- Ақпарат
- 11 Шілде, 2024
Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты: Мемлекеттік тілді тек мемлекет қана міндеттей алады

Тіл – ұлттың жаны. Тіл туралы жазудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл – ұлттың тамыры, тағдыры, тарихы мен болашағы. Белгілі тіл жанашыры, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исамен болған әңгімемізде рухани тәуелсіздік жолындағы қым-қиғаш жағдаяттар, сандаған себеп пен салдар – бәрі-бәрі сөз болды.
– Алдымен «елге сүйіншілеп айтар жаңалығым» бар дедіңіз?
– Енді бұдан былай Президент Қ.Тоқаев 2024 жылғы 16 мамырда қол қойған Заң бойынша мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматы бола алмайды. Қабылданған Заң бойынша, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз болады. Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын бұл талап этностық қазақтарға қолданылмайды.
2017–2019 жылдары Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін Мемлекеттік тіл мен Конституция негіздерінен және ел тарихынан емтихан тапсыруды ұсынып, екі рет депутаттық сауал жолдаған болатын. «Кейбір мемлекеттерде емтихандарды азаматтық алғысы келгендер ғана емес, сонымен қатар еңбек мигранттары немесе ұзақ мерзімге виза алушылар да тапсырады. Мысалы, Голландия мен Ресейде. Оның мақсаты – тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жергілікті халықпен жанжалдарды болдырмау», – деген еді ол депутаттық сауалда.
2022 жылғы 27 сәуірдегі депутаттық сауалымда «Біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып келіп жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2017–2019 жылдары «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруға тиістігін заңмен бекітуіміз керек. Егер мемлекетімізге шекарамыз қорған бола алмаса, мемлекеттік тіліміз қорған болуға тиіс!» деген ұсыныс жасаған едім. Бұл – мемлекеттік-ұлттық мүддені қорғаудағы үлкен бетбұрыс. «Ескі Қазақстанда» отыз жыл бойы қабылданбаған маңызы өте зор заңды қабылдап, Әділетті Қазақстанның қайратын танытқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа мың алғыс! Бұдан басқа да қандастарымыз және оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар үшін тиімді көптеген ұсыныстарымыз да заңға енді.
– Әңгімені әріден өрбітсек, сіз екеуміздің таныстығымызға, ойлап отырсам, қырық жылдай уақыт өтіпті. Өзіңіз қазіргі Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті едік. Әлі есімде, 1986 жылдың басында университет қалашығына қатынайтын №61 әлде №100 автобус жүргізушісі қазақ радиосы беріп жатқан қазақша әнді қосып қалып еді, іште отырған ұлы халықтың өкілдері (жастар емес, орта жасқа келген ерлер, әйелдер) шу шығарды. Қызу қанды студенттер дауласып қалдық. «Көпшілік орында қазақша сөйлеуге, ән тыңдауға болмайды» екен. Әнеки, қандай талап? Ол кезде, әрине, ұзамай сол жылдың соңында көтеріліс боларын сезген жоқпыз. Әбіш Кекілбай бір толғанысында Желтоқсанды «оқиға емес, көтеріліс» деп дәлелдейді.
– Желтоқсан көтерілісі – ұлт-азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Мен 2021 жылы Үкіметке Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған депутаттық сауал жолдадым. 1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 38 жыл. Алда 40 жылдық келе жатыр.
Әлемге әйгілі ақынымыз, қаһарман қайраткер, мұзбалақ Мұхтар Шаханұлы сол бір қиын кезеңде Желтоқсан ақиқатын Мәскеуде әшкерелеп, Кеңес одағынан әділдік талап еткен еді. Ал, енді бодандықтан бостандыққа қол жетіп, Тәуелсіздігімізге 30 жылдан асып отырғанда, өз елімізде сол әділдік орнады ма? Қазақ жастары қызыл қанын төгіп жүріп, қызыл империядан талап еткен ұлт мүддесі қазір тәуелсіз қазақ елінде қорғалып жатыр ма? Бұл 70 жылдық кеңес империясы тарихында билікке қарсы ашық айтылған тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғанының айқын белгісі! Ендеше, неге Кеңес одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт-азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?!
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған, қазақ жастарының қаһармандығынан қуат алған Баку, Тбилиси, Вильнюс қалаларындағы оқиғалар ұлт-азаттық көтеріліс ретінде заңды танылып, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды. Бізде 1916 жылғы Торғай, Қарқара ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы, 1917 жылғы Алаш орданың 100 жылдығы, Желтоқсанның 30 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілмеді.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардан тек тастүрмеде қанішерлер қолынан қапыда қаза тапқан қаһарманымыз Қайрат Рысқұлбековке ғана «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ал Ресей 1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған ГКЧП бүлігінде танкінің астына түсіп қалған үш адамға «Ресей батыры» атағын берді. Неге ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте алаңға шыққаны үшін мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын бермеске? Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалып, сол кездегі қоғамдық-саяси ортадан қуғын-сүргін көріп, моральдық зардап шеккенін растай алмай, анықтама ала алмай жүрген азаматтар әлі көп. Оларды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қаптаған қолдан жасалған бюрократиялық кедергілер тосқауыл болып жатыр. Желтоқсан көтерілісі күндері ел болашағы үшін ерлік көрсетіп, әділдік сұрап алаңға шыққандардың барлығын «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» деп тану керек.
«Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға жеңілдік қаралатын арнайы өзгеріс енгізу қажет. Қазіргі қолданыстағы Заң бойынша желтоқсандықтарға болмашы жеңілдіктер тек зейнетке шыққанда немесе мүгедек болып қалғандарға ғана қаралған.
–Тоқсаныншы жылдарда ақпарат құралдарында да, сол тұстағы Парламенттің жиындарында да қазақ халқының бодан ұлт ретінде көрген қорлық-зорлығы кеңінен сөз болды. Еліміздің батысында, шығысында, тіпті оңтүстігінде де әрегідік сепаратистік пиғылдылар бой көрсеткені де есте. Дегенмен, жалпы алғанда, диаспора өкілдері жергілікті ұлттың еңсе көтеруіне түсіністікпен қарай бастаған. Біздіңше, тіл мәселесінде дәл сол өліара шақтың мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмадық.
– Кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезде, 1987 жылы, 25 жасымда Түркістан өлкесіндегі шалғайдағы Шардара ауданының Қызылқұм ауылында мектеп мұғалімі болып жүріп, «орысша сөйле» деген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қадырбаевты, қазіргіше айтсақ, аудан әкімін, «нигилист» деп республикалық газетке өткір сынап жазып, қазақ тілін қорғап, айқасқанмын. Сол кезде мені жиналысқа салу үшін ауданда пленум болған. Ол оқиғаны қазіргі Алматы қаласы әкімдігі Тіл орталығының меңгерушісі Бақыт Қалымбетов жақсы біледі.
Сол бірінші хатшы мен құмдағы ауылдағы мектеп мұғалімі екеуміздің айқасымыз ақыры бірінші хатшының орнынан түсуімен аяқталды. Ауданның бірінші хатшысы түгіл, ол «Парламентке біздің ауданнан депутат боласыз» деп өзі бастамашы болып, ертіп келген Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Шишацкийдің өзін сайлауда Шардара ауданынан өткізбей тастадық.
2022 жылы Премьер-министр Ә.Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауды талап еткен «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жарияладым. Шұғыл Ұлттық идеология концепциясын қабылдауды ұсындық.
Кез келген дүкенге, мекемеге кірген Ресей тілін білмейтін және шет тілін білмеуге толық хақысы бар азамат ел заңнамасына сай Мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткенде, одан 30 жыл бойы мемлекет те, басшысы да талап етпеген мемлекеттік тілді білмейтін сатушы не қызметкер «Бізде мемлекеттік тіл – екеу, Конституцияның 7-бабы, 2-тармағы солай» деп, заңсыз қарсыласады да, дау-жанжалдың барлығы осыдан шығады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы Конституциялық кеңестің 2007 жылғы қаулысы айқындап берген, «ресми тіл ретінде қатар қолданылады» деген бап – ешқандай мәртебе емес» деген анықтама-тұжырымды осы уақытқа дейін біз әлі Парламенттегі көптеген депутаттарға, тіпті мамандығы заңгер депутаттарға түсіндіре алмай келеміз. Қазір қазақ халқы мен қазақша түсінетіндердің жалпы саны 88,7 пайыз болып тұр. Яғни Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды халық саны да артығымен толық қамтамасыз етіп, күнде қажеттілік тудырып жатыр.
Сіз айтқан өліара шақтағы мүмкіндіктерді жіберіп алуға себепші болған Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін 2011 жылы және 2017 жылы ұлт зиялылары көтеріп, Президентке ашық хат жазды. Президентке үшінші мәрте жазылған ашық хатты бүкіл халық болып қолдап, 130 мың қол қойылып жолданды. Өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін ұғынып, өздерінің оң пікірін білдірді. Ашық хатта, Конституциялық кеңес «орыс тілі – ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын қосымша қаулысымен дәлелдеп берсе де, осы норма жұртты әбден шатастырып, орыс тілі бейресми мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқаны атап өтілген. Турасын айтқанда, Конституцияның 7-бабының 2-тармағы елімізде соңғы кезде ұлтаралық шиеленістердің орын алуына себеп болып отыр десе де болады. Өйткені «ресми қолданылатын тіл бар кезде, мемлекеттік тілді үйренудің қажеті қанша?» деген түсінік қалыптасқан.
Халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығына нұқсан келтіріп отыр. Қазір мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талап тек Президентке үміткерлерге ғана қойылған. Сонда 15 миллионға жуық (71%) мемлекет негізін құраушы қазақ ұлты 100 мыңдай ғана (0,5%) мемлекеттік қызметшінің (оның 90% қазақ ұлты), оның 15–16 пайызы ғана мемлекеттік тілді білмейді десек, ол 20 миллион халықтың 0,01 пайыздайы ғана. Ресми мәлімет бойынша, 20 миллион халықтың мемлекеттік тілді меңгерген 81 пайызы – 16 миллионнан аса халық. Яғни 16 миллион халықтың 16 мыңдай мемлекеттік тілді меңгермеген мемлекеттік қызметкерлер үшін, отыз жылдай уақыттан бері тілдік дискриминацияға ұшырап келе жатқан заңсыз масқаралығын тоқтату керек.
2024 жылдың 26 тамызында құрылғанына 104 жыл толатын Қазақ Республикасы 1920–1925 жылдар аралығында Ресей құрамында болса да, автономиямыздың орталығы Орынборда болса да, барлық елді мекенде кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуді енгізген. Тіпті орыстар көп шоғырланған солтүстік өңірлерде де кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуге қаулы қабылдаған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің дамуы Ресейдің құрамындағы Татарстан автономиясындағы татар тілінің дамуымен бірдей деңгейде» деген нақты дәлелдемені оқығанда, бойында қаны бар қазақтар намыстан өліп кете жаздадық.
Мемлекеттік қызметкерлердің өзі мемлекеттік тілді білмейтін бұл масқаралықтың бірнеше себебі бар. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 4-бабындағы басқа талаптарды айтпағанда, «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарды жүргiзу тiлi» деп айқын жазылған бап орындалды ма? Жоқ! Заңның Тiлдi мемлекеттiк қорғау туралы 23-бабындағы басқа талаптарды айтпағанда, «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi» деп көрсетілген бап орындалды ма? 30 жылда бірде-бір тізім қабылданған жоқ. Қазақстан Республикасының Тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық жүктейтін 24-баптың басқа талаптарын айтпағанда, «Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не аппараттардың басшылары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады» деген талап қайда?
Мемлекеттік органдарда барлық құжаттар орысша дайындалып, кейін қазақшаға аударылады. Мемлекеттік тіліміз мемлекеттік органдарда ешкімге қажеті жоқ бейшара халде. Бұған қоса екі тілде құжат жүргізудің қаншама тауқыметі бар: екі есе көп уақыт пен қағаз жұмсау, аудармашылар штатын, арнайы лингвистикалық орталық құру. Ал оның барлығы қосымша қаржы және халықтан жиналған салықтың босқа құмға сіңген судай болуы.
– Бірнеше жыл бұрын белгілі бір актер ағамыз, аралас некені дәріптейтін фильмдерден ұсыныс түскенін, сол идеологиясы үшін киноға түсуге келіспегенін мәлімдегені бар. Әлеуметтік желіде кейіпкерлері қос тілде шұбарлап сөйлейтін фильмсымақтар қаптап кеткеніне ел алаңдаушылық білдіріп жатыр. Идеологиямыз осылай икемделе бермек пе?
– «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дегенді, «ел болам десең – экраныңды түзе» деп те айтып жүргеніміз белгілі. Эфиріміз, өзіңіз айтқандай, балдыр-батпаққа, неше түрлі атыс-шабысқа, ұлттық ұғымымызға сай емес дүниелерге толып кеткені ұлттық идеологияның жоқтығынан. Оны қатаң қадағалау қажет. Оны қойып, жөні дұрыс ән тыңдай алмай қалдық. Мемлекеттік телеарналарда, жаңа жылдық концерттерге тізесі жалтыраған, шашы жалбыраған жартылай жалаңаш әншілер шығып жүреді. Менің бір сөзім бар: «миың бүтін болмаса, киім бүтін болмайды» деген. Әлдеқандай қылып ел алдында айтылып жүрген кей әндер ұйқастан жұрдай. Кейде сондай әнсымақтарды халық артистері айтып тұрады. Көркемдік кеңес деген бар, бірақ жұмыс істеп жатқан жоқ.
– Депутат ретінде еліміз телеарналарының тілдік саясатта «елу де елу» шартын ұстанатын әлде ұстанбайтынына талдау жасап көрдіңіз бе?
– Тәуелсіз елдің ақпаратында «елу де елу» деген дұрыс емес. Сонау тоқсаныншы жылдарда телеарналар ол шартты ел ұйықтап жатқанда түн жарымда орындады. Айтыс, қазақ киносы жұрт шырт ұйқыда жатқанда берілді. Кейін эфир уақыты түзелгендей болды. Жақында ақпарат құралдары туралы заңды қабылдадық. Негізі, біз ол өлшем «елу де елу» емес, «жетпіс те отыз» болуы керек деп мәселе көтергенбіз. Себебі қазақ халқының саны жетпіс пайыздан кем емес. Бірақ оны бірте-бірте жасаймыз деп, 2027 жылға дейін «алпыс та қырық» өлшеміне тоқтадық. Ары қарай «жетпіс те отыз» болуын талап етеміз. Сонда әділетті шешім болады.
– «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» дегеніміз ғылыми негізі бар тұжырым ба? Соның салдарынан бір-бірінен алшақ екі тілдік ортаны қолдан жасап алған жоқпыз ба? Ал мұндай жағдайда қоғамдық бірегейлік (идентификация) туралы әңгіме айта аламыз ба? Білеміз, әлемде екі-үш тіл тұтынатын елдер көп. Бірақ оларда титулды ұлттың тілінен басқасы базар тілдері болып есептеледі.
– Көпұлттылық деген мәселені өте дұрыс көтеріп отырсыз. Парламентте өткен жиында Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Алтай Көлгіновке айтқан сынымның бейне жазбасы әлеуметтік желіде тарады. Көші-қон туралы заңда «қазақ картасы» деген болған. Ол кезде жүрегіме ота жасатып, ауруханада жатыр едім. Бірақ онлайн қатыстым. Жиын өткізіп отырған Көлгінов «Неге қазақ деп айтамыз? Бізде өзге де ұлттар бар емес пе?» дегенге келтірді. Қазақстанға шетелден көшіп келетіндер тек қазақтар ғой, оны ойлап отырған жоқ. Сол тіркесті «Ата жолы» деді ме – өзгертті. Кейін Парламентке келген кезінде, «Тәуелсіз болғанымызға отыз үш жыл болды, қазақ деген аттан әлі қорқасыздар ма? Сіз идеологияға жауап бересіз, қазақ деген сөз насихатталуы керек» дегенімде жалтарып кетті, «айтқан жоқпын» деп. Бірақ айтқанын білдіріп қойды, «көп ұлтты мемлекетпіз» деп сөйледі. Сонда мен бірден қайтарып тастадым. «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деп айтуды доғару керек. Конституцияның өзінде «унитарлы мемлекет» деп жазулы тұр ғой. Яғни көпұлттылық деген – Кеңес одағында қолдан жасалған ұғым. Бізде тек мемлекет құрушы, титулды қазақ ұлты ғана бар, қалғандары диаспоралар. Ассамблеяда жиын болған кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бірегей ұлт» мәселесін көтеріп, бір ғана ұлт, қазақ ұлты дегенге келтірді.
Сол Көлгіновтің кезінде Тіл комитетінің Тіл тұжырымдамасы талқыланғанда «Қазақстан халқын біріктіретін фактор – мемлекеттік тіл. Сондықтан Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы керек» деген сөйлемді алдырып тастапты. Мен соны байқап қалып, он бір депутатқа қол қойғызып шу шығардым. Оған жауап ретінде «қол қойған депутаттарды жинап, мәселені шешеміз» деп еді, көп ұзамай өзі кетіп қалды.
– Халықаралық қазақ тілі қоғамын қолдау арқылы Мемлекеттік тіл мәселесін қаншалықты шеше аламыз? Иә, тоқсаныншы жылдары аталған қоғамды халық қолдады, бұрын да жазғанымыздай, ол кезде бостандыққа қол жеткізген ұлттың қуанышы көтеріп әкетті. Қазір Әбдуәли Қайдар секілді ықпалды ғалымды да көріп отырған жоқпыз.
– Өте дұрыс айтасыз, Тәуелсіздіктен рухтанған халық оны қатты қолдап кетті. Кейінгі кезде қоғам жұмысы бәсеңдеді. Көп жыл Құрылтай өткізуге де мүмкіндігі болмады. 2021 жылы Түркістанда өткен Құрылтайда Оразкүл Асанғазы апай екеуіміз бұрын болған мемлекеттік тілді қадағалайтын ведомствааралық комиссияны қайта құруды ұсындық. Ол 2022 жылы құрылды. Осы комиссия өзінің кестесіне сай жұмысын жүргізіп, жиынын өткізуі керек. Сөйтіп, қадағалауды қолға алғаны жөн. Иә, алдымен Президент Қ.Тоқаев Халықаралық қазақ тілі қоғамын қолдау үшін жеті миллион ақша аударды. «Ақ жол» партиясы бір миллион, іле аталған партияның мүшесі, мецанат Дулат Тастекей жүз миллион теңге берді. Ұйымды қайта көтеру үшін ақша табылар. Бірақ біз үйдің алдымен іргетасын қалап алмай, қабырғасын не терезесі мен шатырын сала бастағандай күйдеміз. Мемлекеттік тілді тек мемлекет қана міндеттей алады. Ал іргетасы – Мемлекеттік тіл туралы заң. КСРО тарағанда Тәуелсіздікке қол жеткізген қазіргі он бес елдің ішінде тек Қазақстанда Мемлекеттік тіл туралы заң жоқ. Қырғыздар да былтыр қабылдап алды. Яғни арнайы заң қабылдап, Мемлекеттік тілді міндеттемей, осы әңгімені 2050 жылы да айтып отыруымыз мүмкін.
– «Ұлтымның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» деп жүрген азаматтың бірісіз. Сізге кей адамның ыңғайсыз адам ретінде қарайтын кезі болып тұра ма?
– Болады. Мысалға қазақ тілін сұрасаң, саған бір жаудың тілін сұрағандай қарайды. Сонда ол адамның пиғылы қандай? Бұрынғы коммунистік, қазіргі Халық партиясының төрағасы Е.Ертісбаев Конституцияның 7-бабының 2-тармағын көпе-көрінеу бұрмалап түсіндірді. Қайталап айтамын, ол бапты 2007 жылы М.Шаханов, А.Айталы бастаған депутаттар Конституциялық кеңеске сұрау салып, «ресми тіл» деген сөз мәртебе бола ала ма?» деп анықтатқан. Сонда Конституциялық кеңес төрағасы В.Рогов «ресми тіл деген сөз ешқандай екінші мемлекеттік тіл деген мәртебе бермейді, сонымен қатар ол ресми тіл деген де мәртебені білдірмейді, жұмыс бабында мемлекеттік органда, жергілікті басқару органдарында қажет кезде қолданылатын қосымша тіл» дегенді анықтап берген.
– Әңгімені Желтоқсан көтерілісінен бастадық, күні кешегі Қаңтар қырғынын көзімізбен көрдік. Қазіргі жағдаймен Мемлекеттік тіл мәселесі эволюциялық жолмен шешілер ме? Қылдай қысқасы, не істеу керек?
– Қай салада болсын жіберілген қателіктерді Қаңтар қырғыны көрсетіп берді. Ұлттық идеология нөл болды. Тәуелсіздіктің құрдастары өз тілін білмесе, ол қандай тәуелсіздік? Экономикадағы дағдарыс, шетелдерге кеткен миллиардтаған доллар қаржы, 162 адамның ел байлығының тең жартысынан көбін иемденуі аз нәрсе емес, бірақ ұлттық идеологияда жіберілген шығынымыз одан жүз есе көп. Экономика қайта қалпына келуі мүмкін, ал ұлттық идеологияда жіберілген қателіктерді қайта түзеу өте қиын. Мен 2022 жылғы 26 қаңтарда депуттатық сауал жолдадым. Қаңтар қасіреті туралы шындық толық айтылса, билікке халықтың сенімі арта түседі. Биыл Президент «Егемен Қазақстан» газетінің 3 қаңтардағы санына берген сұқбатында көп нәрсеге жақсы жауап берді. Сонда «кеттің бе – қайырылма» деген қағидалы сөз айтты. Кейін мақала жаздым, «кеттің бе – қайырылма деген сөз қағидаға айналуға тиіс» деп.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

1700 рет
көрсетілді0
пікір