгілікті әрі рухани дамуы, еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жастардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін дербес жүзеге асыруына жағдай жасау, олардың денесін шынықтырып, интеллектуалдық дамуына жағдай жасау, қоғамдық игі бастамаларын қолдау мен ынталандыру, қазақстандық жастарды халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру процестеріне тарту сияқты мәселелерді көрсету.
Жастар келешектің негізі ретінде білімімен, жасампаз еңбегімен, күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін иеленуі қажет. Олар ХХІ ғасырда дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі абыройы биік мемлекет – жаңа Қазақстанның қалыптасуын белсенді жалғастырушы буын болуға тиіс.
3900 рет
көрсетілді0
пікір