• Ақпарат
  • 11 Шілде, 2024

«Беліңе керек шарболат, астыңа керек қазанат»

Қарагөз Сімәділ,

«Ana tili»

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заңға қол қойды.  

Әрине, қазақ жылқыны ерекше қадірлеген. Дала заңынан бастау алған «Жеті жарғыда» адам қақы, неке қақы, жер қақымен қатар, «Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын» (5-жарғы) деген баптың арнайы енуі қазақ арасындағы жылқының, әсіресе тұқымы асыл жылқының рөлі қаншалықты екенін көрсетсе керек. Жылқы малы ел арасында мәртебенің, байлықтың, сән-салтанаттың, сұлулықтың, сал-серіліктің де бір көрсеткішіне айналған еді. Сүті – сусын, еті – азық, өзі мініс көлігі болған бұл жылқының қазақ үшін қадірі ерек болғанының бір дәлелі күллі дастан-жырда әр қаһарманның жан жолдасы есебінде жылқы аты да таңбаланған. Қазақ жылқысы майдан даласында да атой салып, үстіндегі сарбазды жау қолынан аман алып шыққаны туралы мысалы да халық ауыз әдебиеті үлгілерінде молынан кездеседі. 
Мәселен, «1812 жылғы орыс-француз соғысында жылқы мен азықтың едәуір бөлігі қазақ даласы арқылы жеткені туралы деректер бар. Наполеонмен соғысқа қазақтар да барғанын архивтік құжаттар мен естеліктер ғана емес, суретшілердің еңбектері де дәлелдейді. Мәселен, А.Орловскийдің бірнеше картиналарында қазақ жауынгерінің бейнесі сақталған (ол уақытта қазақтарды қыр­ғыз деп атағаны­нан оқырманымыз таныс деп ойлай­мыз): «Атты қыр­ғыз» (1807), «Найза ұстаған аттылы қырғыз» (1807), «Қырғыз­дар» (1808), «Аттылы қос қырғыз» (1809), «Қырғыз» (1810), «Атқа мінген қырғыз» (1810), «Қырғыз патрулі» ­(1807), «Аттылы топ қырғыз» (1811), «Бөрік киген сақалды қырғыздың басы» (1812), «Қырғыз отряды» (1813), «Қырғыз лагері» ­(1815), «Қырғыздардың казактармен әңгімесі» (1817) және басқалар. «Француз армиясының полковнигі Робер келтірді» деген дерек былай дейді: «Орыстар бізге қарсы моңғол ордасын жіберді. Күллі дәуір бізге қарсы шыққандай. Тері мен тон жамылған бұл адамдар не аяуды, не қорқуды білмейді. Ащы айғаймен ортаға жетіп келеді. Ақылға қонымсыз. Шыңғыс хан ордасы қайта тіріліп кеткендей». Суретші Н.Финардың және белгісіз суретшінің «Қырғыз» (қазақ) деген суреттерінде қазақ жігіттері толық әскери жорық киімдерімен бейнеленген. Әсіресе белгісіз суретшінің салған суреті өзінің мазмұнымен өте қызықты, арқасында тымағы бар атты қазақ бейнеленген. Аттың жамбасына салынған таңба  кіші жүздің бес­таңбалы табынның ру таңбасы екенін дәлелдейді. Ал Н.Финардың суретінде басында сәлде тәріздес үкілі бас киім, садақ пен жебе салынған қорамсақ асынған, қысқа шекпенді, ала шалбарлы, атқа жалбағай тері жапқан атты жауынгер қазақ бейнеленген».
1982 жылдың қыркүйек айында жарық көрген «Білім және еңбек» журналына тарихшы Нейла Бекмаханова Қалыбек Қобыландинмен бірге «Сенаға ат жалдаған қазақтар: 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан қазақ жасақтары туралы тың деректер» атты мақала жариялаған. Біз сол мақаладағы деректерді мысалға алып отырмыз.  
Сол жылқылардың тұқымы қазір қанша? Оны сақтап, сұрыптау ісі қалай қолға алынуы керек еді? Осы мәселеде нені жоғалттық, нені ұттық? Осындай сұрақтармен мамандарға жүгінген едік, мынадай жауап алдық…

 

Ахмет Тоқтабай, этнограф, тарих ғылымының докторы:

 

Асыл тұқымды жылқыны іздесек...

Қазақтың жылқы мәдениетіне 6,5–7 мың жыл толды деп айтуға болады. Біздің далада жылқы қолға үйретілді, қымызы – сусын, еті – азық, өзі мініс атқа айналды.
Қазақта мыңғыртып мал өргізген бай көп болған. Сарыарқада 24 мың жылқы айдаған атақты Алда мен Жұман атты жылқылы байлар болған. 10 мың, 18 мың жылқысы бар байлар да бар еді. «Жылқысын көптігінен баға алмайды» деген де сөз содан қалған. Олар көп жылқы айдап жүргізіп қана қоймай, соның ішінде сапалы жылқы да өсірген. Асыл тұқымды жылқының саны аздау болғанымен, атағы ғасырларға жеткен. Басқа жылқыны сойысқа, мініске пайдаланса, асыл тұқымды жылқыны тек мініске пайдаланған. Ондай жылқыны арғымақ, қазанат, қазмойын, қарабайыр деген. Махамбет «Арғымақтан туған қазанат» дейді. 

 

 

Әуелі арғымақ қайдан туады? Жылқыларын асылдандыру үшін қазақ байлары қандай алыс болса да барып, қандай қымбат болса да ақысын беріп асыл тұқымды айғыр әкелген. Мәселен, араб айғыры, ақалтеке айғыры, қарабақ айғыры. Міне, осы айғырларды әкелу үшін қазақ байлары қолындағы ақшасын, алтын-күмісін аямаған. Осы айғырды қазақы биеге салып, одан туған бірінші ұрпағын арғымақ деп атаған. Ал, енді арғымақтың өзінің ұрпағын қазанат дейді екен. Қазанат батырлар мінетін әскери жылқы болған. «Қобыланды батыр» жырында «Беліңе керек шарболат, астыңа керек қазанат» дейді Қобыландының әкесі. Сол қазанатыңыз – арғымақтың төлі. Қазанаттар соғыс тактикаларына үйренгені соншалық – шап десең – шабады, жат десең – жатады. 
Махамбет «Қазанаттан туған қазмойын» дейді. Қазанат айғырдың төлі мойыны қаздай иілген ерекше әдемі болады екен. Ол жылқыны сән-салтанат үшін, той-томалаққа, асқа, елшілікке барғанда мінетін болған. 
Енді өзіңіз ойлаңыз. Қазақ жылқысы 9 жаста өсіп-жетіледі. Асыл тұқымды жылқыдан арғымақ алып, ол жарысқа шабуы үшін тоғыз жыл керек. Енді оның екінші буыны өсіп-жетілуі үшін тағы 8–9 жыл керек. Оған тағы 8–9 жылды қоссаңыз, қазмойын дүниеге келеді. Сонда жылқыны асылдандыру өте ұзаққа созылатын сұрыптау-селекциялық жұмыс болып тұр. Қазақ мұны білген, сонда да жылқының жақсы тұқымын сақтап қала білген.
Жылқылы байдың мол жылқысын жылқышысы бақса, асыл тұқымды жылқысына арнайы адам қарап, баптаған. 
Қазақта жылқының түсіне де ерекше көңіл бөлген. Қазақ жылқысының түсі қара көк дейді. Шұбар жылқылар да ерекше маңызға ие болған. Орыс офицерлері «Қазақ байларының мыңдаған жылқысының ішінде шұбар жылқылар болады. Бірақ олардың өсімі аз. Олар өте бағалы» деп дерек жазып қалдырған. Жолбарыс шұбар, сазан шұбар сынды жылқылар ерекше маңызға ие болған. Қара көк, сүмбіл қара жылқылар да ерекше бағаланған. Ал ақ боз, шаңқан түсті жылқылар қара, күрең аттарға қарағанда әлсіздеу болады. Көште, ойын-тойларда сән-салтанатты арттыру үшін ақ боз атқа мінген. Соғыс басталғанда жортуылшылар ел-елді аралап, әскер жиғанда ақ боз атпен келіп, хабар береді екен. Ас-тойларда қыз-келіншектер де ақ боз ат мінгенді ұнатқан. Шешуші шайқас алдында да ақ боз атты құрбандыққа шалған. Абылай әскери жеңістердің алдында Алшаңбоз деген атына мініп шығады екен. Алшаңбоз есік пен төрдей, үлкен ат екен. Абылай ханның басқа да жорық аттары туралы деректер сақталған. Яғни елімізде ойын-тойға, сән-салтанатқа, қаралы жерге мініп баратын жеке мініс аттары болған. 
Қазақ жылқыларында арғымақ, қазанат, қарабайыр, қазмойын жоғалып кетті, өкінішке қарай. Кезінде осындай жылқыны қайта сұрыптап-селекция­лау ісіне Жәңгір хан аса ден қойған еді. Жылқы маманы, Жәңгірдің туысы Қарауылқожа: «Жәңгірдің жылқылары арғымаққа, қазанатқа жақындады», – деп жазады. 
Бізде қазір рулардың да жылқысы туралы деректер жоққа жақын. Бұрын әр рудың атымен аталатын жылқы тұқымы болған. Қазір сақталғаны – Адай жылқысы. Шығыста, Қытай жерінде Найман жылқысы кездеседі. Мәскеудің, Петербордың, Рязаньның архив деректерін қарағанымда қазақ руларының өз жылқылары болғаны туралы, мәселен, Шекті жылқысы, Жағалбайлы жылқысы, бірнеше ру атымен аталған жылқылар туралы дерекке тап болдым.  Қырғыздардың «Манас» жырында Албанкүлік деген жылқы аты кездеседі. Албан – ру аты, күлік – ерекше жүйрік жылқыға берілетін атау. Осындай жылқының аты да, өзі де тарих сахнасынан жоғалған. ХХ ғасыр басында халқымыз ашаршылықтың зардабын тартты. ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңындағы санақта қазақтың саны 6,5 млн, қолындағы жалпы малдың саны шамамен 49 миллионға жеткен. Оның ішінде жылқы – 4,5 млн, қой-ешкі – 30 млн, түйе 1,5 млн шамасында болған. 1930 жылдардағы аштықтан соң, 30-жылдардың соңындағы санақта 6,5 млн қазақтан шамамен 2,5 халық аман қалса, 49 млн малдан 5-ақ млн мал қалған. Ал 4,5 млн жылқыдан 300 мың жылқы сақталған. Ал арғымағыңыз, қазанатыңыз, қазмойыныңыз, ру атымен аталатын жылқыларыңыз жойылған. Ру аты былай тұрсын, қазақта ауқатты байлардың атымен аталатын жылқылар да болған. Мысалы, Сарыарқада Сәдібек деген бай,  Мейрам Жанайдаров деген байдың атымен аталған жылқылар да түп-тамырымен жойылып кеткен. 
Міне, жылқы тарихына қатысты осы деректерді назарға ала отырып, жылқы тұқымының бары мен жоғын саралап, оны құқықтық-заңдық тұрғыдан қамқорлыққа алу өте қажет іс болған екен. Болашақта жылқы малына қатысты іс-шаралар жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бергені дұрыс деп ойлаймын.

 

Орынтай Әмірғалиев,атбегі, Көкпардан халықаралық дәрежедегі төреші:
 

 

Аттың санын ғана емес, сапасын да арттырайық

 

Асыл тұқымы үзілмей келе жатқан жылқылар бар. Біріншісі – түрікмендердің ақалтекесі, екіншісі – 1500 жылдық тарихы бар араб жылқысы, үшіншісі – 300 жыл бұрын ағылшындар сұрыптап шығарған жылқы. Бұлардың барлығының құжаты бар, дерегі сақталған. Асыл тұқымды жылқыға зерттеме арқылы құжат беріледі. Бізде ондай зерттеулер болмады, өкінішке қарай.
Қазақ жылқысы – көбінесе жабы жылқылар. Яғни ет пен сүтке арналған жылқы. 1998 жылы Президенттің арнайы жарлығымен Мұғалжар жылқысы (көбінесе қаражал, құла жылқылар) асыл тұқымды жабы жылқысы деген мәртебе алды. Бірақ ол ет-сүт бағытындағы мал, мініс жылқысы емес. Қарағандыда Сарыарқа түрі дейміз, Қожамбердиев деген жабы жылқысының тұқымы бар. 
Ал мініс, салт аттарға келсек, ХІХ ғасыр аяғында Қостанай өңірінде Қостанай жылқыларын асылдандырған. Қостанайға 2 000 бие жинап, оның ішінен 300 биені бөлек сұраптап алып, соған ағылшын айғыры мен Дон жылқсының айғырын қосады. Осы тұқым бізге «Қостанай жылқысы» деген атпен таныс. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарға дейін Қостанай жылқысы бәйгеге шауып, жүлде алды. 1995 жылы Абай атамыздың туғанына 150 жыл толу мерейтойында Багет деген Қостанай жылқысы екінші орын алған. Содан соң, қателеспесем,  бұл тұқыммен ешкім айналыспады, кейінгі 5–6 жылда қайтадан қолға алынып жатқан көрінеді. Бұл – асылдандырылған жергілікті жылқының бір мысалы. 
Батыс Қазақстан өңірінде Кушум деген жылқылар шығарылды. Ірі атшабысқа келмесе де, көкпарға мықты. Бірнеше асыл тұқымды жылқылардың қаны бар жылқы. Ол жылқылар қазір қалды ма, қалмады ма – білмедім. 
Қазақ даласындағы жылқыны қолға алып, әке-шешесін құжаттап, оны сұрыптап, арнайы жұмыс жүргізілсе, әрине, құба-құп, игі іс болар еді. Себебі даламыздың жабы жылқысы мініске мықты, бәйге, көкпарға шыдас береді. 
Қазір Жетісу облысында Жұмыртұяқ деген жылқы бар. Әкесі Лайек деген айғыр Украинанікі, шешесі Ресейден келген, таза қанды ағылшын жылқысы. Өзі қазақ топырағынікі. Кеше «Жолан жүйрігінде» «Джип» көлігін жеңіп алды. Оның алдында Кемел Тоқаевтың бәйгесінде «Джип» көлігін ұтты. Салт-мініс, спорттық аттарымызды өсіріп-баптауда осындай жылқыларымызды пайдалансақ. Ол үшін ғалымдар, селекционерлер, ауыл шаруа­шылығының сала мамандары, ветеринарлар бірігіп жұмылса, іс оңға басар еді. Осы күні жылқы малын сұрыптайтын маман аз. Бұл – жан-жақты жүргізілетін іс. Бір бәйге жылқысын өсіріп-баптау үшін қыруар маман қажет екенін ұмытпасақ керек-ті. 
Ресейдің салт атты жылқылары жылы өңірлерде өсіріледі. Бізде де климаттың, жердің ыңғайы ескерілсе. Жылқының түсі де маңызды. Кезіндегі Қостанай жылқылары торы не жирен түсті еді. Біз де жылқыны сұрыптағанда қай түске назар аударамыз, оны да арнайы мамандармен ақылдаса отырып, талдап-таразылап алсақ деймін. 
Ал күні кеше ғана Президент қол қойған заң елдегі жылқы тұқымының, мініс аттың санын көбейтіп қана қоймай, сапасын арттыруға да пайдалы болса екен дейміз.

6059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы